САН ЕСІМДІ ОҚЫТУ



Жоспар

Кіріспе._______________________________________________ 3-7
I тарау. Сан есімнің зерттелуі және мағыналық түрлері _______8-16
II тарау. Сан есімді оқыту әдістемесі_______________________17-61
Қорытынды___________________________________________62-63
Пайдаланылған әдебиеттер _____________________________64-65

Кіріспе
Сан атаулары өте көне заманнан келе жатқан сөздер, оларды барлық көне жазба ескерткіштерден кездестіруге болады. Сан есімдер көнелігіне байланысты тілдегі барлық сан атауларының қалай жасалғаны анық көріне бермейді.
Н.А. Баскаков: «Сан есімдер – есімдерден бөлініп шыққан сөз табы, олар сын есім, үстеу сияқты белгілі мағынасын білдіреді» — деген.
Қазақ тілінде сан есімді зерттеген Ә. Хасенов осы пікірді қуаттай отырып: «Түрік тілдеріндегі негізгі сөздік қорға жататын сан атаулары өмір шындығынан, конкретті заттаналынған, яғни зат есімдерден шыққан». Әрине, бұл жалпы сандық ұғымдардың дамуы математика ғылымының дамуымен байланысты, адамзат қажеттілігінен туды деген пікірге ешбір қайшы келмейді, қайта оны толықтыра, растай түседі.
Сан есімдер де — өзіндік сөзжасамдық жүйесі бар сөз табы және сан есімнің сөзжасамдық жүйесі өте ертеде қалыптасқан. Сан есімнің сөзжасам жүйесінің өзіндік сөзжасам элементтері, модельдері, типтері бар. Сан есім сөзжасамында тілде қалыптасқан сөзжасамдық тәсілдердің біразы қолданылады, бірақ бәрі емес. Мысалға сан есімде семантикалық тәсіл қолданылмайды, синтетикалық тәсіл өте өнімсіз, ал сөзжасамның аналитика тәсілі сан есім сөзжасамында негізгі қызмет атқарады.
Сан есім сөзжасамдық элементтерінің қызметі белгілі заңдылықтарға негізделген. Сан есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы белгілі қосымшалармен ғана байланысты. Сан есім – қосымшаға өте кедей сөз табы. Сан есімнің сөзжасам қосымшаларының қолданылуының тілде өзіндік заңдылығы қалыптасқан. Мысалы: сан есім жұрнақтары басқа сөз табына жалғанбай, тек сан есім сөздерге ғана жалғанады да, одан сан есімнің түрлі семантикалық топтарын жасайды.
Басқа сөз таптарының қосымшалары өз аясында тұйықталмайтын болса, сан есімде оның сөзжасамдық қосымшалары өз аясынан шықпайды. Сан есім қосымшалары жаңа сан атауларын жасай алмайды, тек сандық атауларды түрлендіріп, оған мағына үстейді.
Мысалы: Екінші, үшінші күндері ағаш отырғызушылардың тобы көбейе түсті. Иә, айтты, айтпады, өткен жылы төртінші бөлімше колхоз бойынша мемлекетке астық сату жоспарын бірінші болып орындады (Қ. Боранбаев). Осындағы екінші, үшінші, төртінші, бірінші деген сан есімдердің құрамындағы –нші. –інші жұрнағы реттік сан есімдер жасайды, яғни сан есімнің бір семантикалық тобының жұрнағы. Мұнда осы сөздерге негіз болып тұрған сан атауларынан басқа сандық ұғым, атау жасалмаған. Негіз сөздің сандық ұғымының үстіне реттік мағына қосылған.
