Ішкі секреция бездері



Секреция – латын тілінен аударғанда secretio бөлініс деген мағынаны береді. Секреция адам ағзасына физиологиялық маңызы бар көп немесе аз мөлшерде секреттердің пайда болып, бөлінуі. Секреция екі топқа бөлінеді: ішкі немесе эндокринді және сыртқы, экзокринді.
Эндокринді бездердің сөлін шығаратын өзегі жоқ,без жасушалары қан және лимфа капиллярларымен өте жиі торланған. Сондықтан без өнімдері тікелей осы тамырларға өтеді. Экзокринді бездердің өзегі бар, әрі ол өзек белгілі бір ағзаға ашылып, өз өнімдерін сол мүшеге шығарады.
Ішкі сөлініс бездеріне гипофиз, эпифиз, қалқанша, қалқансерік бездері, айырша без, бүйрекүсті, ұйқы және жыныс бездері жатады.
Ішкі сөлініс бездеріне плацентаны (бала жолдасы) да жатқызады. Екіқабат әйел организмінде бала жолдасы бірқатар гормондар бөліп шығарады-эстроген, прогестерон және гонадотропин. Ішкі сөлініс бездері гипоталамус құрылымымен және қызметімен тығыз байланыста болады. Оның ядроларының нейросөлінісі бар, яғни гипофиздің артқы бөлігіне түсетін немесе гипофиздің алдыңғы бөлігінің қан тамырларына тікелей келетін және аденогипофиздің жасушалар қызметіне әсер ететін биологиялық белсенді заттар бөліп шығаратыны анықталған. Бұлардан басқа ішкі сөлініс бездеріне бірқатар ағзалар жатады – бүйрек, ішек-қарынның кілегейлі қабығы, бауыр, себебі олар қанға организм мүшелерінің қызметіне ерекше әсері бар бірқатар заттар бөліп шығарады. Атап айтқанда ренин, гастрин, секретин, панкреозимин, энтерогастрин, энтерогастрон, эритропоэтин т.б.
Эндокринді жүйеге шығару түтіктері жоқ бездер жатады, бірақ организмнің ішкі ортасына активті физиологиялық активті заттар бөлетін (гормондар), организмнің гуморалді реттелуін қалыптастыратын, жасушалар тіндер мен мүшелердің қызметтерін күшейтеді немесе төмендетеді.
Гормондар-ағзадағы мүшелердің қызметін реттей отырып, оны бірде бәсендетіп немесе үдетіп отыратын жоғары активті зат. Мысалы, ағзадағы зат алмасу процестері, дененің өсуі мен репродуктивті қызметтер де гармондарға байланысты. Ішкі секреция бездерінің құрылысындағы ерекшелігі, безден шығатын өзектері болмайды. Сондықтан бездерден бөлінген гормондар тікелей қан мен лимфаға бөлінеді. Осыған байланысты эндокринді бездер қан тамырларымен тығыз қамтылған.


Бөлім: Медицина

Добавить комментарий