Әлібек Асқаров



Жазушы Әлібек Асқаров Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Чернова ауылында 1951 жылдың 24 қаңтарында дүниеге келген.
Мектеп бітірген соң ауылда түрлі шаруашылық жұмыстарын атқарды, киномеханик болды.

Алматыдағы көркемсурет училищесін, ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірді. Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеді.
Еңбек жолын 1975-1986 жж. «Білім және еңбек» журналында көркемдеуші редактордан бастап, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы қызметтерін атқарды.

1986 жылы республикалық «Өнер» баспасына бас редактор болып тағайындалды.
1992-1993 жж. Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратында жауапты қызметтер атқарды.
1993-98 жж. еліміздің Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
1998-2004 жж. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия істері жөніндегі департаменттің директоры болды.
2002-2004 жж. Минск қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Мерзімді басылымдар, кітап басу ісі, және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық Кеңестің төрағасы қызметін қосымша атқарды.

2005 жылдың ақпанынан бері — ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі, бас инспектор, бөлім меңгерушісінің орынбасары.
Әлібек Асқаров Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2006), оннан астам кітаптың авторы. Солардың ішінде 1997 жылы жарық көрген «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы оқырман сұрауы бойынша 2006 жылы «Алтын қор» сериясымен қайта басылды. Осы роман Пекинде жеке кітап болып жарық көрді. Жазушының алты кітабы орыс тіліне аударылып басылды.

Әлібек Асқаров – тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің баспа ісі және полиграфия саласының көрнекті ұйымдастырушыларының бірі. Өтпелі кезеңнің қиын-қыстау жылдарында осы саланың жұмысын үйлестіріп, оның нарықтық қатынас жағдайында жаңаша қалыптасып, қаз басып тұрып кетуіне зор еңбек сіңірді. Ә.Асқаровтың бастамасымен Қазақстан тарихына байланысты құнды кітаптар сериясы, қазақ әдебиетінің алтын қорына жататын шығармалар топтамасы, қазақ фольклорының көп томдығы жарық көрді. Жазушы қазақ әдебиетінің алыптары Абай, Жамбыл, Әуезов шығармаларын шет елде бастыруға белсене атсалысты. Минск қаласында Мерзімді басылымдар, кітап басу ісі, және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Халықаралық Кеңестің төрағасы ретінде ТМД елдері арасындағы мәдени-рухани саладағы үзіліп қалған озық дәстүрлерді қайта жалғастыруға көп күш жұмсады.

Ол көп жыл бойы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы бола жүріп, бағдарлама жұмысын үйлестіру ісіне, оның ойдағыдай жұмыс жасауына атсалысты.

Әлібек Асқаров кітаптарының тізімі:
«Құтмекен» (1979), «Тайга толғауы» (1981), «Жасыл әлемге саяхат» (1985), «Ерте түскен бозқырау» (1989), «Ағалардың әзілі, құрдастардың қалжыңы» (1990), «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» (1997, 2006, 2010), «Родники рождаются в горах» (2000), «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» (2004), «Скрип соленого сердца» (2006), «Социализм әңгімелері» (2006), «Социализм хикаяты» (2007), «Стон дикой долины» (2008), «Кешегі күннің хикаясы» (2008), «Шабанбайдай жер қайда» (2008), «И смех, и слезы, и любовь…» (2009), «АЛТАЙ-алтын бесік, ата жұрт» (2009), «Надейся и жди!» (2009), «Озарение» (2009), «Көңілдің көк дөнені» (2010), «Батқан күннің бояуы» (2010), Төрт томдық таңдамалы шығармалары (2011-2012), т.б.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий