ХХ ғасыр мәдениеті дамуының негізгі тенденциялары



Мәдени өрлеу мәселесін шешу мәдениеттің табиғатын түсінуге, оны ұғыну сипатына, мәдениеттің тарихи дамуының бай материалын түсінуге байланысты болады. Мәдениеттануда мәдениеттің аз жетілген түрінен толық жетілген түріне даму бағыты ретінде өрлеу (прогресс) проблемасына екі негізгі тәсіл бар.
Бірінші тәсіл оның құндылықтарын байыту, адам өмірінің барлық формаларының дамуы ретінде мәдениеттің даму кезеңдерінің ауысуына сүйенеді. Осы тәсіл шеңберінде мәдениеттің көптеген формалары мен типтері олардың бар айырмашылықтарына қарамастан адамзаттың рухани және материалдық-өндірістік дамуының біртұтас линиясын құрайды және мәдениеттің өрлеуін оның табиғатының біртұтастығы және мәдени алуан түрлердің бірлігі ретінде қарастырады.
Екінші тәсіл мәдени өрлеудің болуын біртұтас мәдениеттің үдемелі дамуы ретінде күмән келтіреді, ол оны әр түрлі типтерін жергілікті, автономды, өзінің өмірлік циклі ретіндегі, бір-біріне сай емес мәдени жүйелердің инварианттары ретіндегі түсініктен шығады. Бұл оларды салыстыру мүмкіндігін тарылтады, ол өрлеуді “өз мәдениеті” шеңберінде түсінуді, оның даму циклділігін түсінуді шектейді.
Мәдениеттің өрлеуі туралы мәселе – бұл қоғамның үдемелі тарихи дамуындағы мәдениеттің элементтері мен құндылықтарының сабақтастығы, жеке елдерде, халықтар мен қоғамдастықтарда адамның дамуының әр түрлі тарихи кезеңдері мен дәуірлерінің өзара қатынастары туралы мәселе.
Қазіргі мәдениеттану теориялары линиялық эволюция идеяларына сын және “жергілікті өркениеттер” тұжырымдамасын құру ретінде қарастырылады. Бұл тұжырымдаманы әр түрлі ғалымдар дамытты және әр елде дамыды: Шпенглер Германияда, Тойнби Англияда, Данилевский мен Сорокин Ресейде.
Белгілі “Европаның құлдырауы” (“Закат Европы ”) жұмысының авторы Освальд Шпенглерге мәдени-тарихи ұласу идеясы жатады: әрбір мәдени организм өмірге келген соң, табиғи ұласудан өтеді, яғни гүлденеді және кедейленіп, құлдырайды, өркениет түрінде өзінің соңына жетеді. Европада үлкен биіктікке жеткен өркениет өзінің өмірлік қарқынын жоғалтып, Европаның құлдырағандығы туралы куәландырады. Шпенглер тең құнды қол жеткізген табыстары бойынша мәдениеттердің көптігі туралы ілімін дамыту кезінде мәдени антропологияны сипаттай отырып, кең этнографиялық материалға сүйенді. Шпенглердің ойынша мұндай мәдениеттердің саны сегіз: египет, үнді, вавилон, қытай, антика, византиялық-араб, батыс европалық және оңтүстік америкалық майя.
Европоцентристік негіз болатын, тарихи даму жолындағы барлық халықтар үшін универсалды тарихи даму туралы түсінікке Арнольд Тойнби қатты соққы берді. Ол үлкен факт жүзіндегі материалды ұғыну негізінде тарихи процестің мәнін түсінуге тырысады және адамзаттың әлеуметтік- ұйымдасу формаларының алуандығы туралы қорытындыға келеді. Тарихи процесс көбінесе географиялық жағдайлармен анықталады, бұл әрбір өркениеттің қайталанбас бейнесін жасайды (“аймақтық өркениеттердің”). Бірақ кез-келген өркениет тарихи дамудың барлық фазаларынан өте алмайды (“пайда болу”, “өсу”, “күйреу”, “құлдырау”, “ыдырау”), кейбірі гүлденуге жетпей, күйрейді, кейбірі өз дамуында бір фазада ұзақ уақытқа тоқтап қалады. Н.Я. Данилевский үшін мәдениеттердің тарихи алуандығы проблемасы және оның ішкі құрамының айырмашылығы шын бастапқы жағдай ретінде болады. Оның ойынша, тарих бар, этникалық қауымдардың, оңаша, жергілікті “мәдени-тарихи” типтердің (“өркениеттердің”) тарихи тұрмысы табиғатпен және бір-бірімен әрқашан күресте болады. П. Сорокин ХХ ғасырдағы ең ірі әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылардың бірі болып саналады. Ол әлеуметтік стратификация (қоғамның әлеуметтік жіктелуі) және әлеуметтік мобильділік (қоғамның жаңаруы) теориясын жасаушылардың бірі. Тарихи процесс дербес тұтастық және оның типін анықтайтын бірнеше басты алғышарттар бар. Сорокин мәдениеттердің үш типін айқындап көрсетеді:
1) сезімдік (шындықты сезіммен қабылдау басым болады);
2) идеационалды (ұтымды ойлау басым болады);
3) идеалистік (интуитивті таным басым болады);
Қазіргі мәдениет түсінігі бойынша И. Хейзингтің ойын теориясы маңызды болып саналады. Ол ойынды мәдениет негізі және көзі деп санайды. Оның ойынша, ойын мәдениеттен үлкен, өйткені ойынның негізгі белгілері жануарлар әлемінде бар. Сонымен қатар ойын биологиялық шеңберден шығып кеткен, адамның ұтымды қызметінің формаларында кездеседі: өнерде, философияда, құқықта және т.б.
Соңында К. Юнгтің мәдениет архетиптері теориясына тоқталғымыз келеді. Мәдениет архетиптері адам психикасында орын алған, оның терең қабаттары – ұжымдық санасыздықта. Архетиптер сыртқы әлемде көріне отырып, мәдениеттің өзіндік түрін анықтайды. Нақты мәдениетті қалыптастырудың әрекетті тәсілі ретінде сакрализация туралы Юнг идеясы маңызды болып саналады: мәдениеттің қандай да бір типінің құндылығы мен мақсаты ұжымдықта көрініс табады, оған санасыздықтан ауысады, сынға жатпайтын құндылықтар ретінде қабылданады.
К. Ясперстің мәдени-тарихи тұжырымдамасы – алдындағы теориялар синтезінің өзіндік тәжірибесі. Жалпы адамзаттық мәдениет идеясына сүйене отырып, мәдениеттің мәнін түсінуде руханилыққа орын бере отырып, бірақ тарихтың материалдық түсінігінің жеке элементтерін қабылдай отырып, тіршіліктің жергілікті идеясынан және ежелгі заман мәдениеттерінің жергілікті сипатынан бастап санай отырып, Ясперс мәдениеттің тарихи типтері туралы түсінікті едәуір байытты.
Ол келесі топтарды атап көрсетеді:
— ертедегі тарихқа дейінгі, “прометей кезеңі” және қазіргі, жаңа уақыт кезеңіне дейін кеңіген (оның ғылымымен және техникасымен, тарихтың әлемдікке айналуымен). Одан әрі орталықтан екі жақтан – “ежелгі заманның ұлы мәдениеттерінің” тарихы (оның локализмі және автономиясымен), және де осьтен кейінгі, “империялық” кезең, Батыс, Үнді, Қытай өркениеттерінің жергілікті-тарихи арнасына жартылай қайтып келген. Ал орталығында – “осьтік уақыттың” өзі (1 мыңжылдықтың ортасынан біздің эрамызға дейінгі) және олардың барлық үш мәдени облыстарда жасаған универсиалды және гуманистік мәдениеті. Ол — өз кезегінде жалпы адамзаттық мәдениет “өсиеті” және адамзат үшін болашақта тірі қалып, еркіндікте болуға мүмкіншілік.

ХХ жүз жылдығы мәдениетінің алуандығына қарамастан ұлттық нормалардың өзара әрекеттестігі мен өзара байытуының алуандығы арқасында болатын және дамитын бірыңғай жалпы адамзаттық мәдениеттің қалыптасуы туралы айтуға болады. Осыған байланысты қарастыру керек: ХХ жүз жылдық мәдениеті дамуының негізгі тенденцияларын (қазіргі мәдениеттің қалыптасуында сабақтастық пен дәстүрлер, қазіргі мәдениет дағдарысы, одан шығу жолдары, осы процесті әр түрлі мәдениеттану концепцияларымен түсіну); ХХ ғасыр мәдениетіндегі жалпы адамзаттық және ұлттық.
Қазіргі мәдениет тенденцияларының бірі – оны ізгілендіру (гуманизация). Ренессанс дәуірінің элитарлық сипаттағы гуманизмінен ерекшелігі қазіргі гуманизм универсалды, ол құқықтарын жариялай отырып, әр адамға арналған универсалды гуманизм, бұл – демократиялық гуманизм. Бұл тенденция әсіресе, ХХ ғасырдың саяси мәдениетінің дамуында байқалады.
Қазіргі заманның басқа тенденциясы мәдениеттің материалдық өндіріске ену, ғылым мен техниканың қарқынды даму, техногенді өркениеттің қалыптасу тенденциясы болып табылады. Техниканы жаңарту негізінде материалдық байлықты үнемі өсіру адамды тиімді экономикалық қызмет қаруына айналдыратын жағдай пайда болды. Екінші жағынан, адамзат өміріндегі техниканың ролі адам жасаған ҒТР процесінде (аспаптар, құралдар, техника) өзін жасаушыға қарсы шығып, адамның өмірдің табиғи негіздерімен органикалық байланысы үзілуінің және мәдени тұтастығы бұзылуының салдары ретінде шеттелу болады. Шеттелу – бұл адамзат қызметінің әр түрлі формалары мен оның нәтижелерінің өзі билік құратын және оған қас болатын жеке күшке айналу процесі. Шеттелуші механизм өмірдің сыртқы күштеріне тұлғаның дәрменсіздігінің байқалуы; тіршілік етудің дерексіздігі туралы түсініктер; әлеуметтік тәртіпті сақтау бойынша адамдардың өзара міндеттерін жоғалтуы, құндылықтардың билік құрушы жүйесін мойындамау арқылы, адамның өзін жалғыз, қоғамдық байланыстардан шығарылып тастағандығын сезіну; индивидуумның өзін жоғалтуы, тұлғаның өзіндік ерекшелігінің бұзылуы арқылы әрекет етіледі.
Жалпы адамзаттық мәдениеттің қалыптасуын бірыңғайландыру, барлық мәдениеттердің бірыңғай құндылықтар жүйесі ретінде түсінуге болмайды. Аймақтық және ұлттық мәдениеттердің өзара байланысы туралы, олардың арасындағы келісім туралы сөз болмақ. Келісім – үлкен мәдениеттердің гуманитарлық қарым-қатынастары туралы мәселе емес, жеке алынған тұлғаның осы мәдени білімдердің рухани әлеміне тартылу тәсілі туралы мәселе. Бүгінгі күні мәдениеттер арасындағы келісім принципінің дамуы – рухани дағдарыстың терең қайшылықтарын жеңудің, экологиялық тұйықтықты және атом түнін болдырмаудың нақты мүмкіндігі. Сонымен бүкіл байлығымен және алуандығымен мәдени айырмашылықтарды сақтайтын келісім өзара түсінушілік пен мәдени байланысқа әкеледі.
Қазіргі дәуірдің дағдарысты құбылыстарын жеңудің тағы бір шарттары – ғылыми-техникалық прогресті экологияландыру. Осы проблемаларды арнайы әзірлеумен адам, қоғам және қоршаған орта, табиғат арасындағы байланысты зерделейтін экология және арнайы экология шұғылданады. Бұл ғылымдарды экожүйелер мен биосфера эволюциясы қызықтырады. Ғылымның мақсаты – адамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Қазіргі заманның, экологияландырудың, ғылыми-техникалық прогресті ізгілендірудің глобальды проблемаларын ұғындыратын концепциялардың ішінде А. Швейцердің жаңа этика концепциясы маңызды орын алады. Оның негізі — өмірді оның кез-келген қасиетінде қастерлеу принципі. А. Швейцердің көзқарастарына сәйкес мәдениеттің даму критерийі қоғам қол жеткізген ізгілендіру деңгейі, ал дағдарыс мәдениеттің адамгершілік-гуманитарлық мазмұнын жоғалтуы болып табылады.
Ғалымдар К. Циолковскийдің, А. Чижевскийдің, В. Вернадскийдің көзқарастары қызықты болып табылады, олар ХХ ғасыр мәдениетінің бір белгісі – оның космизмділігін, қазіргі заман адамының өз тұрмысының космизмділігін сезінуді суреттейді. Орыс ғалымдарының босфералық концепциялары космостағы барлық тірі заттар мен өлі заттардың байланысын көрсетеді, басқа дүние өкілдерімен байланыс жасау, Жерде болып жатқан космостық процестер мен тарихи процестің өзара байланыс проблемаларын қарастырады.
Өркениет тағдыры байланысты болатын ХХ ғасырдың дағдарыс проблемалары латынның «глобус» — жер шары атауынан глобальды деген атауға ие болды. Оған мыналар жатады:
1) ҒТП-ның катастрофалық салдарымен байланысты экологиялық дағдарысты жеңу (қоршаған ортаның ластануы, атмосфераның озонды қабатының азаюы, парникті әсер және т.б.);
2) жаппай зақымдау қаруын қолдана отырып, соғысты болдырмау;
3) қайыршылықты, ашаршылықты, сауатсыздықты жеңу, жаңа шикізат көздерін табу, экономиканың әрі қарай дамуын қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық революцияның зиянды салдарын болдырмау.
Глобальды проблемалардың пайда болуының өз себептері бар. Біріншіден, терең саяси және экономикалық байланыстармен қамтамасыз етілетін қазіргі әлем тұтастығы. Екіншіден, табиғатты бақылаусыз пайдаланатын адамның экономикалық қуаты.
Үшіншіден, глобальды проблемалар себептерінің бірі елдер мен мәдениеттер дамуының біркелкі болмауы.
Қазіргі өркениеттің глобальды проблемаларының болуы мен оларды шешу жолдарын бағалауда екі тәсіл бар: «пессимистер» адамзаттың 30-50 жылда құритындығын айтады. «Оптимистер» адамзат пайда болған бөгеттерді жеңіп шығады деп есептейді. 60-70 жылдары адамзаттың болашағы туралы түсініктердің, білімдердің жиынтығы ретінде футурология (латынның болашақ сөзінен) ғылымы пайда болады. Футурологиялық зерттеулерде 1968 жылы құрылған және әлемнің отыз елінің ғалымдарын біріктірген Рим клубы белгілі болды. Рим клубы – глобальды модельдеу. Рим клубының идеалы – адамзаттың ең жақсы қасиеттерін қайта жаңғырту, адамның табиғатпен үйлесімі, адамзат санасын ояту, оның ғылыми-техникалық прогреске көзсіз сенуінен босату, адамның жаңа құндылықтарын анықтау, оның тұрмысын ізгілендіру.
Рим клубының зерттеулері екі бағытта жүрді. Дж. Форрестер мен Д. Медоузаның көзқарасы жағынан — әлеуметтік пессимизм позициясы – адамзат өркениетінің өсуін шұғыл шектеу, адамзат қажеттіліктерінің құрылымын қайта қарау, экономикалық және экологиялық тұрақтылық бойынша шаралар қолдану. М. Мессарович, Э. Пестель және Э. Тоффлер Жерге қаупі болып тұрған ғылыми-техникалық прогрестен емес, «адам-социум» қатынастар жүйесіндегі түпкілікті төңкерістен шығатын жолды іздеу керек деген қорытындыға келді. Адамның білімі мен қабілетіне, бостандығы мен тәуелсіздігіне, шығармашылық өзін-өзі дамыту идеясына негізделетін жаңа экономикалық әлемді құру пайда болған өркениет пен болашақ мәдениетінің принципі болады.
Жапон әлеуметтанушысы Е. Масуданың ақпараттық қоғам тұжырымдамасы адамзат өркениетінің жаңа типін қалыптастырудың нақты жолдарын ұсынды. Оның болашақ қоғамы – бұл бірыңғай ақпараттық желідегі қоғамдық бірлестік, оның арқасында адамзат үшін бірыңғай мақсаттар дайындау, ал адамға өзінің шығармашылық мүмкіндіктерін әзірлеуге мүмкіндік пайда болады. «Ақпараттық қоғам» тұжырымдамасы болашақ мәдениеттің «материалдық денесін» қалыптастыру жолдарын анықтайды.
Э. Тоффлердің «үшінші толқын» концепциясында болған демассификациялы, дестандартизациялы және бекітілген инноваттылықпен индустриалдыдан супериндустриалдыға ауысумен байланысты адамзаттың даму жолы ескерілген.
Жоғарыда көрсетілгендей, дүниенің тұтастығы қазіргі заманның глобальды қарама-қайшылықтарының әрекетін тудыратын себептердің бірі болып саналады, өйткені дүниенің тұтастығы – біртұтас жалпы адамзат мәдениетінің пайда болуы мен дамуының басты факторы.
ХХ ғасыр әлемде бар мәдениеттердің алуандығын теріске шығаратын бірыңғайланған типті гуманитарлық дара мәдениетті құрудың екі моделін береді. Бірінші модель таптық құндылықтарды абсолюттендіруге және сталинизмнің әлемдік пролетарлық революциясының идеясына негізделген. Екіншісі – бір ұлттық мәдениеттің, бір ұлттың және бір мемлекеттің билік құруын бекітуге (герман фашизмі). Бұл жағдайларда жалпы адамзат мәдениетінің идеясы не топтық құндылықтармен (тап), не мәдениеттің жарты бөлігі оның тұтас бөлігіне теңестірілді. Нәтижесінде әлеуметтік қозғалыстың бұрмаланған формасы пайда болды, мәдениеттің антимәдениетке айналуы болды.
Жалпы адамзат мәдениеті – көркем-поэтикалық, ғылыми, өндірістік қызметтің ең үздік формалары, үлгілері, әр түрлі халықтар, ұрпақтар жасаған өмір мен шындық дүниетанымның бірыңғай тәсілдері, оның негізінде адамзат Жердің бірыңғай өркениетін құруда, онда таптық және нәсілдік өшпенділікке, адам мен халықтардың құқықтарын аяққа таптауға, сауатсыздық пен қайыршылыққа, экономикалық және мәдени отаршылдыққа орын жоқ.

Дерекөзі: Аманжолова М.К., Беркінбекова А.М., Әбілқасов Ғ.М. Мәдениеттану (барлық мамандықтардың студенттеріне арналған). Оқу құралы. Қарағанды: ҚарМТУ, 2004. 117 б.


Бөлім: Мәдениеттану

Добавить комментарий