Қазіргі кездегі АҚШ – Қытай қатынастары



Мазмұны:

Кіріспе
І тарау. Азиядағы жаңа бәсекелестің пайда болуы;
1.1. Экономика саласындағы Қытайдың проблемалары мен перспективалары;
1.2. Экономика саласындағы АҚШ-Қытай әріптестігі;
1.3. Американ-қытай сауда-экономикалық қатынастардағы қайшылықтар;
ІІ тарау. Қытай мен АҚШ-ның әскери-саяси ынтымақтастығы;
2.1. Екі мемлекеттің Корея мәселесін шешудегі біріккен қимылдары;
2.2. АҚШ мен Қытайдың терроризмге қарсы күрес саласындағы әріптестік;
ІІІ тарау. Американ-қытай екі жақты қатынастарындағы қайшылықтар;
3.1. Тайвань мәселесіндегі стратегиялық белгісіздік;
3.2. АҚШ-Қытай қатынастарындағы адам құқығы мәселесі;
3.3. АҚШ-ның Қытайдың әскери потенциалын кемітудегі қимылдар;
Қорытынды
Қолданылған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігін келесі екі сұрақ толығымен сипаттайды: Америка үшін Қытайдың ірі аймақтық державаға айналу қаншалықты қолайлы және оның әлемдік держава статусына талпынысы қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Осы сұраққа жауап беру үшін қытай халқының менталитеті, оның қоршаған дүниеге көзқарасы мен алға қойған мақсаттарына назар салған жөн болар.
Қалыптасқан көзқарас бойынша, қытай басшылығы қоршаған әлемді дұшпандық деп қарастырады. Алайда маоистік кезеңмен салыстырғанда, ол Қытай қауіпсіздігіне тікелей әскери қауіп төндірмейді. Сондықтан да әлем гегемонизмге қарсы күрес призмасы арқылы қарастырылып, Американың жаһандық басымдылығына, сондай-ақ Ресей, Жапония, ндістан сияқты «үлкен елдердің» аймақтық басымдылығына қарсы тұру қажеттілігі туындайды.
Осыдан Қытайдың сыртқы саяси приоритеттері қалыптасты. Біріншіден, ашық саясат пен қытай реформаларын жүзеге асыру үшін қолайлы халықаралық шарттардың қалыптасуын қамтамасыз ету. Яғни жаһандық лидерлермен бейбіт қарым-қатынас сақтап, Қытайдың жақын көршілерімен қатынастарды жақсарту. Екіншіден, бұл «уақытша жасырыну» мақсаты, компромисс негізінде іс-әрекет жасау, бұл дегеніміз — уақыт ұтып, «кешенді мемлекеттік қуат» жинау, осыдан кейін ғана әлемдік лидер роліне талпынуды білдіреді.
Осы тұжырымды прагматикалық деп санауымыз дұрыс болады. Ол қазіргі Қытайдың зор емес экономикалық және әскери мүмкіншіліктерін сын көзбен бағалау мен КСРО ыдырау нәтижесінде қалыптасқан монополярлы жүйе шарттарында АҚШ-ның жалғыз ұлы держава болып қалуын мойындаумен байланысты. Және де Пекиннің пікірі бойынша, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін АҚШ өзінің басты бәсекелесі және «басты жауы» ретінде Қытайды қарастырады.
Әлемге қатысты сондай көзқарас негізінде Қытайдың басты сыртқы саяси приоритеті ретінде АҚШ-мен қатынастарды дамыту қалыптасты. Америкамен ынтымақтастық әлемдік экономикалық және саяси лидермен одақ ретінде қарастырылады және онымен жақсы қарым-қатынастар қытай реформаларының сәттілігімен байланысты. Сонымен қатар Қытайдың келешектегі басты бәсекелесі ретінде АҚШ-ның гегемонистік мақсаттарын тыю орын алуда.
