Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870 – 1937)



Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870 – 1937) – көрнекті қоғам қайраткері және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері – бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы.Ата тегі – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан – осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі – Нұрмұхамед.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған училище басшылары оның оқуын әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал-губернатор кеңесінің ұсыныс-хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санк-Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
Оқуын бітіріп, Омбыға оралғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес-тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың прогресшіл бағыттағы зиялыларымен, жер аударылғандармен тез тіл табысып, тығыз қарым-қатынаста болады, қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуна, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.
ХХ ғаырдың басында қазақ даласының екі ағымының болдғаны белгілі. Бірі – Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі – негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім-тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойындағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың кезінде – ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп бақылауда жүрген Алихан да тыс қалған жоқ, алдымен Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий