Қазақстан Республикасы салық жүйесі қалыптасуы мен даму кезеңдері



2.1. Салық  жүйесіне түсінік
2.2. Қазақстанда салық жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдері
2.3. ҚР қазіргі салық жүйесі
2.1. Салық жүйесіне түсінік және салық жіктемесі
«Салық» ұғымымен «салық жүйесі» ұғымы тығыз байланысты. Мемлекетте алынатын салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем түрлерінің, оны құру мен алудың нысандары мен әдістерінің, принциптерінің, салық заңдары мен салыққа қатысты нормативті актілердің, салық қызметі органдарының жиынтығы мемлекеттің салық жүйесін құрайды.
Экономикалық жағынан салық жүйесі мемлекеттің, аймақтардың және муниципалды құрылымдардың қызметін қаржылай қамтамасыз етуге байланысты әр түрлі мемлекеттер, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы, әр түрлі салық төлеушілер арасындағы, сондай-ақ оған тікелей қатысушы заңды және жеке тұлғалар арасындағы күрделі өзара байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жиынтығын құрайды.
Салық жүйесіне қажетті негізгі талаптар мыналар:
— салық құрамы дәл анықталуы қажет. Ол үшін салық заңдылығында мемлекетте алынатын салықтардың толық тізімі мазмұндалуы керек;
— салық жүйесі салық төлеушілер үшін салықтан жалтару тиімсіз болатындай етіп жасалуы тиіс;
— салық жүйесінің қарапайымдылығы. Бұл әсіресе, салықтың дұрыс төленуі үшін бақылауды жүзеге асыруда маңызды;
— салық жүйесі салық төлеушінің өз қаражатын өндіріске салуына ықпал етуі керек.
Жалпы, салық жүйесі мемлекеттің қаржы көздерін жасақтаудың ең негізгі құралы болуымен қатар, ел экономикасын қайта құруға, өндірістің ұлғайып, дамуына және саяси-әлеуметтік шаралардың толығымен жүзеге асуына мүмкіндік туғызады.
2.2. Қазақстанда салық жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдері
1991 жылға дейін, яғни КСРО ыдырағанға дейін елде көбінесе экономиканы басқарудың әміршіл-әкімшіл жүйесіне, бағаларға қатаң мемлекеттік реттеуге сәйкес келетін салық жүйесі қызмет етті. Бюджеттің басты кіріс көздерінің бірі болған айналым салығы тіркелген бөлшек сауда және көтерме сатып алу бағаларын қолдануға және мемлекеттік реттеп отыруға бағытталған болатын. Қазақстан егемендікке ие болғаннан кейін 1991-1995 жылдары қабылданған бірқатар заңдарға сәйкес республикада жаңа салық жүйесі қалыптасты.
1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастап біздің елімізде тұңғыш салық жүйесі қызмет ете бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Бұл заң салық жүйесін құрудың принциптерін, салықтар мен алымдардың түрлерін, олардың бюджетке түсу тәртібін белгілеген алғашқы құжат еді. Осы заңға сәйкес Қазақстанда 1992 жылғы қаңтардың 1-нен бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар, 11 жалпыға міндетті жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді.
Дегенмен, өмірге келген әрбір жаңа құбылыста кездесетін ерекшеліктермен қатар кемшіліктер де бұл заңда да орын алды, яғни ҚР алғашқы салық жүйесінде бірқатар шешімін таппаған мәселелер болды. Атап айтсақ, біз салық жүйесін құрғанда елемізде жиынтықталған ғылыми және практикалық тәжірибе болған жоқ. Салық қызметі де, салық төлеушілер де мұндай жаңа бастамаға психологиялық жағынан дайын еместігі көрінді. Салық  жүйесінде дүниежүзілік тәжірибеде қолданылып келген салық салу принциптері сақталмады. Сондықтан бұл салық жүйесінің нарықтық қатынастардың талабына толығымен жауап беруге мүмкіндігі болмады. Ең бастысы, салық жүйесінің өндірісті дамытуға еш ықпал етпеуі, бюджет кірісін құрудағы өз ролін жете атқара алмауы, яғни салық көзі табыс не пайда емес, керісінше тұтыну болды.
Салық санының көптігі, айналымды анықтаудың қиындығы, шектен тыс дәлелсіз берілген салық жеңілдіктері, салық ставкаларының бір салық түрі бойынша бірнеше түрлі болуы, халықаралық салық салу негіздерінің тыс қалуы және т.б. кемшіліктер салық жүйесін одан әрі реформалаудың қажеттігін көрсетті.
ҚР Үкіметі 1995 жылдың басында салық реформасының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын қабылдап, онда еліміздің салық жүйесі мен заңнамасын бірте – бірте халықаралық салық салу принциптеріне сәйкестендіру көзделді. Осыған байланысты «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 1995 жылғы сәуірдің 24-нде ҚР Президентінің заң күші бар жарлығы шықты. Ендібұрынғы 42 салықтар мен алымдар едәуір қысқартылып, олардың саны 11 болып қалды. ҚР Президентінің 1999 жылғы шілденің 16-сындағы № 440-I заңына сәйкес заң мәртебесін алды. Осы уақыт аралықтарында Президент жарлықтарымен және ҚР заңдарымен бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы уақыт аралығында Президент жарлықтарымен және ҚР заңдарымен бұл заңға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2002 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің кірістерін негізінен 17 салықтар мен басқа да міндетті төлемдер құрады.
Бұл заңда қамтылған барлық базалық принциптер  1995-1999 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Бұл әлеуметтік салыққа, амортизация саясатына, айналымнан алынатын салықты жоюға, ҚҚС-ты халықаралық принциптерге сәйкестендіруге қатысты еді. Осы уақыт ішінде экономика, экономикалық қатынастар құрылымы, мемлекет пен салық төлеушілердің өзара қарым-қатынасы, тіпті адамдардың ділі (менталитеті) де айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Мемлекет, бір жағынан, салық саясатының мақсатын, міндеті мен қызметін терең түсінді, екінші жағынан, экономикалық қатынастардың көптеген тұстары қолданыстағы салық заңдылығында қамтылмай қалды. Осы және Қазақстан экономикасында болып жатқан оң өзгерістер жаңа салық заңын талап етті.
2.3. Қазақстан Республикасының қазіргі салық жүйесі
1995 жылдың 24 сәуірінде қабылданған ҚР Президентінің «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң күші бар жарлығы салық жүйесіне оңтайлы өзгерістер енгізді. Олардың қатарына қолданылып келген салықтар мен салықтар мен алымдар санының 46-дан 11-ге қысқартылуы, салық салу принциптерінің дүниежүзілік тәжірибеге сай өзгертілуі, халықаралық салық салу тәртібінің енгізілуі, салықтардың нышанына, белгілеріне қарай топталуы, сонымен қатар бұл құжаттың көптеген заңдармен тығыз байланыстылығы, салықтық әкімшіліктің жаңа ережелерінің енгізілуі салық жүйесіндегі басқа да  түбегейлі өзгерістер жатады. Әрине мемлекттің нарықтық экономикалық қатынас талабына сай дамуы жағдайында салық жүйесінің бір орында, өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Алайда қысқа уақыт аралығында қабылданған шексіз өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі нәтижесі оның әлі де болса жетілмегендігін көрсетеді.
Бүгінгі күні республикада салық заңдарының барлық негізгі кемшіліктері ескерілген, әрі жетілдірілген жаңа Салық кодексі дайындалып, 2001 жылдың 12 маусымында қабылданды.
Уақыт ағымының әсеріне, заман  талабына сай қабылданған Салық кодексінде келесідей мәселелерді шешуге басты назар аударылған.
Біріншіден, барлық шаруашылық субъектілеріне салықтандырудың тең жағдайын жасау. Екіншіден, кейбір жекелеген категориядағы салық төлеушілерге берілген жеңілдіктерді жою арқылы салық жүктемесін жеңілдету. Үшіншіден, салық заңдылығы жөніндегі барлық ережелер мен нормаларды тікелей қызмет ететін заң мөлшерінде біріктіру. Төртіншіден, салық заңдылығының тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Әрине, салық заңдылығында өзгерістер мен толықтырулар болашақта да жүргізіліп отырылады. Өйткені экономикалық қарым-қатынастар бір орында тұрып қалмайды, ол жаңа даму сатысына көшкен сайын салық заңдылығының да сол экономикалық саясатқа сай өзгертіліп отыруы керек. Сондықтан өзгерістің енгізілуі де заңды. Бірақ, кодекс бойынша енді жаңадан енгізілген өзгерістер жылына бір рет енгізілуі тиіс. Енгізілген өзгерістер келесі жаңа жылдың басынан бастап күшіне енеді. Бұл ереже біржағынан салық төлеушілерге жаңа енгізулерге алдын ала дайындалып, операциялар мен қаржы шешімдерін жоспарлауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан салық қызметкерлерінің жұмысын жеделдетуге және жеңілдетуге көп әсерін тигізеді.
Салық кодексі 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Ол салық салудың ойластырылған құқықтық негізін құрудың түпкілікті міндетін шешуге бағытталған.
