Доспанбет жырау



Доспанбет жырау (1490-1523) — жырау, қолбасшы, батыр. Доспамбет жырау қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрді. Кіші Ноғай ордасында әскери қолбасшы болды. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарайда, Стамбұлда болған. Қырым ханының жағында көптеген әскери жорықтарға қатысқан. Доспамбет жырау тайпааралық ұрыстардың бірінде 1523 жылы Астрахан маңында қаза тапты. Доспамбет жырау жырларынан оның мұрат-мақсаты, түсінік-талғамы, дүниеге көзқарасы анық аңғарылады. Отан қорғау, елге, жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін жырларында қырым, ноғай, қазақ жұртының іргесі бүтін, ешкімге бас имейтін ел болып отырған заманды аңсау сарыны байқалады. Жырау ол заманды қайтып келмес бақытты өмір ретінде толғайды. «Айнала бұлақ басы таң», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Азау, азау дегенің», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық» т.б шығармалары бар. Жырау өткен өмірді жырлағанда туған ел, өскен жерге деген ыстық махаббатын келер ұрпақ болашағымен байланыстыра сипаттайды. Олардың да ертең еліне қорған, тірек болуын қалайды. Доспамбет жырау өз басын өлімге тігіп, сан рет қанды шайқастарға қатысқан ата қонысын үлкен сүйіспеншілікпен толғайды. Жырау ел қорғау, жорық тақырыбына арналған жырларында елі мен жері үшін өлген ердің арманы жоқ деп, отаншылдық рухты бәрінен биік қояды. Ол серілік пен сақилықты, дарқандықты, қонақжайлылықты ата-бабадан келе жатқан асыл дәстүр ретінде дәріптейді. Доспамбет жырау шығармалары қазақ поэзиясы тарихында өзгеше көркемдігімен, екпінді ырғағымен ерекшеленеді. Жырау айтайын деген ойының қуатын еселеп арттыру үшін қайталауларды жиі қолданады. Сөйтіп, оларды ұтымдылықпен пайдаланып, ойдың әсерлілігі мен, өткірлігін күшейте түседі. Доспамбет жыраудың ерлік пен елдікке үндейтін толғаулары Бұқар жырау, Махамбет сынды өзінен кейінгі ақындарға елеулі әсер еткені байқалады. Бұл дәстүр толыса, кемелдене келе жаңа сипатқа ие болды. Жыраудың шығармалары біздің заманымызға толық жетпеген. Оның жырларының көпшілігі жорық үстінде қолма-қол айтылған. Сондықтан ел жадында сақталғандары ғана бізге жеткен. Осы азғана жырларының өзінен-ақ оның жырды түйдек-түйдегімен ағытатын дауылпаз жырау болғаны аңғарылады. Доспамбет жыраудың жырлары ертеректе 1893 жылы М.Османовтың «Ноғай уа құмық шығырлары» атты жинағына енген. Кейін 1896 жылы В.Радловтың «Халық әдебиетінің үлгілері» деген жинағына басылды. Оның жырлары «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды», т.б. сан алуан хрестоматия, жинақтарда үздіксіз жарияланып келді. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том Доспамбет – жырау, қолбасшы, батыр. Ол 1490 жылы Дон өзені бойындағы Азау қаласында дүниеге келіп, 1523 жылы қаза тапқан. Доспамбет жырау – қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі. Ноғай ордасында әскери қолбасшы болған. Дешті Қыпшақты көп аралаған, Бақшасарай мен Стамбұлда болған. Доспамбет жырау толғауларында оның мұрат-мақсаты айқын көрініс тапқан. Отан қорғау, туған жерге деген сүйіспеншілік – оның жырларының негізгі тақырыбы. Доспамбет жырауларында түркілік тұтастық идеясы бар. Қырым хандығы, Ноғай ұлысы және қазақ халқын бірлікке, іргесі бүтін, ешкімге бас имейтін ел болуға шақырады. Жыраудың Отан қорғау, халқын сүю рухындағы «Айнала бұлақ басы таң», «Азау,азау дегенің», «Тоғай,торғай, тоғай су», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ жайық», тағы басқа жыраулары бүгінгі күнге дейін жеткен. Оларда өзі талай қол бастап, қорғаған елін, жерін, ата қонысын сүйіспеншілікпен жырлайды. Доспанбет жыраудың ақындық мұрасы бізге толық жеткен жоқ. Халық ауыз әдебиетінде, жекелеген қолжазбаларда сақталып қалған шығармалары ХІХ ғасырдың басында әр түрлі әдеби жинақтарға енген. Кеңес өкіметі кезінде табылған толғаулары М.Мағауин жинап, құрастырған «Алдаспанда» (1971 жылы) жариаланды. Жырау өлеңдерінен ақын ойын, оның өмірлік мақсаттары мен үміттерін, рухани әлемін, адамгершілік тұрғысы мен көзқарасын білуге болады. Туындыларының рухы өр, мазмұны терең, тілі жеңіл, нақышты. Бұхар жырау мен Маханбеттің шығармашылығында Доспанбет әсері айқын байқалады. 1523 жылы Астрахань жорығы кезінде Доспанбет жырау бастаған барлаушылар тобы торуылға түсіп, жырау ауыр жарақаттан қаза болған. Қолданылған оқулықтар: «Тарихи тұлғалар» 152-бет.«Алматыкітап» баспасы 2009 ж. Авторлары: Б. Тоғысбаев, А. Сужикова «Қазақ хандығы» 55-бет. «Аруна Ltd» ЖШС, 2009 ж. Авторлары: Т. Жұмаханов, Б. Жұматаев ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ: «Озушылар, озмаңыз!» Январь 15, 2009 Небір сөздер болады! Өз өртіне өзі өртеніп кете жаздап тұратын да сөздер болады. Доспамбет жыраудың соңғы демі жарық дүниенің ең соңғы бір сабақ жібіндей болып үзілгелі жатқан сәтте, бұ дүния мен о дүния ақын көкірегінде түйісіп қалған сәтте, ақынды ала қашуға келген ажалдың алдынан жасын жырлар от шашқан сәтте ажал да адамға тәуелді болып қалған сияқты. Отты жырлар ақынның оққағарларындай ажалды аластап, оны көпке дейін өз иесіне маңайлатпағандай әсер береді. Ақынның қысқа ғана өмірбаянында оның соңғы сөздері делінетін өлеңдері ажал алдындағы адамның асыққан сөздеріндей емес, ғұмыр философиясының теориялары болып тереңнен, дәуірдің деректерін екшегендей баппен, жүз жасаған адамның сөзіндей байсалдылықпен айтылады. Бұл сөздер – өз иесінің өмірін ұзарта түсуге қызмет еткен киелі сөздер. Жарық дүниеден озарында соңғы сөзін айтып қалуға мүмкіндігі болған адам Жаратушы иеміздің аса зор рахымшылығы түскен адам шығар. Егер солай болса, мұндай рахымшылыққа бөленген жанның бірі –Доспамбет жырау. Ол 1523 жылы қазіргі Астрахань маңында ұрыс үстінде опат болған көрінеді. Доспамбет жырау сонда отызға да жеткен жоқ екен. – Озушылар, озмаңыз, – деп басталатын жолдар жыраудың отызға да тола алмай, бар мен жоқтың арасында жатқан сол сәтінің куәгерлері. Бұл ақынның қайғылы қазаны естірткелі оза шауып бара жатқандарға қарата айтқаны еді. Осы бір жолдар көкіректен асыға шығып, «хабаршыларды» тоқтатпаққа олардың артынан «аһ!» ұра ұша жөнелгендей. Бірақ бабалар салтында қазаның хабарын тоқтатуға болмайтын еді. «Озушылар» қайдан тоқтасын. Бұл сөздер де өз иесінің енді бұ дүниянікі емес екендігін сезіп барып, ауырлай кері қайтып, әр сөздің жаны қиналып, қара жерге сіңіп кетердей болып тұрған жоқ па?! –Озушылар, озмаңыз! Озсаңыз, бізім бетке бармаңыз. Ол өзінің «шаһит кешкендігі» туралы хабардың елге жеткенін қаламады. Еліне барып, қақ төрге шығып отырып алар қаралы хабардың жолын кесудің амалын іздеп жыраудың алас ұрғанын көреміз. Бір ғажабы – бар мен жоқтың арасында жатқан ақынның сөзінде орда бұзар жасында қиылып бара жатқанына қиналғандай бір ишара сөз жоқ. Тек «озушыларды» тоқтатпаққа ұмтылады. Бірақ енді олардың да тоқтамасын түсінген соң, озсаң оз, тек «бізім бетке бармаңыз!» деп өтініп жатыр. Барса, олармен бірге өзінің «Доспамбет батыр! Доспамбет жырау!» болып емес, «Доспамбетке уақыт болды!» деген қаралы хабарға айналып жететінін көріп, қиналды. Көмекей мен көңілді қара жамылған сөздердің иеленбегенін қалады. Өйткені қара жамылған сөз де өзіндік қаралы энергия. Бұл – бізге көне дәуірден Доспамбеттің сөзімен жеткен, бәлкім, Доспамбет ашқан психологиялық-философиялық жаңалық десек болады. Бірақ оның қаралы энергия екендігін Доспамбеттің түсіндіріп жатуға уақыты болмай жатты және ғұлама адам әр сөзін тәптіштеп түсіндіре беруге құлықты да болмайды ғой. Өйткені оны өзі көріп тұрған шексіз ауқымда немесе қалпында түсіндіріп беру мүмкін де емес. Сол сөздердің ішкі кеңістігі, яғни, сол сөз тіркестерінің қанатын жайғандағы құлашы тым алыстарды орағытып барып келіп тұрады. Жаһұт тасты көріп пе едіңіз? Көрдіңіз. Соған дәл қазір ойша қарасаңыз, не көрер едіңіз? Сіздің көріп тұрғаныңызды бір ғана сөзбен «құбылып тұр» дейміз. «Құбылып тұруы» – сол тастың күллі ғұмырында бойына жинақтаған байлығы, турасын айтқанда – ақпараты. Ол ақпарат миллион жаққа қарай таралып, миллион бағытты көрсетіп тұр. Ол су мен ауаның және түрлі тіршілік иелері қалдықтарының ең құнарлы атомдары мен молекулаларының өз заңдылықтары бо-йынша аса көркемдікпен және белгілі бір тартылу тәртіптері арқылы дәлдікпен үйлесуі. Дәл сол сияқты ақынның айтатын сөзі де – ой-шексіздігінің шыңырауларынан алып шыққан табиғи түрде үйлескен жаһұты. Ол оны қалай деп, қай қырынан түсіндірсін?! Ол түсіндірілмейді. Түсіндірілмейтіндіктен де ақынның көмейінен дәл сол дайын қалпында, өзгертуге келмейтін қалпында құйылып шығып тұр: – Озушылар, озмаңыз! Озсаңыз, бізім бетке бармаңыз. Бізім бетке барсаңыз, Есақай, Қосай – екі ұл, Алдыңызға жыр құшақлай, жылай шықса, не айтарсыз? Доспамбеттің осы жырының өн бойына сәуле таратып тұрған «оз» түбірі әр контексте әр қырынан көріну арқылы жаңа мазмұнға ие болып та үлгеріп, бізге жетті. Сөз түбірі – ақыл-ой картасының шағын ғана орталығы іспетті, одан жан-жаққа әр түрлі реңк пен мағына тарайды. Бұл таралып жатқан тармақтар түбірдің өзіндік микроғаламын түзеді. «Озмаңыз» бен «озушылар» бір түбірден таралған екі ой әлемі. «Озушылар» – бұ дүнияның атрибуты. «Озмаңыз» – о дүниялық адамның бұ дүнияға қарата айтқан сөзі. Бір түбірден басталғанымен, екеуі бір жолдың бойында екі түрлі сапар шегіп барады. Тіпті бұл екеуі бір-бірімен аңдыса қалған о дүния мен бұ дүнияның өрттей ортасынан қылдай ғана жол тауып жарыққа шығып үлгірген жеңімпаздай. Доспамбет балаларын қалай жұбату керектігін де өзі түсіндіріп тұр. «Жыр құшақлай шығу», яғни, жоқтау – қаза болған адаммен қоштасудың өзіндік ежелгі теориясы. Адамның жарық дүниедегі сапарының аяқталуын баяндау салты. Оларға айтарыңыз сол болсын: Жәмішіден қос айтып, Жараға мамық тосатып, Келе жата дегейсіз. «Жарасын мамықпен бастырып, келе жатыр» деп айт деп, үмітті соза тұрудың амалын тапқандай болады. Бірақ үміттің де кейде созыла беруге күші жетпей қалады. Ол айтқанға тимемсе, Бұрынғылар түскен жүрі жол, Бұрылып соған түсті дегейсіз. Сөз дегеніміз – ілгешек, оған жалғау мен жұрнақ жалғап немесе түрлі контекске қою арқылы небір идеяны, небір образды ілуге болады. Үлкен романдағы образ да, өлеңнің бір-екі жолында ғана тұрған образ да бір ауыз сөз-ілгешек арқылы айқындалуы мүмкін. Сол сөз-ілгешек арқылы Доспамбеттің «Бұрынғылар түскен жүрі жол» категориясының психологиялық-танымдық табиғатына жақындай аламыз. Осы бір ғана жолдан Доспамбеттің ойлау тәсілінің траекториясын да көре аламыз. Траектория тереңдікті де, биіктікті де, қашықтықты да көрсете алатын сызық. Бұл жолда тұрған «бұрынғылардың» образы «жүрі жол» арқылы айқындалады. «Жүрі жол» – сүрлеу жол, ұзақ жол. Бірақ осы контексте ол – жұрттың бәрі бірдей жүре алатын сүрлеу жол емес, тек бұрынғылар ғана жүрген сүрлеу. Біздің ұлттық ұғымымызда «бұрынғылар» – ерекше адамдар. «Бұрынғылар» – ақыл-ойдың сандығы. Өйткені бүгінгі ойдың түп-қазығын «бұрынғылар» айтып кеткен. Міне, сол «бұрынғыларды» қастерлейтін ұлттық салт олардың қай-қайсысының да кеткен жағын айтқанда қаралы-қасіретті жолға сілтеме жасамайды. Яғни, олардың кеткен жағының қандай екендігін тірілер білмейді, бірақ ол аса бір жұмбақ та қасиетті жол екендігіне меңзеу бар. Оны ақын «өлім» деп шошындыра атамайды. Бұрынғылардың жолы деп қастерлей атайды. Жүк тиелген арбаны сүйреп келе жатқан үш адамға «не істеп жүрсіңдер?» деп сұрағанда, біріншісі «жүк тиелген арба сүйреп келе жатырмыз» десе, екіншісі «өзімізді және бала-шағамызды асырап жүрміз» депті, ал үшіншісі «үлкен мешіт салып жатырмыз» деп, өзінің жүк тиелген арбаны сүйреп келе жатқанының арғы мәнінен қоғамға қажетті үлкен бір істі көрсете айтыпты. Сол сияқты Доспамбет те өзінің дәл сол сәттегі күйін ажал аузында жатқандығына сілтеме жасай емес, адам баласының мәңгілік мекеніне кетер жолы ретінде әспеттеуінің өзі – өмірге келу мен кетудің ғаламдық қажеттілік және заңдылық екендігін баяндауы болып табылады. Бұл – таусылған ғұмырды ақынның ұлттық-теориялық сипаттай түсіндіруі. Өзінің кетіп бара жатқан жағын үрей шақыратындай етіп айтуға болмайтындығын ғұламалықпен жеткізуі. Әрине, ақын өзі үшін емес, бұ дүниялықтарға үрейлі болмауы үшін оны айтудың өзіндік психологиялық тәсілін қолданады. Сол қолданыстың бәрін ақын қас-қағым сәтте ойлап, өлеңнің қысқа жолдарына асқан шеберлікпен сыйғызып та үлгерді. Бұрылып соған түсті дегейсіз, – деп сол жолға түсуін субъектілік кеңістік ішіндегі ерекше бір іс-қимыл ретінде баяндауында мән бар. Бұрылу – былай қарағанда жай ғана етістік. Бірақ дәл осы контексте ол ерекше энергия бөліп тұрғандай. Өйткені бұл жай бұрылу емес, ауқымды философиялық-ғұмырлық құбылыстың сипаты. Тіпті осы өлең жолының кеңістігінде тұрған ақын өзінің аяқасты опат болғандығын мойындай алмайды. Ол, өзінің түсіндіруі бойынша айтсақ, әлдеқандай бір ғарыштық себептермен, ғарыштық қажеттіліктерге байланысты келе жатқан бағытын өзгертуге мәжбүр болды немесе міндетті болды да, «бұрылып» кетті және «бұрынғылар түскен жүрі жолға» қарай «бұрылды». Бұл Доспамбет ойшылдың өмір туралы және өлім туралы философиялық ой-тұжырым-теориясы. Ойдың адамдық қажеттілік екені рас, бірақ оның ғаламдық қажеттілік екені анығырақ. Жаратушы иеміз ғаламдық ойды қайда орналастыруды қарастырғанда адамның миын таңдап алып, оған шексіздікті берген ғой. Сол шексіздіктен болар, біз Доспамбет дәуірінің сөз байлықтары мен сөз қолданыстарын сол күйінше қабылдай аламыз және сол дәуір адамдарының өздерінен де тереңірек түсіне алатын сияқтымыз. Мысалы, қазіргі қолданыста «озушылар» деген сөз жоқ. Бұл қолданыс қазіргілер үшін – экзотика. Экзотика болғандықтан да біз қанша асығыс болсақ та, ол сөздің тұсынан жеделдетіп өте шыға алмаймыз. Біз оны міндетті түрде қолымызға ұстап, оған зер салып, тіпті таңданып қараймыз. Өзіміздің арғы бабаларымыздың асыл затын қолға ұстап тұрғандай сүйсінеміз. Бұл тіпті бізге сөз қолданыстың жағымды мағынадағы «төтенше оқиғасы» сияқты әсер етеді. Тілдің жаңа коммуникациясында бізге ол ескі қолданыс сияқты емес, керісінше, контекстің немесе сөздің ХХІ ғасырға бабалар ғарышынан келіп қалған жаңа құбылысындай әсерлі. Оған себеп болып тұрған – Доспамбет жырларының ішкі-сыртқы стихиясы және рухтық пәрмені. Жыраудың сөз-мұражайының мұндай көне сөз-экспонаттары ой-санамызды жаңартып, саф ауамен тыныстағандай әсер беретіні ғажап. Адамзат – шексіз процесс, яғни, оның аяқталу нүктесінің жоқ екендігін, дамуында мәре сызығының болмайтындығын білетін сияқтымыз. Доспамбеттің сөзімен айтсақ, адамзат дегеніміз – «озушылар». Бірінен бірі озып, бір-біріне қарайлауға шамасы келмей уақыттың жалында үдере көшіп келе жатқан сол адамзаттың Доспамбеттен озып кеткеніне де 585 жыл уақыт өтіпті. Философ Ж.П.Сартр: «Ұзақ ғасыр өмір сүрген шығарма – құпиясын тас қып құшақтап жатқан шығарма» деп жазыпты. (Ж.П.Сартр. «Что такое литература», «Поппури», Минск, 1999. С.180-181). Демек, ұзақ ғасыр ғұмыр сүрудің кілті – өзіндік құпиясының болуында ғой. Ал Ю.М.Лотман айтады: «Ақынның тiлiн бөтен тiлдi зерттегендей зерттеу керек, …өйткені поэзияның құрылымы ғылымға әлі күнге дейін түсініксіз» дейді. Біз ақынның тілін немесе ой-тұжырымдарын саралағанда, шынында да оның иірімдерінде жатқан құпияларды көргіміз келеді. Оны ашып көруге және тануға міндеттіміз де. Танудағы мақсат не дейтін болсақ, ол сан қырлы. Биік үй саларда жертанушылар сол үйді салатын жердің топырағының тығыздығын, қаттылығын зерттеп, неше қабатты үй тұрғызуға болатындығын анықтайды емес пе?! Дәл сол сияқты, қандай да бір рухани мұраны танудағы мақсат – жекелеген осындай дара тұлғаларымыз арқылы ұлтымыздың тарихи ой тереңдігін анықтау. Анықтаудағы мақсат – біздің ұлтымыздың болашақта қандай рухтық биіктіктерге, интеллектуалдық дамудың қандай сатыларына көтерілуге мүмкіндігі бар екендігін пайымдау. Тастабанымыздың қаншалықты терең екендігін, қаншалықты берік екендігін нақтылау. Нақтылаудағы мақсат – қазақтың бүгінгі ойлы жастарының, бүгінгі ғалымдарының бойында қандай мүмкіндіктері бар екендіктеріне сілтеме жасау. Өйткені бүгінгі адам, қалай болғанда да, өткен шақтың жемісі ғой. «Сенің осындай мүмкіндігің бар» десе, сол мүмкіндікті жүзеге асыруға ұмтылатындар табылады емес пе?! Ал егер «сенің өткен шағыңда философ болған жоқ, математик болған жоқ, саясаткер не ақын болған емес» дей берсең, адам өзін интеллектуалдық жағынан жалаңаш сезінбей ме? Тастабанының осалдығы есінен кетпей, ілгері басудан қаймығып, құлап кетуге дайын тұрмай ма? Сөйтіп, сәл қиындықтың алдынан атының басын кері бұрып кетпей ме?! Ал арғы жағың мықты десе, бәйгеге қосылып көруге «тәуекел етіп, тас жұтпай» ма?! «Өкінбеу» философиясы Әдебиет дегеніміз психологиялық және тарихи материал ғана емес, ол сонымен қатар өзіндік интеллектуалдық қуат. Оны ғасырдан ғасырға аман-есен жеткізетін де сол қуат. Ал оның бұл қасиеті өзіндік тілдік және үйлесімділік математикасы арқылы мүмкін болады. Сөздердің шумақ ішінде бірін-бірі теңдестіруі шебер математикалық жолмен қиюласқанда оқырман өлеңнен сөздік ұйқас іздемейді де. Өйткені бұл жерде сөздің ұйқасы емес, ырғақтық ұйқас белсенділік алады. Ал ырғақтық ұйқасты мүмкін ететін математикалық ұйқас. Математика дегеніміз, ең қарапайым тілмен айтқанда, шым-шытырық ішкі жолдар арқылы үйлесу емес пе? Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым, өкінбен. Толғамалы ала балта қолға алып, Топ бастадым, өкінбен. Доспамбеттің біз мысалға алып отырған осы өлеңінің жолдарында математикалық белсенділік арқылы дыбыстық-мазмұндық теңдеу құрылып, «өкінбен» сөзі теңдеудің шешімінің қызметінде тұр. Егер де өлеңнен «өкінбенді» алып тастап оқысақ, былай болып шығады: Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым, Толғамалы ала балта қолға алып, Топ бастадым. Яғни, ешқандай сөздік ұйқас жоқ және «тоғай қонғандығының», «топ бастағандығының» бір нәтижеге алып келгендігі туралы ой-тұжырым, шешім жоқ. Олар «өкінбенге» жеткенге дейін математикалық төрт амалдың не бәрін, не ішінарасын бастан кешіру арқылы мәтіннің ішкі мазмұндық және рухтық ұйқастығын үйлестірді. Дыбыс, түр, мазмұн, логика – бәрі «өкінбенде» түйісу үшін ақынның көкірегінде екшеліп, лабиринттік жолдармен жүріп өтті. Әрине, мұның бәрі ақынның санасында қазіргі есептегіш машиналардың жылдамдығындай асқан жылдамдықпен жүзеге асырылды. Сөйтіп оның нәтижесін мөп-мөлдір етіп, төгілтіп-төгілтіп жеткізгендігіне тамсанбай қалмайсың. Тоғынды сарты нар жегіп, Көз түзедім, өкінбен. Туған айдай нұрланып, Дулыға кидім, өкінбен. Судың мұзға немесе буға ауыса алатындығы сияқты, сөз де бір күйден екінші күйге ауыса алатындығы белгілі. Судың басқа күйге ауысуына ауа температурасы ықпал ететіндігі сияқты, сөздің бір күйден екінші күйге ауысуына да контекстің ішкі «ауа райы» әсер етеді. Сарты дегендегі «ы» зат есімнен сын есім тудырып тұрған жұрнақ, мысалы, қазақ+ы. Бұл да, жоғарыда айтылған «озушылар» сияқты, қазіргі қолданыстан шығып қалған сөз – экзотика. Сөздің осындай сыр-сипаттармен естілуі мен көрілуі және естілмейтін де көрілмейтін ішкі диалогтағы күйі үнемі өзгермелі. Сөз де ойланады. Ойды қалай жеткізуді ойлайды. Жоғарыда айтқанымыздай, тек түбір ғана қозғалыссыз тұрады да, оның айналасында зат алмасу процесі сияқты үдерістер тасқыны еш тоқтаусыз жүріп жатады. Ал осындай процестер негізінде туындап жататын сөз-экзотикалар арқылы берілетін Доспамбет жыраудың негізгі идеясының экзотикалығы одан да асып түседі. Ол – өкінбеу идеясы. Зерлі орындық үстінде, Ақ шымылдық ішінде, Тұлымшағын төгілтіп, Ару сүйдім, өкінбен. Донның төменгі ағысындағы Азау маңын мекендеген Кіші Орданы билеуші әскери шонжарлар тұқымынан шыққан ұлы жырау молшылықта өмір сүрген болар: Арғымақ мінген өкінбес, Кілең бұздай кілшейтіп, Көбелер киген өкінбес, Жұпарын қардай боратып.., Құрама шапшақ көп қымыз, Құйып ішкен өкінбес, – дегені соның айғағы іспетті. Бірақ оның өкінбейтіндігінің себебі тек бұл ғана емес. Жыраудың «өкінбеу» философиясының тереңінде жатқан факторларға көз салсақ, оның ел мен жердің тағдырын шешетін ұлы мақсат жолында жүргендігін, небір аласапыран айқастардың ортасында оттай лаулап, хас батырлармен бірге қол бастаған тұлға болғандығын да: Бүгін, соңы өкінбен Өкінбестей болғанмын. Ер Мамайдың алдында, Шаһит кештім, өкінбен, – деген жолдарынан көреміз. Ер Мамайдың алдында шаһит кешкенін айтуы, жырау Доспамбеттің сондай батырлардың алдында бас иетін, ел қорғаған ерлерді тәңіріндей қастерлейтін қасиетті адам болғандығын да танытады. Осындай кесек-кесек себеп-салдарлық факторлардан келіп шығатын өкінбеу идеясы – ақынның аса қуатты концепциясы. Тіпті, қайткенде де ұзағырақ ғұмыр кешкісі келетін адам баласы үшін, түсініксіз концепция. Бірақ оны жырау түсініксіз концепциядай емес, өзінен-өзі ұғынықты мәселедей толғайды. Біз бұл жерден өкінбейтіндіктің түрлі мазмұнын көріп тұрмыз. Екінші жағынан, өкінішсіз өткізу үшін тіршілікте қандай нәрселерді жүзеге асырып үлгеруің керектігінің бағдарламасы да осы жолдарда тұр. Бұл – тіршіліктегі адамның Доспамбет сызған іс-қимыл формуласы. Екі арыстап жау шапса, Оқ қылқандай шаншылса, Қан жусандай егілсе, Аққан судай төгілсе, Бетегелі Сарыарқаның бойында, Соғысып өлген өкінбес. Өткен өмір жолының кезең-кезеңдерін айтқанда жырау жүз жылдық ғұмыр кешкен адамдай сөйлейтіні осы тұста тағы бір көрініс береді. Бұл ақынның ғұмыр жасы мөлшерінің адам үшін қандай да бір мәнінің болмайтындығына жасаған сілтемесі тәрізді. Мәселе, жасыңда емес, сол жасыңның ішінде не тындырғандығыңда деп тұрғандай. Адамзат өзіне ыңғайлы болу үшін уақытты сағаттап өлшеп, бір тәулікті 24 сағатқа бөліп қойған. Бірақ тағы бір «уақыт» бар, ол – әр адамның өзінің табиғи жылдамдығы. Ол сағатпен өлшенбейді. Соның бірі – «ақыл-ой» жылдамдығы. Жаратушы иеміздің уақыты адамзат кесіп қойған уақытпен өлшенбейтіні түсінікті. Оны былай пайымдауға болады: жай адамдар неше жыл ғұмыр кешсе, сонша жылды ғана жүріп өтеді. Ал аса дарынды адамдардың ой-жүйесі шапшаң қимылдайды да, олар орта жастан асқан адамдардың ақыл-ой деңгейіне тым жас кезде-ақ жетіп барады. Мұндай адамдардың бір ғұмырына бірнеше ғасыр сыйып тұрғандай әсер береді. Солай бола тұрса да, Доспамбеттің өзіне өлшеніп берілген отызға да жетпеген жасын азсынбағаны, яғни, жас кетіп бара жатқанына өкінбегендігі жай адамдардың түсінігіне қиындау. Бүгін, соңы өкінбен, Өкінбестей болғанмын, – деп өз тұжырымын қайтадан тұжырым-дайды. «Өкінбестей болғандығының» себебі – уақыттың қашықтыққа «жүгіру» жылдамдығының әр адам үшін әр түрлі мөлшерде болатындығына ақынның көз жеткізгендігінде болар. Доспамбет өзінің қысқа ғұмырында бір адамның толық ғұмырында атқаруға тиістіні атқарғандығына, бұ дүниядағы өз миссиясының аяқталғандығына сілтеме жасайтындай. Ал бізге, пенде болған соң ба, әйтеуір адамның ең болмаса 70-ке жетіп, 80-нен де, мүмкін болса, 90-нан да асуы міндет сияқты көрінеді де тұрады. Сіздің басыңыздан не өткені маңызды емес, маңыздысы – сол жағдайға жауап ретінде сіздің өзіңізді қалай ұстағандығыңызда. Доспамбет осындай тұжырым жасап кетті. Неміс ойшылы А.Камюдың дәлелдеуі бойынша «табиғилық – түсінікке қиын категория» (А.Камю. «Миф о Сизифе»). Ұлылық – табиғи құбылыс. Демек, ол түсінікке қиын. Доспамбеттің өкінбейтіндігін өлеңдерін саралап түсінуге тырысқанымызбен, біз оның байыбына бәрібір жете алмаймыз. Өлеңнің әр нәрсені түсіндіріп айтып беруі міндет те емес, әрине. Бәлкім, жыраудың құпия ұстап қалғаны – бұ дүниядағы адамзатқа айтуға болмайтын шындық шығар. Бәлкім, өкінбеу – пенденің Жаратушыға ризашылығын білдіруі шығар. Бәлкім, бұл қанағатшылдық идеясы болар. Қалаға қабылан жаулар кіргей ме? Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме? Ел шетін қорыған Доспамбеттің алаң көңілінің сұрағы сұрақтан гөрі жауап сияқты естіледі. Бұл, әрине, елдің дүрбелең кезеңінің суреті: Қатарланып, қарланып, Қайран ер қарт күреңге мінгей ме? Дәл сондай кезеңде, ең ауыр кезеңде, жыраудың артына алаңдай, қарайлай кетіп бара жатқаны сезіледі. Қабырғадан қараған, Достым менен дұспаным, «Апырым, ер Доспамбет!» дегей ме? Дос түгіл дұшпаны да оның үзіліп бара жатқанына сенер-сенбесін білмей қалғандай, қан-қасап ұрыс та тына қалып, заулаған оқтар да тоқтай қалып, ала шаң да басыла қалып, бәрі де кеше ғана «дулыға киген» Доспамбетке, «туған айдай нұрланған» Доспамбетке, «топ бастаған» Доспамбетке, «тоғай қонған» Доспамбетке, «ару сүйген» Доспамбетке аңтарыла қарап «Апырым, ер Доспамбет!» деп тұрып қалғандай. Бұл шумақта жыраудың өзі де өз ғұмырының дәл осылай, дәл сол күні, дәл сол жерде аяқталғанына аң-таң қалғаны ап-айқын көрініп тұр. Бірақ, өкініш емес екені де ап-анық. Біздің қазақта қазіргілердің де таңдайын қақтырар осындай да тұлға өткен! Апырым, ер Доспамбет! Оңайгүл ТҰРЖАН Азаулы және Доспамбет жырау Азаулы қаласының аты өз еңбегін жаңаша жыл қайыруымыздың І-ші ғасырында жазған Страбонда кездеседі. Азик деп хаттаған. Скандинавия жарты аралының жұрты христиандық дәуірге дейінгі құдайын Один деп атаған. “Эдда” дастанының мәтініне жүгінген Н.М. Карамзин: “Эдда аңыздары бойынша скандинавиялық мұсылман Один Азгард қаласының түлегі” дейді (Н.М. Карамзин …Том І. Гл.ІІ. Прим.-25. 9-б.). Грек тарихына қатысты деректерден білетініміз: Азақтың Киммерлік Боспор атанғаны, ал Азов теңізінің Меотида де¬лін¬гені. Меотида саздағында ежелгі заман¬нан нәсілі алан азық тайпасы орыс жылнама¬ларындағы касогтармен (қасах¬тар¬мен) ара¬лас бірге тұрған. Сөйтіп, бұл теңіз жаға¬лауындағы қолтық Азау теңізі, ал ондағы генуялық ежелгі қала Азаулы атанған. Қара теңіз жағалауын моңғолдар мен¬шіктеген кезде Азаулы өзіне кеп құятын Тана өзенінің атымен Тана аталды. Ол Алтын Орданың “оң қанатының” астана¬сы болды. Византия, Генуя, Венеция саудагерлері Алтын Ордамен осы Тана арқылы сауда жасады. 1462 жылы Махмет паша Константи¬но¬польді алып, Византияны күйретті. Ке¬шік¬пей оның Қара теңіздің терістік жағалау¬ларындағы отары Очаков, Қафа, Тана, Ақерменді өзіне қаратты. Осы кезден бас¬тап Тана қайтадан Азаулы ата¬нып, Тақыт елі, Ноғайлы, Терістік, Кав¬каз, Мәс¬кеу¬мен сауда-саттық қаласына айнал¬ды. Азаулыда түріктің серәскері (намест¬нигі) отырды. Мәскеу князьдігі Азаулыда елшілік және сауда-саттық өкілеттігін ұстатады. Доспамбет жырау осы Азаулының не сол тараптағы көшпелі тайпаның түлегі. Жыраудың: Айнала бұлақ, басы Тең, Азаулының Ыстамбұлдан несі кем. Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның, Хан ұлында несі жоқ, Би ұлынан несі кем. Тәңірінің өзі берген күнінде, Хан ұлынан артық еді менің несібем – деген жолдарында біраз деректік мәлімет бар (Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 32-б.). Ол Азаулының ағасы. Қырым тарапында қала, ұлыс, ру басшыларын “аға” деп ұлықтаған. Дос¬памбет өзін хан нәсіліне де, би нәсіліне де жатқызбайды, Аймадет қауымынан екенін мақтанышпен атайды. Аймадет – Дешті Қыпшақ пен Ноғайлыда кездеспей¬тін ру. Толғаудың “Айнала бұлақ, басы Тең” деуі бекер емес. Тең, Тан, Тана, Дөң, Дон – бәрі бір өзен. Азау теңізіне құя¬тын осы өзеннің бойында туып өскен жы¬раудың Азаулыны Ыстамбұлмен шеңдес¬тіре сөйлеуінде мән жоқ емес. Азаулы түрік патшасына бағынышты қала еді. Доспамбеттің Ыстамбұлда болуы да ғажап емес. Жыраудың “Тоғай, тоғай, тоғай су” толғауындағы: Ер Мамайдың алдында Шаһид кетсем өкінбен, – (Сонда. 34-б.) деген жолдар ойға қалдырады. Кули¬ково шайқасының қаһарманы, Алтын Орда беклербегі Ер Мамайдың дүниеден озғанына 150 жылдай болған. Бұл жолдар Ноғайлы Мамайына меңзеу болса керек. Хатқа іліккен көмескілеу бір дерек Дос¬памбет өмірінің бір кезеңі Ноғайлымен байланысты болғанын аңғартады. Меңлігерейдің көп ұлдарының бірі Фатыхгерейге теңдік тимеді. Оның ұлдары Сақыпгерей мен Сафагерей бұл тарапта бақтары жанбасын біліп, Ноғайлыға кетіп, Мамай батырды сағалады. Мамай бұл екеуін кезегімен Қазанға хан қойды, Сафагерейге қызын да берді. 1524 жылы таққа отырған Сафагерей Қырым тарапы¬нан іскер, епті, қайратты оғландарды көп¬теп тартып, іріктеп, сенетін адамдарынан жасақ құрды. Қазан бектері оларды “қы¬рымшақтар” деп атап, талай наразылық білдірді. Ақыры 1531 жылы Сафагерейді “қырымшақтармен” бірге Қазаннан қуып шықты. Сафагерей қайын атасы Мамайды қайта сағалады. 1535 жылы Сафагерей Қазан тағына қайта отырды. Шамалауымызша: Сафагерей төңіре¬гіне жиналған “қырымшақтар” арасында Доспамбет те болған сияқты. Оның Ма¬май¬ға арнау сөздері осы кезде айтылды деп ойлаймыз. Бізге жеткен ұзақ толғау¬дың жұқанасы ғана. 1552 жылы орыс Қазанды алғанда жергілікті бектер ханның әйелі Сүйімбике мен Сафагерейдің шашбауын көтерген “қырымшақтарды” ұстап берді. Сафаге¬рейдің жеке жасағында болған Доспамбет тұтқын боп Мәскеуге айдалады, кейін түр¬меден босап шыққанмен, елге қайтуы¬на тыйым салынады. Мұса балаларының бірі Досмұхаммед (Досым) Ноғайлының елшілік істерін басқарып, Мәскеуде тұрды. Оның ұлдары боярлық дәрежеге көтерілген-ді. Орысқа қолға түскен Ноғайлының батыр-бағландары соның төңірегінде күн өткізіп, жан созып жүрді. 1560 жылғы 15-ші қазанмен таңбалан¬ған хатында Ысмайыл би Иван ІV-тен Досмағамбетті босатып, елге жіберуді сұраған (История Казахстана в русских источниках ХVІ – ХХ веков. Алматы, 2005. Том І, құж. №73. 125-б.). Осындағы Досмағамбет – Доспамбет болса керек. Бұл кезде Қырым ханы Дәулетгерей-ді. Ол Ысмайылға елші жіберіп, қарым-қатынасты жақсартқан-ды. Бұл Ысмайыл¬дың ақ патшаға сөзі өтіп тұрған кезі еді. Соның ара түсуімен Доспамбетті қайтарып, Қырымға өткізген сыңайлы. Кейінгі жылдары жырауды Қырым ханы Дәулетгерейдің тапсырмаларын орын¬даушы ретінде көреміз. Азаулы – Қырымның емес, Осман империясының құзырындағы аймақтық қала. Доспамбеттің Азаулыға аға болуы осын¬дағы түрік серәскеріне (наместни¬гіне) сіңірген ерекше еңбегіне тікелей қа¬тыс¬ты болса керек. Доспамбет тұтқыннан оралған¬нан кейін көп ұзамай, 1569 жылы, түріктің Астраханға жорығы басталды. Әлбетте, бұл “жау кеткен соң, қылышың¬ды тасқа шаптың” керіне ұқсас, уақыты¬нан кешеулеп қолға алынған әрекет еді. Орыс Еділдің ұзына бойын, Қазан мен Әзітарханды алып, жаңа өлкеге орнығып қалған-ды. Жорық Сүлей¬мен патшаның ұлы Селімнің басшы¬лығымен жүргізілді дегенмен атқарушы Кафаның санжақбиі Қасым еді. Ол 15 мың сыпай, 2 мың яны¬чармен Кафадан кеп түсіп, Дәулет¬герейдің 50 мың атты ләшкерін ілестіріп, 31 мамырда Әзітарханға жол шықты. Түрік ләшкері Танды бойлап кемелерімен жылжыды да, хан ләшкері Танның екі жағалауының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Осы ауыр қол 15 тамызда Танның Еділге таяп келіп, бұрылатын таусылысы – Переволокиге жетті. Бұл өңірде бұрын-соңды естіп көрмеген күлкілі тірлік басталды. Жер қазып, Еділ мен Танды қо¬самыз деп босқа әлектенді. Одан ештеңе өнбеген соң, кемелерді қара жермен сүй¬реуге кірісті. Өстіп, орта жолда мимырт¬тап жатқандарында, орыстар Нижний Нов¬город¬тан ләшкер шығарып үлгерді. Кемелерді қара жермен сүйреп, құ¬мырсқа тірлікке бой алдырған жорық¬шыларға Астраханнан елшілік тапсыр¬ма¬мен келген адамдар: “Кеме сүйреп әбігер бол¬маң¬дар. Кеме өзімізде де жеткілікті, қала¬ған¬дарыңша алыңдар. Ресейге кіріптар¬лық¬тан құтқарсаңдар болғаны”, дейді. Қасым би ауыр зеңбіректерді кері қайтарып, өздері бірі аттылы, бірі жаяу Астраханға жетеді. Н.М. Карамзин “түріктер Астрахан іргесін¬дегі хазарлардан қалған ескі қалаға кеп аялдады”, деп көрсетеді (Н.М. Карамзин… Том ІХ. Гл. ІІ. 74-76.-б.б.). 12 жеңіл зеңбірекпен ғана келеді. Ескі қала байырғы Әзітарханды қалпына келтірген соң ләшкерді осында қалдырып, Қасым би мен ханның Қы¬рымға барып қыстайтыны белгілі бол¬ғанда, ләшкер бүлік шығарды. Оларды ты¬ныштандыра алмаған жорық жетекші¬лері 26 қыркүйекте өздері қолмен тұрғыз¬ған қаланы өртеп, жаяу-жалпылап Қы¬рымға шегінді. Осынау сәтсіз жорықтың қатарында Доспамбет те болып, жігер, қайратымен көзге түссе керек. Оның Азаулыға аға болуы осы уақиғадан кейін. Қырым хандығы мен Ресей арасын¬дағы елшілік қарым-қатынас ақпарларын¬да Доспамбеттің әлеуметтік орны мен іс-қарекеттерін куәландыратын үш құжат сақталған. Біріншісі – орыс елшісі Иван Судаковтың 1585 жылдың 2 маусымымен таңбаланған ақпары: “Қаңтардың 22-ші күні (1585ж. – Ә.С)… Патша Азаулы ағасы Доспамбетті ханзадалар туралы хабар біліп қайтуға Донға жұмсады. Бұл істі тындыруға 20 күн мұрсат берді. Тілмаш алмады… ”. “Ақпанның 18-ші күні ханзадалар туралы хабар білуге Донға жіберілген Азау¬лы ағасы Доспамбет келді. Донның Переволоки деген жерінен тұтқындаған үш казакты өзімен бірге ала келді… Саадат¬герей ханзада інісімен Донда болып, Ноғай¬ға, Еділдің арғы бетіндегі Орыс биге кеткен. Бірақ Орыс биге жеткізбей жолда ноғайлы адамдары талқандап жіберген. Сонымен екі ханзада Ноғайға, ал үшіншісі Мұратгерей Ас¬траханға қашқан…” (История Казахстана в русских источника ХVІ – ХХ веков. А-ты, 2005. Том. І. Құж. №119. 181-б.). Бұл кезде Қырым ханы Исламгерей (1584-1588) еді. Ал онымен таққа таласып жүр¬ген ханзадалар Исламгерейдің туған ағасы, бұрынғы хан Мұхаммедгерей ІІ-нің (1577-1584) балалары еді. Бұл хабардан Дос¬пам¬беттің талас-тартысты іске арала¬сып, аса жауапты мемлекеттік іс атқарып жүр¬генін аңдаймыз. Ақпар мәтініндегі “тілмаш алмады” деген сөзге де мән бер¬гені¬¬міз жөн. Дондағы казактардан ежгей-тегжей мәлімет алу үшін орыс тілін білу керек-ті. Он жыл¬дай Мәскеу тұтқынында болған Доспамбет орыс тілін жақсы білген шамасы. 1588 жылдың 25-ші шілдесімен таңбаланған құжатта: “Доспамбет ата Азовтан шығып, Мәскеу князьдігінің шет аймақтарын шабуға аттанды. Жанында 3000 азов және ноғайлы жасағы бар. Ол тіл алып, шет аймақтарда күтініп тұрған Мәскеу жасақтары бар-жоғы туралы ханзадаларға хабар беруге тиісті” (Сонда, құж. №125. 185-б.). Мәскеу князьдігінің шет аймақтарын шабуға түйініп отырған хан балалары Алыпгерей мен Саламатгерей Доспамбетті шекаралық аймақтарды барлап қайтуға жіберген. Доспамбет “тіл алып”, күзет барын хабарлаған соң, ханзадалар жорық¬тан бас тартқан. 1589 жылдың 11 тамызымен таң¬баланған құжатта: “Сафагерей ханзада барлық адамын кері қайы¬рып, Бахшасарайға Қазыгерей патша келді. Ол өзімен бірге Бақша¬сарайдағы Қазы¬герей патшаға Ақкермен ағасы Бақай¬ды, Азау ағасы Доспамбетті және Қошқар аға, Шапқа ағаларды орыс межелеріне ша¬буыл жасамасын деп жа¬сақ¬¬тарымен бірге ілес¬¬тіре келді” (Сонда, құжат. №126. 188-б.). Мәскеумен қарым-қатынас жанданған соң, екі ара шиеленісті болғызбау үшін ханзада Сафагерей жорыққа шыққан ел ағаларын беттерінен қайырып, патшаға алып келген. 1591 жылы Қырым ханы Қазыгерей Ресейдің шведтермен ұзақ соғысқа мал¬тыққанын біліп, Мәскеуге жорық жасады. Шілденің 3-інде ол Окадан өтіп, Мәскеу ір¬гесіне жетіп келді. Коломно шоқысы¬ның биігінен Мәскеу қорғанысшыларын бір шолып алды да, соғысқа енді. Кремль және қала төңірегіндегі жаңадан бой көтерген қамалдардан зеңбіректер бұрқ-бұрқ оқ атты. Зеңбірек оғынан жасқанып, бөлініп-бөлініп кеткен Қырым ләшкері жауға араласып үлгеріп, қылышпен жамсатуға кірісіті. Бұл кезде орыстар түгелдей шамқалға көшіп үлгерген-ді. Екі жақ жеңісе алмай, түнемеге тарқасады. Ертеңіне орыстың төңіректегі тың күштері жетіп үлгергендіктен Қазыгерей шегінуге мәжбүр болады. “Осы шайқаста көптеген татар өліп, көпшілігі жараланды: ханзада Бақтыгерей, бірнеше аты белгілі би мен мырзалар жараланды”, деп көрсетеді Н.М. Карамзин (Сонда, Том Х. Гл. 11. 80-б.). Осы шайқас туралы айтқанда жаралылар көбірек ауызға алынады. Шамасы жетіле қоймаған шамқалдардың адам өлтіруден гөрі жарақаттауы көбірек болған сияқты. Доспамбет жырында жоғарыда айтыл¬ған жайларға өте ұқсас жолдар кезігетіні таңғалдырмай қоймайды: Сақ етер тиді саныма, Сақсарым толды қаныма, Жара бір қатты, жан тәтті Жара аузына қан қатты. Жарықшылар жоқ па екен, Жармай білте саларға, Жағдайсыз жаман қалып барамын Жанымда бір туғанның жоғынан. (Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 32-33-б.б.). Озушылар озмаңыз, Озсаңыз бізім бетке бармаңыз. Бізім бетке барсаңыз, Есақай, Қосай екі ұл Алдыңызға жыр құшақлай, Жылап шықса не айтарсыз? Оларға айтарыңыз сол болсын, Жәмішіден қос айтып, Жараға мамық тастатып, Келе жатар дегейсіз. Ол айтқанға тимесе, Бұрынғылар түскен сүре жол, Бұрылып соған түсті дегейсіз (Сонда, 34-б.). Жаралы Доспамбетті арба үстіне жібек шатыр тіккізіп, бір топ жолдастарының алып қайтқан суреті қаз-қалпында көрініс табады. Атақты жыраудың жолда өлгені, үйіне жетіп өлгені белгісіз. Әйтеуір осы сапар шаһид кеткені анық. Қырым жасақтарының жаралыларын сүйрелеп, кері шегінгені 1591 жылдың тамыз-қыркүйек айлары. Доспамбет толғауында деректілік мәні бар: Алғаным Әли ағаның қызы еді, Қас арудың өзі еді, – деген жолдар кезігеді. Мұндағы Әли Мансұр ұрпағынан шыққан Әли бек. Жыраудың Азаулыға аға болуына Қырым тарихында аттары белгілі ағалы-інілі Азамат, Әли бектердің – қайын жұртының септігі тисе керек. Доспамбет жырларында үш жерде өз кіндігінен болған ұлдарының аты аталады: Білмеймін мен жаман күн Болатсыз қылыш кесерін, Айналасы алты жылдың ішінде Есақай, Қосай екі ұл Азау билеп өсерін. (Сонда. 32-б.). Қосақай, Қосай, ер Досайдың анасы Хан қызындай сұлтанның… (Сонда, 33-б.) Есақай, Қосай екі ұл Алдыңызға жыр құшақлай, Жылап шықса не айтарсыз? (Сонда, 34-б.). Ауызша айтылып, көп жылдардан кейін хатқа түскен жырда ауытқушылық болмай тұрмайды. Үнемі “екі ұл” дей келіп, бір жерде үш ұлдың, ал ұзын ырғасы төрт ұлдың аты аталады: Есақай, Қосақай, Қосай, Досай. Доспамбеттің өзі “екі ұл” деп анық көрсеткен. Дұрысы сол болса керек: Есақай мен Қосақай. Бұлай деп тұжырымдауымызға кейінгі кездің қосалқы деректері мұрындық болды. Алаш зиялыларының көзін көрген, мұра¬ғат¬тарды талмай ақтарған қарт қалам¬гер Ғалым Ахмедов ақсақал Доспамбет ұрпақ¬тары туралы құнды дерек қалдырды. Ол мұрағат¬тан 1862 жылы 10 маусымында “қашқын татар” Қазақай үстінен жазылған арызды Орта орданың сұлтаны Мұхаммеджан Баймұхамедовтің 1863 жылы 25-ші наурыз¬да тексерген мәліметтерінде ұшырастырады (Ғ.Ахмедов. Алаш Алаш бо묬ған¬да. Алматы, 1996. 165-169-б.б.). Сөйт¬се, Қазақайдың Нұралы заманында Қобан¬нан ауып келгені рас екен. Қазір қазаққа сіңісіп, қалыптасқан тәртіпті бұзбай, 21 шаңырақ болып тұрып жат¬қанын хабар¬лайды тәптіш жүргізуші. Ғалым ақсақал ел арасындағы кәрі көз, көне құлақтардан сұрап білсе, олар бұл әулеттің шежіресін сайрап береді. Қазақай, Исақай деген екі ноғай қашып келіп, қазақ арасында молда боп, тұрып қалғанда, Иса¬қай еліне кері қайтады. Екіншісі Шалқар өңірінде аты құрметке бөленіп, “Қазақай ахун” атанады. Ғалым ақсақал осы Есақай мен Қазақайды Доспамбет жыраудың ұлдары Есақай, Қосақай деп біледі. Көңілге қонымды уәжге ұйымасқа лаж жоқ. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Теке (Орал) қаласында Мырзалы дегеннің үйінде кердері Әубәкір мен адай Нұрым ақын айтысады. Сөзді Нұрым бастайды: Мен келдім Мырзалының ордасына, Жолықтым қасындағы молдасына. Әркімдер жүйрік жігіт дегеннен соң Көңілім тоқтамады бармасыма. Жолықпай бұл қазағым жүрген шығар Кесетін қорғасынды алмасына. Қазақай арғы атам ақын болып, Ол дағы ерген екен хан қасына..! 1972 жылы Қазанда “Қазақтың той- бастары” деген кітап басылып шығады. Сондағы Сабыр ақынның бір жол шумағында: Қазақайдың тұқымы, Ақын Нұрым баласы, Сабыржан жырау аталған, – делінеді. Сөйтіп, қазақ әдебиеті тарихы үшін аса мыңызды дерек алдымыздан шығады. “Қырымның қырық батырының” ең сұң-ғы¬ла жырлаушысы Нұрым ақын болғаны баршаға аян. Қашаған мен Мұрын “Қы¬рық батырды” Нұрымнан үйренгендерін айтқан. Ал Нұрым болса, атасы Қазақайдан алған болады да, әйгілі эпосты жеткізушілер қатары Қазақай есімді жаңа жыраумен толығады. Нұрым Шыршы¬құлы¬ның адай¬дың Қосай арысының Сүйіндік тақтасына жататыны белгілі. Қазіргі шежірелік түзілімде Сүйіндіктен тарайтын үш атаның бірі Доспамбет. Доспамбеттің өзі бар да, тарихи деректер негізінде шаң-тозаңнан енді арылтып отырған тікелей ұрпақтары¬ның аты жоқ. Қиыр жайлап, шет қонған Доспамбет ұлдары Есақай, Қосақай ат¬тарын адай шежірешілері жадынан түсіріп алған. Нұрым Шыршықұлының Сүйіндік тақтасының өкілі екендігін білгенмен, арғы жағы анық болмағандықтан оған да Сүйін¬дік кестесінен орын табылмапты. Доспам¬бет жыраудың тікелей ұрпақтары деп біз атаған Есақай, Қосақай – Шыр¬шық ¬– Нұрым – Сабыр желісінде талай аталардың есімі түсіп қалғаны даусыз. Ит арқасы қиян ауып, көшіп-қонған жұрттың ойында із-түзсіз өшіп кететіндер аз бол¬май¬ды. Доспамбет жырында Қосай аты қабаттаса қоса айтылатыны бар. Ол Доспамбеттің ұлының аты емес, Қосақай қазаққа кеп сіңіскенде қабылдаған руының аты. Қосақай тұра-келе Қазақай атанған. “Қырымның қырық батырының” көпте¬ген нұсқалары қазақ арасына осы Қазақай ар¬қылы жеткен. Қазақай оларды әкесі Дос¬пам¬бет жыраудан үйренген. Демек, “Қырым¬ның қырық батырының” алғаш¬қы нұсқаларын әрі шығарушы, әрі елге тара¬тып жырлаушы Доспамбет жырау болған. 1588 жылдың 25-ші шілдесімен таң¬баланған құжатта Доспамбетті “Доспамбет ата” деп хаттаған. Демек, ол сол кезде 60 пен 70 арасындағы ақсақал жастағы адам болған. Жыраудың 1591 жылғы Мәскеуге сәтсіз жорықта қатты жараланып, Азауға жете алмай жолда өлген сыңайы бар. Осы деректерді саралай келгенде Доспамбет 1520-1591 жылдар аралығында өмір сүрген боп шығады


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий