ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЗАҢДЫЛЫҚ ҚАҒИДАСЫНЫҢ МАЗМҰНЫН АНЫҚТАУДАҒЫ ҚҰҚЫҚШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ РОЛІ



Қоғамдағы қылмыстылықтың алдын алу қай уақытта болсын өзекті мәселелердің қатарында. Осы уақытқа дейін әлемдегі ешбір мемлекет «қылмыссыз қоғам» атауына ие бола алмай отыр, себебі ондай қоғамды құрудың мүмкін еместігі мен адамдар арасында қоғамдық қатынастар бар жерде қылмыстың болмай қоймайтындығына уақыт өте келе көз жеткізіп отырмыз. Ал осындай қылмыстық-құқықтық қатынастар туындаған жағдайларда олар қылмыстық заңмен реттеледі.
Қылмыстық заңдар кез келген елде мемлекеттің заң шығарушы органымен қабылданады. Еліміздің Конституциясының 1-бабында баянды етілген «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деген нормасын іске асыруда 1997 жылы қабылданып, 1998 жылы заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі ғалымдар мен заң шығарушылардың ондаған жылдар бойғы еңбегінің елеулі жемісі екені дау туындатпайды.
Әрбір заңды қабылдағанда заң шығарушыға үлкен жауапкершілік жүктелген және олар оның салмағын сезіне отырып, қабылдайтын заңнамасы негізінде қылмыс жасаған адамның жағдайының болашақта қандай болатынын шешуге әрекет етеді, өзінің әділ бағалауымен құқықтық қатынастардың заңдық негіздерін бекітеді және осы жолда заң шығарушыға қойылатын басты талап – практикалық қателіктер жасамауы тиіс. Яғни қылмыстық заңдар рұқсат етілген мен тыйым салынған мінез-құлықтың шегін қылмыс түрлері мен құрамдарын қылмыстық заңдарда нақты бекіту арқылы адамдарға белгілі бір іс-әрекет жасау талабын қоя отырып, қылмыстық-құқықтық қатынас аясына түсетін субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерін таптамай, шынайы түрде анықтап, заң жүзінде бекітуді талап етіледі. Бұл жөнінде В.Н. Кудрявцев былай дейді: «қоғамға қауіпті іс-әрекеттер істеуге тыйым салатын қылмыстық құқықтың нормалары ең алдымен азаматтардың көпшілігімен ерікті түрде сақтау жолымен жүзеге асырылады. Шындығында, мұнда қылмыстық заңның талаптарын сақтаған азаматтарға санкция қолданылмайтындықтан, тыйым салатын нұсқаулары ғана орындалады» [1, 12б.].
Қылмыстық заңдарды қабылдау арқылы заң шығарушы бір жағынан қоғамдық-әлеуметтік бақылауды да орнатады, қылмыс істеуден азаматтардың басым бөлігінің бас тартуы үшін мүмкіндік жасайды, қандай қылмыстардың артып, қай түрлерінің азайып отыратынын анықтау үшін бақылау орната алады.
Олай болса, өзімізге белгілі, қылмыс болып заң шығарушы арнайы тәртіппен бекіткен қылмыстық заңнамамен көзделген іс-әрекет қана танылады. Бұл заңдылық қағидасын білдіре отырып, келесі мазмұндағы ережелерді бекітеді:
а) іс-әрекеттің қылмыстылығы, жазаланушылығы мен оның қылмыстық- құқықтық салдары тек қана қылмыстық заңмен анықталады;
б) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адам заңмен белгіленген құқықтар мен міндеттерді иеленеді;
в) қылмыстық заңның мәтінін тек қана оның мәтінімен сәйкес түсіну керек, кеңейтілген түсіндіру пәніне қылмыстық заңның мәтіні жатпайды.
Бұл заңдылық қағидасының мазмұнына қарағанда, кез келген күшіндегі заң талаптарын сақтау міндетті болып есептеледі. Себебі, бұл заңмен қандай іс-әрекеттің қылмыс екендігі мен қылмыс жасаған адамға қолданылатын жаза түрі мен негіздері белгінеді, басқа заңдарда бекітілген ережелер мен тыйымдар адамға қылмыс жасады деп айып тағуға жол бермейді. Тек қана заңды түрде күшіне еніп қолданыстағы құқық санатына енген қылмыстық заңнама бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды, осындай заң талаптары ғана сақталуы шарт.