Жаңа Салық кодексіндегі салықтардың, салық сипатындағы алымдардың тізбесі мыналарды құрайды:
1. Салықтар:
1. Корпорациялық  табыс салығы
2. Жеке табыс салығы
3. Қосылған құнға салынатын салық
4. Акциздер
5. Жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары мен арнаулы төлемдері
6. Экспортқа шығарылатын шикі мұнайға салынатын рента салығы
7. Әлеуметтік салық
8. Жер салығы
9. Көлік құралдарына салынатын салық
10. Мүлік салығы
11. ҚР жасалған келісім-шарттары бойынша өнімді бөлу жөніндегі үлесі
2. Алымдар:
1. Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
2. Жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалынған мәмілелерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
4. Радиоэлектрондық құралдарды және жиілігі жоғары құрылғыларды мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
5. Механикалық көлік құралдары мен тіркемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
6. Теңіз, өзен кемелері мен шағын көлемді кемелерді мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
7. Азаматтық әуе кемелерін мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
8. Дәрілік заттарды мемлекеттік тіркегені үшін алынатын алым
9. Автокөлік құралдарының ҚР аумағы арқылы жүру алымы
10. Аукциондардан алынатын алым
11. Консулдық алым
12. Жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым
13. Телевизиялық және радиохабар ұйымдарына радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат бергені ұщін алым
3. Төлемақылар:
1. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы
2. Жер бетіндегі көздердің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы
3. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы
4. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы
5. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлемақы
7. Радиожиілік спектірін пайдаланғаны үшін төлемақы
8. Кеме жүретін су жолдарын пайдаланғаны үшін төлемақы
9. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру үшін төлемақы
4. Мемлекеттік баж
5. Кеден төлемдері:
1. Кеден бажы
2. Кеден алымдары
3. Алдын ала шешім қабылдағаны үшін төлемақы
4. Алымдар
Салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомасы «Қазақстан Республикасының бюджет кодексі» мен тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық  бюджет туралы»  заңда белгіленген тәтіппен тиісті бюджеттердің кірісіне түседі.
Сөйтіп, Қазақстанның салық жүйесі салықтардың және басқа да міндетті төлем түрлері бойынша сараланған. Салық қатынастарын реттеуші құқықтық нормалар ҚР Салық кодексінде сараланған және тиісті нұсқаулықтарда келтірілген. Салық қызметі органдары ҚР Қаржы Министрлігі Салық комитеті мен жергілікті салық органдарынан тұрады. Салық органдарна облыстар, Астан және Алматы қалалары бойынша аймақаралық салық комитеттері, ауданаралық салық комитеттері, аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша салық комитеттері, сонымен бірге қаржы полициясының бөлімшелері жатады.
Салық қызметі органдары салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық түсуін, міндетті зейнетақы жарналарының толық және дер кезінде аударылуын қамтамасызету жөніндегі, сондай-ақ салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін   орындауына салықтық бақылауды жүзеге асырады.
ТҮЙІН
Мемлекетте алынатын салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлем түрлерінің, оны құру мен алудың нысандары мен әдістерінің, принциптерінің, салық заңдары мен салыққа қатысты нормативті актілердің, салық қызметі органдарының жиынтығы мемлекеттің салық жүйесін құрайды.
Экономикалық жағынан салық жүйесі мемлекеттің, аймақтардың және муниципалды құрылымдардың қызметін қаржылай қамтамасыз етуге байланысты әр түрлі мемлекеттер, мемлекет пен салық төлеуші арасындағы, әр түрлі салық төлеушілер арасындағы, сондай-ақ оған тікелей қатысушы заңды және жеке тұлғалар арасындағы күрделі өзара байланысты әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жиынтығын құрайды.
ҚР салық жүйесі өзінің дамуының 3 кезеңінен өтті.
Салық реформасының бірінші кезеңі (1992 жылдан 1995 маусымына дейін). Республикада 40 астам салық түрлері қызмет етті:
1. жалпымемлекеттік;
2. жалпыға міндетті жергілікті салықтар;
3. жергілікті салықтар.
Салық реформасының екінші кезеңі (1995 жылдың шілдесінен 1999 жылға дейін). Бұл кезеңде салық саны 11 дейін қысқарды. Олар жалпымемлекеттік және жергілікті салықтар деп бөлінді.
Салық реформасының үшінші кезеңі (2000 жылдан бастап бүгінге дейін). Жаңа Салық кодексін қабылдау. Ол үш бөлімнен: жалпы, ерекше және салықтық әкімшіліктендіру бөлімдерден тұрады.


Бөлім: Экономика

Добавить комментарий