Қазақстан-Египет қатынастары



МАЗМҰНЫ

Кіріспе. …………………………………………………………………………………………………3-8

I-тарау. Египетпен қарым-қатынастар орнату тарихы. …………….9-22

§1.1. Қазақстан сыртқы саясатындағы Египеттің орны. ……………………………..9-18

§1.2. Қазақстан-Египет қарым-қатынастарының алғышарттары. ………………18-22

II-тарау. Қазақстан-Египет қатынастарының қазіргі таңдағы жағдайы. ………………………………………………………………………………………………..23-53

§2.1. Саяси саладағы Қазақстан-Египет қатынастарының даму деңгейі. ……23-30

§2.2. Қазіргі таңдағы қазақстандық-египеттік сауда-экономикалық
байланыстар. …………………………………………………………………………………………..30-39

§2.3. Гуманитарлық-мәдени және ғылыми-техникалық алмасулардың қазіргі кездегі жағдайы. …………………………………………………………………………………….39-49

§2.4. Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы ара-қатынастарының болашақтағы перспективалары. ……………………………………49-53

Қорытынды. ………………………………………………………………………………….54-56

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. ………………………………………………..57-60

Қосымшалар. …………………………………………………………………………………60-90

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі.
Қазақстан-Египет қатынастарының қазіргі кездегі жағдайын зерттеу маңыздылығы қандай? Бұл тақырыптың өзектілігі неде?
Жалпы, Қазақстанның сыртқы саясатындағы осы мемлекетке деген қызығушылығының деңгейі қандай?
Ең алдымен, “Қазіргі кездегі Қазақстан-Египет қатынастары” тақырыбын зерттеу — ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен айқындалған Қазақстан сыртқы саясатының бағыттарына талдау жасау қажеттілігінен туындап отыр. Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары мемлекеттің басшысы бекіткен еліміздің Сыртқы саясат концепциясында көрініс тапты. Бұл құжатта, “Қазақстан — 2030” стратегиясында республиканың белсенді сыртқы саясаты жөнінде сөз қозғалады. Оған көпвекторлық және халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуде әмбебап әдістерді қолдану тән болуға тиіс. Көпбағыттылық саясатының бір саласы болып табылатын Египет пен Қазақстан ара-қатынастарын талдау осы себептен өзекті. Осы жұмыс арқылы Елбасшымыз белгілеген мақсаттардың қандай деңгейде жүзеге асып отырғанын анықтай аламыз
Халықаралық қауымдастықтың мүшесі болғаннан кейін Қазақстан бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған жаһандық әрекеттерге белсенді қатыса бастады. БҰҰ, тағы басқа халықаралық, аймақтық ұйымдар шеңберінде республикамыз аймақтық шиеленістерді бодырмауға, ұжымдық қауіпсіздіктің нақты істер атқара алатын механизмдерін құруға үлкен үлесін қосуда. Қазақстан сыртқы саясатының бейбітшілік сүйгіштік сипаты мен барлық шет ел әріптестерімен өзара мүдделер мен халықаралық жағдаяттарды ескере отырып, ынтымақтастықты дамыту талпыныстары біздің жас мемлекетімізге өте жақсы халықаралық бедел әперіп, ұлттық мүдделер тұрғысында аса маңызды мемлекеттермен қарым-қатынастардың жоғарғы деңгейін қамтамасыз етті. Ресеймен, Орталық Азия мемлекеттерімен дәстүрлі тығыз қатынастар ұсталынып, озық әлемдік державалардың бірі – АҚШ-пен байланыстар экономикалық әріптестік деңгейіне жеткізілген, Европа елдерімен дамыған саяси және іскерлік қатынастар орнатылған, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен әр түрлі бағыттарда қатынастар белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Республика сыртқы саясатының аса маңызды бағыттарының бірі ислам әлемімен достық қатынастарды ұстану болып табылады. Бұндай ұстаным елдің сыртқы позицияларының күшеюіне әкеліп, Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастыққа саяси және экономикалық интеграциялануына көмектесіп, қазақстандық дипломатияның азиялық, таяушығыстық, мұсылмандық сияқты маңызды бағыттарындағы мүмкіндіктерінің кеңеюіне әкеледі.
Қазақстанның мұсылман әлемімен өзара қатынастарының негізгі ажырамас бөлігіне араб елдерімен байланыстары жатады.
Араб әлемі республика тәуелсіздігін үлкен қуанышпен қарсы алды, оның барлық ішкі және сыртқы акцияларын қолдады, біздің жас мемлекетімізбен жан-жақты байланыстарды орнатуға белсенді қатысты. Қазақ және араб халықтарының рухани жақындастығы да елеулі рөлін қосып, біздің мемлекеттеріміздің бір-біріне тартылуына әкелді. Араб елдерінің Қазақстанға басқа елдермен салыстырғанда жақын географиялық орналасуы да маңызды болып отыр. Және де олардың көліктік-коммуникациялық әлеуеті, сонымен қатар қазақстандық тауарлар үшін нарығының кеңдігі біздің қызығушылығымызды туғызуда.
Көрсетілген бағдардағы Қазақстан саясатының негізгі аспектісі — араб әлемінің көшбасшысы Египет Араб Республикасы. Египетпен қарым-қатынастар республика тәуелсіздігінің бірінші күндерінен бастап, сыртқы саясатының араб және таяушығыстық басымдықтың негізгісі болып табылады. Ендігі орайда басымды бағыттардың бірі болып табылатын таяушығыстық мемлекеттер топтамасына кіретін Египет Араб Республикасымен қатынастардың қазіргі таңдағы деңгейін жан-жақты талдаудан өткізу маңызды болып тұр.
Екіншіден, бұл тақырыпты зерттеу – Египеттің халықаралық аренадағы беделді орынды иемденуімен өзекті. Яғни осы мемлекетпен тығыз қатынастар орнату – Қазақстанның дүниежүзілік интеграциялық үрдістерге белсенді қатысып, әлемдік қауымдастықта заңды орнын иемденуге мүмкіндік туғызар еді.
Египетпен біз тарихи, мәдени және рухани тұрғыдан алып қарағанда өте жақынбыз. Сол себепті екі ел арасында тұрақты әрі тығыз қатынастар орнатылған. Бірақ Қазақстан мен Египет арасындағы қатынастар екі ел мүмкіндіктерімен сәйкес емес, сондықтан да қазіргі таңдағы біздің сыртқы саясатымыздың стратегиялық сипатқа ие мақсаты қазақстандық-египеттік байланыстарды екі елдің әлеуетіне сай деңгейге көтеру болып отыр. Египетпен байланыстардағы сенімділік жағдайы барлық Таяу Шығыс елдерімен жақсы қатынастар орнатуға үлес қосар еді. Бұл Қазақстан Республикасының араб мемлекеттеріндегі, ислам әлеміндегі рөлін өсіріп қана қоймай, өз ұлылығының тағы бір дәлелі болар еді.
Халықаралық аренада беделді орынға ие Египетпен қарым-қатынастарды жоғарғы деңгейге көтеру ҚР сыртқы саясаты міндеттерін орындау үшін де маңызды болып отыр. Сонымен, қазіргі уақыттағы жағдаяттарға бейімделіп, сәйкес дамудан өту үшін мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы көзделіп отырған мақсаттардың іске асырылуына сараптама жасау өте өзекті болып отыр. Сол себепті Қазақстан-Египет қатынастарынның қазіргі таңдағы даму деңгейін зерттеудің маңыздылығы одан әрі артуда.
Үшіншіден, Қазақстан-Египет қарым-қатынастары тақырыбын зерттеуге бағытталған еңбектер мүлдем жоқ. Сол себепті, бұл тақырыпты зерттеу аса маңызды болып отыр. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы сыртқы саясатын талдауға бағытталған еңбектер шеңберін кеңейтуге өз үлесін қоспақ.
Жұмыстың деректік негізі.
Қазақстан-Египет қатынастары өз бастауларын 1992 жылдың 6 наурызынан алады. Екі ел арасындағы қатынастардың құқықтық негізі Президент Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылғы Египет Араб Республикасына сапары кезінде біршама келісімдерге қол қою арқылы дамыған.
Жұмыста автор тақырыптың жан-жақты зерттелуін алға қойып отырып, Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасында қол қойылған келісімдерді келтіріп, оларға талдау жасаған. Олардың ішінде ең негізгісі – “Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы арасындағы өзара қатынастар мен ынтымақтастық негіздері туралы келісім”.[1]
Сонымен қатар бірқатар үкіметаралық келісімдер мен хаттамалар топтамасы да қарастырылған. Олардың қатарына “Ақпарат ынтымақтастығы туралы хаттама” [2], “Экономика, ғылым және техника туралы келісім” [3], “Инвестицияны ынталандыру туралы келісім” [4], “Сауда келісімі” [6] және “Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісім” [7] жатады.
Және де екі жақты саяси ынтымақтастықтың негізі болып табылатын “ҚР сыртқы істер министрлігі мен ЕАР сыртқы министрлігі арасындағы саяси консультациялар туралы хаттама” да тақырыпты зерттеуде қолданылған. [5]
Бұнымен шектелмей, автор Қазақстан Республикасының 1996-1999 жылдары Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Б.К.Тайжанның ҚР СІМ коллегиясының отырысында (14-15 қыркүйек, 1998 жыл) сөйлеген сөзін қолданған. [8]
Тақырыптың зерттелу деңгейі.
Жалпы, қазіргі кездегі Қазақстан-Египет қатынастары хақында арнайы еңбектер жоқ. Бұл, ең алдымен, тақырыптың көбінесе араб әлемі, оның ішінде Таяу Шығыс шеңберінде зерттелуімен түсіндіріледі. Және де Қазақстанның Египет Араб Республикасымен қатынастары қазақстандық дипломатияда бірінші орындарда емес. Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстан-Египет қатынастарының қазіргі кездегі деңгейі көбінесе жалпы ҚР сыртқы саясатын зерттеуге бағытталған еңбектерден алынды.
Оның ішінде 1998 жылы басып шығарылған “Актуальные проблемы внешней политики Казахстана” атты мақалалар жиынтығын алуға болады. Бұл еңбектен Египет Араб Республикасында елші болған Б.К.Тайжанның “О внешнеполитических приоритетах РК на Ближнем Востоке” атты зерттеу мақаласы негізге алынды. Мақалада ҚР мен ЕАР байланыстарының негізгі салалары анықталып, екі жақты қатынастар мәселелері талқыланған. [9]
Египет Араб Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнатудың негізгі факторларының бірі болып табылатын ислам ерекшеліктері жайында мәліметтер Б.Амреевтің “Аравийские монархии и их место во внешнеполитических приоритетах Казахстана” атты еңбегінен алынған. [10]
Және бұл мәселе хақында “Ислам и политика” атты зерттеуден біраз ақпараттар сарапталып, жұмыста қолданылған.[13]
Аубакирова А.А. “Геополитические и географические факторы в формировании внешнеполитических стратегии Республики Казахстан” [11], “Внешняя политика Казахстана” [12], “Казахстан и современный мир” [15], сияқты еңбектер Қазақстан сыртқы саясатының басымды бағыттарын талқылауға негіз артатын жұмыстар топтамасына жатады. Автор бұл еңбектерден жалпы ҚР сыртқы саясатының бағыттары жайлы мәлімет алып, еліміздің сыртқы саясатында маңызды орынды иемденетін Таяу Шығыс пен Қазақстан қарым-қатынстарын зерттеу арқылы Қазақстанның Египетке қатысты көзделетін мақсаттарын аңғаруға тырысты.
Автор Қазақстан-Египет тақырыбының шеңберіне кіретін Египет Араб Республикасы жайлы мәліметтерді жұмысқа енгізуді жөн көріп, бұл мемлекет жайында біршама мағлұматтар кездесетін “История Ближнего Востока. I тысячелетие до н.э.” атты еңбекті қолданды. [14]
Ал М.Лаумулиннің “Казахстан в современных международных отношениях” атты еңбегінде Орталық Азия мемлекеттерінің (оның ішінде Қазақстан негізгі ел ретінде) Таяу Шығыспен қатынастары жайында сөз қозғалады. [16]
Жалпы, бұл тақырыпты зерттеуде Қ.Тоқаевтың еңбектері кеңінен қолданылған. Оның “Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации” деген жұмысынан Қазақстан-Египет қатынастарының АӨСШК шеңберіндегі іс-әрекеттері жөнінде мәліметтер алынған.[23]
Қ.Тоқаевтың “Под стягом независимости” атты еңбегінде Египет Араб Республикасының халықаралық аренадағы орнына мән беріліп, оның сыртқы саясаты зерттелген. Және де бұл еңбекте Қазақстан-Египет қатынастарының орнау тарихы, екі ел арасындағы байланыстардың негізгі бағыттары толыққанды зерттеліп, екі жақты қатынастар деңгейіне баға берілген. [25]
Қасымжомарт Тоқаевтың “Қазақстан Республикасының дипломатиясында” да Қазақстан-Египет қатынастарының дамуы жайында мағлұматтар баршылық.[24]
Египеттің Таяу Шығыстағы рөлі жайлы Мухаммад Сагидтің 1998 жылы Каирде басылып шығарылған “Региональная роль Египта на Ближнем Востоке” (араб тілінде) атты еңбегінен біраз мәліметтер алынған.[17]
Әрине, дәл қазіргі таңдағы Қазақстан-Египет қатынастарын зерттеу мерзімді басылымдардағы мақалаларды қолданусыз мүмкін емес.
Мысалы, жұмыста “Казахстанская правда” газетінің мақалалары пайдаланылған.[29]
Және де Қазақстан Республикасы сыртқы саясатындағы оқиғаларды жұртшылық алдына салатын “Дипломатия жаршысы” атты журналдың біршама мақалаларындағы материалдар кеңінен қолданылды.[30]
“Егемен Қазақстан” газетінен де екі ел арасындағы кездесулер хақында біраз мағлұматтар алынып, тақырыпты ашуда қолданылған.[38]
Сонымен қатар қазақстандық сараптамалық басылымдардың ішінде беделі жоғары “Analytic” журналынан да біраз мәліметтер келтірілген.[43]
Араб тілінде Египеттің астанасы Каирде басылып шығарылатын қысқа мерзімді басылымдардан да Қазақстан-Египет қатынастары жайлы бірқатар мағлұматтар алынды. Бұл газет-журналдарда Египет Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігі дайындаған мәліметтер бойынша екі ел арасындағы байланыстар деңгейіне сараптама берілген. [52]
Ал Al-Ahbar газетінде ҚР-дағы экономикалық жағдайды сипаттайтын мақалалар бар.[49]
“Қазіргі кезеңдегі Қазақстан-Египет қатынастары” тақырыбын ашуда автор www.kisi.kz, www.president.kz., www.government.kz., www.parlam.kz., www.akorda.kz., www.rus.nazarbaev.kz., www.kazpravda.kz., www.bilim.kz. сияқты ресми интернет сайттарын қолданған.
Жұмыстың көзделіп отырған мақсаттары мен міндеттері.
Әр мемлекет өзінің сыртқы саяси басымдықтарын анықтағанда, ең алдымен, ұлттық мүдделерін көздеп, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне үлес қоса алатын елдермен жақын әрі жан-жақты қатынастар орнатуға тырысады. Сол бағытта жұмыс жүргізіп, әр уақытта екі немесе көп жақты қатынастардың даму деңгейіне көз жүгіртіп, зерттеуге талпынады. Бұл объективті де. Және де бұл орайда мемлекеттер арасында орнатылған байланыстардың өткеніне де тоқталып кету маңызды. Кешегі күнсіз бүгіннің болмайтыны баршамызға мәлім. Әрі толыққанды және бағалы нәтижеге келу үшін дипломатиялық қатынастардың болашағына көз жүгіртіп, болжам жасау да аса қажет. Халықаралық қатынастар саласындағы болашақ маман ретінде автордың көздеп отырған мақсаттары да осы ойлармен сәйкес. Автор осы жұмыс арқылы өзі сол елде бір жыл бойы араб тілінен дәріс алған Египет Араб Республикасының Қазақстан Республикасымен қарым-қатынастарының қазіргі таңдағы деңгейін зерттеуге тырысты. Бұл жұмыс Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарында елеулі рөлге ие Египет Араб Республикасының жағдайымен танысуға мүмкіндік қана бермей, оның жалпы бүкіл әлемдегі орнын анықтауға көмектесіп, Қазақстан-Египет қатынастарының тарихын зерттеп, қазіргі таңдағы деңгейін талдауға жол ашуға тиіс.
Сонымен, жұмыстың негізгі мақсаты – қазіргі кездегі Қазақстан-Египет қатынастарын талдауға тырысу. Осыған орай тақырыпты ашуға қатысты негізгі міндеттер анықталады. Олар:
Египеттің Қазақстан сыртқы саясатындағы алатын орнын анықтау;
Қазақстан-Египет қарым-қатынастарының алғышарттарына, яғни тарихына тоқталып кету;
Қазіргі таңдағы Қазақстан-Египет байланыстарына, оның ішінде саяси диалог деңгейіне, сауда-экономикалық байланыстардың жағдайына, гуманитарлық-мәдени және ғылыми-тхникалық алмасуларға талдау жасау;
Қазақстан-Египет қатынастарының болашағына көз жүгірту.
Жұмыстың құрылымы.
Бұл жұмыс екі тараудан тұрады. Бірінші тарау – “Египетпен қарым-қатынастар орнату тарихы” деп аталып, өз кезегіне екі бөлімнен – “Қазақстан сыртқы саясатындағы Египеттің орны” және “Қазақстан-Египет қарым-қатынастарының алғышарттарынан” – тұрады.
Екінші тарау – “Қазақстан-Египет қатынастарының қазіргі таңдағы жағдайы” атты тақырыпты зерттеуге бағытталған. Бұл тарау бірнеше бөлімдерден тұрады:
Саяси саладағы Қазақстан-Египет қатынастарының даму деңгейі.
— Қазіргі таңдағы қазақстандық-египеттік сауда-экономикалық байланыстар.
— Гуманитарлық-мәдени және ғылыми-техникалық алмасулардың қазіргі жездегі жағдайы.
— Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасы ара-қатынастарының болашақтағы перспективалары.

Жұмыстың хронологиялық шеңбері.
Бұл жұмыс ҚР мен ЕАР арасындағы дипломатиялық қатынастар орнатқан 1992 жылдан бастап қазіргі кезеңге дейінгі уақытты қамтиды.
Зерттеу әдістері.
Қазіргі кездегі Қазақстан-Египет қатынастарының жағдайы тақырыбын зерттеу сараптама жүргізу арқылы жасалған. Автор бұл тақырыпты екі жақты қатынастардың тарихына тоқталу арқылы, қазіргі таңдағы қатынастардың әр түрлі салалардағы деңгейіне талдау жасау және екі ел арасындағы қатынастардың болашағына көз жүгірту көмегімен зерттеуге тырысты. Және осы жұмыста екі ел арасындағы негізгі салалар бойынша алдағы жылдарға арналған үкіметтік жоспарлар мен жобаларға тоқталынып, бұрында әлі зерттелмеген “Ядролық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан-Египет ынтымақтастығының перспективалары” атты тақырыбы төңірегінде біраз мәліметтер келтірілген.

Жұмыста көптеген тарихи мәліметтер келтіріліп, екі ел арасында болған кездесулер туралы айтылған. Және де әр түрлі салалардағы алмасуларға дең қойылып, осы бағыттардағы екі жақты келісімдерге талдау жасалған.


Бөлім: Халықаралық қатынас

Добавить комментарий