Оқу-ғылыми мәтіндер



МАЗМҰНЫ:

І Кіріспе ………………………………………………………………………………………………… 4

ІІ Негізгі бөлім
1 Оқу-ғылыми мәтіндеріндегі ғылыми дәстүр:
тарих пен өзіндік белгілері
1.1 Қазақ тіл білімінде ғылыми стильдің қалыптасуы ……………………………….. 7
1.2 Мәтін теориясы жайында жалпы түсінік …………………………………………… 12
1.3 Ғылыми мәтін, оның негізгі белгілері………………………………………………… 19

2 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндерінің стильдік ерекшелігі
2.1 Оқу-ғылыми мәтіндерінің стильдік және тілдік ерекшеліктері …………… 23
2.2 Оқу-ғылыми мәтіндерінің ғылыми стилін жетілдірудегі терминдердің қызметі …………………………………………………………………………………………………. 51
2.2.1 А.Байтұрсынов қалыптастырған терминдердің ғылыми проза тілін жетілдірудегі қызметі ……………………………………………………………………………. 54
2.2.2. Ж.Аймауытов және психология саласының ғылыми прозасы …………. 59
2.2.3. М.Жұмабаев еңбектеріндегі терминдердің педагогикалық ғылыми прозаны қалыптастыруы ……………………………………………………………………….. 62
2.2.4. Х.Досмұхамедұлы және тіл білімінің ғылыми мәтіні ……………………… 66

ІІІ Қорытынды ……………………………………………………………………………………. 70

ІV Пайдаланылған әдебиеттер тізімі …………………………………………………… 72

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Елдің егемендігін, мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етудің аса маңызды факторларының бірі – ұлттың тұтастығы мен бірлігі. Ал ұлттың ыдырамас ынтымағы, мызғымас бірлігі, түптеп келгенде, ұлт тілінің тұтастығы, оның әдебилігімен тығыз байланысты.
Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз ел болып жарияланғаннан бері мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңіп, өнеркәсіп, техника-технология, ғылым мен мәдениеттің және қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласын қамтып көрсететін лексикалық өрнегімен және белгілі бір нұсқалы стильдік межелері нақтыланған тіл ретінде танылып келеді. Қазақ тілінде ғылым саласын дамыту – еліміздегі тіл саясатының ғана емес, республика ғылымының маңызды әрі түйінді тұсы болып отыр. «Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында»: «Қазақ тіліндегі ғылыми шығармашылықты одан әрі дамыту талап етіледі» деп атап көрсетілген. Қазақ тілінде көп жанрлы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет, публицистика пайда болды. Тілдің ғылыми қарым-қатынас аясындағы қызметінің рөлі де арта түсуде.
Жалпы тілдің дамуы мен қалыптасу тарихы кез келген тілдік құбылыстың белгілі бір негізі, нақты бір қайнар көзі, алғашқы тәжірибелері мен ізденістері, бастапқы практикасы болғандығын көрсетеді.
Шындығында да, қазіргі кезде дамыған, кемелденген ғылыми стильдің, оның тілдік-стильдік белгілерінің нақты қалыптасуына әсер еткен елеулі кезең болды. Бұл кезең – ХХ ғасырдың 20-30 жылдары. Бұл уақытта мәдени аренаға озық ойлы қазақ зиялыларының шығуы, олардың түрлі салада жазған еңбектері қазақ әдеби тілінің қолданылу аясы мен қызметін барынша арттырды. Осы кезеңде қазақ халқының көптеген ғалымдары, қоғам қайраткерлері, әсіресе, қазақ лингвистикасының негізін салған тілші-ғалымдар ғылыми стильде көптеген еңбектер жаза бастады. Сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорында да жүйелену, сөздердің стильдік белгілеріне қарай сұрыпталу процесі ерекше қарқынмен жандана бастады. Сөйтіп, ғылым тілінің өркендеуі ХХ ғасырдың бас шенінен өзгеше сипат алып, оқу-ғылыми стилінің алғашқы үлгілері мен белгілері қалыптасты.
Қазақ тілінің ғылыми стилі, оның шағын түрлері, ғылыми қарым-қатынас, ғылыми ойлау және т.б. мәселелер жөнінде жазылған еңбектер болғанымен, сол ғылыми тілге негіз болған алғашқы үлгілерді, олардың тілі мен стилін арнайы зерттеу нысаны еткен еңбектер жоқтың қасы. Бұл – біздің магистрлік жұмысымыздың өзектілігімен қатар, аса зәрулігін де көрсетеді.
Қазақ тіл білімінде көркем әдебиет стилін (Р.Сыздықова), қызық прозасының тілін (Е.Жанпейісов), алғашқы қазақ газеттерінің тілін (Б.Әбілқасымов), 1920 жылдардағы мерзімді баспасөз тілін (С.Исаев), қазақ газеттерінің тілін (Б.Момынова), публицистикалық стильді (О.Бүркітов), ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілін (Ш.Мәжитаева), ғылыми проза синтаксисін (С.Әлісжанов) зерттеген бірнеше монография, диссертация болғанымен, 1920-30 жылдардағы ғылыми (оқу-ғылыми) мәтіндер бөлек алынып, арнайы зерттеу нысаны болмай келеді. Сол себепті зерттеу жұмысымыз осы проблемалардың зерттелуіне үлес қосуға арналады.
Қазақ ғылыми тілінің, терминологиясының ХХ ғасыр басындағы дамуын, оның сол кезеңге тән ерекшелігін, негізгі сипатын анықтау – ғылым тарихы үшін ғана емес, ғылым тілі мен терминологияны дамытудың ертеңі үшін де аса қажет.
Зерттеу нысаны. 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндерінің стильдік-тілдік ерекшеліктерін саралау, алғашқы терминдердің қалыптасуы мен өзіндік ерекшелігін, құндылығын айқындау.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыста 1920-30 жылдардағы ғылыми стильдің дамуы мен қалыптасуын жеке кезең ретінде алып, оны теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеу көзделді. Бұған дейін сөз болған теориялық ізденістерге сүйеніп, тіл ғылымының лингвостилистика саласындағы зерттеулерді негізге ала отырып, 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндерінің стильдік сипатын айқындап, олардың қазіргі таңдағы қазақ тіл білімінің жүйесінде алатын орнын, маңыздылығы мен құндылығын ашып көрсету мақсаты етілді. Осы мақсаттарға байланысты мынадай міндеттерді шешу жсопарланды:
Ғылыми стильдің қалыптасу кезеңдерінің ішінде 1920-30 жылдардың алатын орнын анықтау;
Оқу-ғылыми мәтіндерінің жалпы мәтіндерден ерекшелігін саралау;
Алғашқы оқу-ғылыми мәтіндері мен бүгінгі күнгі қалыптасқан ғылыми мәтіндердің сабақтастығын нақтылау;
1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндері стилінің ерекшелігін көрсету;
1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндеріндегі терминдердің қолданылу ерекшелігін; жасалу, қалыптасу және орнығу жолдарын айқындау.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу барысында алға қойылған мақсат-міндеттерді шешу үшін ғылыми мәліметтерді жинау, жинақтау, тақырыптарға саралау, дәстүрлі ғылыми сипаттама, баяндау әдістері, ғылыми салыстыру әдісінің синхронды және диахронды салыстыру тәсілдері, мәнмәтіндік талдау, стильдік талдау, лингвистикалық және прагмалингвистикалық талдау тәсілдері қолданылды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген оқу-ғылыми еңбектер, дәлірек айтсақ, А.Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы», М.Жұмабаевтың «Педагогика», Х.Досмұхамедұлының «Қырғыз-қазақ тіліндегі сингармонизм заңы», Ж.Аймауытовтың «Психология» еңбектері алынды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. 1920-30 жылдардағы оқу-ғылыми мәтіндерінің тілі мен стилі бұрын-соңды зерттеу нысаны болып, арнайы зерттелмеген. Сол себепті бұл – диссертацияның бірінші жаңалығы болып табылады.
Оқу-ғылыми мәтіндерінің ғылыми стилін жетілдірудегі терминдердің қызметі, өзіндік ерекшеліктері сараланды;
Қарастырылып отырған уақытта ұлттық ғылым тілінің, ғылыми стильдің, дами түсу сипаты жан-жақты баяндалды.
ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіндегі оқу-ғылыми мәтіндерінің бүгінгі ғылым тілінің қалыптасуы үшін белгілі бір дәрежеде негіз болғаны, ғылыми дәстүр қалыптастырғаны анықталды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеуде оқу-ғылыми мәтіндерінің өзіндік ерекшеліктері қарастырылды. Сол себепті ұлттық ғылым тілінің қалыптасуы, дамуындағы бағыттарды анықтауда маңызы бар. Алғашқы оқу-ғылыми мәтіндерінің стильдік жағынан сараланып, дамуын нақты еңбектер арқылы зерделеудің болашақ зерттеулерге тигізер пайдасы да мол. Зерттеу нәтижелері функционалды стиль, оның түрдері, ғылыми стиль мен ұлттық ғылыми тіл мәселелерін қарастыруда қолданыла алады.
Зерттеу жұмысының жариялануы. Зерттеудің негізгі мазмұны мен бағыттары төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда жарияланды: ҚР ҰҒА академигі М.С.Серғалиевтің 70 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Қазақ тілінің стилистикасы және тіл мәдениеті» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция (Астана, 2008 ж); «Білім беру ісі мен ғылым жаңа кезеңде» атты Қызылорда облыстық ғылыми-практикалық конференция (Қызылорда, 2008 ж); «Гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі филология: дәстүр және жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция (Қарағанды, 16-17 қазан, 2008 ж); Ә.Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген «Әбділда Тәжібаев — поэзия алыбы» атты ІІІ республикалық ғылыми-практикалық конференция (Қызылорда, 25-26 сәуір 2009 ж);«Ғылым және білім-2009» атты жас ғалымдардың VІ халықаралық ғылыми конференциясы (Астана, 2009).
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


Бөлім: Педагогика

Добавить комментарий