МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС КӨРІНІСІ



Ұлттық болмыс — ұлттық қадір-қасиет. Ол – сатылмайтын байлық.
Біз үшін сатылмайтын байлық- тіліміз, дініміз, ұлтымыз, Отанымыз. Бұл байлықтар біз үшін бәрінен де жоғары. Осы аталған нәрселер әр адамда бар, бірақ өкінішке орай, бәрі бағалай бермейтіні жүрегімізге батады. Ана тілінде сөйлейтіндерден гөрі, шүлдірлеп сөйлейтін қазақтар өте көп. Дінін сатып, басқа дінге көшкендер де жеткілікті.
— Ұлттық болмысты қалыптастыру үшін не қажет?
Осы сұрақ төңірегінде ойланғанда, Франциядағы бала тәрбиесі жайындағы айтылған мынадай ойлар есімізге түседі. Француздар 3-4 жастағы сәбилер үшін елінің тарихы мен атақты адамдары туралы түрлі-түсті, әдемі кітапшаларды көптеп шығарады екен. Сондай-ақ,Францияның төл тарихы туралы өз сәбиіне түсіндіріп айту ата-аналардың басты міндетіне кіреді екен. Біз де бұл ойға толығымен қосыламыз. Отбасынан бастап, балабақшада, мектепте жалғасын табардай ұлттық болмысты қалыптастыратын жүйелі тәрбие жемісін берері сөзсіз ғой. Біз жаңа дамып келе жатқан мемлекетпіз. Өткеніміз бен бүгінімізге, ертеңімізге сынмен қарап, сара жолды таңдай білуіміз – жарқын болашақ кепілі.[10, 15-бет]
Ұлттық болмыстың бастау алар бір көзі – тіл болса, екіншісі – тарих. Өз елінің, ұлтының тарихынан қол үзген адам тамырсыз ағаш іспеттес, өсуін тоқтатады. Атам қазақ шыққан тегін білмеген адамды – «тексіз», тарихына тұшынып көрмеген адамды – «көргенсіз» деген. Тексіз болу – анаңнан, көргенсіз болу өзіңнен. Білуге ұмтылмасақ, көргенді түйе алмасақ, көптің мүддесіне үлес қоса алмасақ, адамдықтан не пайда?
Міне, осы кезде біздің ойымызға Мұхтар Әуезовтың: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзі есімізге түседі.
ХХ ғасырдың қазақ ұлтына әкелген игіліктерімен қатар (жаппай сауаттылық, білім, ғылым, өнер, әдебиет, өндіріс, ауыл шаруашылығының дамуы, т.б.) әкелген қасіреті де аз болған жоқ. Әсіресе ұлттық ерекшеліктің еленбеуі, өз рухани құндылықтарымыздан шеттеп қалуымыз, ұлттық болмысымызды өзгертті.
Халық пен қоғам, дәуір мен әдебиет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сол қоғам мен дәуірдің ақиқатын айқындайтын ірі тұлғалар әдебиет майданында қызмет етеді. Кешегі кеңестік кезеңнің «ащысын татпаса да», «ақиқаттың ауылын шырқ айналып» іздеумен ғұмыры өткен қас талант- Мұқағали Мақатаев.
Ұлттық болмысы, яғни ұлттық рухы жоқ ұлт – ұлт емес. Ұлттық болмысымыз жоғалса, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз ұмыт болып, өзге ұлттың жетегінде кетеміз. Қазақ халқының егемендік алып, тәуелсіз ел болуы бір ай немесе бір жыл емес, сан ғасырлық жинақталған рухының жемісі. Егер бойларында ұлтқа деген патриоттық сезім, рух болмаса, тамыры терең тарихымызда бостандық пен болашақ бақыты жолында қылыш сермескен ата-бабаларымыз жеңіс тұғырынан көрінбес еді. Бір ғана Желтоқсан оқиғасы тарихымызда белең алуы ұлтымыздың бойында рухтың өшпегендігі емес пе? РУХ – тәуелсіздіктің көк байрағын желбіреткен күш, биіктетер тұғыр.
Ірі ақындық қуат пен азаматтық ар-намыстың көркем жемісі әр шығармасынан өрнек тауып, оқырманының ойына қанат, бойына қуат бітіріп, поэзия құдіретіне бас игізген – Мұқағали Мақатаев. Оның поэзиясында табиғат та, адамзат пен дөңгелек дүние де анау-мынау ұсақ-түйек күйкі тіршілік емес, пендешіліктен адам жоғары қасиеттерімен даралана білді. Әкімшілдік — әміршілдік билік тұсында ғұмыр кешсе де, сәбилік, ата-ана, туған жер тақырыбына бірте-бірте ұлттық рух, ұлттық тарих пен намыс деңгейіне көтеріліп, «Адамгершілік» атты ұлы сезімге ұласып, атамұра сырларын ұғуға, «Құйрық – жалы кесілген» тарих қойнауына, сыры беймәлім әрбір таңбаға үңілуден еш жалықпады..[1,5-бет]
Мұқағали Мақатаев…
Тарих тұрлауына айналып бар жатқан ХХ ғасырдың рухани кеңістігімізге тарту еткен осы бір ұлы есімі тіліміздің ұшына оралған сайын, халқының жүрегіне өлшеусіз терең бойлап, елінің шексіз махаббатына бөленген, айдыны кең, асқары биік алып жырдың ұлан-ғайыр кеңістігі сана төрінде жаңғырары даусыз. Өйткені бұл есім бүгінде жан мен жүрекке азық болар қуатты жырдың қазақы болмысына айналып, халқының өміртану болмысымен біте қайнасып кетті. Қайда барсаңыз да Мұқағали жырларының алдан шығары хақ… Қалаға да, далаға да ортақ, ханға да, қараға да бірдей, кәріге де,жасқа да тән дүниелік құбылыстарды, сезім ахуалын, ауаның тап басып,айтуда дәл Мұқағалидай жеңіске жеткен ақын кемде-кем… ..[8,3-бет]
«Бесік басында» өлеңі – жастарға беретін тәлімі мен ғибраты мол өлең.
Онда:
Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ,
Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге, — дейді.
Бесік тәрбиесі-бүкіл ұлттық тәрбиенің негізгі арқауы. Халқымыздың атадан әкеге,әкеден балаға мұра болып келе жатқан қасиетті бұйымдарының бірі – бесік. Бесікті киелі деп есептеген. Оны өзге жанның ұстамақ түгіл қол тигізуге дәті бармаған. Ұйықтап жатқан ұлының бесігін тербетуге қарсылық білдіріп, оны қызғыштай қорғауының мәні осында жатыр. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов. Бұдан кейін:
Бақыт, байлық – барлығы менің үшін,
Сенің бір кеп мойныма асылғаның, — деген жолдарымен өріледі. Кішкентай сәбидің әке мойнына асылуының өзі неге тұрады? Байлық та сол, бақыт та – сол.
«Күзетші» өлеңінде:
Өмірде әлі қауіп көп қой не түрлі,
Қар қалғымай күзетші боп бекінді.
Сәл ұйықтаса төрт немере төрт жаққа,
Көзден ғайып болатұғын секілді.
Қандай жарасымды айтылған шумақ.. Мұнда қарттар мен әжелердің немереге деген көзқарасы, ұлттық психологиясы көрінеді. Әрбір отбасындағы ата мен әже тұлғасы – ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлы өнегенің таусылмас қайнар көзі. Халқымыздың мақтанышы болған ұлы перзенттеріміздің қалыптасуына оларды әлдилеп өсірген әжелердің еңбегі зор. Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере, Мұхтардың әжесі Дінәсіл өнегесі таусылмас қазына емес пе еді? Қазақ халқының отбасындағы, әулеттегі тәрбие үрдісінде «Әжелер тәрбиесінің» мәнісі зор болды. Әжелердің үйелмендік тәрбиесі жас аналар, келіндер, бойжеткен қыздар үшін бала тәрбиесінің академиясы іспетті. Ана-ене салты, келін салтына сай 6 жасқа дейінгі нәрестелік, балбөбектік кезіндегі ұлдардың тәрбиесіне әжелер мен аналар тікелей жауап берген. Ат жалын тартып, сүндетке отырғызылғанға дейін кезеңдегі балбөбектік кезіндегі ұлдардың жүрегіне ана махаббаты мен мейірбандық нұрын берген болса, ендігі жерде балиғаттық, бозбалалық, жігітшілік салтының қатал қағидаларына тәрбиелеу үшін, жасықтық, жуастық, жасқаншақтық тәрізді қасиеттерден арылту мақсатында атаның, әкенің, ағаларының қолына беріп, ер мінезділікке тәрбиелеген. Осы өлеңнің соңғы шумақтарында:
Суыт жүрген кәріден де, жастан да,
— Тыныштық па? – деп сұрайды сасқанда, — деген жолдардан біз нені байқаймыз? Суыт жүрген жүрісті адамды, әрине, халқымыздың ұғымында жақсылықтың емес, жаманшылықтың белгісі ретінде қабылдайды.
Көбелек деп жүрсің бе отты айналған?
Қуатым бар кеудемде шоқтай жанған.
Кер бестімін кермеде қаңтарылған,
Бәйге болса қалайда шаппай қалман, — деп басталатын «Қарт аңшының дегені» атты өлеңінде ұлтымызға тән қасиетті дөп басып айтқан. Атамыз қазақ бәйге болады екен десе, соған күні бұрын атын жаратып, баптап, үкілеп бәйгеге қосатын болған. Бәйге жөнінде ақын:
Шаппай қалман және де озбай қалман,
Бәсіңді қой нанбасаң сөз байласқан, — дейді.
Ақын бәйге атын жырлай отырып, бұрын байқалмаған тың образ жасауға игі қадам жасаған.
Кер бестімін кермеде қаңтарулы,
Дүбір шықса үзермін арқаныңды, — деп кермедегі қаңтарулы жүйрікті әдеби фон ретінде ала отырып, ақын өмірдегі өзінің жыр бәйгесіндегі бейнесін жасайды. Әрине, бәйгені шаппай бермейді. Өзінің ерен жүйрік екенін нық сеніммен айтады. Айтуға қақысы бар. «Қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін» деген еді Мұқағали өзі туралы..[9,10-бет]
.Ақынның өзіне сөз берейік:
Шаппай бермен бәйгені ала ғой деп,
Жүрмісің жүйрік емес, шала ғой деп?!
Ұл тапқанда ұлы анам боза ішіпті,
Қалжасына бақандай қара қой жеп.
Ал енді мына бір «Тау өзені тентек қой, тасып жатыр» өлеңінде бала шопан басында кездесетін бір оқиғаны нанымды берген. Әдетте қойды серке бастайды. Өлең шағын сюжетке құрылған. Отарды бастайтын серке өзеннен өтерде одан бас тартады. Жас шопан серкені қойдан бөліп алып, сырық сапты қамшымен соққыға алады келіп. Қамшы өткен серкенің бақырған дауысы бүкіл шыңды жаңғырықтырады. Бұл дауысты естіген қарт шопан шыдай алмай дауыс шыққан жерге жетіп келеді. Бұл кезде жас шопан серкенің сақалынан ұстап соғып жатқан еді.
— Түк көрмеген түлейдей малды ұра ма?
Жоғал былай, торсықтай салбырама!
Серке емес, сен өзің сескенесің,
Сен қылмаған ерлікті мал қыла ма?!
Шешініп суға түскен қартты көріп,
Көк серке өзенге өзін атты келіп.
