Ақтанберді Жырау



1675 жылы Оңтүстік Қазақстан өңірінде, Қаратау бойында дүниеге келеді. Әкесі Сары ауқатты кісі болған. Болашақ жырау жамағайын туысы Бердіке деген батырдың қолында өседі. Ақындық талантын тым ерте, 10-11 жасында танытқан ол 17 жасынан бастап қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арадағы соғыстарына қатынасады. Өзінің жанкешті ерлігімен, ақыл-айласымен көпке танылады. Талай рет өлім аузынан қалады. Бірде, тіпті, жортуылда жау қолына түсіп, өлім жазасы орындалар қарсаңда ғана қашып құтылады.

1723 жылы қазақтар ойраттардан ойсырай жеңіліп, бүкіл оңтүстік және шығыс аймақтан айрылған шақта, Ақтанберді атақты батыр, Орта жүздің рубасы ақсақалдарының бірі еді. Батыр жырау өзінің белсенді ісімен де, жалынды жырымен де жоңғарға қарсы күресті ұйымдастырушылардың бел ортасында болады, қазақ жасағының алдыңғы сапында шайқасады. Жоңғар мемлекеті біржола талқандалып, жаудан босаған шығыс бетке қайта қоныстану кезінде қазақ руларын атамекенге біржола орнықтыру ісінде зор қызмет атқарады. Тоқсан үш жасында қайтыс болады. Жыраудың қайта тұрғызылған күмбезі қазір Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Жүрекжота деген төбенің басында тұр.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий