Әбіш Кекілбаевтың тілдік тұлғасы



Шығарма иесін тілдік тұлға ретінде тану үшін оған қойылатын біз пайымдаған бірнеше критерийлері болуы тиіс.
Біздің ойымызша, тұлға – интеллектуалды ерекше жаратылыс иесі. Кез-келген адам мен болмыс тұлғаның деңгейін («тұлғаны» «жеке адам» ұғымымен шатастырмау керек) бере алмайды. Кез-келген шығармашылық адамы жеке-дара тұлға бола алмайтыны белгілі. Тұлғаға ең алдымен даралық қасиет тән. Яғни ол «өзгелер» деп атауға болатын жалпылама ортақ болмыстан ерекшеленіп бөлініп шыққан өзіндік бітім-болмысымен айқындалуы қажет.
Екіншіден, тұлға адамзатқа тән құндылықтарды тап басып тани білуі, сезініп қабылдай алуы тиіс. Және сол құндылықтар үддесінен өзі де көрініс беруі керек.
Үшіншіден, тұлға тудырған интеллектуальды таным нәтижесі белгілі бір мәдениет түрінде (сөз өнері, сурет, мүсін, музыка т.б.) танылуы қажет.
Өзінің шығармашылық тұлғасымен де, адамдық болмысымен де, елден ерек тұлға-тұрпатымен де қазақ деген тағдыр-талайы талқыға түскіш «құдайдың сүйген құлының» табиғатын таныта алатын, көп азулының шамына тигіш осы бір ұлттың сырбаздығы мен тектілігін, кірпияздығын, соған қарамастан кең қолтық кеңдігі мен замананың жазылмаған заңдарына сия бермейтін шектен тыс сахилығын бір бойына жинаған, Маңғыстау деген өңірде дүниеге келгені өзіне бек жарасатын қазақтың біртуар перзенті, «Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе қызыл тілдің шешені, Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, Қалайыланған қасты орданың сырығы» (Қазтуған «Мадақ жыры») Әбіш Кекілбайұлының тілдік әлеуеті, қазақтың сөз қазынасындағы әрбір дүниені орнымен қиыстыра білудегі ешкімді қайталамайтын, ешкімге қайталата алмайтын қас шеберлігі тіл өнеріндегі бөлекше әлем деуге татиды.
Сөзді ойната білу шеберлік, шешендік болуы мүмкін, бірақ ойды ойната отырып, белгілі бір ұлттың концептуалдық дүниетанымындағы когнитивтік кеңістікті тілдік астармен әдіптеу кез келген суреткердің пешенесіне жазылмаған қабілет болса керек. Бұл – біз жоғарыда санамалап өткен талаптардың үддесінен табылатын тілдік тұлғаға ғана тән бірегейлік. Ә.Кекілбаевтың тілдік тұлғасы тұтас бір ғылыми зерттеудің нысаны болуға тиіс. Біз мақаланың көлеміне орай, Әбіш тілдік тұлғасының бір ғана қырын сөз етпекпіз.
Кез келген тілдік құбылыс, тілдік даралық мәтін арқылы танылатыны белгілі. Әрбір көркем мәтін дүниені тану мен ұйымдастырудың индивидуалды-авторлық концепциясын танытады. Автордың дүние туралы ұғымы, білімі көркем мәтін арқылы белгілі бір танымдық жүйе түрінде адресатқа беріледі. Сонда көркем мәтінде дүниені концептуализациялау, бір жағынан, дүние бейнесін құрудың (дүние моделін жасаудың) әмбебап заңдылықтарына бағынса, екінші жағынан, жеке-дара, тіпті қайталанбайтын қиялдағы идеялардың табиғатын танытуға ат салысады. Дүниенің концептуалдық бейнесінің (суретінің) екі жағы – индивидуалды және әмбебап сипаты бір-бірімен барлық уақытта сәйкесе бермеуі, тіпті мүлде сәйкеспеуі мүмкін. Сондықтан көркем мәтінге концептуалды талдау жасау: біріншіден, мәтіндегі кілт сөздерді табу, екіншіден, мәтіннің семантикалық кеңістігіндегі базалық концептілерді анықтау, үшіншіден, базалық концептілер арқылы танылған концептуалдық кеңістікті сипаттау түрінде жүргізілуі тиіс.
Ә.Кекілбаев тілдік тұлғасындағы өзекті когнитивті бірлік – біздің пайымдауымызша, «қазақ» концептісі. Қазақ туралы танымдық ақпарат өзім/өзге оппозициялық контексінде бағалауыштық сипатта айқындала түседі. Өзім – бұл жерде қазақтың өзін-өзі бағалауы, өзге – қарсы жақ, қазақ үшін жат жұрт болып есептелетін жоңғар, қалмақ, орыс т.б. Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында қазақ концептісінің өзім/өзге контексінде сипатталуын арнайы дискурс негізінде талдап көрсетеміз.
Қазақ концептісі «өзім» контексінде: «Айғайлай сөйлесіп, алшаңдай басып, бұтқа толып қалған немелерге етек-жеңдерін жинақы ұстап, есеппен сөйлеп, еппен қимылдап, сызылып тұрғаннан асқан тауқымет бар дейсің бе?» (66-бет) «Қазақ қуанса, өз етегіне өзі сүрініп, далбақтап бітеді ғой».(70-бет) «Бас-басына шалқаюды бостандық, бет-бетіне шіренуді еркіндік көреді» (76-бет) «Көңілдерінен шыға алсаң жақсы… Ал шыға алмасаң, тез тойынып, тез аритын жылқы мінезді жұртыңның сәл нәрседен көңілдеріне дық қашып, тұмсықтарын шүйіріп, шегіншектеп шыға келуі ғажап емес…» (95-бет) «Жүйрік мініп жарысып өскен қазақтың әңгімесінің де желі мен желпінісі көп боп келетін әдеті…»(110-бет) «Аруағы аттың жалындағы отыз мың қазақ қолы орға бас сауғалаймын деп, өзінен он есе аз қалмақ қолынан төмпеш көруде…» т.б.
«Өзім» контексі авторлық баяндауларда, сондай-ақ, Әбілқайыр ханның ішкі монологы түрінде (кейде автор баяндауы Әбілқайыр ханның ойы түрінде, ханның ойы авторлық баяндаумен ұштасып, жігі білінбей кетіп жатады) беріледі. «Өзім» контексіндегі қазақтың мінездемесін «бұтқа толу», «далбақтау», «бас-басына шалқаю, бет-бетіне шірену», «тез тойынып, тез ару», «тұмсықтарын шүйіріп, шегіншектеу», «жүйрік мініп, жарысып өскен», «желі мен желпінісі көп», «аруағы аттың жалында» оралымдары арқылы айқындалып, контекстің жалпы мағыналық астарында ашыла түседі. Жоғарыдағы контекстен қазақтың мына мінездемесі шығады: қазақ кеңдікті, еркіндікті жақсы көреді, есеппен сөйлеп, еппен қимылдау қазаққа жат; қазақтың қуанғанының өзі кейде дарақылық боп кетеді; қазаққа өрлік тән, осы өрлік, тәкаппарлықтарының кесірінен бастары қосылмайды, бір-бірін мойындағысы келмейді; қазақ ат үстінде күн көретін жауынгер, сері халық, бірақ аттан түссе желігінен де, аруағынан да айырылады; қазақ сөйлесе желпіндіріп, асырмалап, қосып айтады; қазақ өзінің сүйікті түлігі жылқысы сияқты тез тойынып, тез жериді, сәл нәрседен секем алса сырт айналып шыға келеді т.б. Бұл – қазақтың өзін-өзі бағалауы. «Біз деген осындай халықпыз» деп өзін-өзі мақтау да, «біз неге осындай болдық» деген өкінішті қыжыл да жоқ. Автор қазақтың шын болмысын ата-анасының кемшілігінің өзін құдай берген ерекше қасиеті деп кешіріммен кейде сәл зілсіз мысқыл аралас сезімде бағалайтын перзенттің көзімен береді.
Қазақтың осы мінездемесі «өзге» контексінде мүлде қарама-қарсы сипатта бағаланады: қазақтың ақкөңіл, адалдығы жаттың көзімен аярлық («Мынау ақ көкірек, ақ періште болып келе жатқан жалба тымақ қазақтар…»), еркіндігі әуейілік («Өз көлеңкесімен өзі жарысып жүрген әуейі көшпенділерді…» 189-бет), жанкештілігі өлермендік («Мынау қанға бөгіп, тұяққа жаншылып, пәлен жыл бойына бөртпей, жатып-жатып, күндердің күнінде тағы да көзге түсіп, тағы да тіске ілініп кетем-ау деп сескенбей, қайта желкілдеп шыға келетін шөлдің сілті бас көк жусанындай бұл не қылған жанықас, бұл не қылған жаны сірі жұрт еді!» 215-бет), ертеңінен үмітін үзбейтін оптимистігі есерлік («… баяғы сол бауырсақ құлақ қоңыр қошақанын кішкіштеп, баяғы сол қалқиған тал шаңырағын жар басына жарбита көтеріп, баяғы сол талтақ бұт тал бесігін күні-түні тербетіп, таңдағы тамақ тәңірден деп, қырық жыл қырғынға тап болса да, күдерін үзбей, келешекке кеңірдегін созып телмеңдеп баққан бұл не қылған өлермен жұрт еді.» 215-бет), бейқамдығы, сенгіштігі енжар, топастық («Ол қазір де, міне, үстінен өтіп бара жатқан мынау түрі жат, түсі суық бейтаныс керуеннің не керуен екенімен ешқандай шаруасы жоқ, сол баяғысынша қора сыртында қасқыр ұлып тұрғанда, жылы төсегінде шалжиып жатқан бейқам қойшыдай қаннен-қаперсіз манаурап көлбеп жатыр…» 218-бет) түрінде қабылданады.
«Қазақ» концептісінің концептуалды кеңістігінде «бірлік» және «өсіп-өну» менталды бірліктері басты рөл атқарады.
Қазақ үшін ел болудың басты шарты – бірлік. Қазақтың тарихтағы талайсыз тағдырының бірден-бір себепшісі – алауыздық. Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романының басталуындағы Әбілқайыр ханның қазақтың алдағы болашағын болжалдап салған құмалағының «шілдің боғындай шашырап түсуі» қазақ елінің «арты соқпақ, алды жар» тағдырының қыл үстінде тұрған сәттің өзінде де басы бірікпей, «бас-басына би болған» әрі-сәрі күйін меңзейді.
«Тату болайық» деп айтылмаған сөз қазақтың құлағына тұзы татымай тұрған бәдік әңгімедей естіледі. Бірақ олар дүниедегі ең бір пәтуалы сөзді орынды-орынсыз көп айтып, бәдік әңгімеге айналдырып алғанын өздері сезбейді.
…Сөйтіп, қазақ талай заманнан бері өз бірлігін өзіне-өзі өкпелеген шалдуар қызыл сөзге қызыл иттей талатумен келеді» (73-бет) — дейді автор.
«Өсіп-өну» менталды бірлігі мәтінде бірнеше мотивте көрініс береді. Біріншіден, билеушінің құдіреті, айбындылығы оның айналасын қоршаған қарасының молдығымен өлшенеді. «Күштісі әлсізіне, көбі азына қожаңдап, бақыт тауып, абырой асырып жатқан мына заманда қанша басың алтын, бөксең күміс дүлдүл болғанмен қатарың селдір, алды-артың тұлдыр боп жатса, өз иығыңды өзің жұлып жегенмен, бәрібір қарқ бола алмайсың»(74-бет).