Көсемінен көз жазбай тұрған отар,
Жамырасып жағаға тартты берік.
Өмірде кездесетін нанымды оқиға. Тегінде қазақ халқы малына, ал малының сыры өзіне танымал халық. Қазақ үшін мал ырысы мен бағы болып есептеледі. «Малының сырын иесі біледі» дейді халық. Жасынан мал бағып өскен қарт шопанның өзі бастап өзенге түсуі де сондықтан. Қазақтың ауылда өскен әрбір баласы малдың жайын жақсы біледі. Оның күтіміне де көзүйір болып өседі. Ал мынау ше? Бұл мал көрмеген жанның кейпін танытты. Қарт шопан қанша қапаланса да қатты сөз айтпай, нағыз қазақы теңеумен «Жоғал былай, торсықтай салбырма!» деуінің өзі жетіп жатыр. Бұл жерде ақын ұтқыр да, ұтымды жаңа теңеуге қол жеткізген.
Халқымыз төрт түліктің әрқайсысының иесі бар деп ұғып:
«Кінәсіз айуанды ұрма! Малды теппе, малдың басынан ұрма» деп үйретпей ме ұрпақтарына. Осының өзінен халқымыздың өзіндік ерекшелігін байқаймыз. Бұл – болашақ жастарымыз үшін тәрбие мектебі.
Сүтін ішіп, шудасын кие жүріп,
Қастерлейік, түйені сүйе біліп, — деп малды сүйе білуге шақырады.
Ата дәстүрінде ұзақ сапарға аттанғанда бата беріледі. Майданға жіберген атқа, баласына деген бәсіреге қарт баба батасын береді («Майданның бейгесіне»).
Жүрген жерің от болсын, қош жануар!
Бәлекетті жоқ болсын, қош жануар! [2,12-бет]
Бата беру ерте заманнан қалыптасқан дәстүрдің бірі болып есептеледі. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінде бата түрлері көптеп кездеседі. Айталық, Қобыланды батыр жауға шығар алдында оған ата-анасы мен жиылған халық бата беріп, сапарының оң болуын тілейді. Бұл дәстүр үзбей жалғасып келеді. Соғыс жылдарында қарт Жамбыл Бауыржан Момышұлына былай деп бата берген екен:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын!
«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп халқымыз бекер айтпаған. Мәні зор осы рәсімді өзінің шығармаларында молынан пайдаланғанын кездестіреміз.«Райымбек, Райымбек!» дастанында Қабай жырау әулиелер зиратына бұрылып, олардан қорғап, қолдауын сұрап:
Қан сасыған даламның,
Қатын менен баламның,
Кегін қайтып алармын,
Жебеп жібер, Әулие! – десе, он сегізге толған Райымбек елді жау шауып жатыр деген сөзді естігенде, ойланып – толғанып Қабай жырауды іздеп келіп:
– Ар ма, ата!
Арнай келдім, батаңды бер?
Аятым болсын менің атап жүрер! – дейді. Қабай жырау ұзақ жырлап келеді де соңында:
Кегіңді қайра ақылға,
Жалғыз жортып шатылма.
Аттанып жар сал ер ұлым,
Ел – жұртыңды шақырда.
Дүние – қоңыз, енші бер,
Соңыңнан ерген пақырға, — барып аяқтайды. Ақын халық дәстүрімен қоса батаға лайықты жыраулық үлгіні ұтымды меңгергені көрініп тұр.
«Өмірдастан» поэмасында да осындай дәстүр кездеседі. Оқу бітіріп аудан орталығына аттанғалы жатқан, мінуге ат таппаған балаға жаны ашыған ауыл қарты ат мінгізіп тұрып:
Бар, балам, қала көрме қатарыңнан,
Қала көрме үмітті сапарыңнан, — деп батасын береді. Бұдан байқайтынымыз қай кезде батаның қандай түрі берілуі керектігін ақын жақсы біледі. Соған орай оның мазмұн-мәнін ақындық шабытпен өзгертіп, құбылтып отырады. [5,9-бет]
Сондай-ақ үлкендерді сыйлау, құрметтеу, ізет көрсету де ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасын келе жатқан дәстүрдің бір түрі. Мұқағалидың «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» өлеңінде:
Әй, болашақ! Қарт келеді зиялы,
Кейімесін ата қыран ұялы.
