Ақылбай Абайұлы



Ақылбай Ділдәдан туған Абайдың тұңғыш баласы. Бірақ ол Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғанымның қолында өседі. Он жасқа шыққан кезінде Ақылбайды Ғабитхан деген татар молдаға оқуға береді, онда 4 — 5 жыл оқу оқиды.Ақылбай талантты домбырашы болады, өлең айтуды, шығаруды машық етеді. Оның жастық, махаббат тақырыбына жазған көптеген өлеңдері болған.

1895 жылы Әбдірахман өліміне жазған жоқтау өлеңі, кейін 1904 жылы інісі Мағауияның қайтыс болуына шығарған жоқтауы да сақталған. Бірақ, негізінде Ақылбайды талантты ақын етіп танытқан оның белгілі поэмалары: «Дағыстан» (Кәрі Жүсіп), «Зұлұс», «Жаррах батыр». Бұл шығармалардың ішінен бізге толық жеткені тек «Дағыстан» ғана, «Зұлұс» поэмасының басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен.
Ақылбайға, сөз жоқ, Абайдың әсері тікелей болған, сол себепті жас ақын жаңа үлгіде романтикалық поэмалар жазуға ұмтылып, біраз еңбек еткен. Төңірегіндегі жас таланттарға ұлы Абай үнемі қамқорлық жасап, ақыл айтып отырған, кей сәтте оларға тақырыптар да ұсынған.
Ақылбай 1904 жылы Семей қаласында қайтыс болады, оның бейіті Семей облысы Абай ауданы, өз қыстауы Тышқан бұлағының басында.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий