АНА ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ЖОБАСЫН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУ



МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ

1. ОҚЫТУ ПРОЦЕСІНДЕГІ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

1.1. Педагогикалық технология, сын түрғысынан ойлау технологиясы ұғымдарына сипаттама

1.2. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегияларына шолу жасау

1.3. Жаңа технологиялық сабақтың дәстүрлі сабақтардан айырмашылығы

2. АНА ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА СЫН ТҰРҒЫСЫНАН ОЙЛАУ ЖОБАСЫН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТІЛІН ДАМЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗІ

2.1. Сын тұрғысынан ойлау жобасын қолдану арқылы тіл дамытудағы озат ұстаздардың іс-тәжірибесіндегі көрінісі

2.2. Стратегияларды ана тілі сабақтарында қолдану арқылы оқушылардың тілін дамытудың жолдары

2.3. Жүргізілген эксперимент жұмыстарының нәтижесі

ҚОРЫТЫНДЫ

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

ТІРКЕМЕ-А

ТІРКЕМЕ-Ә

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алып, демократиялы қоғам құруға бет алғалы қоғамдағы өзгерістер білім беру саласына да өз әсерін тигізді.

Білім беру үрдісінде ұстаз да, шәкірт те жеке тұлға болып қарастырылатын болды. Жеке тұлғаға жету үшін әр оқушының қабілетін танып, біліп, дамытып, шыңдап, жөн сілтеп, адам дәрежесіне келтіру керек. Демек, оқытудың жаңа технологияларын пайдалана отырып, білім сапасын арттыру, мазмұнын байыту, оқу үрдісін жетілдіру, жан-жақты дамыған, рухани дүниесі бай жас ұрпақты тәрбиелеу – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Бұның өзі оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау, даму, тәрбиелеу, әр баланың қабілетін, дарынын ашу мұғалімдер қауымына зор міндеттер жүктейді.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: « … жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру»,- деп атап көрсеткен. [6, 3 б.]. Біздер ұстаздар осы заң бойынша жаңа технологияларға көп көңіл бөлуіміз керек.

Еліміз болашақта көркейіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі білім беру саласындағы проблема- әлеуметтік-педагогикалық және ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру, оларды жүзеге асыру. Қазақстан Республикасының « Орта білім беруді дамыту» тұжырымдамасында: «Әрбір баланың жеке тұлғалық қасиеттерін ашу, оның мүмкіншілігін, өмірдегі мәнін көрсету арқылы білімге тереңірек ұмтылуына, сондай-ақ ізденісіне, бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру- білім берудің түпкілікті мақсаты» екендігі айқындалған. [12, 3 б.].

Осы орайда, Елбасы Назарбаевтің: «… Бізге бұрынғы қай кездегіден де білім мен ғылымның баға жеткіліксіз қорын барынша арттыру, оны қазіргі заманға сай ету қажет» [13, 3 б.] деген сөзі егеменді елімізде білім мәселесіне мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын дәлелдейді.

Тіл дамыту жұмысын мектептерде белгілі бір жүйемен жүргізу қажеттілігіне, балалардың ойын ауызша, жазбаша білдіруге үйретудің маңыздылығына ағарту ісінің көптеген қайраткерлері ( Ф.И. Буслаев, К,Д, Ушинский, Н.А. Корф, В.И. Водовозов және т.б. ) аса мән берген.

Тіл дамыту жұмысының теориялық және практикалық мәселерін атақты әдіскерлер ( К.Б. Бархин, Н.М. Соколов, М.А. Рыбникова, Е.И. Тихеев және т.б. ) өз зерттеу еңбектерінің арқауы етті.

Тіл дамыту проблемасы белгілі психологтар ( П.П. Блонский, С.А. Рубинштейн, Б.Г. Ананьев, Н.И. Жинкин және т.б. ) еңбектерінде қарастырылды.

Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту мәселері М. Жұбанова, С. Рахметова, К. Бозжанова, Б. Баймұратова, Р. Әміров, Т. Әбдікәрімов, Г. Уәйісов т.б. ғылыми-әдістемелік еңбектерінде арнайы зерттелді. [43, 4 б.].

Бүгінгі мектеп алдындағы басты міндет – ана тілі сабағында сын тұрғысынан ойлау жобасын басшылыққа ала отыра, оқушылардың тілін дамытуға жағдай жасау. Оқу-тәрбие жұмыстары мазмұнының біршама өзгергенін есептемегеннің өзінде, жаңа технологиялар арқылы тіл дамыту әдістемесін арнайы зерттеу мақсаты алға қойылмаған. Сондықтан бастауыш мектеп оқыту жүйесінде мынандай қайшылықтар бар екендігі анық байқалады:

— Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған «Бастауыш білім беру тұжырымдамасына» сәйкес бастауыш сыныптарда меңгерілетін білім, білік, дағдылардың деңгейіне қойылатын мемлекеттік стандарт талабы мен бұрынғы оқу бағдарламаларының арасында;

— ана тілі сабағында оқушылардың тілін дамыту жұмыстарын тиімді әдістемемен қамтамасыз ету қажеттігі мен оның іс жүзілік тұрғыда жасалмауы арасында;

— оқушылардың тілін дамытуда сын тұрғысынан ойлау жобасын қолданудың тиімділігі және ғылыми-педагогикалық тұрғыда негізделген төл тіліміздегі әдістемелердің жоқтығы арасында қайшылықтар туындап отыр.

Сол себептен, қайшылықтардың шешімін табуда біздің ғылыми – зерттеу жұмысымыздың мәселесі ана тілі сабағында оқушылардың тілін дамытудың ғылыми — әдістемелік және теориялық жолдарын қарастыру болып табылады. Аталған мәселенің бүгінгі күнге дейін өз деңгейінде қарастырылмауы зерттеу жұмысымыздың тақырыбын: « Ана тілі сабағында сын тұрғысынан ойлау жобасын қолдану арқылы оқушылардың тілін дамыту» деп таңдауымызға себеп болды. Осы қайшылақтардың шешімін табуда мынандай мақсат пен міндеттерді айқындадық.

Зерттеудің мақсаты: оқушының тілін дамытудағы сын тұрғысынан ойлау жобасынын қолданудың тиімділігін анықтау.

Зерттеу міндеттері:

— сын тұрғысынан ойлау технологиясының ғылыми теориялық негізін ашу;

— сын тұрғысынан ойлау технологиясын оқушылардың жан-жақты танып білуін қамтамасыз ететін шығармашылық жүйе жасау, әдістерін ұсыну;

— сын тұрғысынан ойлау технологиясының стратегияларын қолдану арқылы оқушылардың өз бетінше ізденудің және тілін дамытудың тиімді жолдарын анықтау;

— озат ұстаздардың іс-тәжірибелеріне талдау жасау.

Зерттеу нысаны: мектеп бағдарламасы бойынша сын тұрғысынан ойлау жобасын ана тілі сабақтарында қолдану процесі.

Зерттеу пәні: мектептің оқу-тәрбие үрдісінде сын тұрғысынан ойлау жобасының стратегияларын пайдалану.

Зерттеу болжамы:

1. Егер бастауыш сыныпта ана тілі сабақтарында «сын тұрғысынан ойлау» жобасымен оқытудың тиімді жолдарын қарастыру оқушының санасына, ақыл-ойына қозғау салып, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға, тілге деген сүйіспеншілік сезімін оятуға игі ықпалын тигізер еді. Сын тұрғысынан ойлау жобасын оқу-тәрбие үрдісіне енгізетін болсақ, онда:

— оқыту үрдісін ұйымдастырудың жаңа әдіс, тәсілдері мен формаларын тиімді пайдалануға;

— оқушыларды өз бетімен ізденуге, олардың ойлау қабілеттерін арттыруға;

— берілген оқу материалын толық меңгеруге, өз бетімен білім алуға, сөйтіп білім сапасын арттыруға және тілін дамытуға қол жеткізуге болар еді.

Зерттеу әдістері:

Зерттеу мәселесі бойынша философиялық, педагогикалық, психологиялық, ғылыми және әдістемелік әдебиеттерге талдау жасау; бастауыш сыныптағы оқыту процесін бақылау; алдыңғы қатарлы үлгілі ұстаздардың озат іс-тәжірибелерін жинақтау, талдау, салыстыру, қорыту; педагогикалық эксперимент жүргізу және оның нәтижесін сұрыптау; диагностика жасау.

Зерттеу көздері:

Тіл туралы заң, «Қазақстан-2030» стратегиясы, бүгінгі білім мен тәрбие берудің өзекті мәселелері, озық технологиялық тәжірибелер негіз болып, педагогикалық, психологиялық, ғылыми — әдістемелік әдебиеттерге шолу жасалынды.

Зерттеу кезеңдері:

1 кезеңде (2004-2005) зерттеу проблемасы бойынша психологиялық, педагогикалық, философиялық және ғылыми — әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалынып, ғылыми аппарат айқындалды.

2 кезеңде (2005-2006) жинақталған теориялық және дерекі материалдарға жүйелі талдау беріліп, басқа да ғылымдар салаларында жарық көрген еңбеттерді зерттеп, талдау жұмысы жалғастырылды.

3 кезеңде (2006) эксперименттік – тәжірибе жұмыстарының нәтижелері жүйелі талқыланып, тұтас педагогикалық үрдісте байқаудан өтіп, ой елегінен өткізілді және әдістемелік ұсыныстар жасалынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:

1. Ана тілі сабағында оқушылардың тілін дамытуда жүргізілетін жұмыстардың көлемі, мазмұны және жүйесі теориялық түрде негізделді.

2. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың моделі жасалды, негізгі өлшемдері мен деңгейлері анықталды.

3. «Ана тілі» пәні бойынша сын тұрғысынан ойлау жобасының әдістемелік жағы негізделді және ол жобаның оқушылардың тілін дамытудағы мүмкіндіктері айқындалды.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні:

Ана тілі сабақтарында сын тұрғысынан ойлау жобасын қолдану арқылы оқушылардың тілін дамытудың теориялық тұжырымдарын, әдістерін, қорытындысын бастауыш мектеп іс-тәжірибесінде, жоғары оқу орындарында, студенттер курстық жұмыс, баяндама жазу барысында, ғылыми конференцияларда осы саладан білім, білік, дағдыларын жетілдіру мақсатында пайдалануға болады.

Апробация: зерттеліп отырған тақырып бойынша педагогикалық іс-тәжірибеден өткенде Өскемен қаласындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының 3 «б» сыныбында тәжірибелік-эксперимент жұмысын жүргіздік.

Зерттеу базасы: Өскемен қаласындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының 3 «б» сынып оқушылары.

Диплом жұмысының құрылымы кіріспе, теориялық және әдістемелік бөлімнен, қолданылған әдебиеттер, тіркеме, сонымен қатар қорытынды тараудан тұрады.


Бөлім: Педагогика

Добавить комментарий