Ойталқының прагматикалық сипаты



Қазақ тіл білімінде ойталқы мәселесі туралы ең алғаш пікір айтқан ғалым тіл білімінің негізін қалаған А. Байтұрсынов болған. Қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушылар – А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов еңбектерінен мәтін туралы алғашқы ойларды кездестіреміз. Ғалымдардың мәтін туралы ой-пікірлері тілдің күнделікті қолданысындағы, қызметіндегі ерекшеліктерін байқаудан туындаған болса керек. Өйткені, ғалымдар бұл кезеңдерде мәтінді, оның сипатын, белгілерін арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастыруды мақсат етпеген. Сондықтан ғалымдардың тілдің ойлау арқылы сөйлеу нәтижесінде туындайтын мәтіндерге катысты ой-пікірлерді айтуы занды. А. Байтұрсынұлы мәтіннің (шығарманың) тақырыптан, ал мәтін (шығарма) мазмұнының үш мүшеден, яғни: аңдату, мазмұндау, қорытудан тұратынын және айтушы ойының өзге үшін бағытталатынын, сондықтан ойды өзгелер қиналмай түсінетіндей қылып жеткізу керектігін сөз етеді [1, 244 б.]. Ғалым «Әдебиет танытқышта» шығарманың басқа да компоненттері қатарында мазмұнның берілу жолдары туралы былай дейді: «Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлері үшеу: 1) әуезе; 2) әліптеу, 3) пайымдау. Дүниадағы нәрсенің қайсысы туралы сөз етсек, тек бір жағынан ғана емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға алсақ, не ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін әуезе қылып сөйлейміз, я болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы, жаман болғанының мәнісін, себебін тексере, пайымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не пайымдама болып шығады… Көбінесе-ақ, әуезе, әліптеме, пайымдама шығарма ішінде аралас келіп отырады…» [2, 147 б.]. Жоғарыдағы әуезе, әліптеме, пайымдама деп ғалымның сипаттама бергендері – осы күнгі әңгімелеу (повествование), суреттеу (описание), пайымдама, «ойталқы» (рассуждение) деп аталып жүрген баяндау түрлері болып табылады. Қ. Жұбанов мәтінді сөз бұйымы(сөз) деп атайды. Мәтінді қарым-қатынасты жүзеге асырудың бірден-бір құралы деп түсініп, ғалым оның ауызша және жазбаша түрлерін бөліп көрсетеді және олардың айырмашылықтарына да ден қояды. Сондай-ақ әр мәтіннің өзіндік жасалу жолдарының болатындығын тілге тиек етеді [3, 148 б.]. Бұдан біздер ғалымның мәтінді тұтасым, байласым сипаты бар жүйелі құбылыс деп танығанын көреміз.
Бұдан шығатын қорытынды мынада: сол кездің өзінде де бұл мәселе өзекті болып тұрды, бірақ нақтылы зерттеу объектісі ретінде жеке дара алып қарастырылмады деуге болады. «Ойталқы» ұғымына анықтама берудің, оны сипаттағанда әр түрлі негіздерді айырып, алдыңғы қатарға қоюдың қиындығы, оны тілдік құбылыс ретінде танудың күрделігінен туады. Ойталқыға берілген анықтамалардың басым көпшілігі шешендік өнерден бастау алатын ойталқы туралы дәстүрлі көзқарастардан туып отыр. Негізгі мақсаттарының бірі – дұрыс әрі ықшам сөйлеуге үйрететін шешендік өнер аясында, ойталқы ғылыми трактаттар мен саяси сөздер материалы тұрғысынан қарастырылды. Ойталқыны қазіргі кезең зерттеушілерінің көпшілігі ғылыми және саяси мәтіндер материалы негізінде зерттеуге ден қоюы осыны айғақтайды. Стилистикаға арналған зерттеулерде ойталқының әртүрлі функционалды стильдер аясындағы мәтіндер материалдары негізінде, соның ішінде көркем әдеби мәтін негізінде қарастырады. Сондықтан ойталқыны стилистикалық тұрғыдан қарастыру оны кеңірек түсінуге әкеледі [4, 70-71 бб.]. Мәтін лингвистикасында ойталқы және басқа да композициялық сөйлеу формаларының мәртебесін айқындау орыс және еуропа тіл білімінде шешілуіне қарай жүзеге асырылады.
Кейінірек бұл мәселе төңірегінде осыған жақын, көркем әдебиет тілін зерттеудің толық және барлық мүмкіндіктері туа бастады. Қазақ тілінің стилистика саласы, көркем әдебиет тілін зерттеудің бүгінгі аяқ алысы мен қазіргі тіл ғылымы саласына жаңадан қосылып,бір саласы ретінде қалыптасқан мәтін лингвистикасы пәні – осы еңбектердің жемісі.
«Мәтін прагматикасы оның мағыналық-ақпараттық мазмұнымен, авторлық интенциясымен, мәтін құрудың мотивімен, мақсат-мүддесімен байланысты болуымен қатар, алдымен, қабылдаушыға әсер ету, оның реакциясын туғызу, автордың тілдік тұлға ретіндегі интеллектуалдық мүмкіншілігі, қарым-қатынас аумағы сияқты мәселелермен байланысты. Қабылдаушы мәтінді түсініп, мәтін оған әсер етіп, оның жан-дүниесінде белгілі бір өзгерістер пайда болып, оның реакциясын туғызғанда ғана тілдік қарым-қатынас өз мүддесіне толық жетті деуге болады. Кез келген мәтіннің негізгі міндеті — прагматикалық талап-мүддені канағаттандыру, пікір алмасуды іске асыру арқылы коммуниканттардың жан-дүниесіне әсер етіп, оны «ояту», «реакция туғызу» [4, 179 б.].
Көркем мәтіндерінде ойталқының прагматикалық қызметін логикалық мазмұн стилін ескере отырып зерттеу дедуктивті типтегі ойталқының прагматикалық мақсаттылығы тыңдарманға бағытталған мазмұн шындығын негіздеу болып табылатынын көрсетті. Мұндағы прагматикалық эффект келтірілетін аргумент санына байланысты, себептік компонент ұзындығы артқан сайын прагматикалық әсері күшейе түседі. Сөйлеу – композициялық формалардың прагматикалық функциялары «жалпы құрылым түрінде кодталып, онда импмицитті түрде бар болады» [5,132 б.]. КСФ-ң прагматикалық бағыттылығында екі аспектіні көрсетуге болады: субъектілік және ықпал етушілік, яғни (оқырманға) адресатқа бағыныштылық .
Сөйлеу субъектісі категориясы қазіргі прагматикалық орталық категорияларының бірі.Сөйлеу субъектісі көркем шығармада автор ғана емес, көркем мәтін кейіпкері болуы да мүмкін.Авторлық сөйлеу жанында екі бейнелеу шегі мен өзін көрсету шегін көреміз. Бейнелеу баяндау мен суреттеу арқылы, ал авторлық ойталқы кейіпкер әрекетіне баға беріп, шегін көрсетеді. «Автордың өзін көрсетуі эксплицитті сипатқа (ашық) және имплицитті сипатқа (жасырын) ие болуы мүмкін». [6, 20 б.].
Авторлық ойталқылар сияқты, кейіпкер ойталқысының прагматикалық бағытының екі аспектісі де өзін көрсету мен ықпал етумен өзара тығыз байланыста, әрі бір мезгілде жүзеге асады. Үзіндіде ойталқы арқылы кейіпкертанылады, ол классикалық схемамен құрылмайды: тезис те, аргумент те,қорытынды да нақты айтылмаған, тілдік деңгейде бұл сөйлемдердің бір-бірімен грамматикалық байланысының болмауында көрінеді (көбіне толымсыз). Жиі-жиі өз сөзін өзі бөліп, айқындауыш, түсіндірмелер, нақтылау, одағайлар бар. Мұның бәрі кейіпкер білімінің саяз, мәдениеті төмен екенін көрсетеді.Сұхбаттаушыға тікелей сөйлейді: … Ойпырым- ау, «мың асқанға бір тосқан» дегендей екен. Ішіп алған соң сөздің «не атасы» бәрі де кетті. Шыдау мүмкін емес еді… Тілі күрмеліп, не айтқанын түсіну мүмкін болмай кеткен. Қиқаңдап, шорқақтап келе жатып ойлады. «…М… Мен… бе?… Менен.. Менен ұялады де? С… Сонда не. «некрасивыймын ба?» күлкісі келген сыңайлы…
Ж-жоқ. «Я красавчик!» солар не біледі-ей, мына мен туралы.., Ой.. әкең… баласы… Мен деген.. мен ішпедім…. Жай.. нетіп…былай.. Ия, нетіп әлгі, бас жаздым дегендей… Кім бас жазбайды дейсің?… Онысы несі-ей… Өзі бір… ішсе несі бар екен? Кім ? Туһ, Қап-ай, ә! Осылай неге айтпадым, а… жаңа айтсамшы, Қап! Қап!… Қайда өзі?! … (Ә.Ә.). Шығарманың өзіндік тілдік бітім-болмысы, бір жағынан, тілдік тұлғалардың шындыққа қатынасымен айқындалса, екінші жағынан, шығарма мәтінін құрудың, ұйымдастырудың ерекшеліктерімен айқындалады деп көрсетеді өз еңбегінде Б. Шалабай [6, 16 б.]. Диалог – ойталқылардың прагматикалық ұйымдастырылу ерекшеліктері бар, ол қатысымдық жағдайды: өзгерту, күшейту, әлсіздендіру арқылы реттеумен байланысты. Прагматикалық бағыттылықтың екі аспектісі де – өзін көрсету мен ықпал ету – өзара тығыз байланысты, әрі бір мезетте жүзеге асады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Байтұрсынов А. Шығармалары (Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер). –Алматы, 1989. – 297 б.
2. Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. – 463 б.
3 Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. –
581
4. Шалабай Б. Көркем мәтінді талдау әдістемесі мен тәжірибесі. – Алматы, 2008. – 124 б.
5. Ахметова М.К. Мәтін лингвистикасы – Орал, 2008. – 197 б.
6. Малинович Ю.М. Экспрессия и синтаксис художественного текста / Проблемы лингвистичесого анализа текста. – Иркутск, 1980. – 286 с.
7.Әлкебаева Д. Прагмастилистика – Алматы, 2008. – 114 б.
8. Ерназарова 3. Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. – Алматы, 2001. – 215 б.


Бөлім: Тілтану, Филология

Добавить комментарий