Аталған міндет екінші жағынан алғанда ескірген, сапасыз заңның сақталуын да білдіруі мүмкін. Бұл жөнінде «Әлеуметтік күтілімдер шығарылатын әділетті заңдарға емес, биліктің жедел, кейде асығыс қабылдаған, нормативтік-құқықтық нысанға ие болмаған өкімдеріне сүйенеді»-деп келтіреді [2, 9 б.]. Сөйтіп заң шығарушылар нақты тәртіп пен әкімшілік қызметкерлер дайындап ұсынатын нақты заң жобасын мақұлдап, оның жазылған құқық болып кетуі де жоққа шығарылмайды. Мұндай норма ресми түрде күшінде болғанмен, іс жүзіне келгенде қатынастарды реттеуде туындаған мәселелерді шеше алмайды. Ал заң нақты оқиғаны ресми тануды не ресми тұрғыда реттеуді көрсетеді.
Осыдан барып қоғамға қауіпті әрекеттерді қылмыс деп тану, не танымау, жазаланатын іс-әрекеттердің құрамын белгілеу, құрастыру, қылмыс деп танылмаған іс-әрекетті жаңа заң бойынша қылмыс деп тану, соның ішінде қылмыс құрамының ауырлатылған және жеңілдетететін белгілерін анықтау заң шығарушының «еркіне байланысты», оның бағалауына берілген мәселе екендігі шығады.
Ал кез келген заңның кейбір нормаларына қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму бағытының өзгеруіне байланысты уақыт өткен сайын ескіріп, қатынастарды реттеуге қабілетсіздік таныту жағдайлары немесе заңға практика мен ғылыми қызметкерлер тарапынан құқыққолдану барысында сыни көзқарастардың айтылу жағдайлары кездеседі.
Сол себепті заң шығару қызметін әрі қарай жетілдіру процесі үздіксіз, үнемі жалғасатын процесс деуге болады, әйтпесе қолданыстағы заңнама қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тенденцияларының шындығына сай келмей не жауап бере алмай қалуы мүмкін. Оны жоюдың бірден бір амалы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отыру жолы. Бұл жол арқылы заң шығарушы сондай-ақ, бұрынғы жіберген қателіктерін жөндеуі немесе оларды түзетуге талпыныс жасауы және т.б. мүмкін. Алайда заң шығарушы қашан заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенге, не жаңа заң қабылдағанға дейін, заңның ережелері қоғам талаптарына қайшы келгеніне, уақыт талабына сай келмегеніне қарамастан, қылмыс жасалған уақытта күшінде болған заң негізінде қылмыс істеген адам жауаптылыққа тартыла береді.
Заң шығарушы ресми бекіткен заңдылық қағидасының мазмұнына қайшы нормалар қылмыстық құқықтағы маңызды институттардың да дұрыс анықталмауына әкелуі мүмкін. Бұл жөнінде «Қылмыстық кодексте белгіленген қылмыс жасау уақытын анықтау мен заңда белгіленген аяқталған қылмыстар ұғымында қайшылық бар. Қылмыс құрамы тек аяқталған қылмыстарда емес, аяқталмаған қылмыстарда да болуы міндетті» деп [3, 12 б.] көрсеткен. Автор заң шығарушының ҚР ҚК 25-бабында бекіткен аяқталған қылмыстардың анықтамасымен (егер адамның жасаған іс әрекетінде қылмыстық заңмен көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері болса, қылмыс аяқталған деп танылады) келіспейтінін, қылмыстық заңды аяқталмаған қылмыс сатысында да қолдануға тура келетінін көрсеткен. Әйтпесе қылмысқа дайындалу не оқталу сатысында адамның істеген әрекеті үшін қылмыстық заңмен жауаптылық қарастыру мен жазаға тартудың негізділігі дау тудырады. Қылмыс сатыларының бірінде қылмыс жасаған адам өзінің қылмыстық ойын еркінен тыс мән-жайларға байланысты ақырына дейін жеткізе алмаса да оның қоғамға қауіпті әрекетінде қылмыс құрамы бар деп танылып, Қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлігі бойынша «қылмысқа дайындалу» немесе осы баптың 3-бөлігі бойынша «оқталу» үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Себебі, қылмыс жасау уақыты дегеніміз қылмыстық құқықта қылмыс жасалуы мүмкін белгілі бір уақыттық кезең болып есептеледі. Ал адамның қылмыстық ойын іске асыруына оның санасынан тыс әр түрлі жағдайлар ықпал етпегенде қылмыс аяқталған болып саналуы әбден мүмкін еді. Сондықтан бұл жерде заң шығарушы аяқталған қылмыс ұғымын заңда бекіткенде қылмыс құрамының аяқталмаған құрамында да болатынын ескермей негізделмеген қателік жіберген және соған қарамастан кодекстің 24-бабы мен 25-бабында белгіленген ережелерін тәжірибеде қолданып келе жатырмыз.

Заң міндетті түрде орындалуы тиіс, қылмыс істеген адамға заңда белгіленген шектерде жауапкершілік жүгін көтеру міндеттеледі. Сондықтан алдын ала біле тұра орындалмайтын заң қабылдау елдің жағдайына үлкен қауіп әкеледі [4, 613 б.]. Айта кету керек, қылмыстық заңды жетілдіру мен әрі қарай дамыту процесі тарихи тәжірибе мен ғалым-заңгерлердің ғылыми тұрғыда негізделген көзқарастарына сүйене отырып жүргізілуі тиіс. Яғни қолданыстағы қылмыстық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде белгілі бір топтардың, адамдардың жеке басына қатысты мақсаттар ескерілмеуі керек.
Осындай кедергілердің алдын алу мен қылмыстылықтың алдын алуда басты құрал болып қылмыстық заң танылатындығын тағы бір дәйектеу үшін қылмыстық құқықтың қағидаларын заңнаманың мәтінінде нақты көрсету керек деген тоқтамға келеміз. Әрине, қағидаларды заңдардың мәтінінде көрсету жаңалық емес, бірақ қазақстандық заң шығарушылық тәжірибеде ҚР Қылмыстық-атқару кодексінде, ҚР ҚІЖК-де, ҚР АІЖК-де бекітіліп, қылмыстық құқықтан басқа құқық салаларына қатысты болып, алдыға кетіп отыр. Бұған байланысты И. И. Рогов «Жаңа Қылмыстық кодекстің негізгі ерекшеліктерінің бірі әрі оның маңызын арттыратын белгісі – республикамыздың Конституциясына негізделіп жасалған қылмыстық құқығының қағидаларын жалпы тұрғыда бекітуінде. Ал РФ-ның және кейбір ТМД елдерінің қылмыстық заңдарынан бір ерекшелігі ретінде ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыстық құқықтың қағидаларын тікелей бекітетін баптардың болмауында» деп көрсетеді [5, 9 б.]. Автор ойын қорыта келе, жаңа заңды талдау барысында қазақстандық қылмыстық заңда қағидалардың тікелей бекітілмеуінен ешқандай салдар туындамайтынын көрсеткен.
Сондай-ақ Конституцияда құқықтың негізгі қағидалары бекітіледі, оны заңда көрсетудің қажеттілігі шамалы деген көзқарас та бар. Біздіңше, әр заңның ережелерін білдіретін қағидаларды Ата Заңда көрсету міндетті емес, онда тек негізгі қағидалар баяндалады да, салалық қағидалар әрбір құқық саласының заңнамаларының өзінде тікелей келтірілуі керек. Өйткені әрбір құқық қолданушы субъекттің бір жағынан заң нормасын басқаша, өзінше түсінуін жоққа шығара алмаймыз және екінші жағынан заңдарды әр келкі түрде қолдануға да жол береді. Дегенмен, ҚР Президенті қол қойған 2002 жылы 20 қыркүйектегі Құқықтық саясат тұжырымдамасы [6] қылмыстық құқықтың қағидаларын заң жүзінде бекітудің алғашқы қадамдарын жасап, мемлекетіміздің құқықтық реформалар жүргізуінің жаңа кезеңі ретінде бағаланып, ол 2002-2010 жылдар аралығында заң шығарушылық және құқық қолдану практикасын анықтайтын, Конституцияға негізделген құқықтық жүйенің даму тенденциялары мен бағыттарын көрсететін бірден-бір құжат ролін иеленді. Құжат заңдылық, әділеттілік, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, кінәлі жауаптылық, қылмыстық жауаптылықтың сөзсіздігі, қылмыстық жазалаудағы ізгілік және үнемдеу, жәбірленушілердің, сондай-ақ мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін қорғау, жазаларды жекелендіру қағидаларын біртіндеп еліміздің қылмыстық-құқықтық жүйесіне енгізудің іргетасын қалаған. Қағидаларды заңнамада бекіткенде жүйелілік, өзара байланыстылық, өзара үйлесімділік пен қағидаларды жеке-дара бөліп қарамау талаптарын естен шығармау керек [7, 62 б.].
Осы талаптарды сақтау заңдық және фактілік қателерді болдырмауға көмектеседі және заңдылық қағидасының біз жоғарыда қарастырған мазмұнын анықтайтын ережелерінің қатарын төмендегідей ережемен толықтыруды ұсынамыз:
… г) заң шығарушының бұрынғы жіберген қателіктеріне қарамастан, кез келген күшіндегі заң нормаларының сақталуын қамтамасыз ететін қағида.

Пайдаланған әдебиеттер:
1 Кудрявцев В.Н. Теоретические основы квалификации преступлений. – М., 1963.
2 Лейстов О.Э. Три концепции права // Государство и право, №12, 1991.
3 Звечаровский И. Новый УК: проблемы применения // Законность, 1999, №1. -С.12-15.
4Теория государства и права. Курс лекции / под ред. Н.И. Матузова и А.В. Малько. -М.: Юристъ, 1999. -672с.
5 Уголовный кодекс РК — общая характеристика (в сравнении с УК Казахской ССР). Практическое пособие. -Алматы, Баспа, 1997. -224с.
6 Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы, 20 қыркүйек 2002 жыл № 949 Жарлық, Егемен Қазақстан. -03 қазан 2002ж.
7 Ляпунов Ю.И. Социалистическая законность и уголовный закон // Советское государство и право, 1989, № 2. -С.62-64


Бөлім: Құқық, Криминалистика

Добавить комментарий