Екі жақты қатынастардың негізі әлі де «өзара қауіптер» мен «өзара пайда» симбиозы құрайды. Қытайға қарсы бағытталған Азия Тынық мұхит аймағындағы американ әскерлерінің шоғырлануы Пекин өз мүдделеріне қайшы келеді деп санайды. Бірқатар американдық зерттеушілер мен саясаткерлердің пайымдауынша, Пекин АҚШ-ның әлемдік позицияларын әлсірету үшін өзінің әскери және экономикалық қуатын нығайтып жатыр және коммунистік ортодоксия идеяларын қоймаған Қытайды өзінің жаңа болашақ жаһандық бәсекелес ретінде қарастырады. Бірақ та Қытай да, АҚШ да бір-бірін тікелей әскери қауіп ретінде қарастырмайды.
Екінші жағынан, қытай саудасының төрттен бірі және Қытайдағы шетел инвестицияларының үштен бірі АҚШ-на тиісілі, сондықтан да ол қытай модернизациясының жүзеге асырылуына маңызды роль ойнайды. Вашингтонмен қарым-қатынастардың нашарлануы экономикалық өсудің қарқынына кері әсерін тигізетінінін Пекин түсінеді. Өз кезегінде Қытайда АҚШ-ның ірі инвестицияларға негізделген терең бизнес мүдделері бар. Вашингтонның стратегиялық жоспары бойынша, қытай экономикасының маркетизация мен жаһандану негізінде қытай саяси жүйесінің біртіндеп демократиялық бағытта трансформацияланады [27].
Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі. Қытай мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастар, екі мемлекеттің сыртқы саясатындағы приоритеттер тақырыбы көптеген ғалымдармен толық зерттелген. Биполярлы жүйе кезеңінде жазылған Лукин В.П., Арбатов А.Г., Уткин А.И., Богатуров А.Д., Кременюк В. Дмитричев Г.Ф., Крутских А.В., Лаврентьев А.К., Овинников Р.С., Павляк С., Замошкин Ю.А., Грайнер Б., Трофименко Г.А. сияқты авторлардың еңбектерінде АҚШ-ның сыртқы саясатындағы азиялық, сондай-ақ қытайлық бағыт қарастырылған [6]. Қытайдың сыртқы саясаты мен АҚШ-КСРО-ҚХР үшбұрышындағы қарым-қатынастар мәселесіне Бажанов Е.П., Ледовский А.М., Астафьев Г.В., Варнан Ф., Нарочницкий А.Л., Степанов Е.Д. өз еңбектерінде көңіл бөлген [7].
1991 жылдан кейін жаңа халықаралық жағдайдағы американ-қытай қатынастары туралы көптеген еңбектер жарыққа шықты. Бірқатар авторлардың пікірінше, XX ғасырдың екінші жартысындағы кеңес-американ қарсыласуы мен нәтижесінде КСРО-ның ыдырауынан кейін, Америка мен Қытай арасындағы Азия Тынық мұхит аймағындағы басшылық үшін күрес күшейе түсті.
XІX еуропалық ғасыр мен XX американдық ғасырдан кейін XXІ ғасыр азиялық болатыны туралы пікір кең таралуда. Осыған орай, А.И. Уткиннің пікірі бойынша, XXІ ғасырдағы АҚШ мақсаттарын келесідей анықтауға болады: Жапонияны бақылауды сақтап қалу мен Қытайдың өсуін тежеп, оның әлемдік экономикалық дамудың орталығы болатын әлем бөлігінің аймақтық лидеріне айналуды болдырмау [16, 308 б.].
«Мировая экономика и международные отношения», «Азия и Африка сегодня», «США, Канада: экономика, политика, культура», «Международная жизнь» сияқты ресейлік мерзімді баспа сөзінде АҚШ-Қытай қатынастарының даму перспективасы мен екіжақты қатынастардағы қайшылықтар, Қытай экономикасы дамуындағы Американың ролі мәселелері өз көрінісін тапқан. Осы орайда Зиновьев Г., Бергер Я., Михеев В., Бельчук А., Сажин Д., Шишкин Г. еңбектерін атап өткен жөн.
Қытайдың аймақтағы экономикалық және әскери-саяси күшке айналу талпыныстарының күшеюіне байланысты оның өсуін тежеу және орын алған ҚХР-ның қарулы күштерін модернизациялау Америкаға қарсы бағытталғаны туралы пікірлер Вашингтонда жиі естілуде. Оған дәлел ретінде жыл сайын басылымға шығатын АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қытайдың әскери потенциалы туралы Конгресске баяндамасынан байқауға болады. Пекиннің шын мәніндегі әскери шығындары ресми мәлімдемелермен салыстырғанда едәуір үлкен және осы көрсеткіш бойынша АҚШ мен Ресейден кейін Қытай үшінші орынға ие. Аталған тенденция Тайвань мәселесін және жалпы аймақтағы жағдайды тұрақсыздандырады [21, 48 б.]. Осы көзқарасты Америка басшылығындағы Қорғаныс министрі Д. Рамсфелд, Орталық Барлау Басқармасының басшысы П. Госс және ұлттық барлау қызметінің басшысы Дж. Негропонте сияқты көптеген лауазымды тұлғалар ұстанады.
Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес Американың бұрынғы қорғаныс министрі Г. Браун, ҚХР-дағы АҚШ-ның бұрынғы елшісі адмирал Д. Прюэр және қытай әскери мәселесі саласындағы басқа да беделді эксперттерінің қатысуымен жазылған «Қытайдың әскери потенциал» кітабы АҚШ конгрессіне Пентагонның жылдық ресми баяндамасынан біршама ерекшеленеді. Зерттеушілердің пікірі бойынша, жоспарланған әскери модернизация бағытына қарамастан, Қытай «технология мен соғысқа қабілеттілігі жағынан Америкадан кем дегенде жиырма жыл артта қалған». Кітап авторларының пікірі бойынша, ҚХР «аймақтық держава болып табылады» және «келесі жиырма жыл ішінде Қытай жаһанды деңгейдегі әскери державаға айналмайды». Солай дей тұра, Америкаға қарсы бағытталған ҚХР әскери күштерінің модернизациясы, технологиялық тыңшылық бағдарламасы мен әскери саладағы Қытайдың басқа да «күнәлар» туралы АҚШ-дағы көзқарастарымен басылым авторлары келіспейді [19, 24 б.].
Геосаясат пен халықаралық қатынастар саласындағы бірқатар шетел мамандарының еңбектері зор қызығушылық тудырады. Олардың көбі батыс геосаясатының белгілі бір бағыттарын зертеп қана қоймай, АҚШ сыртқы саясат бағытының анықталуына үлесін тигізген. Ратцель Ф., Челен Р., Макиндер Х. сияқты геосаясат негізін салушылардың идеяларын Бжезинский З., Киссинджер Г., Хантингтон С., Фукуяма Ф. жалғастырған [12].
Бжезинский З. еңбегін АҚШ-ның жаһанды геосаясат стратегиясы туралы анықтама ретінде қарастыруға болады. Оның пікірі бойынша, Азия Тынық мұхит аймағында АҚШ-ның геостратегиясы келесі стратегиялық мақсатқа негізделуі керек: «Жапония энергиясын халықаралық арнаға бағыттау және Қытай қуатын аймақ мүдделерінде пайдалану». Осы мақсатты толығымен орындаса, Америка «Еуразияның шығыс бөлігінде геосаяси жағынан Еуропаның роліне жақын эквивалентін жасай алады» [9].
Р. Буш, Дж. Айкенберри мен М. Мастандуно, Р. Бернстайн мен Р. Манро, К. Либерталь, Н. Такер, М. Мейснер, Ч. Карлейль, Дж. Най, У. Кейлор сияқты шетел зерттеушілері қазіргі кездегі АҚШ-Қытай қатынастары, оның даму перспективасы мәселесіне өз еңбектерінде тоқталды [18].
Қазақстандық тарих ғылымында ҚР сыртқы саясатын, халықаралық қатынастардың әр түрлі аспектілерін анализдеу мен жүйелеу жұмысы біршама қолға алынды. Тоқаев Қ., Қасенов У., Сыроежкин К., Лаумулин М., Хафизова К., Кушкумбаев С., Султанов К., Ашимбаев М. еңбектерінде республика сыртқы саясатының бағыттары мен халықаралық мәселелер зерттелген [8].
