Асқар Алтайдың прозасындағы фантастикалық антропология



Қазақ әдебиетінде М.Қабанбайдың аяқталмай қалған шығармасы «Кентавр», А.Кемелбаеваның «Қоңыр қаз» әңгімесін қазіргі қазақ прозасындағы фантастикалық антропологияның үлгісін көрсететін туындылар деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі жас прозайктердің шығармаларындағы тың тұрғыдан түлеген мифологиялық образдардың бірі Кентавр образы. Асқар Алтайдың «Кентавр» атты әңгімесіндегі көркем антропологиялық ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, атап айтарымыз құлын сәбидің дүниеге келуін шығармасына арқау еткен. Фантастикалық антропологияға жататын шағын әңгіменің ауқымына автор экологиялық, ата-аналық жауапкершілік, өмірге құштарлық т.б. бірнеше проблеманы сыйдыра білген. Әңгіменің аты − «Кентавр», яғни жартылай адам, жартылай құлын пішінді адам турасында әлемдік әдеби процесте шығармалар аз емес.
«…Особо яркое впечатление производят в искусстве существа химерические, сочетающие в себе элементы тела человеческого с частями тела животных, насекомых и каких-то фантастических существ. Такие существа часто являются в фантастических романах, в произведениях экзистенциалистов, сюрреалистов.» [1. 49б ].
Асқар Алтайдың «Кентавры» құлын сәбидің өмірге келуімен басталады. «…Құлын сәбиі болса былдыр- былдыр сөйлеп, жарық дүниеге келгеніне жарым жыл өтпей, күші судай тасып еді….Жылқы тұрпатты, адам тұлғалы нәресте де тез ширады. Ол жануардай жылдам аяқтанды. Ертегідей ерте тілі шығып, ерте ес кірді. Әкесі бөтенсімей бауырына басып, анасы жерінбей жанына алған, көкесі жатсынбай иығына шығарған. Жұрт көзінен жырақта — кәрі таудың қуысында, үш бірдей пенденің уысында өсіп келе жатқан. Еркін еді, ерікті еді.» деп жазушының кентавры құлындай ойнақтап, сәби күлкісімен сықылықтап, қозы-лақ қуалап асыр салады. Құлын таймен тебісіп, тау самалымен жарыса шапқыласып еркін өседі. Су тасып, отын жарып, ошақтың отын жағады. Автор кейіпкері ертегідегідей тез өсіп жетілуімен ерекшеленсе де, мифологиядағыдай түр тұрпаты шығармаға ерекше реңк үстемелейді. Себебі жазушының ұсынып отырған туындысы: Ертегі + миф + әңгіме = фантастикалық антропологияның белгілерімен тұтас қабысып жатыр.
Не адам емес, не жылқы емес адамзат дегенде ата-анасымен, көкесі ет жақын бауыр болып, қалған адам, ел-жұрт атаулыдан қашып, жатсынып жырақта өмір сүрген құнан-жігіттің жалғызсырап өмірі өтіп жатты. Өз ортасынан өздері баласы үшін жерініп, әуелгіде «іштен шыққан шұбар жылан »деп, кейін Тәңірдің бергені деп бауырына басып, айланып толғанып өмірлерінің мәнін құлын балаға тіреген ата ананың жалғыздығы құлын сәбилерінің жалғыздығының қасында түк емес еді. Шындығына келгенде, құлын бала жалғыздықты, жатсынуды түсініп те байқап та үлгірмеді, тек ол өзіне «адамдарға жолама, аулақ жүр» деген тыйымды түсінгісі келседе түсіне алмады және түсінгісі келмеді.
Қорыта келгенде ғалым Б.Майтановтың: «Ал жалпы мифоэтикалық ойлау жүйесімен қазіргі экосоциологиялық проблемаларды бейнелі, астарлы түрде ұшырастыру Асқар Алтайдың «Кентавр» әңгімесіндегі негізгі идеологеманы құрайды. Мәтін жүйесі бойынша дәстүрлі қалыптағы стиль басым туындыда ақырзамандық (апокалипсис) тұжырымдама әдемі қиял мен жаймашуақ әуен аралас әрі кереғар кейіпте бейнеленеді. Символ мен әсіреленген шындық бір тұрғыда пайымдауға келмейтін дүние кескіні жайлы әртарап ойларға ашық орын қалдырады» [2. 509 б] деген пікір құндылығымен көңіл аудартады.
Әдебиеттер:
1. Савельева В.В Художественная антропология. Тело человека и поэтика телесности с.254 Алматы г. 1999.
2. Майтанов Б.Қ. Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер. – Алматы. Жібек жолы. 2009. 544 бет.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий