Қазақстандағы панасыз балалар



Мазмұны:

Кіріспе__________________________________________________3

I тарау. Кеңес үкіметінің панасыз балалар мәселесіне қатысты саясаты.

1.1. Үкімет және қоғамдық органдардың панасыз балаларды

қамқорлыққа алу туралы шешімдері. ____________________20

1.2. Орталық балалар комиссиясының құрылуы.________________25

II тарау. Панасыз балалар мәселесін шешудің бастапқы кезеңі.

2.1. Балаларды аштықтан аман сақтап қалу шаралары.___________30

2.2.Панасыз, жетім балалар мекемесі жүйесінің қалыптасуы._____41

III тарау. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезіндегі панасыз

балалар мәселесі.

3.1. Аграрлық реформалардың қазақ аулы балаларына

тигізген зардабы.________________________________________54

3.2. Қаладағы панасыз балалар.____________________________69

3.3. Қонысынан ауған қазақ қожалықтарының балаларына

жәрдем көрсету._____________________________________78

IV тарау. Панасыз балалар мәселесін шешудің нәтижесі мен сабақтары.

4.1. Орталық балалар комиссиясы қызметінің қорытындысы.___86

4.2. Қазіргі замандағы панасыз балалар мәселелері.__________100

Қорытынды.___________________________________________116

Қысқартылған сөздер, терминдер тізімі.____________________

Пайдаланған әдебиеттер тізімі._____________________________

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі

Мемлекеттің негізі жер болса, оның болашағы балалар, жастар деген ұлағатты сөз бар. Бұл шынында да ақиқатты айғақтаған тұжырым. Қазақ елі ежелден бала саны мен тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Бала болашағына ерекше саясат ұстаған дәуір – Кеңес үкіметі өмір сүрген жылдарға дөп келеді. Большевиктер мемлекеттік билікті қолға алмай тұрып-ақ, өздерінің бағдарламалық құжаттарында балаларды оқыту, мектептен тыс мекемелер ашып, оларды тамақ, киім – кешекпен қамтамасыз етуге баса назар аударған.

1917 жылы Қазан төңкерісі жүзеге асысымен, Кеңес өкіметі бұрын -соңды тарихта болмаған ауқымды деңгейде балаларға тиесілі саясатын бастады. Елде тегін білім беру ісі қолға алынды. Бала бақшалар, мектептен тыс білім беретін оқу орындары ашылып, оқулықтар, оқу құралдарын шығаруды жолға қойды. Бүгінде тоталитаризм қылмыстарын әділінен сынасақ та, большевиктердің жас ұрпақты жан – жақты, кемел тәрбиелеуге қол жеткізбек болған ниеті мен соның жолында істелінген шаралары гуманизмнен ада еместігін мойындауымыз керек. Большевиктердің көсемі В.И.Ленин “Барлық жақсылық – балаларға” деген қағиданы кездейсоқ алға тартқан жоқ. Ал Лениндік қағиданың жүзеге асырылуына Н.К.Крупская, Ф.Э.Дзержинский сынды серіктері өлшеусіз үлес қосты. Әр затты өз атымен атауымыз қажет. Егер кешегі тарихымызға күл шашумен орынсыз әуестенсек, бүгінгі өмірдің қадыр – қасиетін ұғынбақ түгілі, бұрынғыдан да ауыр қасірет пен қателікке ұрынамыз.

Отан тарихында балалар мәселесін бірінші кезекте шешу әрқашанда өзекті міндет болып келді. Бұл мәселенің ең асқынған тұсы XX-ғасырдың 20-30 жылдары деп білеміз. Өйткені азамат соғысы мен шетел интервенциясы, 20 жылдардың ортасынан басталған халық шаруашылығын индустриализациялау және әміршіл-әкімшіл жүйенің орнығуы, іле-шала басталған ауыл шаруашылығын күш қолданумен ұжымдастыру – бәрі ғасырлар бойы елде қалыптасқан ырғақты әрі табиғи дамудың үрдісін күрт өзгертті. Халық тұтасымен үйреншікті өмір салтынан ажыратылды, зорлық пен зомбылық салтанат құрды. Қаншама қазақ қожалықтары ата мекенінен көшірілді. Ақтар мен қызылдар арасындағы ұрыс – шайқас даласында сан мыңдаған азамат қаза тапты. Тап сол 20-30 жылдардағы елдің экономикалық негізінің шайқалуынан қазақ даласына жойқын аштық келді. Нәтижесінде ең қорғансыз әлеуметтік қауым – балалар шексіз жапа шекті. Панасыз балалар мәселесі күн тәртібіне қойылды. алу туралы шешімдері.

Панасыздық- жас ұрпақтың денсаулығын әлсіретіп қана қоймай дүниетанымына да айықпас жара түсіретін алапат. Ұлы ағартушы А.Байтұрсынов ашына жазғандай, “ұлым дейтін елі болмаса,елім дейтін ұл қайдан шықсын”. Тіпті құран сүрелері мен пайғамбардың хадистерінде балаларға қамқорлық жасау барша мұсылман қоғамының парызы екені ескертілген ғой. Кеңестер билеген Қазақстанда панасыз балалар мәселесінің асқынуы мемлекеттің болашағына төнген қатер екенін большевиктер қапысыз түсінді. Осынау әлеуметтік қасіретпен күресудің ұлан-ғайыр тәжірибесі жинақталды. Балалар панасыздығын жою жолында кемшіліктер мен қателіктер аз болған жоқ. Бірақ тұтастай алсақ, Қазақстандағы кеңестік билік осы игі істі оң нәтижеге жеткізді. Панасыз қалған балалар, мемлекеттің қамқорлығы арқасында ғана қырылып кетуден аман қалды. Кейінде бұлардың арасынан не бір кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшылар, механизатор мамандар, ғұлама ғалымдар, өнер саңлақтары шыққаны ақиқат.Ұлым деп тебіренген елі парызын қаншалықты абыроймен атқарса, еліне адал ұрпағы оның атақ- мәртебесін сонша асқақтатты.

Өткен ғасырдың 20-30жылдары жинақталған тәжірибе зая кеткен жоқ. Қайта құру мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда панасыз балалар мәселесі тағы да бас көтерген еді. Міне осы қатердің алдын алу барысында өткен күннің тәжірибесіне жүгінуге тура келді. Мәселенің асқынғандығы соншалықты панасыздықпен күреске елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуына туралы келді. Президенттің жұбайы С.А.Назарбаева халықаралық балалар қоры “Бөбекті” құрса, осыған ұқсас қорлар барлық облыстарда, қалаларда ашылды. Әйткенмен осы дерттің тамыры тереңге кеткен екен. Сондықтан да 2004жылы шілденің 9-күні президентіміз Н.Назарбаев “ Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы” Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Түптеп келгенде, аталған заң өткеннің тәжірибесіне негізделген әрі бүгінгі күннің ерекшеліктері мен өзек жарды мәселелерін кешенді айқындай алған. Атаулы заңның бұрын кеңес заманында қабылданғандардан басты айырмашылығы, мұнда жасөспірімдердің қадағалаусыз, панасыз қалуының профилактикасы жөнінде қызмет ұйымдастыру қарастырылған.

Қазіргі заманда дүние жүзінде 2 млрд. астам бала бар. Өкінішке орай, барлық елдерде көптеген балалар отбасынан тыс өмір сүреді. Яғни панасыздар мен жетімдер- 20 ғасырда толық шешімін таппай 21 ғасырға өзімізбен еріп келген әлеуметтік тауқыметіміз. Сондықтан болар, осы мәселе әлемдік деңгейдегі шешілуі күрделілер санатына жатады. Күні бүгінге дейін Азия, Африка, Латын Америкасында жетім және панасыз балалардың саны азаймай отыр. Осы әлеуметтік қасіреттің сан алуан себептерін санамалап жатпай-ақ, бұл мемлекеттер осынау мәселені шешуге қажырлы жұмыс істеуде екендігін айтсақ болғаны. Панасыздықпен күресудің Қазақстандық тағылымы мен қорытындылары халықаралық мән мағынасы бар құндылық. Сондықтан да осы елдер Қазақстанның осы саладағы тәжірибесіне назар салса, пайдасы аз болмас еді.

Панасыз балалардың пайда болуы мемлекет ішіндегі берекесіздік пен дағдарыстың ушыққанын көрсетеді. Өтпелі кезеңнің қиыншылықтары қоғамның ең бір басты институты –отбасының іргесін шайқалтып, әке-шеше мен бала қарым-қатынасына да сызат түсіргені белгілі. Өркениет жолына түскен ел панасыздықтың көзін құртпайынша қалаған мақсатына жетуі мүмкін емес. Басқаша айтсақ, 20-30 жылдардағы Қазақстанда панасыздық мәселесінің шешілуін бүгінгі азаттығымыздың қайнар бұлағының бірде болса бірегейі ретінде ұғынуымыз керек.

Мәселенің зерттелу деңгейі.

Отандық тарихи ғылымда мүлдем зерттелмеген тың тақырыптардың бірі-әлеуметтік жетімдік (балалар панасыздығы) тарихы.

ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бері қайтадан жаңғырған панасыз балалар мәселесі Кеңес үкіметінің саяси-экономикалық тарихымен тығыз байланысты екендігіне әлеуметтік тарихпен айналысатын ғалымдардың көзі жетті. Сондықтан да осы әлеуметтік күрделі мәселе большевизм көсемдерінің қоғамды революциялық жолмен қайта құру мақсатынан туындағандықтан, отандық тарихнамада оған қатысты деректер мол болғанмен, ғылыми зерттеулер толық жүргізілген жоқ.

Кеңес мемлекетінің алғашқы жылдарында әлеуметтік-экономикалық ғылымдардың белсенділігі жоғары деңгейге жетті. Қоғамда орныққан революциялық хал-ахуал патша заманынан шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелерді (қайыршылық, маскүнемдік, балалар панасыздығы) қысқа уақытта бір-ақ серпінмен шешуге болады деген жеңімпаздық көңіл күйді туғызды. Социализм мен қайыршылық, социализм мен панасыздық, қаңғыбастық бір-біріне мүлдем жат ұғымдар деп большевиктер тамырын тереңге жіберген мәселелерді бірден сылып тастағысы келді.

Патшалық Ресейде балалар панасыздығы өз шешімін толық таппағандығымен, қоғамда сол замандағы өткір әлеуметтік құбылыстар қатарында қызу талқыланып, газет-журнал беттерінде соған орай мақалалар шығып тұратын.

Москвада шығатын «Вестник воспитания» журналының 1914 жылғы екі санында А.И. Зактың «Типы детской безпризорности, преступности и проституции» деген көлемді ғылыми мақаласы жарық көреді. Осы зерттеуде автор панасыз балалар тағдырын төрт жылдай арнайы зерттеп, соның қорытындысын оқырмандармен бөліседі. Зерттеуші балалар панасыздығы, қылмысы, жезөкшелігі кеше ғана пайда болған кесапат емес дей келе, осы мәселеге байланысты тұтас бір теория жасайды. Сол теориядан үзінді келтірейік: «Ресейде соңғы 10 жылдықта сотталған жасөспірімдер санының өсуі АҚШ тағы балалар соты үлгісіндегі ұйымның бізде де құрылуының бірден бір себебі болды. Балалар соты, яғни қамқоршы институты ресми орган ретінде сотпен қатар қызмет етеді. Осы игі бастаманың арқасында заңгерлерден басқа, қала интеллигенциясының әр алуан өкілдерін балалар өмірін қорғау ісіне кеңінен араластыруға мүмкіндік туады» [1]. Одан әрі қарай автор балалық шақта адамның дүниетанымының кірпіші қаланады, сондықтан бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлген дұрыс деп өз заманы үшін озық пікір айтады. Жас қылмыскерлерді түрмеде емес, арнайы түзету -тәрбиелеу мекемелерінде ұстау, турасын айтсақ қоғамдық тәрбиелеудің артықшылығына оқырмандардың көзін жеткізуге тырысады. Зерттеуші мақала соңында балалар панасыздығынан құтылудың бірден бір жолы қоғамның назарын осы әбден шиеленіскен мәселеге аударту, қоғам мүшелерінің панасыздарға оң көзқарасын қалыптастыру керек деген тұжырым жасайды.

Кеңес үкіметінің әлеуметтік жетімдікке арналған тұңғыш жариялымдары қатарына Е.Д.Кускованың «Беспризорная Русь» атты мақаласын қоюға болады. Онда Кускова өткен ғасырдың 20 жылдарында Россиядағы панасыз балалардың өмірін жан-жақты сипаттайды. Мақала авторының панасыз балалардың аянышты халін терең сезініп, осы қайғы-қасіреттің түп тамырын таба білгендігі оқырманды тәнті етеді. Зерттеуге мұрындық болған маңызды деректер ретінде Прагада шығатын «Русская школа за рубежом» журналында басылған А.В.Маклецов мақаласы, В.М. Зензиновтың «Беспризорные» деген кітабы аталады. Автор панасыз балалар қайдан шығады деген сұрақты өзіне өзі қойып, оған былай жауап береді: «Мен отандық баспасөз беттерінде жиі айтылып жүрген азаматтық соғыс салдарымен байланыстырудан аулақпын. Орыс деревняларындағы аштық, қолөнершілерді, олардың шеберханаларын жою (онда қаншама кедей баласын еңбекке, кәсіпке баулыды) кішкентай қаңғыбастардың қалың армиясын туғызды» [2]. Кускова бірінше кезекте кеңестерді балалар панасыздығымен күрестегі бассыздығы үшін кінәлайды. Большевиктер арасында елдің экономикалық және мәдени жағдайына сай келмейтін жаңа құрылымды халыққа күштеп тану эксперименті ұзаққа созылып кетті деп өкінеді. Осыдан автордың қалыптасқан жағдайды өзгертуге дәрменсіздігі байқалады. Мақала соңында Е.Д.Кускова ендігі жерде балалар панасыздығынан құтылудың бірақ жолы бар елдің бүкіл организмін, бәрінен бұрын шаруашылық -мәдени өмірін тұтас өзгерту керек деген қорытындыға келеді.

20 жылдардың басындағы жаңа заман педагогикасы балалар тәрбиесіне қатысты революцияға дейін орныққан кейбір теорияларды жоққа шығарды. Мысалы, кеңестік педагогиканың негізін салушылардың бірі А.С.Макаренко өзінің «Беспризорность и борьба с ней» деген кітабында В.М.Зензинов, А.И. Зактың «туа біткен қылмыстық қасиет» теориясын ескі буржуазиялық қоғамның сарқыншағы деп сынайды. А.С. Макаренконың пікірінше, туа біткен қылмыс жоқ, тек әлеуметтік теңсіздік, қысымшылдық салдарынан болатын қылмыспен күресу керек. Сондай-ақ буржуазиялық авторлар Зак А.И. Кускова Е.Д. өз еңбектерінде бала тәрбиесінде отбасы, әке-шешенің ролін жоғары бағаласа, А.С.Макаренко керісінше, бар пәле отбасынан, ескіше тәрбиеленген ата-анадан шығады, сондықтан балаларды тәрбие фабрикасына (мектеп-интернат, коммуна) орналастыру керек деп үгіттейді. Кеңестік Ресейде панасыз, жетім балаларға арнап тұңғыш коммуна ашқан педагог өз тәжірибесінен туындаған ой-толғаулармен коммунарлық тәрбиеге арналған еңбегінде бөліседі: «қайыр сұраған балаға садақа беру баланың психикасын бұзады, көшеде кезуге итермелейді. Қайыршы баланы қолынан жетектеп, балалар үйіне әкелу керек» [3]. Ұлы педагогтың осы ескертуі қазіргі заманда да өз тәрбиелік маңызын жойған жоқ.

Ал РСФСРдың тұңғыш Халық ағарту комиссары А.В. Луначарский болса, Макаренконың пікіріне қосылмай, қайта бала өміріндегі отбасының ролін жоғары қойып, балалар мекемесін болашақ тәрбие лабораториясы ретінде қарастырады. Кейінгі кеңестік педагогикадағы жинақталған тәжірибе Луначарский көзқарасының дұрыстығын, өміршеңдігін көрсетті.

Кеңес үкіметінің батапқы кезеңінде оқу-ағарту саласының мамандары кәмелеттік жасқа толмағандарды құқықтық жағынан қорғаудың социалистік жүйесін қалыптастырып, ата-анасыз қалғандардың мінез-құлқын түзету, тәрбиелеумен айналысты.

Осы жүйенің теориялық негізін салушылар ретінде А.С.Макаренко мен Н.К.Крупскаяны атауға болады. Н.К.Крупская «К вопросу о детдомах» деген мақаласында балалар мекемелеріндегі тәрбие жұмысын терең ойластыру керек, өйткені балалардың болашағы бізді қатты толғандырады деген болатын [4].

Сол жылдары белгілі физиолог ғалым Н.М. Щелованов сәбилер үйі мен жетімханадағы балаларды тәрбиелеудің жаңа әдіснемесін жасады. Автор өз еңбегінде жетімханалар тек тастанды сәбилерге пана болатын уақытша орын емес, қайта әке-шешесінен мүлдем айрылған тұл жетімдер үшін аса қажет мекеме деп қарастырады. Белгілі ғалым сол кездің өзінде балаларды мемлекеттік тәрбиелеу жүйесінің үш сатысында,-яғни сәбилер үйі-жетімхана-балалар үйінің арасында тәрбие жалғастығы мен үйлесімділігіне басты назар аудару керек деп көреген пікір айтқан болатын [5].

Азамат соғысы аяқталысымен, іле-шала панасыз балалардың өмірін қорғау үшін арнайы комиссия құрған Төтенше Істер Комиссиясының төрағасы Ф.Э.Дзержинский балалар панасыздығымен күрестің болашақ стратегиясын жасады, сонымен қатар аудандық комиссиялар құру арқылы балаларды қамқорлыққа алудың кезек күттірмес шараларын жүзеге асырады. Ол халық алдында революциялық жалынмен сөйлеген сөздерінде мемлекеттік коммунарлық тәрбиенің артықшылығын дәріптеді. Қорыта айтсақ, В.И.Ленин, Ф.Э.Дзержинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко сынды қоғам қайраткерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында құрылған мемлекеттік тәрбие жүйесі екі әлеуметтік дәуір айырығында балаларды аман сақтап қалу үшін қызмет етті, барлық панасыз, жетімдерге бірдей жағдай жасауға тырысты. Тіпті сол тауқыметі мол заманда балалар үйінде тәрбиеленетіндердің отбасындағы балаларға қарағанда бірқатар артықшылықтары да болғандығы жасырын емес.

20-30 жылдарда Кеңес елінде жүргізілген саяси-экономикалық реформалар салдарынан халықтың тұрмысы күйзеліп, панасыз,жетім балалар күрт көбейіп, үлкен әлеуметтік мәселеге айналғаны тарихтан белгілі. Қазақ панасыз балаларының тарихын ашуда Қазақстан Жастар Одағының көсемі Ғани Мұратбаевтың мақалары құнды еңбек болып табылады.

Түркістан автономиясының тұңғыш басшысы Т.Рысқұловтың еңбектерінде қазақ даласын екі дүркін жайланған сұмдық аштық кезінде халықты апаттан алып қалу үшін жеке басын қатерге тігіп, ұлы қайрат көрсеткен екі кезеңінен нақты мәліметтер баршылық.

Әсіресе Т.Рысқұловтың И.В.Сталинге үш қайтара жазған хаттарын большевиктік өкіметтің халыққа қарсы қылмысты саясатының тұнып тұрған айғағы деп қарастырған абзал.

Алаштың ардақты азаматы Мұстафа Шоқайдың “Туркестан под властью Советов” деген кітабында Түркістан автономиясының алғашқы күндері-ақ ашаршылықпен басталғанын, Түркістанда Кеңес үкіметі түркістандық кедейлердің, олардың әйелдері мен балаларының сүйегінің үстіне орнаған деп ашына жазуында бұлтартпас шындық жатыр [6].

20-жылдары революциялық хал-ахуалдан туындаған балалар панасыздығының 30-жылдарда қайтадан өршуі большевиктік аграрлық реформалармен тығыз байланысты болғандығы қазіргі зерделі қауымға белгілі болды. Осындай экономикалық жағынан ойластырылмай жүргізілген реформаның қарапайым халыққа кесірін осыдан екі ғасыр бұрын қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов ескерткен болатын. Ғалымның таңдамалы шығармалар жинағында, дәстүрлі қазақ қоғамының болмысын, үрдісін ескермей, оған ырқынан тыс танылған реформалар адам баласын жойқын апатқа душар етеді деген көреген пікір, болжамы келтірілген [7]. Шоқанның осы ойының жетегінде мынаны ескерте кету қажет. Қазіргі заманғы модернизация теориясы аумағындағы ғылыми ізденістер Шоқанның көзқарасының маңыздылығын тағы да күшейте түседі. Өйткені соңғы кезде өркениет теориясына деген сұраныс күшейді. Осы теорияға сай дүниежүзілік тарих біртума мәдениет, не өркениет аясында жасалады. 20 ғасырдың соңында ресейлік белгілі ғалым Г. Н. Шахназаров “Откровение и заблуждение цивилизации”атты монографиясында ұлттың, тіпті жер бетінен жойылуға шақ қалған аз ұлттардың да өзінің төл мәдениеті, дәстүрлі шаруашылығының аясында өмір сүруге құқығы барлығын қалың жұртқа ғылыми тілмен дәлелдеуге талпыныс байқалады. Көшпелілер өркениетінің әлемдік өркениет ішінде өзіндік ешкімге ұқсамайтын орны бар, оны жою-қылмыспен парапар екендігін оқырман қауымға ескертеді [8].

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары тарихи әдебиетте серпіліс болмады, өйткені сталиндік қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталды. Қоғамдық әлеуметтік мәселелерді талқылауға тиым салынды, тарихи зерттеулердің бәрі қатаң идеологиялық бақылауға алынды. Сталинизм кезеңі, 20-30 жылдары большевиктік аграрлық реформалар, соның салдарынан болған ашаршылық тақырыптары жабулы қазан жабулы күйінде жатты. Кеңес мемлекетінің саяси, әлеуметтік, экономикалық тарихы БКП(б) қысқаша тарихы негізінде таптық тұрғыдан партияның ресми бағытына сәйкес зерттелді. Аға буын, оның ішінде ғалымдар мен зерттеушілер бұл нәубеттің сырына қанық болса да, ол туралы ауыз ашуға дәрменсіз еді.

“Қызыл империя” тұсында 20-30 жылдардағы ауыл шаруашылық реформаларына деген оң көзқарас болды. Республиканың ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, қазақ аулын кеңестендіру мәселелеріне отандық тарихшылар көлемді еңбектер жазды. Солардың қатарында Р.Б. Сулейменовтың “Великий Октябрь и культурные преобразования в Казахстане, Дахшлейгер Г.Ф., К.Нұрпейісовтің “История крестьянства Советского Казахстана”, Б.А. Тулепбаевтың “Торжество ленинских идей социалистического преобразования сельского хозяйства в Средней Азии и Казахстане”, Ә.Б.Тұрсынбаевтың” Қазақстандағы колхоз құрылысының жеңісі“ атты монографияларын айтуға болады [9]. Бірақ бұл авторлар өмірлік және ғылыми мәні бар көптеген сауалдарға жауап бере алмады. Олар кеңестік тарихымыздың басты кезеңдері мен өзекті мәселелеріне өз пікірлерін тек тұспалдап айтуға ғана мәжбүр болды. Жоғарыда келтірілген зерттеулермен басқа да көптеген жариялымдар халықтың тарихи шындыққа деген сұранымын қанағаттандыра алмады.

Кеңестік тоқырау заманында, 60-жылдардың екінші жартысынан 80-жылдардың ортасына шейін әлеуметтік қоғамдық өткір мәселерді зерттеуге де шек қойылып, жетім балалар мәселесі мемлекеттік мекемелер жүйесінің дамуы тұрғысынан ғана ресми, бір жақты сипатталды. Педагогикалық саладағы осы кітаптарда негізінен балалар үйлеріндегі оқу-тәрбие жұмысы, ауыл-шаруашылық коммуналар, мектеп-интернаттар, қоғамдық балалар қоры, өндіріс тарапынан қамқорлықты (шефство) дамыту, балалар үйіне халықтың назарын аударту үшін жүргізілетін қысқа мерзімдік науқандар туралы сөз болады.

Сол кездегі панасыз, жетім балаларға қатысты ауқымы кең, мазмұны терең зерттеулер жоқтың қасы. Бірен-саран кітаптардың ішінде шоқтығы биік көрінетіні- белгілі кеңес жазушысы, В.И.Ленин атындағы балалар қорының төрағасы Д.Лихановтың “Драматическая педагогика”атты кітабы. Онда автор кеңес уақытындағы жасөспірімдер әлемі, олардың рухани дүниесі, есею кезеңінің қиыншылықтары, үлкендер мен жеткіншектердің қарым-қатынасы, балалар үйінің күнделікті өмірі, сырт көзге көріне бермейтін жетім баланың жан дүниесіне қаяу түсіретін тұрмыстық мәселелері жөнінде сыр шертеді [10].

80жылдардың екінші жартысынан бастау алған қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құру мен демократияландыру отандық тарихтың көптеген құпия беттерін қайтадан зерделеуге жол ашты. Отандық тарихтың ақтаңдақтарын танып білудің ізашарлары болған М.Қ.Қозыбаев, К. Нұрпейісов, Ж.Б.Абылхожин, Т.О.Омарбеков, Қ.С. Алдажұманов сынды тарихшылар. 1920-1930 жылдары Қазақстанда жүргізілген аграрлық реформалар көптеген зерттеулердің көкейтесті тақырыбына айналып, тарихи обьективтік бағасын алып жатыр. Осы тақырыпқа жазылған монографияларда “қазақ аулын советтендіру”

саясатының алғашқы құрбандары- жас балалар мен жасөспірімдердің тағдырына арналған тараулар бар.

Халыққа танымал демограф-ғалымдар М.Тәтімов, М.Х.. Асылбеков, Н.В.Алексеенко еңбектерінде демографиялық ғылымның әдіснемесін пайдаланып, 1931-1933 жылдары ашаршылықта қырылған халық, оның ішінде шетінеген балалардың саны, сол демографиялық апат салдары нақты айғақтар, фактілер арқылы дәлелденеді. Демографтар 1932-1933 жылдар құрбандарының нақты санын анықтау үшін ,1926 жылғы Бүкілодақтықтық халық санағының деректерін талдап, оны 1939 жылғы халық санағының деректерімен салыстырады [11]. Осы екі санақ арасындағы айырмашылық негізінде ашаршылық құрбандарының шығынын тұңғыш рет анықтауға мүмкіндік туды.

Т.О. Омарбеков, Ж.Б.Абылхожин өз диссертацияларында жаңа методологиялық ұстаным тұрғысынан 20 жылдардағы большевиктік аграрлық өзгерістерінің негізгі мазмұны мен нәтижесін, халыққа тигізген зардабын жан-жақты баяндайды. Тарихшылар осы мәселені жалпы 20 ғасырдың алғашқы ширегіндегі қоғамдық-саяси оқиғалармен біртұтас органикалық негізде қарастырады, қазақ даласына зұлматтың келу себептерін ашып көрсетеді.

Кеңестік тарихтың қаралы беттеріне арналған шетелдік ғалымдар М. Олкотт, Р.Конквестің 80-90 жылдары жарық көрген еңбектерінде Қазақстанға қатысты ойлар, тұжырымдар бар. Ұлы жұтқа алып келген саяси-экономикалық алғы-шарттарға талдау жасалады, адамзаттың дәстүрлі мәдени -тарихи типтерін түсінбеушілік далалықтардың трагедиясына айналғанын айтады [12].

Қазақстандық ғалым В.Михайловтың “Хроника великого джута” атты деректік кітабы 30 жылдардың басында қазақ даласына келген ұлы трагедияның түп тамырын, себептері мен сипатын ашатын тұңғыш ірі зерттеу болып табылады. Кітапта большевиктік этноцидтің технологиясы әшкереленеді, Ұлы Жұт кезінде аман қалғандардың жан түршігерлік куәлары келтіріледі. Әсіресе қаладағы панасыз балалардың жаппай қырылуы туралы нақты деректер, естеліктер баршылық [13].

З.Қыстаубаевтың “Қызылдар қырғыны”, Х.Сейіткемеловтың “Шұбырынды қанды босқын” деген атпен көпшілікке арналып жазылған әдебиетте 30 жылдардағы зұлмат кезінде өмір сүрген адамдардың естеліктері, халық басына түскен қайғы-қасіретті жеке адамдардың тағдыры арқылы шынайы бейнеленген [14].

Белгілі тарихшылар М.П.Малышева мен В.С.Познанскийдің “Казахи-беженцы от голода в Западной Сибири”атты көлемді монографиясы Новосібір мемлекеттік архиві, Омбы, Барнауыл облыстық архивтері негізінде жазылған. Кітап ашаршылық жылдары Батыс Сібірге жер ауған қазақ отбасыларының тағдырына арналған. Кітапта Батыс Сібір өлкелік атқару комитетінің қазақ босқындарын аштықтан аман алып қалу, тұрмыстық жағдайларын жөндеу, жұмысқа орналастыру сияқты істелінген қызметі баяндалады. Қоныс ауушылық салдарынан қаптап кеткен панасыз балалардың өмірін қорғау, оларды балалар үйлеріне орналастырып, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету сияқты кезек күттірмес істер жүзеге асырылады [15]. Кітапта сол жылдарда босқын қазақтарға байланысты игі істермен қатар ұлы державалық шовинизмнің де бой көрсеткені бүркемеленбей, ашық айтылып, оған қарсы мемлекеттік, партия органдары тарапынан қолданған шаралары баяндалады. Осындай зертеулер авторлардың өмірлік ұстанымын айғақтайды.

1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың бала-шағасының тағдырын танып-білуге деген сұраныс соңғы жылдары отандық тарихшылар НКВД, КГБ архивтерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алғасын біршама орындала бастады. Алайда демократияландыру мен жариялылық заманында әлі де жарыққа шыққан деректерден гөрі құпиялық грифімен “жабулы қазақ жабулы”күйінде жатқан құжаттар баршылығы таңдану мен ашу- ызаны туғызады.

Ресей ғалымдары Ф.А.Карманов.С.А.Панов құрастырған “Реабилитировано посмертно” атты жинақта қайта құру кезеңінде баспасөз беттерінде жарық көрген сталиндік репрессия құрбандарына арналған материалдар келтірілген. Онда қуғын сүргінді басынан өткізгендердің естеліктері, Кеңес Одағында орын алған заңсыздықтар, 30 жылдардағы саяси сот процестері туралы сөз болады. Солардың ішінде жазушы Лев Разгонның “Малолетки” деген мақаласында сталиндік лагерде Қылмыстық кодекстің 58 бабы бойынша сотталған жасөспірім арестанттардың (малолетки) ауыр тағдыры баяндалады [16]. Бала мен түрме ұғымдарының арасында жер мен көктей қайшылық жатқанын, ГУЛАГ жүйесінен аман- есен өткен балалардың тән жарасынан гөрі жан жарасын жазу мүмкін еместігін ашына жазады.

Журналист Армиял Тасымбековтың “Жан дауысы. Алжир” деген кітабында сталинизмнің қанқұйлы саясатының құрбаны болған ұлт зиялылары өкілдерінің қым-қиғаш тағдыры сөз болады. Жинақтағы зерттеліп отырған тақырыбымызға арқау болар “НКВД балалары” деген әңгімеде халық жауының баласы атанып, сталинизм тепкісінен тентіреген қазақ сәбилерінің ауыр тағдыры естеліктер негізінде шынайы айтылған [17].

Тәуелсіздік жылдары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде отандық тарихтың ақтаңдақ беттеріне қатысты мақалалар кеңінен жариялануда.Тарихшы Э.Баймағамбетованың “Қазақ тарихы” журналында басылған “АРА-Қазақстанда”делінетін зерттеуінде АРА-ның Кеңестік Ресейге (соның ішінде Қазақстанға) жасаған жәрдемі орасан зор болғандығын айтады. АРА Қазақстанда әсіресе, балаларды тамақтандыруға көп көңіл бөлген.Оны растайтын архив деректері көптігін айтып, автор Ресей, Қазақстанның архивтерінен алынған мағлұматтарға қосымша Гувер архивын пайдаланған[18].

С. Иманбаева “Ақиқат” журналында жарияланған ”Ұлт зиялылары ашаршылық тұсында” деген мақаласында 1921-1922 жылдары ашыққан елге М.Дулатов, Ж. Аймаутов басшылығымен өз тұсынан жәрдем беретін айрықша қазақ комитетінің құрылғанын, осы комитеттің нақты істеген істері жөнінде айтылады [19].

1921-1922 жылдардағы аштық туралы З.Ижановтың “Ана тілі” газетінде жарияланған мақаласы бар.Онда автор ашаршылыққа ұшыраған батыс аудандары туралы тың деректер келтіреді. Қазақстанда 1930 жылдардағы болған аштыққа байланысты материалдар “Жұлдыз”, “Ақиқат”, ”Ана тілі” журналдарында жиі кездеседі [20].

Қ.Алдажұманов пен Б.Елкеевтың “ Босқындар”деген мақаласында 1932-1933жылдары Қырғызстанға жер ауған панасыз қазақ балаларының тағдыры туралы әңгіме болады. Оларға Қырғыз үкімет органдары жеткілікті көмек көрсете алмаған. Қ. Аманжолдың “Босқындар” деген мақаласында халық қара шыбындай қырылған 1931-1932 жылдары балалар панасыздығы үлкен дертке айналғандығын айтады. Түрксиб темір жолын бойлап шұбырған босқын аш қазақ балалары туралы деректер келтіреді [21].

Қайсар Құсайынұлының “Экспресс и К”газетінде жарияланған “Мертвые дети Казахстана” атты мақаласында әлеуметтік эксперименттердің құрбаны болған балғын балалардың тағдырын, сол кездегі балалар мекемелерінің адам айтқысыз жағдайын архив деректері, ресейдің мерзімдік басылымдар негізінде баяндайды [22].

1937-1938жылдары үлкен террор кезіндегі репрессия құрбандарының балаларына арналған зерттеулер қатарында С. Дильмановтың “Мысль” журналында шыққан “Юные заключенные в системе ГУЛАГ”делінетін мақаласын атауға болады. Онда балалар еңбек колонияларындағы адам айтқысыз жағдай, өлімнің, зорлық-зомбылықтың, асқан қатыгездіктің мысалдары жетіп артылады [23].

Қазіргі заманғы панасыз, жетімдер мәселесінің теориялық-методологиялық негізі “Социальная педагогика”атты Россияның педагогикалық жоғары оқу орындарына арналған оқулықта жақсы айтылған. Осы мәселеге қатысты негізгі ұғымдар, әке-шеше қамқорынсыз қалған балалармен әлеуметтік-педагогикалық қызметті қалай ұйымдастыру керектігі жан-жақты баяндалған [24]. Кеңес үкіметінің жетім, панасыз балаларды мемлекеттік қамқорлыққа алу жүйесінің құрылымы, механизмі, кеңестік педагогиканың көрнекті өкілдерінің бала тәрбиесіне қатысты пікірлері айтылады. Ос ы оқулықтың әлеуметтік тәрбие саласындағы мамандар үшін әдіснемелік маңызы зор болады деп ойлаймыз.

Белгілі заңгер, ғалым М.С. Нарикбаевтың “Правовая охрана детства в Республике Казахстан” деген монографиясында Қазақстан мемлекетінің балаларды, балалық шақты қорғауының құқықтық-моралдық негіздері туралы айтылған. Бүгінгі таңда қоғамда кең етек алған келеңсіз құбылыс- жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық, қылмыс жасау фактілерінің күрт өсуінің себептеріне терең анализ жасалып, тығырықтан шығу жолдары қарастырылады [25].

Тәуелсіз Қазақстанда 1992 жылы құрылған “Бөбек” қайырымдылық қорының 10жылдық мерейтойына арнап “Сәлем Бөбек” атты арнайы кітап шықты. Онда республикалық балалар қорының жұмысындағы он жыл ішінде жеткен жетістіктер мен қиыншылықтар сөз болады [26]. Облыс, қалалардағы балалар қорының тыныс тіршілігін көрсететін осындай жинақтар шығып тұрса, жергілікті қауым біріншіден, қайырымдылық шараларының нәтижесімен уақытысында танысып, екіншіден, балалар мекемелерінің күнделікті мәселелеріне құлақ асып, жәрдем берем деушілерге жол ашылар еді. Бұл шара тағдыр теперішін көрген балалар мен салауатты қоғамды жақындастыруға едәуір үлес қосар еді.

Қазіргі заманғы балалар панасыздығы мәселесіне арналған зерттеулер, мақалалар Россия, Қазақстанның баспасөз беттерінде 90 жылдардың соңында жарық көре бастады. Кейбір басылымдардың панасыз балалардың кенеттен қаптап кеткенінен шошынып, олардың санын 100-1000 есеге асырып, осылайша билік басындағылардың осы мәселеге назарын бұрғысы келетіндігі байқалады. Енді біреулері осы құбылыстың астарына үңіліп, әлеуметтік жетімдіктің қыр- сырын ұғынып, сөйтіп оның профилактикасын ұйымдастыруды қолға алмақшы.

Осындай практикалық мәні бар зерттеулер қатарында И.Р. Зезинаның “Система социальной защиты детей-сирот в СССР”деген мақаласын айтуға болады. Зерттеуші Кеңес үкіметінің жетім балаларды әлеуметтік қорғау жүйесінің тарихына көз жібереді. Сонау 1918 жылдан бастап осы салада қабылданған қаулы-қарарларға талдау жасап, істелінген істер, қазіргі кезге үлгі боларлық тәжірибе баяндалады [27]. Осы мақаладан кеңестік мемлекеттік жүйенің негізінен жетімдіктің, панасыздықтың алдын алу емес, қайта оның салдарымен күресуге үлкен мән берілгендігін көруге болады.

Ресейлік “СоцИС” журналында шыққан И.Б.Назарованың ”Возможности и условия адаптации сирот”атты мақаласында 1999жылдың маусымы-2000 жылдың наурызында Россияның бірнеше регионында адам өміріндегі жетімдік мәселесін зертеу бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстың қорытындысы жарияланған. Респонденттердің тағдырынан жетімдік мәселесі заңда көрсетілгендей 23 жасқа шейін шешілмейді, осы мәселелер тіпті кәрілік кезінде де , адамда жетімдіктен басқа да жеңілдіктер болған жағдайда шешілмейді [28].

Автор бұдан біз мәселе, жетімдер инфантилизм сақтап, өз құқықтарын қорғай алмайтындығын айтып отырған жоқпыз, мемлекет шенеуіктері өз азаматтарын алалайтындығын, кімге беріп, кімге бермеу, кімді алдауға, кемсітуге болатындығын өзі шешеді деген жағдайға назар аударуды сұраймыз деп өз ойын аяқтайды.

Қазіргі педагогика саласында, қоғамда жетім, панасыз балаларға мемлекеттік қамқорлықтың озық, балама жолдары туралы қызу айтыстар жүріп жатыр. Ресей педагогика ғылымының докторы В.Чечет “ Әлеуметтік жетімдікке балама жүйе” делінген мақалада, қазір көптеген елдерде балалар отбасынан тыс өз бетімен өмір сүреді. Балалар панасыздығы мәселесі дүниежүзілік деңгейде көтеріліп жүрген өте күрделі құбылыс екендігін айта келе, осы тығырықтан шығудың жолдарын ұсынады. Біріншіден, әлеуметтік жетімдіктің бес негізгі себебін санамалайды, сонымен қатар мемлекеттің қамқорлығындағы балаларды балама түрде тәрбиелеудің алуан түрлі жолдарын қарастырады [29].

Осындай баламалы тәрбиенің озық үлгісі ретінде жетім балаларды отбасылық типтегі балалар үйінде тәрбиелеудің артықшылығы мен кемшіліктерін Ресей балалар қорының негізін салушы, белгілі жазушы, қоғамдық қайраткер А.Лиханов тізеді. Ол жетімдікті жою, тағдырдың тәлкегіне түскен балаларға отбасының жылуы мен мейірімін қайтару тек отбасылық балалар үйінің ғана қолынан келетіндігіне кәміл сенеді.

Социолог Светлана Стивенсон ”Армия нищеты, или откуда берутся страшные цифры” атты көлемді зерттеуінде Ресейдегі, Москвадағы панасыз балалар мәселесіне жұртшылықтың назарын аударуға тырысады. Панасыздар деген кімдер, оларды қандай күш көшеге итереді, олардың өміріндегі оқыс жағдайға кім кінәлі деген өткір сұрақтар қойып, соған жауапты бірлесіп іздеуге шақырады. Өзінің ойынша, балаларды көшеге айдайтын нақты жағдайлар-күнкөріс қамымен өзіне, туғандарына тамақ іздеу, әке-шешесінің балаға күн көрсетпеуі, отбасындағы ішімдікке салыну мен зорлық-зомбылық. Осындай балаларды милиция көмегімен қолға түсіру, зорлап балалар қабылдағышы, жетімхана, балалар үйіне орналастыру дұрыс нәтиже бермейді дей келе, автор баланы отбасына қайтару мүлдем мүмкін емес жағдайда балама тәрбиелеу мекемелерін ашуды уағыздайды [30].

Отандық баспасөз беттерінде де балалар жетімдігі, панасыздығы мәселесі 90-жылдардың аяғында көтеріле бастады. Бақыт Мырзағалиеваның “Балалары жетім елдің болашағы да жетім”сынды мақаласында тұңғыш рет осы мәселенің бір шетін көрсетеді. Қазақстанда өтпелі кезеңнің -қарлығаштары болған панасыздардың шығу тарихына үңіледі. Автор, жетім бала, тастанды бала деген жағымсыз көріністер бір күнде жойылып кетпейді. Сондықтан бұл сорақы құбылыс мемлекет, қоғам деңгейінде шешілетін нәрсе. Егер азамат соғысынан кейін, 30-жылдардағы ашаршылық салдарынан елде қаптап кеткен қара домалақтарды құтқаруға шамамыз келсе, қазіргі дәрменсіздігіміз елдігімізге үлкен сын деп мақаласын аяқтайды [31].

Жоғарыда қарастырылған ғылыми еңбектер мен мақалалар балалар панасыздығы мен жетімдігінің тарихы, қазіргі жағдайы жөнінде біраз мәліметтер бергеніне қарамастан, біздің тақырыбымызды толық аша алмайды. Сондықтан балалар панасыздығының тарихы, бүгінгі замандағы панасыз, жетім балалар мәселесі ғылыми тұрғыдан кешенді зерттелетін уақыт жетті.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Диссертациялық жұмыстың мақсаты панасыз балалар мәселесін шешу жолында жинақталған тарихи тәжірибе мен тағылымды қорытындылау және солардың негізінде бүгінге күн талабына сай практикалық ұсыныстарды алға тарту.

Жұмыстың мақсатына орай, міндеттері де анықталды. Олар:

Панасыз балалар мәселесіне қатысты Кеңестік саясаттың мазмұнын, мәнін және кезеңдерін зерделеу;

Панасыздықты жоюмен айналысқан мемлекеттік және қоғамдық мекемелер жүйесінің түзілуі мен өзгерістерін, олардың жұмысындағы негізгі бағыттарды бағамдау;

Панасыздықты жоюдың басты- басты кезеңдерін жіктеу;

Панасыздықты туғызған саяси – экономика және әлеуметтік алғышарттар мен себептерді зерделеу;

Панасыз балалардың ұлттық демографиялық кескінін суреттеу;

Панасыздық жайлаған өңірлердің шекаралас республикалармен, облыстармен өз ара бірлескен іс-қимылын, қызметін пайымдау;

Бүгінгі панасыз балалар мәселесіне тоқталу;

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы

Диссертацияда панасыз балалар мәселесін шешумен айналысқан мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың қызметі алғаш рет ғылыми тұрғыдан талданады. Мәселен Қазақстанның Өлкелік балалар комиссиясының тарихы мен қызметі отандық тарихнамада бірінші рет көтеріліп отыр. Панасыз, жетім балалар мекемесі жүйесінің қалыптасуы туралы да осыны айтуға болады. Панасыздықпен күреске өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар – Ғ.Мұратбаев, Т.Рысқұлов, С.Мендешев, Ә.Жангелдин, Т.Жүргенов,С. Садуақасов сынды мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлігінің әзірге беймәлім қыры синатталған. Бұрын соңды ғылыми айналымға енбеген архив құжаттары, статистикалық деректер табылып, олар жарыққа шықты. Панасыздық мәселесін оң шешудегі қалалардың ролі, халықтар достығының орны жаңаша тиянақталды.

Зерттеу жұмысының хронологиялық ауқымы

Диссертациялық жұмыс 1920-1940 жылдар аралығын қамтиды. 1920 жылдан бастау себебіміз Қаз.АССР-ның құрылуымен байланыстырғанымыз. Тарихи деректерге жүгінсек, Қаз АССР-ы құрылғанға дейін панасыз балалармен жұмыс істеудің кешенді мемлекеттік бағыт-бағдары айқындалмаған екен. Қазақ мемлекеттігі құрылғаннан кейін ғана бұл іс берік негізге қойылды. Ал 1940 жылға тоқталуымызға Ұлы Отан соғысы әкелген түбегейлі өзгерістер себеп болды.

Зерттеудің методикалық негізі.

Ғылыми танымның әмбебап принциптері – тарихилық обьективтілік, жүйелілік принциптеріне құрылған. Тарихилық принципіне сүйену арқасында қоғам, саясат, идеология, панасыздық мәселелерінің ішкі бірлігі мен байланысы ғылыми талдауға түсті. Обьективтілік принципін қолданудың нәтижесінде отандық тарихнамада бұрын зерттелмеген тақырыптың шынайы болмыс бітімін ашуға қол жетті. Жүйелік принципі панасыздықпен күрестегі негізгі және қосымша, басты және екінші кезектегі іс-шаралардың жетістіктердің, кемшіліктердің парқын ұғынуға мүмкіндік берді.

Мұның сыртында салыстыру, шендестіру, аналогия, дедукция, индукция тәрізді ғылыми әдістемелер кәдеге жаратылды. Зерттеудің методикалық принциптерінің сан алуан болғанының арқасында мәселеге кешенді тұрғыдан келе алдық.

Зерттеу жұмысының деректік негізі.

Зерттеудің деректік базасын мазмұны, сипаты жағынан сан алуан құжаттар жинағы құрады. Осы ғылыми жұмыста мынадай архивтік құжаттар, ғылыми және статистикалық зерттеулер, халық шаруашылығының статистикалық жинақтары, баспасөз ақпараты қолданылды:

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің құжаттары:

509 қор- Қазақ ССР Орталық Атқару комитетінің жанындағы Өлкелік балалар комиссиясы [34].

81 қор-Қазақ АССР-ның Халық ағарту комиссариаты [35].

5 қор- Қазақ ССР-ның Орталық Атқару комитеті [36].

30 қор- Қазақ ССР-ның Халық Комиссарлар кеңесі [37].

1692 қор-Қазақ ССР-ның Халық ағарту комиссариаты [38].

8 қор-Павлодар облыстық мемлекеттік архиві [39].

Статистикалық –экономикалық анықтауыштар, 1926,1939 жылғы халық санақтары-халықтың санын, ұлттық құрамын, жыныстық, әлеуметтік құрылымын, жалпы халықтың ішіндегі балалардың үлес салмағын, олардың жас шамасын анықтауға мүмкіндік береді, сондай- ақ соңғы екі санақ аралығындағы басты көрсеткіштер бойынша өзгерістерге талдау жасалады [40].

БКП (б) Орталық Комитетінің, Қазақстанның Өлкелік партия комитетінің пленумдары, конференцияларының материалдары, Кеңес үкіметінің басшылары Ф.Э.Дзержинский, Т.Р. Рысқұлов, Т.Жүргенов, Ә.Жангелдиннің және т.б. жарияланған еңбектерінде шындыққа сай келетін мәліметтер бар [41].

Осы диссертацияға сол жылдардың мерзімді баспасөз органдары «Советская степь», «Әйел теңдігі» газеті, «Творческий путь», «Коммунист», «Социалистическая законность» журналдарында жарық көрген материалдардан үзінділер маңызды дерек ретінде еңгізілді [42].

Жоғарыда айтылған қорларда 20-30 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік дамуының маңызды қырларын сипаттайтын құжаттық деректер толығырақ қамтылған. Мысалы 509 қорда 1921жылы Қазақ Өлкелік балалар комиссиясының барлық құжаттық материалдары жинақталған. Нақтырақ айтсақ, балалар комиссиясының (1921-1936ж.ж.) қызметі туралы жылдық есептері, қаржы-статистикалық есебі, ӨБК-ның Орталық балалар комиссиясымен, жергілікті (аудандық) филиалдармен хат жазысуы, балалар мекемелерін тексеру актілері, «В.И.Ленин атындағы балалар қорының», «Балалар достары» қоғамының материалдары келтірілген. Осы құжаттарды саралау барысында елдегі балалардың жағдайы, әсіресе панасыз, жетімдердің санының бірде өршіп, бірде кемуінің сыры большевиктік өкіметтің жүргізген саяси –экономикалық реформаларымен тығыз байланысты болғандығын көреміз. Қоғамның ең әлсіз, қорғансыз мүшелері халықтың ажырамас бір бөлігі болғандықтан, оның басына түскен ауыртпалықтың басты индикаторы болды. 509 қордың құжаттары мазмұнынан біз егер ӨБК 1921-1925жылдары балаларды аштықтан аман алып қалу, олардың ең басты қажеттіліктерін өтеумен айналысса, 1926-1936 жылдары панасыз, жетім балаларды тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесін дамытуға басты назар аударылғанын көреміз. Өлкелік балалар комиссиясы атқару өкіметтің жанында құрылған ведомствоаралық ұйым болғандықтан кеңес заманының басты кеселі- бюрократизмге, қағазбастылыққа, жалаң ақпарат, құр уәде беру және т.б. кеңсешілдік әдетке бой алдырғанын байқаймыз.Осындай кемшіліктері бадырайып тұрған деректер қатарына Орталық үкіметтің панасыздарға арналған қаулы-қарарлары, орталық пен жергілікті билік органдарының хат алмасуы, ӨБК-ның мәжіліс хаттамалары, жеделхаттар, жатады. Бұл құжаттармен танысу барысында байқағанымыз, көбінесе мәселені ресми түрде қызу талқылаудан әрі аспау, жауапты адамдардың өз ісіне енжар қарауы, дер кезінде жергілікті органдардан ақпараттың келмеуі сияқты мысалдар жетіп артылады.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивтің 30 қорында Халық Комиссарлар кеңесінің қарамағындағы Оқу-ағарту, денсаулық сақтау, Әлеуметтік қамсыздандыру, Қаржы комиссариаттарының өз өкілеттігі шеңберінде балалар панасыздығын жоюға бағытталған іс-әрекеттері баяндалған.

81,1692 қорлар-Халық ағарту комиссариатының құжаттық қорында осы ведомство қарамағындағы балалар мекемелері жүйесінің, яғни сәбилер үйі, жетімхана, балалар үйі, мектеп-интернаттар, коммуна қызметі жан-жақты қамтылған. Оқу-ағарту халкомының әр жылдық есебінен жетім балалардың санын, әлеуметтік құрамын, тұрмыстық жағдайын салыстырмалы түрде зерттеуге болады.

Халық шаруашылық есебі, халық санақтарының елдің әлеуметтік тарихын зерттеуде алатын орны ерекше. Сандық фактілік деректер негізінде халықтың сандық-сапалық құрамындағы өзгерістерді, әсіресе табиғи өсім мен өлімнің ара жігін анықтауға мүмкіндік бар. 1939 жылғы халық санағындағы мәліметтердің жалғандығы әрине зерттеушіге қиыншылық туғызады. Соған қарамастан, 1959, 1979 жылдардағы халық санақтарының дәл көрсеткіштерін тымды қолданып қазақ халқының ашаршылық жылдарындағы жойқын жасанды шығынын дәл көрсетуге ұмтылған демограф ғалымдар зерттеулерінің маңызы зор.

Сондай-ақ сол қасіретті жылдардың тірі куәгерлерінің естеліктерін

құнды дерек ретінде қарастырған жөн. Белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, олардың замандастарының естеліктерінің маңызы уақыт өткен сайын артып отырады. Мысалы, Ғ.Мұратбаев замандастарының естеліктерінде 1920-1921 ашаршылық жылдары панасыз балалардың ең көп шоғырланған жері –Түркістанда балалардың өмірін сақтап қалу үшін істелінген істер, жетістіктер мен қиыншылықтар сөз болады.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары қатаң цензурасына қарамастан, республикалық баспасөз беттерінде партия, үкімет басшыларының асыра сілтеушілік, солақай саясаты сыналып, талқыланатын. Тәуелсіз тарихымыздың алғашқы басылымдарының бірі С.Әбдірайымов, И.Н.Бухонова құрастырған “Қазақ қалай аштыққа ұшырады”: (Қасіретті жылдар хаттары) жинағында Қазақстан халқына орны толмас қасірет пен қайғы әкелген отызыншы жылдар ойраны туралы мемлекет және партия қайраткерлері Т.Рысқұловтың, “Бесеудің хаты”(Ғ.Мүсірепов, М.Гатаулин, М.Давлетгалиев, Е.Алтынбеков, К.Куанышев) О.Исаевтың, Л.И. Мирзоянның И.В.Сталинге, республика басшыларына әр жылда жазған хаттары тұңғыш рет жарияланады [43]. Оларда сол бір зұлмат кезеңнің экономикалық жағдайы айқын бейнеленіп, аштық пен азапты өлімнің себеп, салдары көрініс тапқан. Хат авторлары Орталық өкіметтің қазақ өлкесінің әлеуметтік-шаруашылық құрылымын дұрыс білмеуі салдарынан жіберілген қателіктерін сараптайды, дағдарыстан шығу жолдарын ұсынады.

Қазақтың қайсар жүректі жазушысы Ғабит Мүсірепов ”Шұғыла”, “Қазақ солдаты” атты ақиқатты ашқан қос шығармасында қазақ даласындағы “Кіші Қазан”атты қолдан жасалған тап күресін сынайды. Жазушы Ф.И.Голощекин басшылық еткен жылдарды ел арасында қарым-қатынас пен қалыптасқан қоғамдық формацияның табиғатын бұзу салдарынан халықтың қалыптасқан әлеуметтік тұрмыстық жағдайын барынша күйзеліске душар етіп тұрған уақыты деп айқын сипаттаған болатын [44].

Мұқтар Сейсенұлының “Кәмпеске” деген жинағы түгелдей деректік шығарма болып саналады. Архивтік құжаттардың тікелей түпнұсқасы негізінде даярланған кітаптың басты тақырыбы-Голощекин кезіндегі Ұлы кәмпеске науқаны. Осы еңбекте 2000 астам бауырымыздың қарама-қайшылыққа толы аянышты тағдыры сөз болады. Тәркілеуге ұшыраған қазақ байларының отбасында қаншама бала болғанын, олар әкесінің басына түскен қайғы –қасіреттің азабын аямай тартқанын көруге болады [45].

Сталинизмнің қылышынан қан тамған 1937-1938 жылдары тарих ғылымындағы саяси-әлеуметтік зерттеулерге шек қойылды. Бұл цензура Сталиндік басшылықтың ұстанған тап күресі саясатынан келіп туындайды. Мысалы, кеңестік баспасөз беттерінде тек социализмнің ұлы құрылыстары туралы жеңіс рапорттары жарияланатын. Сол қаралы кезеңде кімде-кім елдегі кемшіліктерді сынаса, оған халық жауы деген айып тағып, көзін жоюға тырысты.

Тек шетелде 30 жылдары Кеңес үкіметі туралы публицистикалық жариялымдар оқтын-оқтын шығып тұратын. Сол кезде шетелдіктердің СССР-ге, оның халқына, онда жүзеге асып жатқан ұлы экспериментке қызығушылық өте жоғары болғаны белгілі.1936 жылы Парижде белгілі батыс жазушысы Андре Жидтың “Возвращение в СССР” атты кітабы шығады. Бір жыл салып 1937 жылы Амстердамда Лион Фейхтвангердің “Москва 1937год” атты құжатқа негізделген прозасы жарық көреді. Біздің елге сталиндік социализм туралы осы батысшыл сарындағы зерттеулер аттай 59 жыл өткесін“Два взгляда из-за рубежа” деген атпен келіп жетті. Кеңес заманында олардың жариялануы әрине мүмкін емес еді. Біздің алдымызда батыстың озық зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің 30-жылдардың екінші жартысындағы біздің елге, біздің қоғамға, кеңес басшылығына деген екі қөзқарасы.Тарихқа ұзын сүрлеу, қара көлеңке салған саяси және әлеуметтік өмірдің шым-шытырық оқиғаларына айтылған екі пікір. Жазушы А.Жидтың кітабында кеңес қоғамы туралы ешбір бүркемеленбеген шындық бар. Автор большевиктердің дінге қарсы күресі, колхозшылар, жастар, алып құрылыстар туралы көрген білгенінен алған әсерімен бөліседі. Кітапта кеңес елінің 30-жылдардағы панасыздарына арналған арнайы тарау бар. Сын көзбен қараған бөгде адамжасаған панасыздардың сипаттамасынан қазірге панасыздардың бет бейнесінің айырмашылығы шамалы [46]. Екі автордың кітабынан біздің елдің тарихына, жекелей алғанда, оның Қазан төңкерісінен кейінгі экономикасы мен саясатындағы түбегейлі бетбұрыстар, Сталин және сталинизммен байланысты кезеңдеріне үлкен қызығушылығы байқалады. Қазіргі көзі қарақты, көңілі ояу қауым сол қаралы жылдардың салдарын жеңуге талпынғанмен, соның жаңғырығын әлі күнге шейін заман ағымынан, кейбір адамдардың тағдырынан өткір сезінеміз.

Жоғарыда сараланған деректер негізінде өткен ғасырдың 20-30 жылдарында ел басына түскен өткір әлеуметтік мәселелердің бірі- балалар панасыздығымен күресте халықтың жеткен жетістіктері мен кемшіліктері, қазіргі қоғам үшін тарихи, практикалық маңызды жақтарын жете танысып білуге болады. Панасыздар мәселесінің көп жағдайда мемлекеттің саяси –экономикалық түбегейлі өзгерістерінен туындайтынын сол заманғы құжаттар айқын дәлелдейді.

Ал Жұмыстың практикалық маңызы

Балалар арасындағы панасыздықты жою кеңестік Қазақстан тарихындағы жарқын беттердің бірі. Бұл тарихты және оның ақиқатын қалың көпшілікке жеткізу-Қазақстандық патриотизмді, қоғамда жетім, панасыз балаларға деген оң көзқарас, бір сәтпен шектелмейтін, ұдайы қамқорлықты қалыптастыруға әсер ететіні сөзсіз. Зерттеудің деректік негіздері мен тұжырымдары ұлт зиялыларының тарихын және тағдырын обьективті бағалауға жетелейді. Зерттеу нәтижелері Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтарды азайтуға қызмет етеді. Осы еңбекте келтірілген мәліметтер бүгінгі таңдағы балалар үйлерінде тәрбие жұмысын жүргізгенде пайдаға жарайтыны сөзсіз.


Бөлім: Педагогика

Добавить комментарий