Қ. Тоқаевтың «Беласу» кітабы Қазақстанның сыртқы саясаты бойынша бірінші жалпылама еңбегі болып табылады. Онда қазақстандық тарих ғылымында бірінші рет ҚР сыртқы саясат приоритеттері мен олардың әр түрлі бағыттағы іске асыру жолдары талданып, американдық және қытайлық бағыттардың маңыздылығы көрсетілді. Қ. Тоқаевтың «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации» монографиясында әлемдік экономика мен саясатының глобализация кезеңінде Азия Тынық мұхит аймағында болып жатқан процесстердің Қазақстан сыртқы саясатымен өзара байланысы қарастырылған.
Әлемдік экономика орталығының бірі ретіндегі Азия Тынық мұхит аймағының ерекшелігі мен аймақтың жаңа индустриалды елдер феномені Сатубалдин С. еңбегінде талданған.
М. Ашимбаев редакциясымен жазылған «Современные проблемы мировой экономики» еңбегінде Қытайдың негізгі экономикалық көрсеткіштері мен даму перспективасы талданды.
Солайша қазақстандық тарих ғылымында ҚР сыртқы саясатының әр түрлі аспектілері талданып, приоритетті бағыттардың бірі ретінде қытайлық және американдық бағыттар аталды. Алайда қазіргі таңдағы АҚШ-Қытай қарым-қатынастары тақырыбы әлі де зерттелінбеген.
Дипломдық жұмыстың мақсаты биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін АҚШ-Қытай қатынастарының эволюциясын талдау болып табылады. Қазіргі кездегі жаһандық держава АҚШ мен аймақтық держава Қытай арасындағы Азия Тынық мұхит аймағында ықпал ету үшін күрес алдағы уақытта екі мемлекет арасындағы әлемдік деңгейдегі қарсыласуға әкелуі мүмкін.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін келесі міндеттер қойылды:
екі мемлекеттің сыртқы саяси бағытының мирасқорлығы геосаяси факторларымен анықталатынын көрсету;
Еуразияның жағалау зонасы ретіндегі Азия Тынық мұхит аймағының маңызы мен орнын көрсетіп, жетекші державалардың аймақтағы ықпал ету үшін күресті қарастыру;
Қытай мен АҚШ-ның геосаяси позициялары, мақсаттары мен геостратегиясын анықтау;
екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық салаларын көрсетіп, олардың даму перспективасын анықтау;
екі жақты қатынастардағы қайшылықтарды талдап, олардың шешілу жолдарын қарастыру.
Зерттеудің деректемелік негізі. АҚШ мен Қытай арасындағы екі жақты қатынастарды зерттеу үшін автор әр түрлі деңгейдегі деректерді қолданды.
Деректердің бірінші тобын заң шығарушы құжаттар құрайды. АҚШ мен Қытай арасында қол қойылған келісімдер зерттеудің негізі болып табылады. Олар екі жақ арасындағы терең экономикалық және саяси қатынастардың дамытуын көздейді. Оларға Шанхай коммюникесі, Дипломатиялық қатынастарды орнату туралы біріккен коммюнике, 1982 жылғы АҚШ-Қытай біріккен коммюникесі және басқа да құжаттар жатады [1,2,4].
АҚШ-Қытай қатынастарын талдаудағы негізгі дерек ретінде бұқаралық ақпарат құралдары қолданылды. «New York Tіmes», «Washіngton Post», «Іnternatіonal Herald Trіbune», «Far Eastern Economіc Revіew», «Beіjіng Revіew» сияқты шетелдік баспа сөз бетінде ресми үкіметтік мәлімдемелер, журналисттердің субъективтік сараптамасы, жекелеген саяси және қоғамдық қайраткерлердің пікірі жазылған.
Сонымен қатар АҚШ президенті, АҚШ мемлекеттік департаменті мен демократия мен адам құқығы жөніндегі бюроның ресми сайтында жарияланған жолдаулар мен баяндамаларды дерек ретінде қолдануға болады [35,35].
«Мировая экономика и международные отношения», «Азия и Африка сегодня», «США, Канада: экономика, политика, культура», «Международная жизнь», «Эхо планеты» сияқты ресейлік баспа сөзде АҚШ-Қытай қатынастары тақырыбы зор қызығушылық тудырып қана қоймай, екі мемлекет арасындағы әріптестік пен қайшылықтар Ресейдің геостратегиясына қандай әсер тигізетіні талданды.
«Саясат», «Континент», «Казахстан-спектр», «Аль-Пари», «Мысль» сияқты қазақстандық мерзімді басылымдарда АҚШ мен Қытайдың сыртқы саясаты, екі жақты сауда-экономикалық қатынастардағы әріптетік мәселелеріне тоқталған.
Зерттеу әдістері. АҚШ-Қытай қатынастарын зерттеу барысында жалпы методологиялық принциптері басшылыққа алынғандықтан, американ-қытай екі жақты қатынастарын зерттеу ғылыми және объективті болды. Сонымен қатар анализдің философиялық және тарихи әдістері, жалпыдан жекеге логикалық өту әдісі қолданылды. Ақпарат пен фактілерді зерттеу мен таңдау барысында салыстырмалы әдіс қолдануы ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшылары, ресми тұлғалар мен дипломаттардың мәлімдемелерін анализдау үшін контент-анализ және ивент-аналих әдістері қолданылған. Екі жақты қатынастардағы эволюцияны талдау үшін анализ, синтез сияқты жалпығылымдық әдістер де қолданылды.
Биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін АҚШ-Қытай қатынастарындағы жаңа бағыттарын анықтап, екі жүйе конфронтациясынан кейін қалған проблемаларды сараптап, оның шешілу жолдарын іздеу зерттеудің ғылыми жаңалығын құрайды. АҚШ-КСРО-ҚХР үшбұрышының жойылуы американ-қытай қатынастарының салқындауына әкеліп, ынтымақтастықтың жаңа салаларын іздеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Американ және қытай лидерлері екі жақты проблемаларды шешу мүмкіндігі және аймақтық мәселелердегі ынтамақтастығы американ-қытай қатынастарының дамуына ғана әсерін тигізіп қана қоймай, Азия Тынық мұхит аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтады.
Зерттеудің хронологиялық шеңберіне тоқталатын болсақ, ол биполярлы жүйе ыдырағаннан кейін, яғни 1991-2006 жылдар аралығындағы қытай-американ қатынастарының дамуын қарастырған.
Ғылыми-тәжірибелік маңызы. Фактілер мен сараптамалық материалдарға негізделген осы зерттеудің сараптамасы мен қорытындылары қазіргі халықаралық қатынастар мәселесі мен АҚШ мен Қытай геосаясатын талдау үшін құнды болып табылады. Сонымен қатар сараптамалық, ғылыми-зерттеу жұмысы мен жоғары оқу орындардағы оқу процессінде де пайдаланудың маңызы зор.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Аталған жұмыс кіріспе, үш тарау, қорытынды мен қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады. І тарауда мен Азиядағы жаңа бәсекелестің пайда болуы мәселесіне тоқталдым, осы тарау экономика саласындағы Қытайдың проблемалары мен перспективалары, экономика саласындағы АҚШ-Қытай әріптестігі, американ-қытай сауда-экономикалық қатынастардағы қайшылықтар бөлімдерінен тұрады. ІІ тарау Қытай мен АҚШ-ның әскери-саяси ынтымақтастығын қарастырып, тарауда екі мемлекеттің Корея мәселесін шешудегі біріккен қимылдары мен АҚШ мен Қытайдың терроризмге қарсы күрес саласындағы әріптестігіне көңіл бөлінген. ІІІ тарау американ-қытай екі жақты қатынастарындағы қайшылықтарын зерттеп, Тайвань мәселесіндегі стратегиялық белгісіздік, АҚШ-Қытай қатынастарындағы адам құқығы мәселесі мен АҚШ-ның Қытайдың әскери потенциалын кемітудегі қимылдар мәселелері қарастырылған. Жұмыс құрылымы оның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келеді.


Бөлім: Халықаралық қатынас

Добавить комментарий