Екіншіден, қазақты көбейтетін де, көсегесін көгертетін де баланың көптеп туылуы. «… Халықтың көсегесін арғымақтай сыланған кермиық қысыр сұлудың сылаңдаған сымбаты емес, салпы етек, сары балақ ұрғашының қашан көрсең де қампиып тұрар кебеже құрсағы көтереді». (74-бет)
Үшіншіден, халқың аз болып, жерің кең болса, ол да – еліңнің соры. «Азды құртудың жолы – кеңдік. Көпті құртудың жолы – тарлық. (75-бет)
Даласының кеңдігі малының бағы да, өзінің соры болуға айналды».(75-бет)
Көркем мәтіндегі авторлық-индивидуалды дүние бейнесі субъективті сипатқа ие. Ол мәтін «иесінің» тілдік тұлғасын танытуға қызмет етеді. Кекілбаевтың «қазақ» концептісін айқындайтын көркем дискурсында «бауырсақ құлақ қоңыр қошақан», «талтақ бұт тал бесік», «қалқиған тал шаңырақ», «салпы етек, сары балақ ұрғашы» оралымдары қазақтың шаруа күйттеген, момын, жадау, жұпыны тұрмысын, көнбістігін сипаттайды, әсіресе осы сипат «қоңыр», «қалқиған», «талтақ», «салпы етек» сөздерінің экспрессивті семантикасында айқындала түседі. Қай ұлттың ұғымында да «момындықтың, көнбістіктің» символындай қабылданатын қоңыр қошақандар қазақтың жеріне көз алартқыш ойраттардың озбырлығын, ашкөздігін сипаттауда «құзғын құрсақ қошақандар» түрінде қолданылады. «Бірақ ойраттардың алдында жабыла жер тістелеген қоңыр қошақандардың бүйірі бәрібір бұлтия қоймады. .. ал біреулер бәрін де қойып, қанша өріске айдасаң да, шөпектеп жүріп тоюды білмейтін құзғын құрсақ қошақандардың өзінен көрді».(68-бет)
Мәтіндегі индивидуалды-авторлық дүние бейнесін анықтаудың бірден-бір жолы – мәтінге концептуалды талдау жасау. Көркем мәтінде дүниені эстетикалық концептуализациялау процесі жүзеге асырылады. Концептуализациялауда дүниені құрудың объективті заңдылықтарымен қатар автордың өзіндік бағалауы мен сезінулері, қабылдауы, шындық деректеріне көзқарасы қатар басты рөл атқарады. «Елдің бағы малының басына қараса, ердің бағы жанының басына қарайды. Олай болса, аз жұрт үшін белі құтсыз еркектен өткен сұмырай, тұл құрсақ әйелден өткен сұрқия болмаса керек…» «Әрине, малдың басы да, жанның басы да тек уыздай ұйыған татулық бар жерде қаулап өспекші. Ал ондай татулық, ондай бірлік тек темірдей тәртіп бар жерде ғана жүзеге аспақшы.» Яғни автордың ұстанған пайымдауы бойынша қазақ халқының дүние танымында мал мен жанның көбеюі туралы ұғым қандай қастерлі болса, татулық пен бірлік ұғымы да сондай құнды. Бірақ бірлік сөзі айтыла-айтыла жауыр болған жадағай ұғымға айналған. Қазақ бірлік туралы сөзді көбірек қаузап, оны іс жүзінде құнттауды естен шығарған. Автор ұсынған бірлікке (яғни бірлік – қазақ үшін ел болудың кілті) жетудің жолы – темірдей тәртіп. Мәтіндегі эстетикалық концептуализациялау бойынша «белі құтсыз еркек», «тұл құрсақ әйел» оралымдары қазақ үшін жаманшылықтың белгісін бейнелейді.
Мәтіннің басты қызметі – коммуникация, яғни, автор мен оқырман (реципиент) арасындағы коммуникативтілік байланысты қамтамасыз ету. Мәтіннің эстетикалық, эмотивтілік, танымдық, ақпараттық қызметі оның осы коммуникативтілігі аясында жүзеге асырылады. Зерттеушілердің көрсетуінше, мәтіннің коммуникациялық қызметі мәтіннің интенциясы (автордың бастапқы ойы), репрезентациясы (мәтіндегі оқиға, құбылыстың толық мазмұны), интерпретациясы (мәтін арқылы берілетін ой, идея) жан-жақты ашылып, оқырманына жеткенде ғана толық жүзеге асады. Ол үшін мәтін түсінілімі, мәтін қабылдануы, мәтіннің әсерлілігі ұғымдары басты рөл атқарады.
Мәтін түсінілімінде реципиенттің дүнияуи және тілдік білімі негізгі рөл атқарады.
Сыртқы жауларының құқайына қосылып, іштен шалған алты бақан алауыздыққа төтеп бере алмай тоз-тоз болған Моғолстан мемлекетін: «…қашқарлық тараншының иінінде ит сілікпесі шығып көнерген алажолақ шапандай тоз-тоз жыртылып бітті» деп бейнелейді. Осы тіркестің семантикалық астарын ашу үшін бірнеше қосымша деректерден хабардар болу керек. Қашқар кімдердің қаласы, тараншы деген кімдер, оларға алажолақ шапанның қандай қатысы бар? (68-бет) Моғолстан мемлекетінің іріп-шіріп, мемлекеттігінен жұрдай болған кейпін қашқарлық тараншымен байланыстыра суреттеудің тарихи уәжділігі бар. Тараншылар қазақ үшін сарт сияқты «ала аяқ, аяр», жағымсыз халық болып саналады. Сонымен бірге Моғолстан мемлекетінің іштей іруіне осы ұлттың саяси, қоғамдық «үлесі» бар. Алажолақ шапан олардың ұлттық эталоны. Төлеңгіт Бәйбектің: «Алпыс алты атасына, жетпіс жеті шешесіне адамдық бітпеген, арғы тегі қырық темірдің құрсауынан пайда болған қу шұнақ шата неме мынау сап-сары ала мол дүниені о баста қара көрттің пышақтай арқасына қоңын ойдырып, қыл арқанмен шандып байлаулы келгенде қол-аяғындағы шынжыр бұғаумен бірге арқалап әкелгендей қаралай қорып бітеді». (128-бет) деген сипатынан оқырман мына мағлұматтарды аңдауы тиіс: біріншіден, Төлеңгіт Бәйбектің ата бабасында кісілік, адамгершілік атымен болмаған, екіншіден, бойында бірнеше ұлттың қаны бар, аралас некеден туған, нақты тегі беймәлім, оның тексіздігін «қу шұнақ, шата» сөздері нақтылай түседі. «Шата» деп тегі белгісіз адамды атайды, үшіншіден, қара көрттің арқасында қол аяғы шынжырлаулы келген, тұтқын, құл. «Көрт» деп Маңғыстауда түйенің азғын түрін атайды, оның азғын болатын себебі: келеге түсуге жарамсыз, керуен тартуға әлсіз, сыртқы тұрпаты сүйкімсіз, мінезсіз. жолап кетсең бақырып, шақырып, жынын шашып мазаны алады. Міне, осындай білімдік аяда тілдік тұлға ұсынған мәнмәтіннің прагматикалылығы да күшейе түседі.
Қазіргі психолингвистикада мәтін түсінілімі (проблема понимания текста) ауқымды мәселеге айналып отыр. Түсінілім процесі субъектінің санасында танылатын объектінің бейтаныс және таныс жақтарын салыстыра қарап, сол арқылы жинақталған ақиқат туралы білімді меңгеру барысында анықталады. Мәселен, қадірі қашқан ханның тағы «бір ауылдың балалары бірінен соң бірі мініп ойнайтын күл басындағы көк есекке» теңеледі. Осы сөйлемдегі әрбір сөздің мағыналық астары осы сөйлем арқылы автор меңзеуіндегі ишарат-ойдың тұтас болмысын беретін контекстік мазмұнды құрайды. Жаймалап айтсақ: алдымен, «қадірі қашу» идеясы қазақы ұғымдағы ең қадірсіз (күші адал, еті арам, топастықтың символы т.б.) хайуан есек семантикасы арқылы өзектеледі. ол есектің «күл басында» болуы жағымсыздық әсерді күшейте түседі, себебі, күл сөзінің «күлді көмеш, күлде қалған» оралымдарымен астарлас мәні бар. «Әр бала бір мінетін есек» ұғымында да «қадірсіздік, қолжаулық» идеясы бар. Ал ол есекке «бір ауылдың балаларының мінуі» хан тағының мұрагерлік жолмен әйтеуір ханның ұрпағы болғаны үшін ғана «тұзы татымайтын біреулерге» қор болғанын анықтай түседі.
Лингвопсихолог ғалымдардың айтуынша соңғы кездері психологияда түсінілім мен интерпретациялау процестерін ажырата қарастыру тенденциясы байқалады. Мәтінді түсіну мәтіннің мазмұнын адекватты (түпкі мағынаға барабар) түрде қайта қалпына келтіру болса, интерпретация дегеніміз субъектінің мәтінде көрінетін өзіне, өзгелерге, дүниеге қарым-қатынасын даралық-интеллектуалдық тұрғыдан беруі. Психолингвистикада мәтінді түсіну мәтін арқылы мәтіннен тыс шындықты қалпына келтіру, ол индивидтің әлеуметтік байланыстарына тәуелді.
Сөйлесім қызметінің нәтижесі болып табылатын көркем мәтінде автор белгілі бір дәрежеде өзінің жеке танымындағы дүниенің концептуалды бейнесін белгілейді. Қызыл сөзге елігіп, есі кеткен қазақты «…қырмызы бет қызыл сөздің тайтаңдаған тақымын қызықтап…»(119-бет) түрінде, ханынның қадіріне жете алмайтын тобырлық психологияны «…өлермен есектің құйрығынан құлаған құмалақтай домалатып жерге түсіре ме?!»(216-бет) деп бейнелеу тек Әбіш тілтанымына тән.
Поэтикалық қорымызда сөздің немесе тілдің образдық бейнелерінің «қызыл, от, орақ, қылыш, семсер, ащы, тәтті, жел, желбуаз» тәрізді ұғымдардың семантикалық өрісінде алынып, сипатталуы дәстүрлі, қалыпты тілдік білімді білдіреді. Ал сөзді сиқырлы сұлу әйелге тән «тақымы тайтаңдаған, қырмызы бет» түрінде сипаттау реципиент үшін тосын эстетикалық-тілдік код болып есептеледі. Ақ киізге отырғызып, төбесіне көтерген ханын бір сәтте қара жерге топ еткізетін айнымалы тобырдың қылығын «өлермен есектің құйрығынан құлаған құмалақтай домалатып түсіру» идеясымен беру де – тек Әбіш танымына тән ерекшелік, қазақ тілді реципиент үшін әрі таныс, әрі бейтаныс эстетикалық-тілдік ақпарат. Тілдік тұлғаның реципиентке ұсынған идеясының тілдік уәжділігін түсіну үшін есек және құмалақ сөздерінің ұлттық танымдық әлеуеттегі мағыналық астарына үңілу қажет. Қазақы ұғымда құмалақ – отқа тоймаған, аш малдың тезегі. Ол құмалақтың өлермен (жұмысқа жегіліп әбден діңкелеген), «күші адал, еті арам», қадірсіз хайуанның құйрығынан жайымен түспей, құлап, жерге домалап түсуі – қазақ халқының басынан бағы тайып, ханының да аузының дуасы қалмай тұрған кезеңдегі сол халықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Әбілқайырдың «сенісерге дос таппай» сергелдең болған күйін дәл суреттейді.
Антропологиялық және когнитивтік лингвистиканың аясында мәтін түсініліміне байланысты мәтіннің семантикалық кеңістігі деген мәселе бар. Бұндай кеңістікті виртуалды және актуалды деп екіге жіктеуге болады. Виртуалды семантикалық кеңістікте мәтіннің бастапқы пайда болуындағы автордың алғашқы ойы (замысель) көрінсе, актуалды семантикалық кеңістік дегеніміз мәтіннің тыңдаушы арқылы қабылдану барысындағы мазмұны. Басқаша айтқанда, алғашқысы мәтіннің басталу кеңістігі болса, екіншісі мәтіннің аяқталу кеңістігі деп түсінеміз.
Мәтіннің семантикалық кеңістігі – менталды жасалым. Оның қалыптасуына, біріншіден, көркем шығарманың өзі, яғни, автор қолданған тілдік таңбалар – сөздер, сөйлемдер, күрделі синтаксистік құрылымдар (виртуалды кеңістік), екіншіден, оқырманның мәтінді қабылдау кезіндегі түсінілімі (оны мәтін семантикасының актуалды кеңістігі дейміз) негіз болады.
«Қазақ» концептісі деп аталатын концептуалдық танымды сипаттайтын Ә.Кекілбаев ұсынған мәтіннің семантикалық кеңістігінде ұлттық дүние бейнесі басты орын алады.
Мысалы, «Қылышын белдеуіңе байлап, найзасын шаңырағыңа шаншып…»(119-бет). «…қайқы құйрық қара ала төбет көрген шәуілдек күшіктей жымып жөнелер еді.»(129-бет). «…жамалдатып өлген түйенің көніндей қабартып алған» (125-бет). «Тексізден шығып, бағы оза бастаған бала сұлтанды кекеп-мошқағанда аузы-бастары құйын соққан үйдің туырлығындай желпілдеп ала жөнелетін.» (140-бет) Елу мың түтіні, сексен шақырымдық майданы бар ызғындай қаланың орнында аман қалса, ит аяқ қана аман қалады. (62-бет) Ішмерез әйелдің бетіндей бедірейіп жатып алған бетпақ түзде де еш нышан жоқ. (218-бет) Келтірілген образды оралымдардағы қару-жарақ, киіз үй жабдықтарының атаулары, малдың жамалдату ауруы, түйе, көн, төбет, күшік, ит аяқ, ішмерез әйел сөздері «батырлық», «қазақтың киіз үйі», «қайқы қара ала төбет және шәуілдек күшік», «көкбет әйел», «түйе» т.б. туралы ұғым-түсініктерге семантикалық жақтан байланып, «қазақ» концептісін толықтыратын негізгі ұлттық атрибуттарды беріп тұр.
Ал «өзге» контексіндегі орыс халқының өкілдерін суреттегенде: «Арақ ұрттап, қияр қажаған орыс адамы…». «Алауыздық мұхитында да Орыс дипломатиясы дейтін жойқын флотилия аршындап жүзе бастады». (333-бет) «Әр әрпі аяғыңды жалап, әр сөзі басын шұлғып тұрған» (211-бет) түріндегі образдар алынады.
Мәтін «ғұмырының» ұзақтығы оның қалай қабылданғанына, реципиент санасында қандай дәрежеде зерделенуіне байланысты. А.А.Потебня: «Өнер туындысы дүниеге келгеннен кейін оның мазмұны суреткер арқылы емес, түсініп, қабылдаушы арқылы өсіп дамиды» — дейді. «Кез келген ұғынудың қатарында ұғына алмаушылық жүреді» (Түсіну, сонымен бірге түсінбеу болып шығады. В.Гумбольдт)
Қорыта айтқанда, Әбіштің тілдік әлеміне еркін ену үшін «қазақ» деген тілдік кооперацияға кіріге алатындай аялық білімге ие ұлттық иммунитеті жоғары мәдени тілдік субъект дәрежесіне жету қажет. Ондай дәрежеге қол жеткізбей тұрып, Ә. Кекілбаев ұсынған көркем мәтіннің астарындағы экстралингвистикалық (тілден тыс) факторларды игеру мүмкін емес.
Ал Ә.Кекілбаев тілдік тұлғасының когнитивтік, прагматикалық деңгейін ол ұсынған көркем мәтіндерге концептуалдық талдау жасау негізінде зерттеу алдағы ізденістердің үлесінде болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ә.Кекілбаев «Үркер» А.: Жазушы, 1981. -582 б.
2. Белянин В.П. Психолингвистические аспекты художественного текста. МГУ, 1988. -121.
3. Бабенко Л.Г., Казарин Ю.В. Лингвистический анализ художественного текста. –Москва: Флинта-Наука, 2003. -495с.
4. Дейк Т. Язык. Познание. Коммуникация. – Москва: Прогресс, 1989. – 310с.
5. Демьянков В.З. «Понимания как интерпретирующая деятельность» Вопросы языкознание 1983. №6 С58-65].
6. Мучник Г.М. Текст в системе художественной коммуникации. Воспрятие анализ, интерпретация. –Алматы: Балауса, 1996. -192с.
7. Нұрдәулетова Б.И. Жыраулар тіліндегі дүниенің концептуалдық бейнесі. Астана: Нұра-Астана, 2008. -429 б.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий