“Қазіргі қазақ публицистикасында экспрессия және эмоцияны білдірудің тілдік құралдары (“Егемен Қазақстан”, “Жас Алаш”, “Қазақ әдебиеті” басылымдарында жарияланған материалдар бойынша)”



Ж о с п а р

Кіріспе__ 3

1 тарау. Сезімдік таным және көркем сөз мәдениеті

1. Сезімдік таным процесі мен адам эмоциясының зерттелу жайы_____11

2. Публицистикалық шығармалардағы замана келбетінің экспрессивті реңктері __ 26

3. Эмоционалды-экспрессивті сөздердің авторлық жеке үлгілері._ 36

2 тарау. Психологиялық лингвистика және эмоционалды-экспрессивті тіл айшықтары.

1. Эмоцияны білдірудегі халық тілінің орны_______ 42

2. Эмоцияның лексика-семантикалық көрінісі______ 51

Фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің эмоцияны білдіру ерекшеліктері____ 81

4. Сезім мен көңіл күйінің көркемдегіш құралдар арқылы бейнеленуі_____ 88

Әсерлі синтаксистік құрылымдар __ 95

Қорытынды____113

Кіріспе

Зерттеу жұмысының сипаттамасы. Эмоцияның объективті шындық-тың бейнелену, танылу және бағалану формаларының бірі екенін түрлі ғылым өкілдері әсіресе философтар мен психологтар дәлелдеп келген. Адам өзін қоршаған ортаны, оның түрлі заңдылықтарын таза өз қалпында құрғақ күйде де, әртүрлі сезімдік күйде де қабылдайды. Таң атты деген сөйлем мен Таң арайлап атты деген сөйлемнің мағыналық жігін ажырату қиын емес. Алғашқысы — ақпараттық, соңғысы эмоционалдық мағынада айтылып тұр.Бұл сезімдік қабылдау философияда таным процесі деп аталады. Танымдық процесс сананы дамытады, өйткені объекті мен субъектінің арасындағы күрделі қарым-қатынас адамды ойға жетелейді.

Танымды анықтауда басшылыққа алынатын принциптер — оның бейнелеу мен қабылдау деп аталатын категориялары. Бұл диалектика заңынан белгілі. “Бейнелеу дегеніміз “танып білуге тиіс объекті мен танушы субъектінің арасындағы күрделі қарым-қатынас процесі,” — дейді ғалымдар /1,206/. Осы қарым — қатынастың негізінде белсенді сезімдік таным пайда болады. Сезімдік танымға жататын сезу мүшелері: көру, есту, сезіну және ол үш формада- түйсік, қабылдау және елестету арқылы жүзеге асырылады. Түйсік сезім мүшелеріне тікелей ықпал жасайтын құбылыстардың жеке сапаларын, қасиеттерін мида бейнелеу болса, қабылдау (сезімдік қабылдау) мен елестету- белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік бейнелері, бірақ бұлардың әрқайсысы, практикалық деңгейіне орай, танымға әр қалай әсер етеді. Мәселен, біреуге қатты толқыныс тудырған жайға екінші біреудің солғын қатынас жасауы немесе қуанғаннан жылап жіберу, қорыққаннан, тіпті қуанғаннан талып қалу, қолпаштап, қол шапалақтап жіберу т.б. жәйттер – осының дәлелі. Олай болса, таным процесін сөз еткенде, осы процес үстінде санада пайда болатын сезім мен эмоцияның қыр-сырына үңілеріміз сөзсіз.

Таным адам баласының баршасына тән. Ешқашан бірін-бірі көрмеген, дөңгелек дүниенің әр бұрышында, тіпті әр келкі тарихи кезеңдерде өмір сүретін адамдардың эмоционалдық қалпы, ым-ишара жасауы, даусының ырғағы, бет әлпетінің өзгеруі, қолдарының қимылы сияқты әрекеттерінің өте ұқсас келетіні таңғалдырады.

Біз күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімізді ұғамыз, көңіл-күйімізді білеміз, өзара бірлескен қарым-қатынасқа түсеміз, бір-біріміздің қуанышы-мызды, ыза, уайым, қорқыныш, таңдану, жиіркену секілді сезімдерімізді ақпаратты қалыппен де, эмоциямен де ұғынысамыз. Ч.Дарвин, бұған қоса, адамдардағы сыртқы эмоционалдық көріністердің, анатомия тәрізді, бірте-бірте өмірге бейімделе, өзгеріске ұшырай отырып дамып, биологиялық функция атқаратынын дәлелдейді.

Психологиялық және психолингвистикалық ғылымдар, ең алдымен, адам әрекетіндегі эмоция функцияларын зерттейді. Алайда, ғылыми позиция осылай нақты бола тұра, эмоция психологиясының зерттелуі әзірге жеткіліксіз, әлі күнге эмоцияның біртұтас психологиялық теориясын жасау мәселесі шешілмеген. Бұл жағдай эмоцияның тіл арқылы бейнелену мәселесін шешуде лингвистерге едәуір қиындық туғызады.

Жалпы тіл білімі өз алдына дербес ғылым ретінде танылған, алайда ол “әр түрлі жаратылыс тану және қоғамдық ғылымдарымен қарым-қатынаста, өзара байланыста екені” ғылыми әдебиеттерден белгілі /2,11-12/. Демек, тіл де қоғамнан тыс емес, оның философия, психология ғылымдарымен тікелей байланысы бар. Лингвистиканың әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан зерттелу қажеттігі де осында.

Қоғам бар жерде, адам, адам бар жерде таным процесі жүріп жататынына орай, сезімдік таным процесін сөз еткенде, эмоцияның, қыр-сырына үңілмеске болмайды. Эмоция құбылыстарына қатысты әдебиеттерге зер салсақ, Италия қайраткері Леонардо да Винчи, ағылшын оқымыстысы Г.Спенсер т.б. есімдерімен қатар Ч.Дарвиннің “Адамдар мен жануарлардағы эмоция көрінісін”, М.И.Сеченовтың “Жүйке жүйесінің психологиясын” атауға болады. Заманымыздың ұлы физиологы И.П.Павлов та эмоция тақырыбын жан-жақты зерттеген. Эмоцияның табиғаты, оның адам өміріндегі мәні жайында В.Симоновтың “Эмоция дегеніміз не?”, Я.Райковскийдің “Эмоциялардың психологиясы” атты еңбектері бар. В.Г.Бахурдың “Эмоция: пайдасы мен зияны” атты еңбегі қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрді. Қазақ оқымыстыларының ішінде эмоцияның табиғаты жайлы Қ.Жарықбаев, Х.Нұрмұқанов, Ә.Алдамұратов, Н.Итбаевтың еңбектерінде зерттеулер жасал-ған.

Қоршаған ортаның қалыпты суреті оның айнадағы дәлме – дәл бейнесі емес, қабылдау мен сезінудің әркелкілігіне орай жасалған түрлі сипаттағы бейнесі. Осыдан келіп сезімнің әмбебаптығы шығады: қайғы, мұң, қуаныш, сүю, олар — адам баласының жан әлемінде жаратылғалы бері бар сезімдер. Ал тіл – осы сезімдік процестердің (эмоцияның) жанды көрінісі, демек тілде сезім бар. Сезім мен эмоцияны белгілеу процесі сондықтан да тым күрделі. Ауызекі сөйлеуде кейде біз әр түрлі көңіл күйін білдіру үшін бір сөзді қолдана береміз де, оның қай мағынада тұрғанын тек контекске қарай ғана ажыратамыз. Сол сияқты бірдей эмоцияны әр келкі сөздермен де жеткізуге болады. Эмоция теориясының психологиялық тұрғыдан шешілуінің қиындығы да осында. Біз зерттеу барысында эмоцияны білдірудің тілдік механизмін анықтауға тырыстық. Адамның эмоционалдық күйiн көрсететiн тiлдiк құралдарға интонация (Келгенің жақсы болды!), синтаксистiк құрылымдар (Күлуге болады, бірақ мына күлісің — өрескел-ақ), сөздердiң орын тәртiбi (Айтқанмын мен саған), сөз тудырушы жұрнақтар (Өзінше ақынсымақ), лексикалық (Өзі бір сорлы адам), фразеологиялық бiрлiктер (Жүрегі жарыла қуанды) т.б. жатады.

Көркем туындыда бұл мәселені эмотивтік лексикамен байланыста ғана шешуге болады. Ғылыми әдебиеттерде орыс тiлiнiң эмотивтiк лексикасы жөнiнде бiраз айтылған. (Е.М.Галкина-Федорук, Л.А.Киселева, Н.Г.Лукьянова, Л.Г. Бабенко т.б.), ал қазақ тiлiндегi эмотивтiк лексика Л.Г.Нұрғожинаның, Х.Нұрмұқановтың, М.Оразовтың еңбектерiнде талданады. Р.Сыздық, М.Серғалиев, Б.Шалабай көркем шығарманың тілін талдау барысында тілдің эмоционалдығына біршама мән беріп отырады.

Ең бірінші, эмотивтілікті эмоциядан ажырата білу керек: эмоция — психологиялық категория, ал эмотивтілік — тілдік категория. Осы мәселені жан-жақты зерттейтін эмотивтiк (кейде эмоционалдық) лексика мәселелерiн ғалымдарымыз ертеден – ақ қозғап келген. І. Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаев – аталмыш мәселеге ертерек қалам тартқан ғалымдар. “Эмоционалдық лексика белгілі бір құбылысқа, затқа қауымның беретін бағасын аңғартады,” – дей келіп, олар: “сөздердің эмоционалдық мәні сөздің лексикалық мағынасына сүйенеді, ал кейде лексиканың эмоционалдығы сөздердің тіркесіне байланысты болады,” – деп түйіндейді /3,178-179/. Бұл мәселе әлi күнге дейiн талқыланып келе жатыр. Эмотивтi бiрлiктердiң мазмұнын, эмотивтiлiктi, экспрессивтiлiктi көрсететiн тiлдiк құралдар мен тәсiлдер, тiптi “эмотивтiлiк”, “бағалауыштық”, “экспрессивтiлiк”, “интенсивтiлік”, “образдылық” деген терминдер әлi күнге дейiн белгiлi бiр анықтамаға ие бола қойған жоқ. Сондай-ақ, “эмоция” мен “экспрессияның” мағыналық ара жігін ажыратып, “эмоционалдық, экспрессивтік мән”, “экспрессивтік реңк” ұғымдарын анықтау да ғылыми талдауды қажет етеді.

Адамның ішкі жан дүниесінің тілдік көрінісі — сөз. Көркем шығармаға әр беретін, кейіпкердің (немесе автордың өзінің) сезімі мен эмоциясын жарыққа шығаратын сөздің эмотивті мағынасы болады және ол — лексикалық семантиканың компоненті. Лингвистикада лексикалық семантиканың екі компоненті – денотация мен коннотацияның болатыны белгілі. Кейбір зерттеушілер бұл ұғымды эмотивтік, коннотативтік және денотативтік деп үш топқа да бөледі /4,3/.

Денотация – сөздің объективті шындықты бейнелейтін мағынасы. Бұл жағдайда сөз денотаты нақты болатын объектілер, яғни әр түрлі шындық фактілер жайлы ақпараттар болмақ. Ал, коннотация – сөйлеушілердің эмоционалдық жағдайы мен өз ара қарым-қатынасы жайлы ақпарат беретін лексикалық мағына. Коннотативті эмотивтік мағынаның денотативті эмотивтік мағынадан өзгешелігі – шынайы болмыстағы сезімнің көрінісін ғана емес, сөйлеушінің сол шынайы болмысқа эмоционалдық қатынасын білдіретіні. Осыдан оның эмоционалдылық, бағалауыштық, образдылық және экспрессивтілік қасиеті шығады.

“Эмотивтілік” — латынша еmovere — еліктеу, толқыту, яғни сезімді, эмоцияны білдіретін тіл элементі /5,432/. Ал эмотивтiк лексика осы эмотивтiлiк, экспрессивтiлiк, бағалауыштық, интенсивтiлiк және образдылық деген түсiнiктердiң маңызды теориялық мәселелерімен тығыз байланысты. “Өзге психикалық процестер сияқты, сезімдердің де табиғаты сырттан және іштен келетін тітіркендіргіштерге жауап беретін рефлекторлық әрекетпен байланысты”, — дейді ғалымдар және “адам эмоциясының тіршілік ортасы мен әлеуметтік жағдайларға байланысты” екендігін тұжырымдайды /6, 194-200/. Оған дәлел — Б.Сағынованың: “Халықтың ой тарихымен, тіл тарихымен байланысты дамитын жазба әдебиетінің өкілдері шығармаларында адам интеллектісі қырларының тілде ғана көрінетін, тіл арқылы ғана зерттелетін сипаттарын танитынымызды” Абай, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт шығармаларының негізінде дәлелдегені /7,27/.

Шығарманың көркемдік, әсерлілік сипаты ондағы көркемсөздің эмоционалдығында, экспрессивтік бояуының қанықтығында. Демек, сөздерді ой елегінен өткізіп, өзінің танымдық әлемін, ішкі сезімін оқырманға әсерлі жеткізу – қаламгер шеберлігінің көрінісі. Нағыз қаламгер қарапайым сөзді құбылта кестелей отырып, алуан түрлі айшықты өрнектер жасайды, оқырманның да сезім пернесін дәл басып, оны түрлі сезім иірімдеріне жетелейді. Халық тілінің қайнарынан нәр алған жазушылар әсерлі сөз кестесін жасаған. М.Балақаевтың тілдің шеберлік сипатын білдіретін тәсілдерді бейнелеу және әсерлеу деп екіге бөлуі де сөздің “өмірдің реалды шындығын суреттейтіні” мен “кісінің эмоциялық сезіміне әсер ететін” көріктілігіне байланысты /8,83/.

Көркем туындыда (проза, поэзия, драмалық шығармаларда) эмоция мен экспрессияның берілу жайын аңғару қиын емес: оларда тілдік тәсілдер еркін пайдаланылады. Ал публицистикалық шығармаларда, функционалдық стильдің заңдылықтарына орай, тілдік нормалар берік сақталады, сондықтан эмоция мен экспрессивтілікті жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен шебер публицист, тілдік құралдарды ұтымды пайдалана отырып, кейіпкердің немесе өзінің нақты адами қалпын, адамгершілігі мен азаматтық позициясын, қоғамдық-әлеуметтік, саяси өмір шындығын және, ең бастысы, өзінің көңіл күйін нақты суреттей алады. Демек, көркем публицистикалық туындыда да шынайы көркем образ жасау мүмкіндігі бар. Бұл тұрғыда стилист – ғалым Р.Сыздықтың: “көркемдік пен образдылық (бейнелілік) тек көркем әдебиетке ғана тән емес, публицистикадан да, тіпті ғылыми әдебиеттен де табылады,”- деген /9,173/.

Соңғы жылдары, еліміз қалыптасқан идеологиядан алшақтап, жаңа әлеуметтiк-саяси көзқарастар оянған шақта, бұқаралық ақпарат құралдарының рөлi шексiз артуда. Бүгiнгi заман — эмоционалдық тұрғыда мазмұнды және адамның интеллектуалдық деңгейі анағұрлым өстi. Әлемге, халыққа, оның тарихына да көзқарас мүлдем жаңаша қалыптасып келедi. Қазақстан әлемдiк тарихтың, Еуразия тарихының, түркi, Орта Азия халықтарының тұрғысынан қарауды қажет етедi. Осы жай қазіргі қазақ публицистикасынан әлеуметтiк өмiр шындығының құбылыстарын терең зерттеудi, лайықты суреттеуді және аналитикалық (талдағыш) ақылды талап етедi. Егемен Қазақстан журналистикасының алдына да ұлттың, елдiң, мәдениеттiң болашағы үшiн бiлiктiлiк пен шеберлiктiң деңгейiн көтеру мiндетi қойылған. Алдыңғы буын аға журналистердiң бай тәжiрибесiнен өнеге алған қазiргi баспа қаламгерлерi қоғамның демократиялануы мен iзгiленуiне ықпал жасауда. Бүгінгі баспасөз елiмiздiң егемендiгiне қол сұғатын сыртқы, аяғынан шалатын ішкі әрекеттерге тойтарыс беретiн жаңа мазмұндағы журналистердi қалыптастырып отыр.

Азаматтық бағыты айқын, ұлттық психология мен ұлттың рухани әлемін терең түсінетін, ел болашағын айқын бағдарлайтын жазушы — публицистердің көш басында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен журналист-жазушы Камал Смайыловтар тұр. Олардың өмір, еңбек жолы қатар, жазушылық шеберліктері ауқымды. Зерттеуде аталмыш авторлардың республикалық “Егемен Қазақстан” басылымында жарияланған “Хаттары” (кейіннен “Елім, саған айтам, Ел басы, сен де тыңда” деген атпен жинақ боп шыққан) мен 2000-2002 жылдары “Егемен Қазақстан”, “Қазақ әдебиеті” және “Жас Алаш” газеттерінің беттерінде жарық көрген мақалаларында адам сезімі мен эмоциясының тілдік тәсілдер арқылы бейнелену шеберлігі басқа ақын-жазушылардың көркем публицистикасының тілімен салғастырыла отырып талданды. