ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының педагогикалық көзқарастары



Мазмұны

Кіріспе ……………………………………………………………………………………………….3-8

І тарау

ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы елдегі өзгерістер мен жағдайлар әсерінен ағартушы демократтар мен зиялы қауым өкілдерінің тарих сахнасына шығуы.

1.1. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басында жүргізілген елдегі оқу-ағарту жұмыстары …………………………………………………………..8-12

1.2. Алғашқы қазақ ағартушы-ойшылдары және олардың дүниетанымдық көзқарастары…………………………………………12-20

1.3. Ғылыми-педагогикалық ойдың негізін қалаушылар ………………20-26

ІІ тарау

Халықтың саяси санасы мен мәдениетін көтеру және қалыптастыру жолында.

2.1. ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ азаматтары көзқарастарының ықпалынан туындаған елдегі өзгерістер …….26-39

2.2. Зиялы азаматтардың қазақ халқы арасында жүргізген оқу-ағарту жұмыстары ……………………………………………………………………39-50

2.3. Зиялылар ой-өрімдері …………………………………………………………..50-63

2.4. Ағартушы, әрі қоғам қайраткері болған ірі тұлғалардың педагогикалық көзқарасытарының бүгінгі таңда заман талабымен үйлесе үндесуі мен сабақтастығы ………………..63-69

Қорытынды …………………………………………………………………………………….70-72

Пайдаланылған әдебиеттер ………………………………………………………………73-74

Кіріспе

Көкейтестілігі:

Қазіргі Республика мектептеріне білім беру және тәрбиелеу теориясы жөнінде бағыт нұсқаушы материалдар мен қатар өткен мұраларға барынша мұқият қарап, бүгінгі күн талабына сай талдап, оның ішінен пайдалы ілімдері ала білу ұлттық мектептер үшін аса қажет шарттардың бірі. Бүгінгі таңда республикамызда «Қоғамның жаңару жағдайындағы ұлттық мектептердің» қалыптасуы мен даму тарихы зерттеудің мәні орасан зор. Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында: ««Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруды жалғастыра беру, сөйтіп өткенді пайымдау арқылы қазіргі заман мәдениетін жан-жақты дамыту қажет.

Біз осы саланы мемлекеттік қолдаудың толымды бағдарламасын қалыптастыруымыз керек. Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі-еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігер жұмсауымыз керек» -деп атап көрсеткенін, әрі «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Бәрі де мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан біздің 2008 жылдан бастап, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, педагогтардың кәсіптік деңгейін, оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасы арттыруымыз керек» — дегені бәрімізге белгілі. Сондықтан біздің зерттегелі отырған тақырыбымыздың көкейтестілігі де осы мәселеге байланысты. Сол себепті де, біз зерттеу жұмысымыздың мақсатын төмендегідей алып отырмыз.

Зерттеу жұмысының мақсаты:

ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдерінің педагогикалық көзқарастарын жүйелі түрде қарастыру, әрі зиялы азаматтардың еңбектерінің құндылығы ашып көрсету.

Зерттеу объектісі:

Бастауыш мектеп оқушыларының дүниетанымын ұлттық құндылықтарымыз арқылы қалыптастырудағы оқыту процесі.

Зерттеу пәні:

Күнделікті сабақтарда ұлттық дүниетанымды қалыптастыру әдістемелік ұсыныстар беру.

Зерттеу болжамы:

Егер, зиялы қауым өкілдерінің педагогикалық көзқарастарын пайымдап, саналы түрде қолдана білсек, бастауыш мектеп мұғалімдерінің оқушылардың заман талабына сай жан-жақты дамып жетілуіне, дүниетанымын қалыптастыруға мүмкіндіктері артады.

Зерттеу міндеттері:

— тақырыптың мазмұнын қарастырған ғылыми – теориялық әдебиеттер мен мерзімді басылымдарды зерттеу;

— оқу-тәрбие процесіне бақылау жасап, жүйеге келтіру;

Зерттеу әдістері:

— ғылыми-теориялық әдебиеттерді талдау;

— дидактикалық және оқу-әдістемелік әдебиеттерді оқып талдау;

Тақырыптың ғылыми жаңалығы:

— зиялы қауым өкілдерінің педагогикалық көзқарастары мен ХХ ғасыр басында қалыптаса бастаған ұлттық мектептер мен бүгінгі таңдағы ұлттық мектептер арасындағы ерекшеліктер мен сабақтастықты танып білуге септігін тигізді;

Қоланылуы:

Бітіру жұмысының нәтижелерін күнделікті сабақта, этнопедагогика салалары бойынша жүргізілетін практикалық дәрістерде, арнайы курспен семинарларда, тәрбие жұмыстарында пайдалануға болады.

Әрине, «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдерінің педагогикалық көзқарасы» туралы нақтырақ, жан-жақты білу мақсатындағы ізденісімізді қазақ халқының ірі тұлғлары Шоқан Уалиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардан бастадық. Себебі Шоқан, Ыбырай, Абай мұралары ұлттық тәрбие беруде сіңірген еңбектерінің зор екендігін дәлелдей алады. Олай болса, бүгінгі қазақ мектептері үшін олардың еңбектері қандай деген сұраққа: ол патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы шыққан Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Кенесары Қасымұлы, Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхаметұлы т.б. ұлт-азаттық көтерілісіне үндес күрескерлер, патриоттар деуге болады. Қазақ батырлары білекпен, қарумен күрессе, Ыбырай, Абай, Шоқан бастаған ағартушы-демократтар тәуелсіздік үшін білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу арқылы жүзеге асырды. Яғни отаршылдық саясатқа қарсы күрес «білектің күші емес, білімнің күші» арқылы іске асты. Әсіресе Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұраларының ықпалымен қазақ халқында тәуелсіздік үшін күресушілердің жаңа легі: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев т.б. көші басталды.

Ұлт келешегі үшін қызмет еткен, бойындағы барын берген зиялы қауым өкілдерінің қазақ мектептері үшін пайдалануға тұратын көзқарастары мен тәжірибелері бүгінгі күнде өзектілігін көрсетіп отыр.

Халық жадында бірге сақталып, бірдей бағаланатын тұлғалар болады. Мысалы: Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би. Бірі аталса, өзгелері де ауызға еріксіз ілігеді. Халқымыз ешқайсысын да аласартпай, тең дәрежеде дәріптеп келеді. Осылайша бірге аталып, бірдей ардақталатын асылдарымыздың қатарында, әрине Абай, Ыбырай, Шоқан бар.

Өйткені, тарих зердесінде шынайы үйлесім тауып, бірін-бірімен айырғызсыз үш арыстың ағартушылық ойын ілгері дамыта келіп, өз шығармаларында ана тілімен сусындап, жетілген, қалыптасқан, халықтық педагогикаға негізделген ұлттық мектепті дәріптеп, ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінде педагогикалық психологияның қалыптасуына зор үлес қосқан. Зиялы қауым өкілдеріне назар аударып, зер салу аса қажет деп білеміз. Себебі, еліміз егемендікке ие болғалы ұлттық мектептің іргетасы қалана бастады. Ұлттық мектептер тарихын, тілін мәдениетін зерттей отырып, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылудамыз.

Қазіргі «Қоғамның жаңару жағдайындағы ұлттық метептердің» бағыт-бағдарын, құрылымын, өткені мен бүгінгісін және болашағын анықтап алмайынша, ұлттық мектептерді бүгінгі күн талаптарына сай ұйымдастыру, оқушылардың білім деңгейін көтеру және оқу-тәрбие жұмысының тиімді түрлері мен әдістерін енгізу мүмкін емес.

Сонымен ұлттық мектеп дегеніміз – ол қандай мектеп? Онда оқылатын білім мазмұны қандай болуы тиіс? Ұлттық мектеп мәселелерімен шұғылданып жүрген ғалымдардың пікіріне зер салып қарайтын болсақ, нағыз ұлттық мектеп – мемлекетті құратын ұлттық тарихи аумақта қызмет атқаратын және осы аумақта өзінің егемендігін дәріптейтін саясатын жүзеге асыратын, оқушыларды ұлттық мінез бен ұлтық ана тілі негізінде өз халқының рухани әлемін қалыптастыратын мектеп болуы керек екенін көреміз.

Ұлттық мектеп тағдыры қай уақытта да, қай ұлттың болсын көзі ашық, көкірегі ояу, ұлт жанды азаматтарын толғандарып келген өзекті мәселелердің бірі болып саналады.

Ұлттық мектептің өз кезегінде ғылыми негізін қалаған белгілі ағартушылар мен ғалым – педагогтер Я.Коменсий, К.Ушинский, В.Стоюнин, П.Каптерев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Гессен, В.Сорока – Россинскийлер болды. Осы аты аталған педагогтер: «Мектеп ұлттық болып аталуы үшін ұлттық психология мен тарихқа негізделуі және қоғамдық қажеттілікпен санасуы шарт» деп санады.

Сол себепті де өткен тәжірибені зерттеу, жинақтау және теориялық тұрғыдан қолдану қазіргі ұлттық мектептің теориясы мен тәжірибесіндегі қажеттіліктен туындап отыр. Бұл қарастырылып отырған тарихи – педагогикалық зерттеу жұмыстарының көкейтестілігі: ұлттық мектепті бүгінгі таңда реформалаудың және оның ғылыми негіздерін одан әрі дамытудың, алдын ала жобалаудың қажеттілігімен байланысты.

Жаңа дәуірдегі «қазақ ұлтық мектебі» дегеніміз қандай мектеп, оның негізгі қызметі, мақсат мүддесі, ұстанымдары мен үлгі тұғырлары қандай, ол қай бағытта жұмыс жасауы керек? Сонымен, ғылыми – педагогикалық тұрғыдан жүйелі зерттелуі, қазақ ұлттық мектебінің теориялық — әдіснамалық негізін, ғылыми-тұжырымдамалық ұстанымдары мен моделдік үлгілерін, даму үрдісін анықтау талап етілуде.

Қай ұлттың, қай халықтың болсын, кемеліне келіп толысуына, рухани өсуіне, әдеби-мәдени дамыуна басты ықпал жасайтын негізгі тірек — ұлттық мектеп.

«Тәжірибе – барлық ғылымның бастамасы» деп Ы.Алтынсарин айтқандай, ұлттық мектептің даму тәжірибесінен педагогикалық көзқарастардың тарихи желісі мен біртұтастығының заманалық өміршеңдігін көреміз. Олардың негізінде оқу-тәрбие ісінің жүзеге асып келгеніне және асырыла беретініне сенеміз. Осы тұста ХХ ғасырдың басында тарихи сахнаға шыққан ағартушылардың, педагогтер мен жазушылар буыны туралы ерекше атап айтқан дұрыс әрі қажет деп ойлаймыз. Олар қазақ халқының тарихи мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған, республикада халық ағарту ісі мен жоғары педагогикалық ұлттық мектепті қалыптастыруда және оның іргетасын қалауды белсене ат салысқан, жеке басқа табыну кезінде зорлық-зомбылық пен заңсыздықтың құрбаны болған, көп жылдар бойы есімдері ескерілмей келген халқымыздың адал перзенттері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллиннің т.б. педагогикалық мұрасының бүгінгі таңда ғылыми мәні орасан зор. Олардың шығармашылық мұралары тек тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызға қайтарылып, осы бағытта еңбектер жазылып, кітаптар жарық көре бастады. Өйткені олардың барлығы өз жолын таңдап, адамзаттың дамуына септілігін тигізген өз дәуірінің өкілі ретінде қазақ үшін аса қажетті болған ұлы жандар.

Ресейдің академигі А.Пискуновтың ойын басшылыққа алатын болсақ, тарихи педагогикалық жұмыстардың құндылығы, ең алдымен, нәтижеде олардың оқыту мен тәрбиелеу теориясына қалайша септігін тигізетінімен анықталады.

Сонымен халықтың тарихи мәдениетін өркендету және педагогика тарихы дамуының келешегін айқындауда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдерінің педагогикалық көзқарастарын, шығармашылық мұраларын зерттеу педагогика саласындағы болашақ маман үшін қуатты, тәрбиелейтін, білім беретін әрі дамытатын құнды еңбектер болып табылады деп білеміз.


Бөлім: Педагогика

Добавить комментарий