Сөзжасамдық элементтер тек қосымшалар ғана емес екені жоғарыда айтылған. Сан есім сөзжасамының тұтқасы қосымшаларда емес, түбір сөзде, сандық атауларда. Сан атауларына тіліміз өте бай. Қандай болмасын сандық ұғымды дәлме-дәл білдіруге тіл байлығымыз, сандық атауларымыз жеткілікті. Осы байлық негізінен бір сандық атау мен екінші сандық атаудың бір-біріне тіркесуі арқылы жасалған, яғни аналитикалық тәсіл арқылы жасалған. Басқаша айтқанда, сан есімде сөзжасамдық негізгі элементтер – сан атауларының өзі, өйткені сан есімде сан атауларын туғызу, жасау тек қана бір сандық атау мен екінші сандық атаудың тіркесі арқылы ғана жасалған. Олай болса, сан есімде жаңа сандық ұғым негізінен күрделі сан есімдер, күрделі сан атаулары арқылы ғана аталған. Сондықтан да сан есім сөзжасамының негізгі кілті сандық атау сөздерде, олардың тіркесінде деп санаймыз.
Сандық атаулардың негізгі жасалу жолы аналитикалық тәсілмен байланысты болғандықтан, бұл тәсіл арқылы сан есімдердің жасалуының өзіндік жолы, тіркесу реті модельдері бар.
Сан атауларын бір-бірімен тіркесетін морфемалар, жалғастырушы қосымшалар тілде жоқ. Сан есімнің жасалуы таза аналитикалық тәсілге жатады. Сондықтан сан есім сөзжасамының аналитикалық түрінде сөзжасамға қатынасатын компоненттердің орын тәртібінің маңызы өте зор. Мысалы: он бір, он бес, отыз алты, елу сегіз, тоқсан тоғыз т.б. осы сандық ұғымды білдіру үшін компоненттердің осы орны сақталуы керек. Олардың орнын өзгертуге болмайды. Мысалға, жоғарыдағы сандардың компоненттерінің орнын өзгертіп бір он, бес он, алты отыз, сегіз елу, тоғыз тоқсан түрінде алсақ, жоғарыдағы мағына сақталған жоқ, мүлдем басқа мағына туды. Бұдан сан есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалымында компоненттерінің орын тәртібі өте тұрақты, оның ерекше мәні бар.
Сан есім кез келген сандардың бір-бірімен тіркесуі арқылы жасалмайды. Мұнда қалыптасқан белгілі заңдылық бар. Ол заңдылық бойынша тілімізде сан атауларының қайсысының қалай тіркесуі қалыптасқан. Оны күрделі сандардың тіркесу модельдерінен көруге болады, ал сан есім сөзжасамдық модельдерге өте бай. Айталық, ондық пен бірлік аралас сандардың жасалу моделі мен жүздіктердің моделін салыстырып қарайық. Ондық пен бірлік аралас сандар он және бірлік компоненттерінен тұратын ондық + бірлік түріндегі модель арқылы жасалады да, мағына компоненттердің мағынасының қосындысынан туады: отыз бес, қырық жеті, елу алты, сексен жеті т.б. ал жүздік атаулар бірлік, жүздік моделімен жасалады да мағына компоненттердің мағынасының көбейтіндісінен туады.
Мысалы: екі жүз, бес жүз, алты жүз, сегіз жүз, тоғыз жүз т.б. Әртүрлі сандық атаулардың түрлі-түрлі нақтылы модельдері бар. Ол модельдердің әрқайсысының белгілі құрамы бар, оған қатысатын компоненттер – тек сан есім сөздер ғана. Әр модель бір топ сандардың атауларын жасайды, яғни мұнда нақтылы сан атаулары жасалады. Ол модельдерге кейінірек арнайы тоқталамыз, өйткені сан есімнің сөзжасам модельдері ғылымда сөз болған емес.
Сан есім сөзжасамдық модельдері күрделі сан атауларының жасалуын көрсетеді, ал сан есім семантикалық топтары да аналитикалық тәсіл арқылы жасалады, бірақ мұнда компоненттердің тек қана сан есім болуы міндетті емес, өйткені оған басқа сөз табы, яғни шылаулар да қатыса береді. Мысалы, Оның құны көп болса, он-он бес сом (С.Мұқанов). Айналасы отыз шақты ғана үйлік төрелер бірі мен бірі айнала құда (С.Мұқанов). Осы мысалда сан есімнің болжалдық тобына жататын екі мысал бар. Оның біріншісі он және он бес сандарының қосарлануы арқылы жасалған, компоненттерінің екеуі де сан есімнен, ал екіншісі есептік санға шақты деген шылаудың тіркесі арқылы жасалған. Бұдан тағы да сан есімнің семантикалық тобының қатысы көрініп тұр.
Сан есімнің құрамында кездесетін көне қосымшалардың жағдайы басқашарақ. Олар: -ыз / -із (тоғыз, сегіз), -ты / -ті (алты, жеті). Бұл морфемалардың этимологиясы белгісіз. Қосымша сөзде жиі кездесетін элемент, бірақ ол басқа сандарда қайталанбайды. Ал сан есім сөздердің құрамында кездесетін басқа жымдасқан морфемалардың түп негізі белгілі сөзге барып тіреледі. Бұл заңды, өйткені сан есім сөзжасамының негізі – синтетикалық тәсіл емес, аналитикалық тәсіл. Оған дәлел ретінде құрамы күрделі морфемадан тұратын алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан атауларын келтіруге болады.
Н.К. Дмитриев кейбір жеке сөздердің этимологиясына келсек, алтмыш (алпыс), етмеш сөздері алты, ете (жеті) сөздерінен –мыш, -меш жұрнақтары арқылы жасалған, ал алғаш он дегенді білдірген болу керек. Мұндай сан формалары көптеген түркі тілдеріне қатысты дейді. Ол сексен, тоқсан сөздерін сегіз, тоғыз сөздерімен байланыстырады да, олардың құрамындағы екінші компонентті он сөзінің өзгерген түрі деп санайды.
Қ. Мұсаев та осы пікірді қуаттап, кейбір сан атаулары этимологиясы тұрғысынан күрделі сан есімдерден шыққан, мысалы: алты-мыш, иет(и) — миш, сексен (секиз он), тохсан (тоғуз-он) дейді.
Қазақ тілінің мамандарынан Ә. Хасенов осы пікірді қуаттай отырып былай дейді: «-мыш, -міш формаларын айқындауда еске алынуға тиісті бір жағдай бар. Ол қазіргі чуваш тіліндегі реттік сан аффиксі -меш. Мәселен чуваштарда бірінші, оныншы сияқты формалар, вунамеш түрінде қолданылады. Бұл форма түрік тілдерінің басқа ешбіреуінде жоқ. -мыш аффиксі өте көне аффикс. Дегенмен -мыш «он» ұғымын білдірген деген пікірді түркологияда толық дәлелденген пікір деуге тарихи дерек жоқ».
Алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сандарының жасалуы туралы пікір өте ертеден келе жатқаныман, Ә. Хасеновтың бұл мәселе әлі «толық дәлелденген деуге тарихи дерек жоқ» деген сөзіне қосылуға болады, өйткені осы пікір айтылғаннан бері қанша уақыт жоқ. Бірақ жоғарыдағы пікірлердің бәрі ондық атауларының жасалуын бірлік+ондық моделіне апаратыны анық. Көне түркі тілінде ондық атауларының жасалуында осы модельдің қолданылғаны ақиқат шындық.
С.Е. Малов орхон жазбаларында ондықтардың бірліктермен тіркесте жиырма, отыз, елу, алпыс сияқты атаулары қолданылса, бірліксіз таза ондық түрінде ек он, үш он, төрт он, бес он, алты он сияқты атаулары қолданылғанын айтқан. Ондық атауларының алғашқысы қазіргі түркі тілдерінің көбінде сақталса, соңғысы аздаған тілдерде ғана сақталған. Олар: сары, ұйғыр, тофалар, тува, алтай, якут, хакас тілдері.
С.Е. Малов ондық атауларының жиырма, отыз, алпыс, жетпіс сияқты түрлері екі он, үш он, алты он, жетон атауларына қарағанда көне деп санаған. С.Е. Малов бұл пікірді алғашқылардың этимологиясының белгісіздігін, соңғылардың этимологиясының анықтығын негізге алған. Сөздердің морфемдік құрамының сақталмауы – оның көнелігіне көрнсеткіш бола алатыны тіл білімінде танылған қағида.


Бөлім: Педагогика

Добавить комментарий