Қазақстанда ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы элитаның рөлі



МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ 3

1 Ұлттық бірегейлену және оның теориялық-методологиялық негіздері

1.1 Ұлттық бірегейлену ұғымы және оның мәні мен теориясы 15

1.2 Ұлттық бірегейленуді қалыптастырудағы элитаның рөлі (примордиалистік, инструменталистік, конструктивистік әдістерді қолдану негізінде талдаулар)

33

2 Ұлттық бірегейлену және элита: тарихи-саяси талдау

2.1 ХХ ғасырдың басында Қазақстанда ұлттық элитаның қалыптасуы және элитаның қоғамдық-саяси қызметі 53

2.2 Кеңестік дәуірдегі номенклатуралық элита және кеңестік ұлт саясаты 72

3 Посткеңестік дәуірдегі еліміздегі саяси және рухани элитаның Қазақстанда ұлттық бірегейленуді қалыптастырудағы рөлі

3.1 Қазақстандағы қайта құру кезеңіндегі саяси жүйе және рухани-интеллектуалдық, саяси элитаның ұлттық сананы қалыптастырудағы қызметі 87

3.2 Тәуелсіз Қазақстандағы саяси және рухани-шығармашылық элитаның жалпыұлттық идеяны қалыптастырудағы рөлі 98

ҚОРЫТЫНДЫ

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХ ғасырдың басынан қазіргі күнге дейінгі Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы элитаның рөлі қарастырылады.Ұлттық бірегейлену ұғымының саяси ғылымдар тұрғысынан мәндік негіздері анықталып, Қазақстандағы ұлттық элитаның саяси сананың қалыптасуы мен дамуындағы рөлі сараптаудан өткізіледі. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы ұлттық бірегейлену мәселесі зерделенеді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі бүгінде полиэтникалық Қазақстан қоғамы жағдайында ұлттық, жалпыұлттық идея және одан туындайтын ұлттық бірегейлік мәселесі саяси деңгейде қоғамның ең бір өзекті тақырыптары ретінде аса белсенділікпен талқылануы, ең алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ұлттық саясатының негізгі мақсат-міндеттеріне сәйкес келуімен байланысты болса, екіншіден, әлемдік деңгейде кеңінен орын алып отырған жаһандану жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қазақстандық қоғамды біртұтас мақсат төңірегінде шоғырландыру және интеграциялау үрдісі мен ел азаматтарының ұлттық бірегейлігіне сәйкес деңгейін қалыптастыру арқылы жүзеге асырумен тығыз байланысты.

Кешегі Кеңестік республиканың құлауымен орын алған Қазақстандағы ұлттық қатынастардағы түбірлі өзгерістер, Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлттық, әлеуметтік-саяси бірегейлік сана-сезімдерінде дағдарыс нышандарын тереңдете түскені белгілі. Бұл қалыптасқан жағдайда объективті және субъективті себептерге байланысты туындаған ұлттық қатынастағы қайшылықтардың алдын алу, сол мақсатта мемлекет өз шеңберінде өмір сүретін әр түрлі этникалық және әр тілде сөйлейтін қауымдастықтардың өзара ұлтаралық келісім негізінде еркін дамуына алғышарттар жасауды, интеграциялану үрдісі арқылы бірегейлік сана-сезімін қалыптастыруды, біртұтас шоғырланған Қазақстан Республикасы халқын, азаматын қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне қойды.

Бұл аталған міндеттердің идеялық негізі Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның дамуы — қоғамның идеялық бірлігінде», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» және кейіннен шыққан «Ел бірлігі» ұлттық доктринасының жобасында көрсетілген. Онда бүгінгі Қазақстан қоғамында қазақ этносының ұлттық сана-сезімінің өскені баяндалып, ұлттық бірегейленудің қазақстандық үлгісін іздестіру мен қалыптастыру қажеттілігі атап көрсетіледі. Біздің еліміздің ерекшелігін (тарихи, географиялық және көпұлттылық құрамын) атай келе, Н.Ә. Назарбаев одан әрі бірегейлік мәселесіне екі деңгей тұрғысынан келе отырып, шешу қажет дейді. «Бірінші деңгей, ол Қазақстан халқын біртұтас азаматтық және саяси бірегей қауымдастық ретінде қалыптастыру болмақ. Суперэтникалық қауымдастық емес, ең бірінші орында нақ осы халық ретінде…», — делінеді Н. Ә. Назарбаевтың «Тарих толқыны» атты еңбегінде. Демек, көрсетілген алғашқы кезеңде мемлекет тек таза формальді бірлестіктен жалпыға ортақ құндылықтар негізінде біріккен сапалы деңгейдегі жаңа бірлестік болмақ.

Екінші деңгей қазақстандық және шетелдік қазақтардың ұлттық бірегейлігімен тығыз байланысты. Осы жерде қазақ ұлтының ішкі ұлттық бірегейленуі мәселесін шеше отырып, бірегейленудің алғашқы деңгейі — қазақ халқының азаматтық және саяси топтасуы мәселесін әсте естен шығаруға болмайды. Олар өзара тәуелді байланыста» [1, 118 б.].

Демек, Қазақстанда ұлттық бірегейленуді қалыптастыру тақырыбындағы мәселелердің өзектілігін саяси басшылықтағы элита тобы мен қоғамның мәдени өмірінің дамуына бағыт-бағдар көресететін рухани–интеллектуалдық элиталардың қызметімен тығыз байланыстыра отырып, мынандай сауалдар қою арқылы анықтамақпыз, яғни: Қазақстанның полиэтникалық қоғам жағдайында этномәдени бастаудағы ұлттық идея мен жалпы адамзаттық құндылықтарды қамтитын жалпықазақстандық идеологиясын кімдер іске асырмақ, оның белгілі бір субьектілердің қызметімен жүзеге аспақ па, әлде, ол тек объективті мемлекет заңдылықтары мен жарлықтары негізінде ғана іске аса ма? Саяси басшылықтың қызметімен байланысты десек, оларға кімдер жатады? Қоғамның төбе топтары-элитамен байланыстырсақ, олар кімдер? Элитаның қай тобы және олар қалай, қандай жолдармен, қандай іс шаралармен, қандай мемлекеттік механизмдер арқылы жүзеге асырмақ? деген мәселелер бүгінде аса өзекті, әрі қазақстандық қоғамда жауап іздеуді талап ететін мәселелердің бірі.

Тақырыптың өзектілігін жоғарыда келтірілген сауалдар негізінде анықтай отырып, негізінен, мемлекеттік негізде бірегей қазақстандық ұлт қалыптастырудың идеологиялық негізі-ұлттық және жалпыұлттық идеяның қалыптасуы, ең біріншіден, мемлекеттік деңгейде іске асса, екіншіден, бұл мақсат халық бұқарасының санасына арнайы іс-шаралар арқылы ықпал етуді көздейтін саяси және рухани-интеллектуалдық элита топтарының қоғамдық-саяси қызметтеріне байланысты екені анық. Аталған мәселе қазіргі қазақстандық қоғамда және жалпы теориялық тұрғыдан саясаттану ғылымында тек соңғы жылдарда ғана зерттеушілердің зерттеу объектілеріне айналды. Әсіресе, бұл тақырып кейбір отандық зерттеушілердің еңбектерінде сирек кедессе, ал шетелдік және ресейлік зерттеулерде бұл басты теориялық және эмпириялық тұрғыда зерттелініп келе жатқан мәселе болып табылады.

Сонымен, ұлт бірегейлігін қалыптастыру арнасында элита тобы — бұл әрқашанда елде ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда шешуші фактор екендігін ұлттық саяси тарихтың кезеңдері негізінде қарастыра отырып, элита тобының ұлт және ұлттық мемлекет жөніндегі көзқарастарының эволюциясына назар аудару, іс-тәжірибелік тұрғыдан элитаның қазіргі саяси үрдісте алатын орны мен ролін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл факторлардың басын ашу қазақстандық қоғамның элитарлық құрлымының өзіне тән ерекшелігін, саяси жүйенің трансформациялануында, мемлекет шеңберінде жүргізіліп отырған реформалар мен модернизациялық үрдістегі элитаның ролінің ара салмағын анықтауға мүмкіндік беретіні сөзссіз.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Ұлт және одан туындайтын ұлттық бірегейлену феномені және ұлттық бірегейлену үрдісіндегі элитаның ролі жөніндегі мәселелерді объективті түрде зерттеу мүмкіндігі Кеңестік дәуірде шектелген еді, сондықтан да, тек ХХ ғасырдың кейінгі 90 – жылдарында ғана ресейлік ғалымдар тобының зерттеулері негізінде Қазақстанда да қайтадан саясаттану ғылымындағы өзекті тақырыптардың біріне айналды.

Негізінен, аталған тақырып төңірегінде отандық саяси тарихта революцияға дейінгі кезеңдегі алғашқы еңбектер ХХ ғасыр басындағы ұлттық элита өкілдерінің — Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев, М. Шоқай еңбектерінде көтерілген еді [2]. Олар ұлттың өзін-өзі билеу идеясы астарында Ресей отаршылдығы жағдайында қазақ халқының ұлттық бірегейленуі мәселесі жөнінде және осы негізде ұлттық мемлекеттілік туралы өзекті тақырыптарды қозғады.

Ал кеңестік кезеңде ұлт және онымен тығыз байланыстағы ұлттық бірегейлену мәселесі таптық тұрғыдан пролетариат диктатурасы мүддесіне бағынышты деп қаралатын. И.В. Сталиннің 1913 жылы жазған «Марксизм және ұлт мәселесі» деген еңбегінде ұлт мынандай анықтама негізінде түсіндірілді: «Ұлт тілдің, территорияның, экономикалық өмір ортақтығы мен психологиялық ұқсастықтарының, мәдениеттің бірегейлігі негізінде тарихи қалыптасқан адамдар бірлігі. Бұл белгілердің бірі жоқ болса, ұлт ұлт болудан қалады»-деген теория Кеңес Одағында ұлт мәселесін шешу моделінің негізін салған еді [3, 296-297 бб.]. Бұл берілген анықтаманың өзі, кейінгі номенклатуралық–партиялық элитаның Орталық тарапынан барлық ұлттық аймақтардың интернационалдық ұран астарында «кеңестік бірегейлікті» қалыптастырудың негізгі тұжырымдамасына айналды [4, 51-65 бб.].

Мәселен, бұл ойды ұлттық мәселелердің методологиялық және тарихнамалық жағынан зерттеушілердің бірі — Ю.В. Бромлей «Ұлттардың толық тұтастығы коммунистік кезеңде іске аспақ, себебі, осы коммунистік даму жолының алғышарттары – одақтық және ұлттық мемлекеттіліктің одан әрі бірігуі барысында, шаруашылық интеграция мен экономикалық даму және әлеуметтік деңгейлерінің бірыңғайлануы барысында, интернационалистік сананың нығаюы жағдайында жүзеге асады» — деген ой қорытындысы дәлел [5, 41 б.]. Демек, Ю.В. Бромлей дегенмен де толық бірлестікке жету – бұл ұлттардың тұтасуы емес, ұлттар, тек тапсыз құрылымға өткенде шын мәніндегі ұлттарды құрайды десе, Л.Н. Гумилев этносқа берген анқтамасын келтірсек, «этнос — табиғи негізде өзіндік тәртіп стереотиптері негізінде қалыптасқан адамдар ұжымы және жүйе ретінде ерекше комплиментарлық сезім негізінде өзіне ұқсас жүйелерге қарама-қарсы қоятын қауымдастық» дейді. Демек, адамдар ұжымының ұстанатын тәртіп стереотиптері тек бірігіп өмір сүру барысында, яғни, тіл бірлігі, мәдениет, территория, материалды және рухани өмір тұтастығы негізінде қалыптаспақ, осының барлығы ұлт ұғымының негізін құрамақ [6, 12 б.].

Бірақ, жоғарыда келтірілген ұлт түсінігін уақыт өте келе, ғылыми қауымдастық мұндай күрделі ұлт сияқты саяси-әлеуметтік феноменді тек қарапайым белгілердің жиынтығынан тұратын құбылыс деп түсіндіру жеткіліксіз екендігін көрсетті.

Бүгінде ұлт және ұлттық бірегейлік мәселесі саясаттану ғылымында «ұлттық құрылыс» (national building) [7] деген атаумен белгілі батыстық зерттеушілердің ұлт және ұлтшылдық жөніндегі тұжырымдамалары негізінде сарапталады. Бұл тұжырымдаманың мәні, полиэтникалық қоғамның әр түрлі этникалық топтарынан біртұтас ұлт қалыптастыру болып табылады.Ұлттық құрылыс тұжырымдамасындағы ұлттық идея, негізінен, қандай да этнос өкілдерінің этникалық бірегейлігінен жоғары деңгейде қалыптасқан бірегейлік негізінде бірыңғай ұлт қалыптастыруға бағытталған. Әрине, аталған ұлт үлгісінің жүзеге асып, қалыптасуына әлеуметтік-саяси, экономикалық-мәдени объективті факторлар, мемлекеттіліктің құрылуы, саяси жүйенің ортақтығы мен территория тұтастығы негіз болса, субъективті факторлардың біріне мемлекеттің арнайы осы мақсаттағы ұлттық саясаты мен қоғамның төбе тобы — элиталар ұлт тарихын, мәдениетін жаңғырту арқылы ұлттың жаңа бірегейлігін қалыптастыру арқылы конструктивистік жоба негізінде жүзеге асыру жатады.

Осындай ұлт теориясын негіздеушілердің қатарына батыс еуропалық және американдық ғалым-авторлар: М. Вебер, Х. Кон, К. Дойч, Э. Кедури, Э. Смит, Д. Брейли, Э. Геллнер, және т.б. болса, ал ұлт мәселесін қоғамның төбе тобы-элиталардың қызметімен өзара байланыста қарастырғандар: В. Хесле, А. Лейпхарт, М. Олкотт, Э. Хобсбаум, Р. Брубейкер, У. Альтерматт, Б. Андерсон еңбектерін атауға болады.

Келтірілген авторлардың қатарында Э. Смиттің ұлт және ұлтшылдық концепцияларының тұжырымдаушылардың қатарында примодиалист зерттеушілердің бірі болып табылады. Оның көзқарасы бойынша қандай да бір ұлттың қалыптасуында этникалық фактор негізгі роль ойнады. Ол: «Өткен дәуірдің этникалық бірлестіктері мен қазіргі ұлттар арасында өзара байланыстың болуы заңды» дейді, — «себебі, ұжымдық тарихи және мәдени жады, фольклор барлық халықтарда бар. Ұлтшылдықтың түп тамыры қауымдастықтың қауіпсіздігі мен өзара бірлестігін нығайтуда болмақ. Сондықтан да, ұлтшылдық мазмұнындағы миф пен символдар, жоралар қазіргі қоғамдағы әлеуметтік байланыстар мен саяси іс-әрекеттердің негізі болып табылады», дейді [8, 87 б.]. Осы аралықта көңіл аударарлық мәселе, Э.Смит мифтер мен символдарды бұқара санасында жаңғырту арқылы қоғамның элита топтары мен мемлекет арнайы түрде ұлттың қалыптасуы жолында қолданылатын негізгі әдіс-тәсілдері ретінде сараптайды.

Ал Э. Геллнер ұлттардың қалыптасуына дәстүрлі қоғамға модернизацияның ықпалы басымдық танытқан кезеңде және осы үрдістерге төтеп бере алмаған жағдайда интеллектуалдар халықты лингвистикалық және мәдени жағынан байланыстырған дәстүрлі қоғамның құндылықтарын қорғап қалуға, бірақ, дәстүр мен модернизация арасындағы қайшылықтың трансформацияланып, ақыл-санаға негізделген жоғарғы рационалды мәдениет құндылықтарының қоғамда орнығуында жоғарғы интеллектуалдық-мәдени элита негізгі роль атқарады деп тұжырымдайды [9, 113 б.].

Ұлт мәселесін тұжырымдаушылардың бірі Б. Андерсон: «Ұлтшылдық қандай да бір жағдайда элиталардың іс-әрекетінен туындайды. Бұның өзі біріктіре ме, жоқ па, ең біріншіден, элитаның жеке іс-тәжірибесі мен ой санасына байланысты болса, екінші жағынан қоғамдық деңгейде ұжымдық ой санаға байланысты», — дегенін ескере кетсек, ұлттардың ұлт болып қалыптасуында элиталық төбе топ қоғамдық саяси қызметі арқылы маңызы зор рөл атқармақ [10, 32 б.].

Бүгінде тақырыптың теориялық негіздерін ой елегінен өткізіп, сараптауда, бұл құбылыстың нақты тарихи және қазіргі әлеуметтік-саяси жағдайдағы көрністеріне талдау жасап, зерттеген батыс ғалымдарының қатарында ресейлік зерттеушілер В.И. Миллер, В.В. Коротеева, О.В. Хованова, Л.М. Дробижева, В.А. Тишков т.б. белсенді түрде зерттеген. Оның ішінде ұлттық және азаматтық бірегейлену мәселесіне: А.Р. Аклаев, М.Н. Губогло, Л.М. Дробижева, Н.С. Мухаметшина, Р.Р. Галлямов, А. Здравомыслова, К.Н. Мицкевич, Л.М. Коротееваның, А. Празаускас, Г.У. Солдатова, ал этникалық теория тұрғыдан Л.Н. Гумилев, Ю.В. Бромлей, В.А. Тишковтың т.б. еңбектері арналған.

Ал ресейлік зерттеушілердің ішінде нақтылы сөз етіліп отырған тақырыпта жазғандардың ішінде Н.С. Мухаметшинаның «Трансформация «национализма» и «символьная элита». Российский опыт» деген еңбегі саясаттану ғылымдарының докторлық ғылыми дәрежесін алуы үшін жазылған еңбектің бірі [11]. Аталған еңбегінде автор Ресей мемлекетіндегі ұлттық округтарының Татарстан, Башқұртстан және т.б. автономияның саяси тарихы негізінде теориялық тұрғыдан ұлттардың қалыптасуында элита топтарының ішінде саяси және мәдени-интеллектуалдық элита топтары басты рөл атқарады дейді әрі, «Этничность в современном Татарстане: Воспроизводство этничности в татарстанском обществе на рубеже 1980– 1990–х годов» атты Л.В. Сагитованың ғылыми еңбегі негізінде «интеллектуалдық» элитаны «символдық элита» [12, 77 б.] терминімен ауыстыруды ұсынады. Ол өз тарапынан «символдық элита-этникалық құндылықтар мен символдардың мазмұнын негіздеп, БАҚ арқылы жария ететін ғылыми және шығармашылық элита» деген анықтама береді. Демек, бұл арада «символдық элита» деген термин арқылы сөз болып отырған ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-шығармашылық элитаның басты міндеті — ұлттық бірегейлік пен ұлттық идеологияның идеялық мазмұнын негіздеп, ұлттық маркерлер мен символдарды құрастыру, әрі оны бұқаралық санаға дәріптеп, жалпы қоғамның даму бағыт-бағдарын анықтау болып табылады. Бұдан шығатын қорытынды бойынша ұлттық қозғалыстардың идеологиясын ұлттық идеяны негіздеушілер — ғылыми-интеллектуалдық, мәдени-шығармашылық контрэлиталық топтар. Ал саяси элиталар — шешім қабылдау деңгейінде мемлекеттік стратегиялық мәні бар шараларды іске асыратындар.

Ұлттық идея мен ұлттық бірегейлік идеологиясын «интеллектуалдық топтардың» ішінде белсенді түрде кімдер таратады деген мәселе төңірегінде талдау жүргізген ресейлік зерттеуші Л.М. Дробижеваның зерттеулеріне сүйенсек, бұл арада автор бұл интеллектуалдар құрамына заңгерлерді, әлеуметтанушыларды, тарихшыларды, философтарды, тіл мамандарын жатқызады [13, 92 б.].

Ал А.Р. Аклаев пен Л.М. Дробижеваның бастауымен жазылған ірі реcейлік еңбектің бірінде ой-сана еңбегімен айналысатын интеллектуалдардың белгілі бір функцияларды атқаруда өз міндеттері бар, мысалы, олардың бір тобы ұлттық қозғалыстың негізгі идеясын құрастырады, тәуелсіздік пен ұлттық мүдделер үшін күресте өз шығармаларымен ұлттық сипаттағы идеяның эмоциялық көңіл-күйді қалыптастырып, этникалық сана-сезімнің оянуына ықпал етеді, ал журналистер мен тағы басқа БАҚ қызметкерлер оны бұқара санасына жеткізу ролін атқарады дейді [14, 151 б.]. Демек, «интеллектуалдар» құрамында тек саяси лидерлер ғана емес, сонымен бірге, билік құрылымдарының идеологиясын уағыздап, тарататын «инструменталды» интеллигенциялар, яғни, идеяны өзі негіздемей, тек көпшілікке тарататын элиталар жатады деген ой қорытынды жасайды.

Сонымен бірге, осы арнада элитология ғылымы шеңберінде посткеңестік кеңістікте орын алған трансформациялық үрдістердің басы қасында тұрған негізгі акторлары ретінде элитаның саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер барысындағы ықпалы жөніндегі аспектілері Г.К. Ашин, Л.Н. Васильева, О.В. Гаман-Голутвина, Н.С. Ершова, О.В. Кравченко, В. Крыштановская, М.А. Чешков, О.И. Шкаратан, Ю.Ю. Фигатнер т.б. еңбектерінде қарастырылған. Бұл ресейлік зерттеуші авторлардың бұл арада негізгі жетістіктерінің бірі — ұлт және ұлтшылдық мәселесін зерттеуде кеңестік ғылымнан ерекшелігі — методологиясын өзгертуі болып табылады. Олар ұлт мәселесін идеологиялық баға беру тұрғысынан емес, әлеуметтік-саяси феноменнің шынайы оқиғасы ретінде қарастырады.

Қазақстандық саясаттану ғылымында ұлттық бірегейленудің негізін құрайтын этникалық және саяси-азаматтық ұлт қалыптастырудың негіздемелері — ұлттық идея мен жалпыұлттық идеяның бүгінгі қазақстандық қоғамдағы идеялық және идеологиялық негіздемесі және ондағы элитаның ролі, ұлттық патриотизм аспектілері жөнінде қазақстандық ғалымдар — А.Б. Абсаттаров, Б. Абдыгалиев, Н.М. Садықов, Б.Г. Аяған, К.Н. Бурханов, Ж.Х. Жүнісова, Г.Ибраева, Р.А.Нұртазина, К. Қалиев, С.Г. Федосеев, С.М. Борбасов, А.Г. Косиченко, М.М. Сужиков, Р.К. Қадыржанов, К.Е. Көшербаевтың, А.Н. Нысанбаевтың, Н.В. Романованың т.б. еңбектерінде бар.

Сонымен қатар, нақ осы тақырып төңірегіндегі ғылыми зерттеулердің ішінде соңғы аралықта жарияланғандардың қатарында А.Ахметжанова мен А. Бухаеваның жұмыстарын атауға болады. Мәселен, Бухаева А. өз ғылыми еңбегінде ұлттық бірегейліктің қалыптасуының теориялық-методологиялық негіздеріне сараптама жасай келе, «ұлттық идея қазіргі Қазақстан қоғамының басты құндылығы ретінде азаматтардың ұлттық бірегейленуінің негізі болып табылады» дейді. Сондықтан да, мемлекет мақсатты түрде осы арнадағы саясатты жүргізу барысында туындаған этникалық қайшылықтарды заңдық, құқықтық негізде шешуі тиіс болса, екінші жағынан, қоғамның төбе топтары — саяси элиталар қоғамдық пікірге ықпал ету арқылы жалпы қоғамның дамуының бағыт-бағдарын анықтай отырып, азаматтардың ұлттық бірегейлігін қалыптастырады, бұл — элита топтарының басты жауапкершілігі болып табылады деген ой пікірін негіздеуге тырысады [15].

Ал А. Ахметжанова Қазақстанда саяси тұрақтылық жағдайында жаңа ұлттық бірегейленудің қалыптасуының саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және этникалық негіздерін тұжырымдауға тырысады. Көрсетілген еңбекте, әрине, қандай да болмасын ұлттық және саяси элиталардың роліне қысқаша ғана шолу жасалып, бірегейленудің тек объективті себептері мен алғышарттары ғана баяндалған [16].

Сонымен қатар, жалпы Кеңестік Қазақстанның саяси тарихында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үрдісінің рухани-мәдени интеллигенцияның қоғамдық қызметінде көрініс табуы жөнінде тарихи тұрғыдан Ж. Бекбулаттың «Историческая эволюция национального возрождения Казахстана в II половине ХХ столетия (1953-2001)» атты кандидаттық диссертациясында кеңестік кезеңің 70-80 жылдарында Қазақстандағы ұлттық-этникалық элитаның Орталық саясатына жанама қарсылық ретінде рухани-мәдени қызметтері арқылы, әсіресе, 80-жылдарда бой көтерген ұлттық сананың жаңғыруының алғышарттары қалыптасқандығы жөнінде баяндайды [17].

Қазақстандағы саясаттану ғылымындағы элитология саласынының дамуына және жалпы Қазақстанның саяси жүйесінің трансформациялану барысындағы элитаның ролі Е.М. Абен, Д.Р. Арын, М.С. Машан, Е.Ж. Назарбаев, Д.А. Сатпаев, И.Н.Тасмагамбетов, А.К.Тулегулов, А.Ж. Шоманов, А.Ч. Болатбаева, Г.В. Битюкова, Н.А. Абуева, Е.А. Ертісбаев, Г.Т. Илеуова, Т.Т. Исмагамбетова, Б.Т. Куппаева, А.Х. Курганбаева, Д.А. Сатпаев, И.Б. Сулейменов, Ш.К. Тухмарова, Т.Б. Умбеталиев және М.Н.Игалиев, Т.Әуелғазина т.б. еңбектерінде қарастырылады. Ал бұл мәселе тарихи қырынан: Н. Ерофеева, М. Қойгелдиев, Қ. Әбішевтің және т.б. еңбектерінде қамтылған.

Бүгінде қазақстандық саясаттану ғылымында ұлттық бірегейлену және осының негізінде ұлттық және жалпыұлттық идея мәселесі бойынша батыстық зерттеушілердің азаматтық және этникалық құндылықтар жүйесіндегі ұлт үлгісін біздің қоғамда қалыптастыру мүмкін бе?, ұлтты қалыптастыруда азаматтық және этникалық құндылықтар басым болуы қажет пе ? жалпы бүгінгі қазақстандық қоғам үшін жалпыұлттық идея қажет пе? деген сауалдар төңірегінде пікірталастар орын алуда.

Бұл мәселені қоғамдық деңгейде талқылау, бүгінде екі түрлі көзқарастың қалыптасуына түрткі болды. Мәселен, қазақстандықтардың бірнеше бөлігі ұлттық идеяның бүгінде қажеттілігі жоқ, себебі, әлеуметтік, саяси және т.б. идеялар мен идеологиялар уақыты өткен кеңестік кезеңде қалды, сондықтан да, нарық жағдайында саналы іс-әрекет пен индивидуализмге жүгінуі керек дейді. Ал қазақстандықтардың келесі бір бөлігі жалпыұлттық идеяны мүлдем жоққа шығарып, қандай да болмасын ұлттық негіздегі идея қауіпті және көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде өте зиян дейді. Олардың көзқарастары бойынша қандай да болсын ұлттық идея қандай да түрде болмасын бұқара санасында адамзатқа талай қасірет әкелген ұлтшылдықты тудырады.

Бұдан өзгеше көзқарасты жақтаушылар, яғни, көпұлтты мемлекетте ұлттық идея тек бір ғана этностың немесе халықтың идеясы болып қала алмайды. Қазақстандағы көпұлтты мемлекет ретіндегі ұлттық идея мән-мазмұн жағынан жалпыұлттық идея болуы қажет.

Бұл жерде атап өтер мәселе, республиканың саяси басшылығы кеңестік кезеңдегі ұлттың этникалық мазмұндағы түсінігінен бас тартып, ұлттың әлемдік теория мен іс тәжірибеде орныққан азаматтық негіздегі түсінігін қабылдап 1996 жылы сәуір айында Қазақстан халықтарының Ассамблеясының ІІІ сессиясында сөз сөйлей отырып, ел Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Жаңа бірегейлікті қалыптастыру тек демократия, бостандық, плюрализм, адам құқығы, азаматтық қоғам идеялары жалпыұлттық идеямен астасып жатқанда ғана сәтті болмақ. Бұл, менің пікірім бойынша тек екі ірі идеологиялық тақырыпта — саяси тәуелсіздік және Қазақстанның ішкі демократиялануы арнасында мүмкін. Жаңа бірегейліктің үлгісін іздеу, Қазақстан халқының өзін өзі жаңадан тану үрдісі сырт көзге қарағанда оңай, әрі қарапайым сияқты, ал бірақ іс жүзінде асыруға келгенде ең бір күрделі істердің бірі болып табылады. Бұның мазмұны мынандай: «Тек демократиялық Қазақстан ғана тәуелсіз бола алады. Бұның өзі, біріншіден, саяси тәуелсіздік болмайынша, Қазақстанда шынайы демократия болуы мүмкін еместігін көрсетеді». Және осы жерде үшінші компонент, ол Қазақстанда жаңа саяси азаматтық қауымдастық қалыптастыру болып табылады. Нақ осы азаматтық қауымдастық, мифологиялық суперэтнос емес» [1, 8 б.].

Ұлттық идея этникалық, мәдени, діни немесе басқа да тұтастық негізінде біріккен қандай да бір адамдар қауымдастығының ортақ ұстанатын түсініктері, идеалдары, стереотиптер, ұжымдық естеліктер мен құндылықтары болып табылады. Ұлттық идея негізінде, қазіргі әлемде этникалық немесе құрамы жағынан мультиэтникалық болып келген қауымдастықтың ұлттық бірегейлігі қалыптасады. Ұлттық бірегейліксіз, ұлттық идеясыз ұлт қалыптасуы мүмкін емес.

Диссертациялық зерттеудің нысаны: Полиэтникалық Қазақстан Республикасындағы ұлттық бірегейленудің қалыптасуы мен дамуының саяси-мәдени негіздерін анықтау.

Зерттеу пәні: Қазіргі Қазақстан қоғамындағы ұлттық элитаның ұлттық бірегейленудің орнығуына тигізетін ықпалын пайымдау.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақстанның саяси тарихындағы және қазіргі кезеңдегі саяси және рухани-интеллектуалдық, мәдени элитаның жалпыұлттық идея аясында этникалық және азаматтық бірегейлену сезімдерін қалыптастырудағы рөлін сараптау. Зерттеу жұмысының басты мақсаты — ұлттық бірегейленуді қалыптастырудағы элитаның рөлін теориялық-методологиялық негізде сараптау, оның атқаратын қызметіне саясаттанулық талдау жасау.

Осы мақсатқа сай зерттеу жұмысында мынандай міндеттер қойылады:

— ұлттық бірегейліктің қалыптасуының объективті және субъективті факторларын ғылыми түрде анықтау;

— ұлттық бірегейлік үрдісі қалыптастырудағы элита тобының рөлі мен орнын көрсету;

— саяси тарихи кеңестік дәуір мен қазіргі тәуелсіз қазақстандық саяси және рухани, интеллектуалдық-мәдени элиталардың халықтың бірегейлік санасын қалыптастырудағы қоғамдық қызметінің ерекшелігін зерттеу;

— Қазақстандағы саяси және рухани, интеллектуалдық-мәдени элитаның ұлттық идеология мен ұлттық қозғалыстардағы қызметтерінің үрдістерін анықтау;

— тәуелсіз Қазақстандағы азаматтық шоғырлану үрдісінің негізгі кезеңдері мен бағыт бағдарларына сараптама жасау;

— жалпыұлттық идеяның өркениетті, модернизацияланған қоғам жағдайында жүргізіліп отырған ұлттық бірегейлікті қалыптастыру саясатындағы рөліне сараптамалық талдау жасау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақстан Республикасындағы ұлттық бірегейлік процесінің қалыптасуын және бұл процестің іске асуындағы саяси, интеллектуалдық, мәдени және шығармашылық топтардың, яғни, элитаның рөлі кешенді түрде зерделенеді.

Диссертациялық жұмыста жаңалық дәрежесі бар төмендегі нәтижелер алынды:

— ұлттық бірегейлік ұғымының мәні және оның қоғамдық-әлеуметтік астарлары әлеуметтік-саяси субъектінің этникалық шығу тегі және нәсіл, жыныс, тіл, туған жер категорияларын сараптау негізінде тұжырымдалды;

— ұлттық бірегейлік примордиалистік, инструменталистік, конструктивистік әдістерін қолдану арқылы анықталып, оны қалыптастырудағы элитаның рөлі мен орны анықталды. Саяси элита мен интеллектуалды элитаның өзара байланысы көрсетілді;

— ХХ ғасыр басындағы Қазақстанда ұлттық элитаның қалыптасуының ұлттық бірегейлену процесі тұрғысынан маңыздылығы пайымдалды;

— Кеңестік дәуірдегі номенклатуралық элитаның қалыптасуы, оның ұлт саясаты мәселелеріне әсері саясаттанулық саралаудан өткізіліп қоғамдық санадағы кейбір ауытқушылықтар жіктеуден өткізілді;

— посткеңестік дәуірдегі Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда элитаның қызметі этникалық, азаматтық үрдістер тұрғысынан салыстырмалы сараптамалық талдаудан өткізіліп, олардың қоғамда атқарған қызметі сыни тұрғыдан тұжырымдалады;

— саясаттанулық ғылыми-зерттеу әдістері тұрғысынан қоғамдағы ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын іргелі саяси, мәдени құндылықтар сарапталып, солардың негізінде әртүрлі идеологиялар мен символдардың мазмұны жүйелі түрде саясаттанулық саралаудан өткізіліп, оның мағыналық іргетасы бағамдалды.


Бөлім: Саясаттану

Добавить комментарий