Сауд Арабиясының сыртқы саясатындағы ислам факторы



Мазмұны

Кіріспе 3

І -Тарау. Ислам әлемі және Сауд Арабиясы

1.1.Халықаралық қатынастардағы ислам факторы 9

1.2. Жаһандану шеңберіндегі Сауд Арабиясындағы азаматтық қоғам және дін 16

ІІ -Тарау. Сауд Арабиясы сыртқы саясатының негізгі бағыттар

2.1. Сауд Арабиясы және АҚШ 22

2.2. Сауд Корольдігі және Ресей Федерациясы 30

2.3.Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы қатынастар 38

Қорытынды

Әдебиет тізімі 4
Кіріспе
Біздің дәуір – ғылыми-техникалық және технологиялық прогрестің қарыштай дамыған шағы, электрониканы ойлап тауып, жетілдірудің, ядролық энергияны жуасытып, іске жегудің, радио толқындарды ырыққа көндіріп, ыңғайға бағындырудың дәуірі. Бейне табиғаттың өзі тағатынан айырылып, өзінің мыңдаған, тіпті одан да жырақ жылдар бойы ішіне бүккен құпиясын ашып тастап, қазіргі адам баласын сол бір тылсым сырының қожасы еткісі келетіндей. Алай да, табиғаттың тылсым құпияларын ақтарып, оны жуасытып, жемісін татқанына қарамастан, қазіргі кезеңдегі «адамзат үшін бақытты дәуір» деуге бола ма? Ғылым мен технологияның көмегімен салынған осынау алтын сарайда өзін қалай сезінеді.
Ғылыми-техникалық прогресс, табиғаттың құпия сырларын ашу, даңғайыр сарайлар салу мәселенің бір жағы ғана, ал оның екінші жағы — өзі жасаған үлкенді-кішілі машиналардың құрбандығына шалынып, өгейсуі, өндіріс пен тұтынымының құлына айналуы арқылы адамның өзіне де, өзгеге де қауіп төндіруі және бар.
Қазіргі адамзат тектіліктен, еркіндіктен, махаббат пен іңкәрліктен ада. Түбінде өзін-өзі құрбандық шалуға тура келетін ғажайып, ғибадатхананы салуға неге жанталасқанын адамзат әлі сезген жоқ.
Рухани негізі жоқ жадағай материалдық өмірдің өзі бағыт-бағдары, нақты мақсаты мен айқын мағынасы жоқ сағымға пара-пар; рухсыз адам қараңғыда қарманып, абдырып жүріп, өмірдің мәніне бойлай алмайды.
ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы халықаралық қатынастар бір-біріне қарама- қайшы, бірегейліктен алшақ көптеген идеологиялық және саяси ағымдар мен тенденциялар қақтығысымен сипатталады. Шығыс елдерінің қоғамында тарихи-дәстүрлі негіздерге бет алыс байқалады. Қазіргі заманда саяси ықпалы кең масштабты бола бастаған ислам факторы бұл елдерде негізгі рөлді ойнайды.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі кезде ислам факторы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Ислам… Исламдық… Бұл сөздерді көгілдір экраннан, ақпарат көздерінен жиі естіп, көріп жүрміз. «Ислам жаңғыруы», «исламдық бум» — бұл әдетке айналған сөзтіркестер секілді.
Ғасырымыздың соңғы жылдары — исламның дәстүрлі түстері жасыл, қызыл, қараға тола. Бұл – көк шөптің гүлденуі, хош иісті гүлдердің алқызылдығы, жыртылған жер байлылығы. Сонымен қатар, қанға боялған қара күлдегі арамшөп тармақтары.
Ислам және мұнай, ислам және Таяу Шығыс дағдарысы, ислам және…. Осы «және» сөзінен кейінгі мағынада «ислам жаңғыруының» негізі жатыр. Бұл дін ғасырлар бойына Азия және Африка елдерінің миллиондаған халқы үшін болмыс, тұрмыс-тіршіліктің бір бөлігіне айналды. Олар үшін ислам – ойлау мен әрекет түрі, әділдікке деген сенім.
Қазіргі кезде ислам дінінің негізгі қағидаларынан түсінігі жоқ адамдардың сана сезіміне үркітуші фактор ретінде «исламофобия» енгенін көріп отырмыз.
Исламофобия тек белгілі қоғамдарға тән және террордың зардаптарын шеккен елдердің барлығында көрініс таба бермейді.
Ақпараттық технологиялардың дамуымен әлем «кішкене үй» кебін киген секілді. Жер шарының бір жерінде болған жайт санаулы мезетте бүкіл халыққа жария болады. Индустриялы қоғам шарттарында жау образы жылдар бойы қалыптасса, қазіргі кезде оны саналы секундтарда сомдауға болады.
«Қырғи-қабақ соғысы» кезіндегі әлемнің капиталистік Батыс пен социалистік Шығыс болып бөлінуі замана ағысымен бірге жете дамыған Солтүстік пен индустриялы артта қалған Оңтүстік конфронтациясына ауысты. Алайда, 2001 жылы 11 қыркүйекте болған қайғылы оқиға адамдар санасында жаңа жаудың кейпін қалыптастырды. Ол – ислам дінін насихаттаушы адам.
Мұсылмандарға жаушылық көзқарасты батыс қоғамын экспансивті түрде жаулап алушы, еуропалық дәстүрден жат құбылыс ретінде қабылдайтындар таратуда.
«Исламофобия» термині кең қолданысқа британ Runnymed Trust зерттеу орталығы жариялаған баяндамадан кейін енді. «Исламофобия – барлық адамзатқа деген үндеу». Сассек университеті ректорының орынбасары профессор Гордон Конуэй бұл жаңа құбылысқа «БАҚ-тың барлық деңгейіне тән, қоғамның барлық салаларындағы ислам мен мұсылмандарға деген қорқыныш пен жеккөрушілік» деген анықтама береді. Конуэйдің айтуы бойынша, исламофобия «араб әлемі өркениетін өзіндік ерекшелігі жоқ, қалыс қалған өркениет, мұсылман мәдениеті – қыры мен сыры мол прогрессивті емес, қатып қалған, дискуссиялар мен жаңаша ойлардан тыс, патриархалдық, фундаменталистік және басқа өркениетке қауіп төндіретін мәдениет» ретінде қарастырылады.[1.40-41б.]
«Қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде адамды саяси көзқарастары үшін қудаласа, бүгінгі таңда діни сенімі үшін жазаға тартуы мүмкін.
Ал Сауд Арабиясы ислам дінінің бесігі, алтын діңгегі болып табылады. Сондықтан да ислам мен терроризм түсініктерінің ара-жігін ажыратпай, пара-пар мағынада түсінілуі Сауд Арабиясы тұрмақ, бүкіл мұсылман қауымының ашу-ызасын тудыруы заңды нәрсе секілді.
Ислам – кемерінен асып жатқан, тұңғиығы терең шалқар теңіз екені ақиқат. Сол шалқар теңіз түбінен ақиқат моншақтарын теру арқылы, ислам сырын ашу, ислам негіздерін қатаң түрде ұстанатын Сауд Арабиясының халықаралық қатынастарда алатын орнын айқындау өзекті мәселеге айналып отыр.
Зерттелу деңгейі. Диплом жұмысының әдіснамалық негізіне келетін болсақ, ең алдымен, басты пайдаланған әдебиеттер тізімін көрсетуімізге болады. Солардың ішіндегі ең негізгілері – ресей және қазақстандық зерттеушілерінің әдебиеттері болып табылады. Мысалға, А.О. Филониктің «Саудовская Аравия: эволюция режима и пределы возможного в политическом развитии», Н.В. Жданов пен А.А.Игнатенконың «Ислам на пороге ХХІ века», «Исламская концепция миропорядка», Г.Г. Косач пен Е.С. Елкумянның «Внешняя политика Саудовской Аравии. Приоритеты, направления, процесс принятия решения », Б.Әмреевтің «Аравийские монархии и их место во внешнеполитических приоритетах Казахстана» деген еңбектерін ерекше атауға болады. А.М. Васильеваның «История Саудовской Аравии» атты еңбегі Корольдіктің модернизациялау мәселесін қарастығанда үлкен септігін тигізді, сонымен қатар аталған аймақта маманданушы А.И. Яковлев, О.Г. Большаков зерттеулері жоғарыда аталып кеткен еңбектерге қосымша ретінде көп көмегі болды.
Жұмысты жазу барысында қазіргі кезеңдегі дүние жүзінде болып жатқан жайттар жайлы мағлұмат беретін шетел, ресейлік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері көптеп пайдаланылды. Атап айтатын болсақ, «Восток» журналының 1999 жылғы №2 санындағы «Глобализация мировой экономики и мир ислама», «Азия и Африка сегодня» журналының 2004 жылы №3 жарық көрген «Ислам в прошлом, настоящем и будущем», 2004 жылы «Международные отношения и мировая экономика » журналының № 6 санында шыққан «Запад глазами арабов» сияқты мақалалары кеңінен қолданылды. Одан басқа араб, шетел және ресми органдар сайттарының, әсіресе www.islam.ru сайтына сілтеме жасауға болады.
Диплом жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Қазіргі халықаралық қатынастардағы дін және өркениет ретіндегі ислам рөлі түсінігін тереңдете зерттеу, әлемдік саясаттағы ислам рөлі жайлы комплексті түсінік беру, ислам дінінің отаны саналатын Сауд Арабиясы негізінде сыртқы қатынастардағы ислам факторының ерекшеліктерін жете зерттеу, «қара алтын» мен саяси ислам байланыстарын саралау, Батыс елдерінде ислам жайлы қалыптасқан теріс ойлардың болмысын ашып көрсету болып табылады.
Аталған мақсатқа жету үшін жұмыста келесі міндеттер қойылған:
халықаралық қатынастардағы ислам факторының алатын орнын зерттеу;
«исламдық жаңғыру» құбылысының негізгі қағидаларын анықтау;
ислам факторын ХХІ ғасырдың негізгі элементі ретінде қарастыру;
ислам түсінігінің ақиқатына бойлау;
Сауд Корольдігі сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтау;
әлемдегі ірі державалардың бірі , атеистік КСРО-ның мұрагері Ресей мен ислам дінінің орталығы саналатын Сауд Арабиясы елдері арасындағы қатынастарға көз жүгірту, сараптау;
Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың даму жолдарын ашып көрсету;
11 қыркүйек қайғылы оқиғаларынан кейінгі Құрама Штаттар мен Корльдік арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын жан-жақты саралау;
әлемдегі ірі державалардың бірі , атеистік КСРО-ның мұрагері Ресей мен ислам дінінің орталығы саналатын Сауд Арабиясы елдері арасындағы қатынастарға көз жүгірту;
Хронологиялық шеңбері. Диплом жұмысы «ислам ренессансы» деп атап кеткен 90-шы жылдардың басы мен халықаралық қатынастар дамуының жаңа парағы саналатын 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғаларынан кейінгі кезеңді қамтып, жыл санап өсіп келе жатқан ислам факторының рөлін, Сауд Арабия Корольдігінің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын қарастырады
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы жоспардан, кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделеді, жұмыстың мақсаты мен міндеттері ашылып, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесін сипаттау арқылы ислам түсінігі талқыланады.
Бірінші тарауда ислам факторы жайлы сөз қозғалып, ХХІ ғасырдың негізгі тенденциясы – жаһандану шеңберінде қоғам және дін байланыстарына талдау жасалады. Ғаламданушы әлемдегі діннің рөлі мен маңыздылығы саралау сүзгісінен өткізіледі.
Екінші тарауда Сауд Арабиясы сыртқы саясатының негізгі бағыттары қарастырылып, ерекшелітері мен басты приоритеттеріне жан-жақты баға беріледі.
Қорытынды бөлімінде ислам өмір салты болып табылатын Сауд Корольдігінің халықаралық сахнадағы маңыздылығының өсуі, ислам жаңғыруының болашағы жайында ой тарқатылып, ғылыми-техникалық революциялар ықпалына қарамастан, адамзат баласының руханилық негізі болып табылатын дінге деген бетбұрысы объективті үрдіс деген ой қорытылады.


Бөлім: Халықаралық қатынас

Добавить комментарий