Абай мен Мұқағали поэзиясындағы үндестік



Қазіргі қазақ поэзиясында Абай дәстүрімен жазбаған, Абай поэзиясынан нәр алмаған ақын кемде кем.
Бүгінде ғасыр ақыны атанған Мұқағалидың да жырлары Абай дәстүрімен сабақтас. Абай өсиетін, ойын, Абай армандарын қазіргі қазақ поэзиясындағы жыр-шумақтарынан кездестіреміз. Алайда, бұл кезең ақындары ұлы Абай дәстүрін әрі қарай жалғастыра отырып, жаңаша, тың, соны соқпақпен түрен салды. Өз өрнегімен жыр жазды. Сондай ақындардың бірі М.Мақатаев:
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден [1, 118 б.]
деп Абай дәстүрін әрі қарай жалғастырды. Поэзия әлемінде өз сара жолын салды.
Екі ғасырда өмір сүрген екі ақын да өз жырларын айтар ойын, идеясын өз жүректерінен өткізіп, терең тебіреніспен жазды. Ұлы Абайдың әйгілі «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңіндегі осы тармақты Мұқағали өз өлеңінің өнбойына арқау ете отырып, ары қарай өз идеясын өлең жолдарына түсіреді.
Жазсам, жазам жырды мен жасырмаймын,
Жаралы жүректерді емдеу үшін [1, 118 б.]
деп жырлайды.
Ұлы Абайдың айтар ойы көңіл көзі ашық сергек жастарға ақыл-кеңес беру болса, Мұқағали тіптен басқаша сара жолмен адамдардың қуанышын, шаттығын, мұң-наласын толғай отырып, солардың «Жаралы жүректерді емдеу үшін» жырлаймын дейді. Өлең жолына Абайдың:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін [2, 29 б.]
деген тармақтарын Мұқағали өз өрнегімен:
«Ермек үшін немесе өлмеу үшін» деп өлең жырлаудағы негізгі ойы ермек емес екенін ашып айтады да, Абайдың өлең жолындағы өрнегін Мұқағали:
Ермек үшін белгілі жырламасым,
Ермек десе ел мейлі тыңдамасын [1, 118 б.]
деп өзінше ақындық ой түйеді.
Бұл өлең жолдарынан Абай мектебінен дәріс алып, Абайша жазуға талпынған, заман бейнесін Абайша жыр жолдарында өрбітуге тырысқан ақын бейнесін көреміз. Өлең жолдарынан екі ақынның да өзіндік жолы екі басқа екенін аңғарамыз. Мұқағали Абайдың ұлылығын мойындап, оның дәстүрін әрі қарай «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп жалғастырып отыр. Т. Ахметжан: «Мұқағали – үлкен философ ақын. Мұқағали философиясын түсіну үшін Абай философиясын бойымызға сіңіре білуіміз керек. Мұқағалидың философиялық ой бастауы Абайдан арна тартады» [3] деп айтады.
Абай жырларының басым бөлігі сол замандағы әлеуметтік ортаның жағдайын, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Әлділердің әлсізге жасаған озбырлығы, байдың кедей күшін өз пайдасына жұмсауы, басынуы – Абай жанын ауыртқан күрделі проблема міне, осылар.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Мақатаев М.Өлеңдер. Алматы. Жазушы. 1982.
2. Құнанбаев А. өлеңдер. Алматы. Жазушы. 1992.
3. Т. Ахметжан. Қазақ поэзиясы. Алматы. Жалын. 1985.


Бөлім: Қазақ әдебиеті

Добавить комментарий