Несіпбек Айтұлы



Айтұлы Несіпбек 1950 жылы 22 қыркүйекте Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданына қарасты Теректі ауылының Апиынды бұлақ деген жерінде дүниеге келген. 1962 жылы ата-анасымен атамекенге оралып, орта мектепті бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылында бітірген. Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастайды. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

1974-1984 жж. «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор, 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, 1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры, 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді.
Алғашқы «Балалық» деген өлеңі 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде, алғашқы топтамасы 1972 жылы Мұқағали Мақатаевтың сәт сапар тілеуімен «Лениншіл жас» газетінде, алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрді. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек»; балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме», «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, «Ескендір қорғаны», «Игорь жорығы туралы жыр», т.б. аударма кітаптары шыққан.
«Бас сүйектері» (1976), «Жасынның сынығы» (1977), «Найзағай» (1978), «Жүректегі жаңғырықтар» (1979) поэмалары кезінде «Жалын» альманахы жариялаған республикалық конкурстардың жүлделерін, «Мұхтар мен Абыз» толғауы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған мүшәйраның бас жүлдесін алған.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий