Ақпарат және мәдениет



1 Ақпарат және ақпарат теориясындағы белгі, таңба Ақпарат дегенімізді және ақпарат теориясын дұрыс түсіну үшін оған қажетті функционалды ұғымдарды жан-жақты қарастырып алған жөн. Олар белгі, таңба, тіл және т.б. сынды бірін бірі туындата өрбитін ұғымдар. Ақпарат теориясында кең мағынадағы (сөйлейтін тіл шекарасымен бітпейтін) тіл ұғымының алатын орны зор. Өйткені адамзат мәдениетіндегі ақпарат алмасудың негізгі жолы тіл болып табылады. Тіл – мәдениеттің мәйегі әрі мәдени аударылуды мүмкін етуші құрал. “Тіл дегеніміз не?” деген сұрақ басқа сұрақтардан гөрі ХХ ғасыр рухани жағдаятын анықтайтын сұрақ болған еді деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл сұрақтың маңызы тіл мамандарының таза кәсіби қызығушылығының шегінен шығып тұр. Тілге деген түрлі көзқарастың қалыптасуы оны объективациялауға, яғни оны ізденіс пәні ретінде алуға деген талпыныстан туындаған. Бірақ әйгілі философ Л. Витгенштейннің драматизмге толы тәжірибесі көрсеткендей, тіл туралы сұрақтың тереңін ақыл-ойдың қарауына түгелдей сыйғызып жіберу мүмкін емес екен. Естеріңізге сала кетейік, “Логикалық-философиялық трактаттарында” Л. Витгенштейн кемел таза тіл іздестіріп, соның мүмкіншілігін негіздеген болатын. Сол шығармасының қатты сындар соққысында қалғанын көрген әрі өзінің де тілге деген көзқарастарын қайта саралауға мәжбүр болған ғалым “айтып жеткізілуі мүмкін емес дүние жайлы үндемеген жөн” деп, біраз уақытқа дейін үн-түнсіз жүрген кездері де болған. Кейінірек ол өзінің тілге деген бастапқы ұстанымын түбегейлі түрде өзгертіп, “таза” тіл іздеу орнына күнделікті пайдаланыстағы “тазартылмаған” тілді қарастыруға кірісті. Нәтижесінде, ол “еш қоспасыз стерильденген” таза тіл болмасына көзі жетіп, тіпті, тілішілік контексті ғана емес, сонымен бірге, тілден тысқары жатқан контекстіні де ескеру керектігін тұжырымдады. Ақыр аяғында, Л. Витгенштейн тілді пайдалану барысындағы мағына концепциясын туындатты. ХХ ғасырда тілді философиялық тұрғыдан жаппай зерттеу басталды деп жоғарыда айтқан едік. Сол зерттеулерді топтап, төмендегідей үш кезеңге бөліп, рет-ретімен тезистер арқылы былайша беруге болады: 1. Тіл – ойдың негізгі құралы. Сондықтан тілді оның логикалық мәніне сай пайдалану таным туралығын береді. Бұл түсінік – логикалық позитивизм жолындағылардың түсінігі. 2. Тіл – ойдан тысқары, трансценденталды әлем. Сондықтан тілді түсініксіз мағыналардан ажырату таза ойлауға әкелуі тиіс. Бұны феноменологиялық ұстаным дер едік. 3. Тіл ойдан бұрын болған құрылым, ендеше, тіл категориялары ой категорияларын анықтайды. Бұл жол – структурализм жолы. Тілдік таңба арқасында адамзаттың бүткіл тарихындағы тәжірибесі жоғалып кетпей, қоғамдық игілік түрінде әлеуметтік дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз етеді. Кез келген табиғи тіл – тарихи тұрғыдан қалыптасқан белгілік-таңбалық жүйе. Тілдей белгілік жүйеге өзінің мәдени мәнділігі жағынан басқа ешбір таңбалар тең келмейді. Тіл өте ыңғайлы әрі үнемді белгілер жүйесі. Сөйлегенде біз аса көп қуат жібермейміз, кейбіреулер, тіпті, одан рахат алады десе де болады. Үйреншікті тіліміз оңай, қарапайым болып көрінгенімен, ол өте көпқұрылымды, тарамдалған, иерархиялы, көпдеңгейлі белгілер жүйесі екендігін естен шығармау керек. Мәдени жады тұқым қуалау жолымен, яғни генмен берілмейтіндігі белгілі. Демек, ол белгіге айналған, таңбалап салынған түрде ғана өз мұрагеріне жетеді. Белгі, таңба деп, ең кең де қарапайым түсінікте, алдын ала бекітілген әлеуметтік шарттылыққа сүйене отырып, әлдененің орнында тұрған, сол әлдененің орнын басып тұрғанның бәрін айтады. Адамзаттың жинақтаған білімі, шеберлігі, дағдысы, өзін-өзі ұстау формалары, салт-дәстүрлері тек қана нақты мәдениет жүйесінде қалыптасады. Сондықтан да белгі-таңба әрбір жаңа ұрпаққа сол ұрпақ тиесілі мәдениеттің мәдени ақпаратын сақтап, жеткізу үшін қажет деген сөз. Ондай тасымал түрлері өте көп (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнер және т.б.). Солардың ішіндегі ең бірегейі тіл деуге толық негіз бар. Адамзат тарихының өн бойында орасан көп белгі-таңбалар жасалынды, оларсыз адам әрекетін көзге елестету де мүмкін емес. Нақты адам үшін сол белгілер, таңбаларды немесе солардың жүйесін игеру, білу оның басқа адамдармен қатынасқа кіресілі, тиесілі екендігін танытады. Өздігінен бір де бір таңба құнды емес, ешбір мәні жоқ, тек қана ол нақты бір белгілер жүйесіне ену арқылы және өзара қатынас құруы арқылы бағалы. Мысалы, сәлемдесуге арналған белгілер жүйесі бар. Біздер қол алысып, кеуде қағысамыз, біреулер – тәжім етіп, иіледі және т.с.с. Осындағы қол алысу, кеуде қағысу, тәж ету өздігінен ешқандай құндылық емес, ал, бірақ адамдар арасындағы қарым-қатынас тұрғысынан алғанда олар үшін аса маңызды рәсім. Барлық таңбалар жүйесі біріге келіп, белгілі бір социумның белгілі бір кезеңдегі мәдениетін құрастырады. Әрбір таңбаға белгілі бір мағына берілген, яғни әр таңба өзінің функциясы (қызметі) мен мазмұнына ие. Таңба мазмұны күрделі, көпжақты, сығыңқы ақпаратты бойына сыйғызады. Белгіге айналған әлем – аударылған әлем, өйткені ол өзінің түпкі нұсқасынан, түпкі жүйесінен мүлдем бөлек жүйеге, жаңа шындыққа айналдырылған әлем. Кез келген семиотикалық ізденісте белгі ұғымына сын көзбен қарауға тура келеді. Содан барып оның анықтамасын беру, оның тарихи дамуына тоқталу, оның басқа да таңбалаушылық тәжірбиелерге қатынасын және олардың арасындағы рөлін анықтау қажеттілігі туындайды. Белгі-таңба бүгіндері тек лингвистиканың ғана емес, сонымен қатар, философияның да, оны тәсілдемелік негіз ететін мәдениеттанудың да орталық ұғымы. Белгілік-таңбалық қызмет тек қана адам бойында ғана кездесетін ерекшелік. Жануарлардың өміріндегі сигналдар, мысалы, дыбыстар арқылы, жүріс-тұрысының өзгеруімен берілетін сигналдар эволюция нәтижесінде пайда болған әрі олар тұқым қуалау жолымен ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Тек адам ғана үнемі өзіндік белгілер жасайды, оларға белгі туралы мағлұмат тұқым арқылы жетпейді. Белгілер – адамзат мәдениетінің тіршілік ету формасы, болу түрі. Бірақ та осы бір адам қабілеті басқа мәдениеттерді қабылдау және түсіну барысында үлкен мәселе де туғызатындығы жайлы алдыңғы тараулардағы аударыларлық/аударылмастық дилеммасы, Сепир-Уорфтың лингвистикалық салыстырмалылық теориясы туралы жазған тарау-бөлімшелерде айтқан едік. Тілдің белгілік-таңбалық табиғатына тоқталмастан бұрын, осы арада белгі-таңба туралы тереңірек мағлұмат бере кеткен жөн. Осы ізденісте белгі-таңба деп қатар беріп отырғанымыз қазақ ауызекі тіліне тән сөздерді қосарландыру тәсілінің әсері емес. Ол тілге қатысты контексте белгі мен таңбаның ара жігін ажырата қараудың қиындығында болып тұр. Ол бір біздің басымыздағы жайт емес, тіпті, филолог ғалымдардың өздері де анық-қанығын ажыратпаған мәселе. Өйткені тіл біліміне қатысты зерттеулерде тілдің таңбалық сипаты туралы айтылғанмен, аракідік таңба мен белгіні теңдес ұғым ретінде баламалай қолдануға да кезігеміз. Ж. Дерриданың “Грамматология жайында” деген үлкен шығармасын аударушы Ә. Қодар “таңба” сөзін қолданады. Бірақ көптеген философиялық, мәдениеттанулық оқулықтар, анықтама-сөздіктер мен мақалалардан біз ғалым-зерттеушілердің тілді белгілер жүйесі деп алатындығын да білеміз. Белгіге қарабайыр түсінік беретін болсақ, ол – өзінен бөлек басқа бір нәрсені, затты, құбылысты білдіретін және басқаларға жеткізетін құрылым. Барлық белгілер үшін ортақ функция – оның бізге өзінен өзгеше басқа нәрсені білдіретіндігі деп анықтайды Ә. Тұрғынбаев пен Л. Нұсқабаева. Белгі өзінің басқа зат пен сол затты қабылдаушы (рецептор) арасындағы атқаратын қызметіне қарай анықталатындығын көрсетіп тұр. Демек, белгі интенционалды, яғни үнемі бірдеңеге бағытталған. Ал, жалпы, интенционалдық деп сананың затты көздейтіндігін білдіретін және өзінің әлемде барлығын танытатын сананың қасиетін айтады. Белгілер: табиғи, иконалық, конвенционалды, вербалды және т.б. болып бөлінеді. Белгілер жіктемесін ғалымдар түрліше беруі мүмкін, бірақ олардың барлығын осында келтіріп жату мүмкін де емес әрі біздің ондай алға қойған міндетіміз де жоқ. Табиғи белгілерге табиғаттың құбылыстары мен заттар жатады. Бірақ заттар әлде құбылыстар өздігінен белгі болып табылмайды, соны белгі деп қабылдайтын субъект үшін ғана ол белгі қызметін атқарады. Тарата айтар болсақ, ондай белгіні белгі-нышан десе де жөн, өйткені ол белгі басқа зат туралы қажетті ақпарат жеткізеді. Мысалы, түтін – жанып жатқан оттың нышаны; жүрек соғысы – тіршіліктің нышаны; дененің қызуының көтерілуі – науқастану нышаны; қалың қара бұлт – болар жаңбыр нышаны және т.с.с. Иконалық белгі дегенде “икона” сөзінің этимологиялық мәніне негіздеп айтып отырмыз. Грек тіліндегі “еісоn” қазақшаға “кескін”, “сурет” деп аударылады. Демек, иконалық белгі дегеніміз белгі-кескін, белгі-бейне. Бұл белгілер табиғи белгілерден өзінің жасандылығымен, артефактылығымен ерекшеленеді. Оны қазақ тіліндегі таңба деген ұғыммен алмастырсақ та болғандай. Мысалы, жақында мектеп барын білдіретін арнайы таңба жол үстіне салынады, көпшілік орындарында дәретхана, эскалатор-баспалдақты танытатын таңбалар қойылады. Әлгі кескін-бейнелерге қарап адамдар ненің қайда екенін ажырата алады. Кезінде қазақтар табын-табын сиырлар, үйір-үйір жылқылар, отар-отар қойларын өзгелердікінен ажырату үшін таңба салатын болған. Мысалы, қазақтар малына өз руының не атасының белгісі болып есептелетін рәміздік бейнені таңбалап салған. “Тайға таңба басқандай” деген тұрақты сөз тіркесі де соны аңғартады. Белгі мен таңба өзара бір-бірімен етене байланысты ұғымдар. Сондықтан, кейде ол екеуі бірінің орнына бірі жүре беретін сияқты болып көрінеді. Дегенмен, олардың аражігін ашып алмаса тағы да болмайды. Меніңше, белгі ұғымының мағынасы таңба ұғымының мағынасынан әлдеқайда кең әрі дерексіздеу, абстрактілі. Белгі нақты шындықтағы зат пен оны қабылдаушы адамның санасын жалғастырушы құрылым. Өз сезім мүшелерімен қабылдаған шындық әлемінің нысанын адам өз санасында белгі арқылы – ең алдымен, тілдегі сөз арқылы көз алдында ұстайды. Сондықтан да біз тілді белгілер жүйесі деп айтамыз. Ал таңба қазақи тілдік санада, оның мал шаруашылығымен айналысқан тұрмысында нақты күнделікті қажеттіліктерді өтеу үшін қажет әрекет нәтижесі ретінде көрініс тапқан. Демек, таңба әлдененің белгісі деп қабылданғанды бейнелеп, бірдеңеге басып беру қызметін атқаратын құрылым және сонысымен де ол абстрактылық деңгейі одан жоғары жатқан белгі ұғымымен салыстырғанда “жерге жақынырақ” тұрған сияқты. Осы орайда малдың кімнің жеке меншігі екендігін анықтау үшін қойылатын рутаңбаның жалпы адамзаттың жазу-сызуының пайда болуына әкелуі мүмкін екендігін бірнешеме әліпбилер түпнегізінде жатқан белгілерді салыстыру арқылы дәйектеген ғылыми еңбектер барлығын да айта кеткіміз келеді. Таңба интернационалдық термин “штамп” дегенге барып саяды. Бірдеңені алдын ала кескіндеп алып, соны әлдененің белгісі ретінде үсті-үстіне басып отыру – таңбалау қызметі. Осы орайда, тіл болмысты таңбалайтын белгі деген ойтұжырым орынды болмақ. Расында, тіл сөзден болмыстың бүкіл алуан түрлілігінің таңбаларын жасап алып, оны сөйлеу барысында, мәтін жасау барысында қайта-қайта таңбалап тұрған іспетті. Сөз ету дегеніміз таңбалау, есім беру дегеніміз – таңбалау, атау қою дегеніміз – таңбалау. Конвенционалды белгілер, аты айтып тұрғандай, адамдардың өзара келісімге келуі нәтижесінде қалыптасқан белгілер. Ол белгілерді басқашалай, шартты белгілер деп те атай аламыз. Мысалы, мектептегі қоңырау үні, зілзала кезіндегі дабыл соғу, шіркеу звонницасының үні, жұма намаз алдындағы азан шақыру, жедел жәрдем мәшинесінің үстіндегі қызыл айшық крест және т.т. Конвенционалды белгілерді өз алдына тағы да сигнал, индекс деп тарамдатып жіберуге тағы болады. Сигнал, немесе ишаралар әрбір мәдениетке сай қалыптасады. Оларды адам балалық шағынан көріп-біліп, үйреніп өседі. Мысалы, біздер үшін бас шайқау ишарасы – әлденемен немесе әлдебіреумен келіспеу дегенді білдірсе, болгарлар үшін ол, керісінше, мақұлдау ишарасы болып табылады. Ал индекстер – ақпаратты сығыңқы түрде орналастыру үшін белгілі бір жағдайларда арнайы пайдаланылатын белгілер. Әдетте, атауынан-ақ, біз пошта индексін еске түсіреміз, карталардағы, схемалардағы, графиктердегі белгілерді де индекске жатқызамыз. Белгіні онтология терминдерімен анықтау қиынның қиыны. Ол – үнемі анықтамадан ысырылып шығу күйінде болатын сусымалы шындық. Вербалды, немесе табиғи тілдік белгілер – адамзат мәдениетінің іргетасы. Ол мәдениеттің семиотикалық негізін құрайды. Сонымен, тілді орталық семиотикалық (белгілік) жүйе деп жалпылама анықтама береміз. Осы жерде семиотика, сол сияқты, онымен бірдеңгейлес семиозис, семиология деген терминдерге тоқталып кету абзал. Семиотика мен семиологияны синоним деуге де болады, өйткені олардың зерттеу пәні біреу ғана, ол – белгі. Болашақ мамандардың ақпараттық мәдениетін қалыптастырудың алғышарттары мен ғылыми — педагогикалық негіздері [14 бет] Бүгінгі таңда болашақ мұғалімді өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Қазақстан Республикасы Білім туралы заңында жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие берудің мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымдарын айқындап береді. Олар мыналар: Қазақстан Республикасының барлық адамзатының білім алуға тең құқұлығы, әрбір адамзаттың интелектуалдық дамуы, психо-физиологиялық және жеке басының ерекшеліктері, халық үшін білімнің барлық деңгейіне кең жол ашылуы. Атап айтқанда: — жеке тұлғаның білімділікке және дарындылыққа ынталандыру; — білім басқыштарының сабақтастығын қамтамассыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі; — білім беру мекемелерінің ұйымдастырылуы-құқұқтық және қызмет бағытының әр түрлілігі; — білім берудің ізгілікті және дамытушылық сипаты; — білім берудің құқұқықтық және экологиялық бағыттануы; — білімнің зиялылық сипаты; — оқыту мен тәрбиенің тығыз байланысы; — білімнің, ғылымның және өндірістің өзара кірігуі; — білім жүйесін ақпараттандыру. Білімді басқарудың демократиялық, мемлекеттік-қоғамдық сипаты және білім беру мекемелерінің дербестігін кеңейту [1.3 ]. Яғни, Білім заңында әрбір азаматтың білім алуға құқұқтығын негізге ала отырып, оқыту, тәрбиелеу, дамыту, қалыптастыру үрдісін жан-жақты қамтиды және оқыту мен қатар тәрбие жұмыстары арқылы бойға дарыту мәселелері қарастырылған. Осы орайда жаңа ғасырдағы оқыту технологиясының өркендеу, жаңашыл білім алу жолдары мен білім жүйесінің сабақтастығы т.б. мәселелер жөніндегі педагогикалық ой-пікірлер, оның ішінде біз зерттеу нысанымызға алып отырған жоғары оқу орны мен жалпы орта білім беретін мектептердегі оқыту үрдісі мен тәрбие жұмыстарының сабақтастығының озық идеясын бүгінгі білім заңына сәйкестендіре отырып пайдалану көзделді. Қазіргі жағдайда мамандарды кәсіби даярлаудың белгілі бір деңгейдегі сапасы мен бағыты еңбек нарығында оның бәсекеге түсу қабілетінің негізгі шарты болып табылады. Маман өзінің мамандық сипаттамасымен қажеттілік құндылық ретінде өзінің кәсіпшіл қызметін ұсынушы нарықтық қарым-қатынастар оъектісінің ролін атқарады. Осымен байланысты кәсіби даярлық процесінде жоспарлау, білім алу, өзінің жоғары жеке қабілеті мен танымдық қызығушылығының қалыптасуына мен қатар ақпараттық мәдениеті қалыптастыру мүмкіндігі бар студент еңбек нарығында елеулі орын алуы заңдылық болып табылады. Осыған орай, маманды даярлау сапасы тек қана даму көрсеткіші және оқу орны мен оның түлектерінің негізгі табысы болып табылады. Қазақстандағы жалпы әлеуметтік, саяси экономикалық, тәрбиелік және білімдік, мәдениеттік деңгейлеріміздің жаңа сатыға көтеріліп, жаңаша реңге ие болады. Жеке тұлғаны оқыту, білім беру, дамыту жүйесін жақсартуды талап етеді. Сол себепті еліміздің болашағын дамытатын, жетілдіретін болашақ мамандардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру ерекшеліктеріне назар аударуымыз қажет. Болашақ маман тұлғасының қандай да ғылымды меңгеруі оның дүниетанымдық, қызығушылық, шығармашылық ерекшеліктеріне байланысты болмақ. Қазіргі жағдайда қоғамда болып жатқан өзгерістерді терең тану, оның рухани дамуының дәрежесін айқындау, халқымыздың дәстүрлі мұраларынан сусындай отырып, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның даму үрдісіне елеулі үлес қоса алады. Болашақ маман жеке тұлға болып қалыптасуы үшін — қоғамдық сананың, адамның тұрмыс тіршілігінің барлық түрлерінен хабардар болуы керек. [2.18]. Адамзаттың пайда болу тарихын түсіндіруге әртүрлі көзқарастардың бар екені мәлім. Сенім мен дүниетаным қатарласа жүрсе ғана адам санасының … Ғылыми концепциялар мәселесі Қазіргі заманның адамы бұл дүниеге келіп о дүниелік болғанына дейін сырттай қарағанда бір бірімен мүлдем байланысы жоқ екі әлемде – шынайы (табиғи) сондай ақ жасанды техно-психоәлеуметтік ортада өмір сүретіндігі белгілі. Бұл жерде, техно-және психоәлеуметтік ортаның табиғи ортаға қарағанда басым болатындығын атап көрсету керек. Адамды қоршаған орта жасанды техникалық орта мен қоғамнан құралған. Адам өз қолымен жасаған материалдық әлемнің барлығы да техникалық орта болып табылады (мысалға: үй хайуанаттары, дәрі — дәрмек, киім, механизмдер, үйлер және т.б.). Техникалық ортаны адамды қоршаған ортаның табиғи психоәлеуметтік ортаға өту кезеңі, яғни, аралық өтпелі орта деп көрсетсек те болады. Техникалық орта адамның дене және ой еңбегінің, басқа сөзбен айтқанда білім мен ғылымның арқасында пайда болған. Техникалық орта адамзаттың табиғатты ұзақ жылдар бойы түпкілікті зерттеуінің арқасында қалыптастырылған (модельденген). Ал психоәлеуметтік орта болса (қоғам) осы қоғамға тиесілі әлеуметтік-саяси институттардың негізінде қалыптасады және эволюцияға ұшырайды. Осындай институттар ретінде мемлекеттің құқықтық және идеологиялық негізі, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының сипаты мен деңгейі, аталған қоғамда елеулі орынға ие болып отырған жанұялық, топтық, ұйымдық, рулық, ұлттық, діни, ғылыми және т. б. түрлі әдет — ғұрып, салт- дәстүрді көрсетсек болады. Сонымен қатар техникалық және психоәлеуметтік ортаның адамға деген әсерінің өте жоғары екендігін байқау қиын емес. Сол себепті адамға табиғаттың, ғылымның, техника және қоғам дамуының заңдылықтарын білмей қазіргі заманда өмір сүру белгілі бір деңгейде қиындықтар тудыратыны сөзсіз. Америкалық және ағылшын классификациясында психоәлеуметтік ортаны қоғамдық (гуманитарлық) ғылымдардың объектісі деп санап, оны «fіctіon” тарауына жатқызады. Бұл жерде «fіctіon” сөзінің бірнеше мағынасы бар: 1. Беллетристика, 2. Ойдан шығарылған зат немесе құбылыс, фикция. Бұл ғылымды оны жаратылыстану және техникалық ғылымдарға қарама — қарсы қояды. Осымен қатар жоғарыда көрсетілген классификацияда жаратылыстану және техникалық ғылымдар «scіense” тарауына жатқызылған. Бұл жерде де «scіense” сөзінің: 1) ғылым; 2) жаратылыстану ғылымдары және 3) білім секілді әртүрлі мағыналарының бар екендігін көрсеткеніміз абзал. Қазіргі кезде адамның санасына оның психоәлеуметтік ортасында орын алып отырған алуан түрлі жалған ғылыми, діни, мистикалық көзқарастар әсер етуде. Әрине, шынайы ғылым мен білім бұл жалған ілімдермен сиысуы мүмкін емес және ғылыми дүние танымды елемей бұрмалау аса қауіпті әлеуметтік және жекелеген зардаптарға душар етуі мүмкін. Бұл қауіп саяси билік, дін және жалған ғылым одақтасқан жағдайда бірнеше есе күшейуі мүмкін. Оған мысал ретінде инквизиция, діни фундаментализм мен фанатизм, фашизм, кибернетика мен генетиканы қудалау және т.б. келтіруге әбден болады. Ғылымның дамуы нәтижесінде біздің өміріміз бір ғана ұрпақ ішінде елеулі өзгерістерге ұшырап отыр. Қоршаған орта туралы ақпараттың ағымы бірнеше жыл ішінде еселеп көбеюде. Адам болса бұл ақпарат ағымын жеткілікті деңгейде қабылдап үлгере алмау үстінде. Оның себебі, қоғам дамуы барысындағы мүлдем жаңа ғылыми пәндердің пайда болып, осыған қоса олардың тармақтанып, салаларға бөлінуінде. Ғылымның салаларға бөліну үрдісі нәтижесінде қазіргі кезде ғылымда 15 мыңнан астам ғылыми пән бар. Әрине, осыған байланысты адамзаттың өзін қоршаған табиғат пен қоғам туралы білімінің тереңдігі мен дәлдігі де елеулі түрде өскен. Осымен қатар ғылымның әртүрлі салаларының және ғалымдардың арасындағы байланыс пен өзара түсіністіктің де әлсірегендігін мойындау керек. Тіпті кейбір жағдайларда, бір ғылымның әртүрлі салаларында жұмыс істейтін ғалымдар екінші бір саланың зерттеу әдістері мен нәтижелері жайлы мүлдем бейхабар болады. Абырой болғанда қазіргі кезде ғылымның өзі дүниені тек пәндік сипатта зерттеуге қарсы әдістер мен құралдар қалыптастырып, шығарып отыр. Ғылыми салалардың арасындағы байланысқа деген бұл жаңа көзқарас интегративті немесе пәнаралық деген атқа ие болды. Қазіргі кезде дамыған капиталистік елдер ғылымға жалпы ұлттық кірістің 2-3 % жұмсауда. Бұл шығындарсыз елдің қорғаныс және өндіріс саласының жоғары деңгейін сақтап қалу мүмкін емес. Ғылым экспонент бойынша дамуда, яғни ғылыми ақпарат пен ғылыми еңбектердің көлемі әр 10-15 жыл сайын екі есе көбеюде. Ғылымдардың көбеюі нәтижесінде ғалымдардың да саны ұлғаюда. Егер 1900 жылы ғалымдардың саны 100000 болса, қазіргі кезде олардың саны 5000000 — ға жеткен (яғни Жер шарында тұратын әрбір мың адамның біреуі). Егер қазіргі заман адамы ешқашан ғылым саласында еңбек етпеген болса, оның ғылыми қағидаларды (концепцияларды), қаншалықты білуі қажет? Ғылым — тек білімнің, фактілердің және т.б. жиынтығы ғана емес ол сондай ақ, қоғамның мәдени-әлеуметтік маңызды құбылыстарының бірі. Яғни ғылым дегеніміз бұл: 1) мәдениеттің бір саласы; 2) дүниетанымдық әдістің бірі; 3) адамды және табиғатты қайта өңдеуші өндіргіш күш; 4) арнаулы институт (институт түсінігіне тек жоғары оқу орны емес, сонымен қатар ғылыми қауымдастықтар, академиялар, лабораториялар, журналдар және т.б, кіргізіледі). Біздің жаңа капиталисттік дәуірімізде көптеген құбылыстар ғылыми методологияға сәйкес қалыптастырылып отыр. Әрине адамзат еңбекті ғылыми түрде ұйымдастыруға әлі қол жеткізе қоймаса да, дегенмен ғылыми қағидалар қазірдің өзінде еңбекте қолдануда. Осыған сәйкес бұл қағидаларды қолдану үшін, ең алдымен оларды білу қажет – себебі дамып келе жатқан капиталистік өндіріс жаңа табиғи ресурстарды, технологиялар мен машиналарды еңгізуді талап етіп отыр. Осы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін капиталистік қоғамның өндіргіш күштері ретінде қазіргі заманғы ғылыми концепцияларды білу қажет. Адамзат санының 1900 жылғы 1 млрд-тан 2000 жылы 6 млрд-қа дейін күрт өсуі, жаппай сауаттану, ғылыми революция, ғылыми-техникалық прогресс өкінішке орай, адамзаттың мәдениеті мен дүние танымының тап осылай дамуына себеп бола алған жоқ. Әдетте ғылымның қалыптасуы, шынайы ғылымдарға ұқсас әртүрлі жалған ғылымдар мен ілімдердің пайда болуымен қатар жүреді. Мысалға астрономиямен қатар табысы көп астрология, психологияның қасында парапсихология қолданыста. Ғылыми жетістіктермен қатар надандық пен тағылық қатар жүріп, діннің, мистиканың, окультизмнің және жалған ғылымдардың жаңарған түрлері таралуда. Осыған сәйкес табиғат пен қоғам дамуының жалпы принциптерін, әлемнің ғылыми бейнесіне сай дүниеге көзқарастың концепцияларын білмеу көп ретте діни және ұлттық экстремизмге әкеліп соғады. Гуманитарлық салада білім алып жатқан студенттің жалпы білім деңгейі, ойлау мәдениеті мен ғылыми дүние танымының қалыптасуы оның ғылым дамуының бүкіл тарихында пайда болған аса маңызды концепциялармен танысып, оларды игеруі арқылы анықталады. Осымен қатар осы пән қоршаған ортаға деген концептуалдық көзқарастың қалыптасуына, эрудицияның деңгейінің көтерілуіне, жалпы мәдениеттің және жауапкершіліктің пайда болуына себеп болады. Сонымен, концепция дегеніміз не? Ғылыми зерттеулердің нәтижесі болып теориялар, заңдар, модельдер, гипотезалар, эмпирикалық тұжырымдар болатындығы белгілі. Әрқайсысының өз мәні, мағынасы бар, бірақ бұл түсініктерді бір ғана «концепция” сөзімен ақ біріктіруге болады. Яғни «концепция” термині белгілі бір көзқарастардың жүйесі, белгілі бір құбылыстардың, процестердің түсінігі, белгілі бір туындының басты ойы ретінде түсінілуі . Ғылыми методологиялық көзқарастардың ішіндегі ең жақсы тұжырымдалып, фундаменталды түрде зерттелгені – эволюция концепциясы болып табылады. Эволюциялық концепция қазіргі заманғы әлемдегі бүкіл ғылымның негізін құрайды десек те қателеспейміз. Біз осы концепцияға сүйене отырып, қоғам мен табиғат арасындағы процестердің байланыстары мен арақатынастарын айқындайтын жаратылыстанудың басқа барлық концепцияларын дұрыс түсініп және түсіндіріп бере аламыз. Ғылымның концепцияларына ғылымдарды классификациялау проблемасы да жатқызылады. О.Конт алғашқылардың бірі болып ғылыми классификацияны жасауға тырысты. Ол сызықтық классификация деген атқа ие болған класификацияны ұсынды, бұл классификация бойынша ол ғылымды жалпыдан жеке түрлерге, қарапайымнан күрделі және спецификалық түрлерге қарай қатарластырыптоптады. Өз кезегінде Б.Кедров ғылымды ғылыми білімнің координациясы мен субординациясы қағидаларын ұстана отырып классификациялауды ұсынды. Оның ойы бойынша ғылымдар жаратылыстану, гуманитарлық және техникалық ғылымдар деп үшке бөлінуі қажет болды. Бірақ қоғамда ғылымды бұрыннан бері қалыптасқан гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарына бөлу қолданылып отыр. Тіпті Англияда білім беру жүйесі де қатаң түрде гуманитарлық, және жаратылыстанушылық — техникалық болып келеді. Ал егерде біз ғылым мен өнерді салыстыратын болсақ, көрсетілгеннен бөлек жағдайды көреміз. Ғылым — қоршаған ортаны зерттеп білу процесіндегі көптеген адамдардың өз тәжірибелерін жинақтап, оларды түсіндіруге бағытталған өзара үйлесімді, жүйелі іс-әрекеттерінің нәтижесі. Ал өнер болса жекелеген адамның жан – тәнінің белгілі бір жағдайын суреттеп, нақты бір сезімдерді оятуға бағытталған белгілі бір адамның интуитивтік әрекеттері. Ғылым дегеніміз — білім. Ғылымда дәстүрлі екі бағыт қалыптасқан. Бұл бағыттың бірі — қоғам мен техникалық ортаның тарихын сипаттау болса, екіншісі- табиғат тарихы. Бұл бағыттардың екеуі де мәдениеттің бет — бейнесін тарихи анықтай алады. Әрине, біздің техникалық өркениеттің дамуы кезеңінде жаратылыстануды абсолютті түрде қарастыру тенденциясы байқалып отырғандығы ақиқат. Бұл тарихи фактыны жаратылыстанудың мәдениет шеңберіндегі орны мен маңызын анықтауы мен түсіндіруге тырысуы деп қабылдауымыз керек. Жаратылыстану мәдени құндылық ретінде қарастырылады. Сондай – ақ ол міндетті түрде екінші бір концепцияға қарама-қарсы қойылуы керек, мысалға гуманитарлық мәдениетте: физика – лирика дегеніміз секілді. Осыған байланысты жаратылыстану және гуманитарлық мәдениеттің арақатынасы жайлы екі түрлі түсінік қалыптасқан. Бірінші пікірді жақтаушылардың көзқарастары бойынша: гуманитарлық ғылымдар үшін тек қана жаратылыстану мен оның нақты зерттеу әдістері үлгі болуы керек дейді. Осы пікірді ең қызу жақтаушы позитивистер үшін- математикалық физика басқа ғылымдар үшін идеалды болуы керек, ал кез келген ғылыми танымның әдісі – математиканың аксиомалық- дедуктивті әдіс деп санайды. Антипозитивисттік бағытты ұстанушы, яғни тарих, психология, социология, т.б. гуманитарлық ғылым салаларының ғалымдары бұндай көзқарас гуманитарлық зерттеудің ерекшеліктері мен күрделілігін толық қанды ескермейді, сол себепті бұл көзқарас утопиялық және нәтижесіз деген ойда. Жалпылай айтсақ, ғылым – жүйелі түрде теоретикалық білімді дүниеге келтіретін адамның әрекеттерінің бір түрі болып табылады. Сонымен қатар ғылым қоғамның аса маңызды өндіргіш күштерінің бірі бола отырып, ғылым адамның өзін-өзі тану процесінің түрі болып табылады. Жалпы, білім берудің, яғни, жаратылыстану концепциялары пәнінің де басты мақсаты, тек жаңа білімге ие болу ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдік жаратылыстану ғылымында қоршаған әлем туралы қалыптасқан түсініктер мен ойлаудың ғылыми, рационалды ойлау қабілетін қалыптастыру болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, эрудицияны дамытып, қоршаған дүниеге, жалпы мәдениетке деген концептуалды көзқарасты, жалпы мәдениетті және білгірлікті қалыптастыру.


Бөлім: Мәдениеттану

Добавить комментарий