Сен сыйласаң, сәби шақтың бір сәтін
Атаң саған ұзақ ғұмыр қияды.
Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда.
Дария шалқар даналығын ал, тыңда! – десе,
«Көшеде шық» өлеңінде:
Жалған – ай,
Жарасымды – ау ізет деген!
Иілген біз отпенен, сіз отпенен.
Қасиетін халқының сыйламайды,
Атасының күзетпеген…..
Өсиетін бабаңның орындай сал,
Одан ешкім кетпейді тоныңды алып, — деуінің өзі қандай жарасымды айтылған. Ақынның халықтық дәстүрді көре білу, оны ақын жанымен сезіне білу мен жырлай білуінде өзгеге ұқсамайтын өзгешелік бар. Мұндай өлеңдерінде халық дәстүріне деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартып отырады. Бата мен алғысқа қарама-қарсы ұғым ретінде халық дәстүрінде қарғыс та ерекше орын алады. «Қырқыншы жылдардағы бесік жыры» өлеңінде:
Ала жібін адамның
Аттамап еді ардағым,
Неліктен тәңірім оны алды,
Оранушы еді алғысқа.
Дәуқара аман оралды,
Оранды қайта қарғысқа, — деген жолдарды кездестіреміз.
«Әкеме» өлеңінде:
Зиратың аяқ асты болмасын деп,
Бұзылған қорғанымнан тас қаладым, — деуінде әке алдындағы парызын өтеудің бір көрінісі деп ұғамыз.
Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,
Өнердің кереметін сөзбен өрген.
Қалайда айтарымды айтып өлем,
Айта алмасам, жасайды қайтіп өлең?- деп сөз құдіретін аса жоғары бағалаған ақын: Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз,
Кетем бе деп қапаланам өмірсіз, — деп күдігін де жасырмайды.
Дегенмен: Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! – деуі де нағыз шындық. Ақынның өзі өлгенімен, оның өлмес өлеңдері Мұқағалидың есімін мәңгілікке сақтап қалары даусыз. [3,4-бет] Иә…
Ең бірінші бақытым — Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін… –
деп өзі жырға қосқан, сенімін артқан, жырын аманаттаған «қалың ел — қазағының» өлшеусіз махаббатына бөленген, тамырын оқырман ойы мен санасына, халқының жүрегі мен жанына, елінің көкіркгі мен жанына – уақыт желі, заманалар дауылы шайқай алмас тереңге жіберген бақытты да, армансыз Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.
Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда мына сыры мен сиқыры мол ғаламды өзінің құндағына алып тербетер құдіретті Жырдың да халқымен бірге, ұлы даласымен бірге, ұлы даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.
Өнер мен Өлең мәңгілігі дегеніміз осы емес пе? [6,7-бет]

Пайдаланған әдебиеттер
1. «Егеменді Қазақстан» газеті ,9 ақпан, 2001 жыл.
2. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл.
3. «Егеменді Қазақстан» газеті ,9 ақпан, 2002 жыл.
4. «Жас Алаш» газеті 19 маусым 2003 жыл.
5. «Әдебиет» газеті, 27 шілде, 2001 жыл.
6. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл № 6
7. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы ,2000 жыл №7
8. «Жамбыл-Тараз» газеті, 9 ақпан, 2001 жыл.
9. «Жас Алаш» газеті ,13 ақпан, 1999 жыл
10. «Этнопедагогика» журналы ,2005 жыл № 5
11. «Этнопедагогика» журналы, 2005 жыл № 7


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий