Лексикалану процесі — сөз тудырудың өнімді тәсілдерінің бірі



Лексикалану процесі тілдің лексикалық құрамын дамытуда маңызды рөл атқарады. «Лексикалану – тіл құрамындағы белгілі бір элементтің немесе сөз тіркестерінің дербес атауыш сөз мағынасын иеленуі немесе тұрақты тіркестің біртұтас сөз мағынасында жұмсалуы. Лексикалану процесі – тіл-тілдердің қай-қайсысына да тән құбылыс. Алайда тілдік бірліктердің (единицалардың) бір бүтін, дербес атауыш сөзге ауысу сипаты барлық тілде бірдей дәрежеде емес. Сонымен бірге лексикалану – баяу жүретін немесе белгілі бір қоғамдық-тарихи оқиғаларға байланысты туындайтын құбылыс» /1,254/. «Лингвистический энциклопедический словарь» атты сөздікте лексикалану дегеніміз: 1) превращение служебной морфемы (аффикса) в слово; 2) превращение словоформы или предложно-падежного сочетани в самостоятельное слово; 3) превращение словосочетание в слово: «спасибо» из спаси бог; 4) фразеологизация, возникновение идиоматич. сочетания из свободного: «бить баклуши», «заморить червяка» /2,258/. Демек, лексикалану – тілдің даму барысында белгілі бір тілдік құбылыстардың (көмекші морфемалардың, сөзформаларының, септік жалғауларының, сөз тіркестерінің, тұрақты тіркестердің) сөзге (туынды сөзге) ауысуын білдіретін лингвистикалық процесс.
Лексикалану тәсілінің әр түрлі сөз тудыру формалары арқылы жаңа сөздер қалыптасады.
Тіл білімінде лексикалану барысында сөз тіркестерінің тұрақты тіркестерге ауысуы туралы алғаш рет көзқарас білдірген ғалымдар И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ш.Балли, Я.Розвадовский, А.А.Шахматов және Г.Пауль болды. Тілші ғалымдар еңбектерінде «лексикалану» деген терминді қолданбағанымен, тілде мұндай құбылыстың бар екенін анықтаған болатын.
Тұрақты сөз тіркестерін алғаш зерттей бастағаннан-ақ ғалымдар олардың басты ерекшеліктерін, атап айтқанда, мағына тұтастығын, құрамындағы компонеттердің жеке тұрып мағына бере алмайтындығын анықтаған. Ш.Балли «тұрақты тіркестердің құрамындағы сыңарларының мағынасын жоғалтуы туралы айтқан», Розвадовскийдің айтуынша, «тұрақты тіркестер семантикалық жағынан біртұтас мағына ретінде қабылданады». Сондай-ақ сөйлемде тұрақты тіркестер сөйлемнің бір мүшесі ретінде қызмет атқаратындығы айтылған. Нақты осы аталған ерекшеліктері «семантикалық тұтастығы, тілде жеке сөз ретінде жұмсалуы» зерттеушілердің еркін сөз тіркестерінің тұрақты тіркестерге ауысу процесін «лексикалану» деп атауға негіз болды. Бұл процесс тілдік бірліктердің бір-бірімен мағыналас сөздердің кірігуі процесі ретінде қарастырылады. Айтылған процесті сипаттау мақсатында қолданылған «лексикалану» сөзін алғаш рет Париж лингвистикалық үйірмесінің өкілдері пайдаланған. Аталған термин біртіндеп ғылыми айналымға түседі де, кейінірек лексикологияға байланысты, әсіресе фразеологиялық жұмыстарда кеңінен қолданыла бастады.
Кеңестік тіл білімінде ХХ ғасырдың 50-60 жылдарынан бастап «лексикалану», «лексикаланған тіркестер» туралы пікір Р.А.Будаговтың «Введение в науку о языке» (М., 1965, 336-б), А.А.Реформатскийдің «Введение в языковедение» (М.,1967,121-123-б ), В.П.Перетрухиннің «Введение в языковедение» (Белгород, 1968, 139, 164, 166-б.) т.б. ғалымдардың еңбектерінде қалыптаса бастады.
«Лексикаланған тіркестер» терминін ұсынған ғалымдардың бірі А.А. Реформатский: «Слово в языке сочетаются друг с другом и образуют словосочетания. Свободными сочетаниями слов в предложении занимается синтаксис, раздел грамматики. Однако есть и такие сочетания слов, которыми интересуется лексикология, это не свободные сочетания слов, а лексикализованные, т.е. как бы стремящиеся стать одним словом, одной лексемой, хотя и не потерявшие еще формы словосочетания» /3,126/ десе, А.Н.Погребняк мұндай тіркестредің табиғатын сипаттауда өз ойын былай білдіреді: «… прежде чем стать устойчивыми, эти лексические образования проходят стадию свободных словосочетаний, которые на каком-то этапе, вследствие частого употребления в речи, становятся устойчивыми» /4,7/.
Лексикалану тәсілі бойынша сөз тудыру, сондай-ақ ағылшын тіліне де жат емес. В.Н.Ярцева ағылшын тіліндегі сөз тіркестерінің тарихи даму барысында сыңарларының бірінің көмекші сөзге ауысатыны туралы былай дейді: «Анализ истории словосочетаний в английском языке показывает, что многих случаях их преобразования идет по пути утраты одним из членов словосочетания его лексического значения и превращения его в служебное слово» /5,445/.
Л.А. Новиков ғылыми мақаласында орыс тіліндегі зат есімдердің көпше түрінің лексикалануын қарастыра келіп, былай дейді: «Лексикализованные формы числа могут настолько обособляться, что теряют внутреннюю связь с другими формами и образуют отдельные слова –омонимы» /6,82/.
В.Сухотин сөз тіркестерінің лексикалану барысында тілде әртүрлі құрылымдардың пайда болатыны туралы былай дейді: « Əр түрлі сөз тіркестерінің мағыналық тұтастығы жəне жиі қолданылуы тіл жүйесіндегі жаңа сападағы құрылымдардың пайда болуына апарады, сөйтіп, тілдің лексика-фразеологиялық, грамматикалық қоры толығады, онда сан қырлы фразеологизмдер мен идиоматикалық оралымдар жəне аналитикалық конструкциялар пайда болады». /7.170/.
Түркі тіл білімінде лексикалану құбылысына қатысты пікір білдірген біраз ғалымдар болды. Мысалы, Б.Орузбаева қырғыз тіліндегі күрделі сөзге (татаал сөз) сипаттама беріп, күрделі сөздің негізгі белгісі лексикалану деген қортынды жасаса, /8,29/ белгілі түрколог ғалым Ф.А.Ганиев татар тілінде күрделі сөздер тек сөзқосым арқылы ғана емес, сөз тіркестерінің лексикалануы, яғни сөз тіркестерінің күрделі сөзге ауысуы арқылы да жасалады дей келіп, соңғысының тіл білімінде ғалымдардың назарынан тыс қалып жүргенін айтады. Ғалым сөз тіркестерінің жаңа сөз жасау қабілеттерін көрсете отырып, сөз тіркестерінің лексикалануының бірнеше жолдарын атайды: компоненттер арасында синтаксистік байланыс бұзылады, компонент аралығындағы паузадан арылады, бір екпінге бағынады, сөздер
жиналып, біртектес мағынаны білдіреді /9,110/. Сонымен сөз тіркестерінің мағыналық даму барысында, әрі жиі қолданылуының нәтижесінде тұрақты тіркестерге немесе күрделі сөзге ауысуы арқылы тілде туынды сөздер қалыптасады.
Қазақ тілінде лексикалану құбылысының септік жалғауларға да тән екендігін К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» атты еңбегінен көруге болады: «… зорға, босқа, текке, бекерге, жатқа, бірге, кешке деген үстеулер барыс септік жалғауының көнеленіп, лексикалануынан жасалса, кейде, жаңада, әлгіде, күнде, лезде деген үстеулер жатыс септік жалғауының көнеленіп, лексикалануынан жасалған. Шығыс септік жалғауы мен көмектес септік жалғауының грамматикалық қызметтерінен айырылып, олардың лексикалануынан мынадай үстеу сөздер пайда болған: 1) жүресінен, етпетінен, шалқасынан, ежелден, тосынан; 2) шынымен, жайымен, ретімен т.б.» /10,374/. Сонымен қатар ғалым лексикалану барысында сөз тіркестерінің семантикалық жағынан да тұтасып, бір бүтін ұғымды білдіруінен күрделі сөздер жасалатындығын көрсетеді: «Тарихи тұрғыдан күрделі сөз кемінде екі сөздің тіркесуі арқылы жасалады. Ондай тіркестің тілдің даму барысында біртұтас сөзге айналуы процесі бірден бола салмайды, жəне бұл процестің аяқталуын айқындау да əрқашан оңай бола бермейді» дей келе, — «сөз тіркесі лексикаланған жағдайда оның құрамындағы сыңарлардың арасындағы бұрынғы синтаксистік қатынастары сақталмай, бір-бірі анықтайтын немесе толықтайтын қабілеттерінен айрылады» — деп көрсетеді /11.81/. А.Ысқақов сөз тіркестерінің лексикалануы, идиомалануы негізінде тілдік бірліктер жасалатынын айта келіп: «Жай синтаксистік тіркестің тұрақты сөз тіркесіне тән қасиетке ие болып, бір ұғымның атауы ретінде жұмсалуын лексикалану дейміз» /12,94/, — деп тұжырымдайды.
Белгілі қазақ ғалымы М.Томановтың «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» атты еңбегінде лексикалану құбылысының тарихи процесс екендігі туралы айтылады. Ғалым: «Қазіргі қазақ тіліндегі сыртқары, ішкері, шеткері, тысқары сөздері де осындай процестің нәтижесі»,/13,156/ — деп барыс септігінің тарихи дамуы туралы қорытынды жасайды.
Қазақ тіл білімінде сөз тіркестерінің тарихи даму бағыттарын және сапалық өзгерістерге ұшырауын, лексикалану процесінің алатын орнын біршама айқындайтын еңбек бір топ ғалымдар дайындаған «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі» атты монография болды. Авторлар «Сөз тіркестерінің сөйлеу процесінде біртіндеп лексикалық единицаға айналуы (номинативтену) қазақ тіліндегі сөз жасаудың ең бір өнімді тәсілдерінің және оның ішінде көне тәсілдерінің бірі болып саналады» /14,310/, — дей келіп, сөз тіркестерінің лексикализациялануының әртүрлі жолдарын (номинативтенуін, грамматикализациялануын, предикативтенуін, сондай-ақ сөйлемдердің сөз тіркестеріне ауысуын) тілдік материалдар негізінде көрсетеді. Алайда, сөз тіркестерінің аталған лексикалану жолдары қазақ тіл білімінде әзірше жан-жақты зерттеу нысанына айнала қойған жоқ.
Лексикалану мәселесі қазақ тіл білімінде кейінгі кезде сөзжасамдық бағытта біршама қарастырылып жүр. Мәселен, Б.Қасымның «Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негізі» деген монографиясында заттың күрделі атауларының жаслау жолдары кешенді түрде қарастырылды. Күрделі атау (сөз) жасалуының бір түрі лексикалану туралы ғалым: «Сөз тіркестерінің лексикалануы — күрделі атауға апаратын жол, сөзжасамдық үрдістің нәтижесі» /15,38/, — дей келе, күрделі сөздердің негізгі белгілерін көрсетеді: «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер – біріншіден, тұтас бір ұғымды білдіреді, екіншіден, құрамдағы сыңарлар үнемі мағыналық бірлікте болады, үшіншіден, сыңарлар өзара ыңғайласа құралып, тұтастықта жұмсалып, бір
ұғымның күрделі аталымын қалыптастырады» /15.66/.
Б.Момынова: «Лексикаланған немесе атаулық тіркестердің құрамындағы сөздер сөйлемнің жеке-жеке мүшесі қызметін атқармайды, құрамындағы компоненттерінің орнын бір-бірімен ауыстырып, қолдана беруге де келмейді. Мұндай сөздердің тіркесін С.Исаев екі зат есімнің анықтауыштық қатынаста жұмсалуы немесе айқындауыш мүше деп көрсетеді.» деп жазады. [16.82].
М.Сарсембаеваның кандидаттық жұмысында матаса байланысқан сөз тіркестері негізінде жасалған лексикаланған атаулардың уәжділігі қарастырылады. Сөзжасамның лексикалану тəсіл арқылы жаңа мағыналы туынды сөзжасау, əсіресе, термин жасауға байланысты белсенді қолданылады. Матаса байланысқан сөз тіркестерінің атаулық сипатқа ие болып, туында сөз ретінде жұмсалуы сөздік құрамды толықтыратыны даусыз. Тілші сөз тіркесінің лексикалану жолындарына мыналарды жатқызады:
1. Лексикалық-семантикалық тəсіл;
2. Грамматикалану тəсілі;
3. Предикативтену тəсілі /17/
Сонымен, туынды мағыналы сөз тудыруда лексикалану процесінің алатын орны ерекше. Лексикалану тәсілі арқылы жасалған сөздер тілде молынан кездеседі. Бұл тәсіл, әдетте, белгілі бір тілдік элементтердің дербес сөзге ауысуын білдіретін процесс болып табылады да, лексикалық қасиетке ие болады. Сөз тіркестері тілдің даму барысында түрлі өзгерістерді басынан өткізіп, кейде өзінің семантикалық мәні мен синтаксистік қызметінен қол үзіп немесе синтаксистік байланыс формалары мен тәсілдері өзгеріске ұшырап, басқа тілдік құбылыстарға ауысып отырса, енді бірде сөз тіркесі сыңарлары тұтасқан күйінде бірбүтін мағынада жұмсалып, тілде күрделі сөздердің жасалуына себепші болады. Лексикалану процесі нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік құрамға қосылып, оның қатары жаңа сөзбен толығуына жәрдемін тигізеді. Алайда сөз тіркестерінің басқа бір тілдік құбылыстарға ауысуы бірден бола салмайды, өте ұзақ уақыт аралығында болатын процесс болып табылады.
Қорыта айтқанда, лексикалану тәсілі арқылы жаңа сөз тудыру көптеген тілдерде кең тараған құбылыс.Тіл білімінде лексикалану құбылысы жайында құнды пікірлер болғанымен, лексикалану процесі бойынша сөз тудыру мәселесі арнайы қарастырылып, табиғаты терең зерделенді деу ертерек. Әлі де болса аталған тілдік құбылыстың қыр сырын жете түсінуде қарастыратын мәселелер аз емес. Белгілі бір тілдік элементтің атауыш сөз ретінде жұмсалып, туынды сөз жасалуы туралы теориялық мәселелер қазақ тіл білімінде енді-енді ғана зерттеліп, ол жайында ғылыми-ой тұжырымдар бірте-бірте орнығып келеді.
Жұмыстың өзекті мәселесі болған лексикалану процесі тілдің даму барысында белгілі бір тілдік құбылыстардың (септік жалғаулар, сөз тіркестері т.б.) сөзге (туынды сөзге) ауысып отыруын білдіретін, барлық кезеңдерде үнемі болып отыратын тарихи-жалғаспалы құбылыс болып табылады.

Әдебиеттер:

1. Қазақ тілі. Энциклопедия. А., 1998, 254-б.
2. Лингвистический энциклопедический словарь. М., 2002, с.258.
3. Реформатский А.А. Введение в языкознание. М., 2000, с.126.
4. Погребняк А.Н. Развитие номинативных средств современного русского языка / дисс. … к.ф.н./. Киев, 1989, с.7.
5. Ярцева В.Н. Предложение и словосочетание //Вопросы грамматического строя. М., 1966, с.445.
6. Новиков Л.А. Лексикализация форм числа существительных в русском языке //ФН, 1963, 77-89.
7. Вопросы синтаксиса современного руского языка. М., 1950.
8. Орузбаева Б. Сөз. — Бишкек, 1994, 29-б.
9. Ганиев Ф.А. Образование сложных слов в татарском языке. М., 1982, 110-б.
10. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 1993, 374-б.
11. Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. А., 1979, 94-б.
12. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991, 94-б.
13. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А.,1981.
14. Аблақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі. А., 1997, 310-б.
15. Қасым Б. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негізі (ф.ғ.д. … диссер.). А., 2002, 312-б.
16. Момынова Б. Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика: әлеуметтік бағалауыштық сөзжасам. А., 2005.
17. Сәрсембаева М. Матаса байланысқан сөз тіркесінің лексикалануы негізінде жасалған туынды сөздер семантикасы (ф.ғ.к. … диссерт.). А.,2006.


Бөлім: Тілтану, Филология

Добавить комментарий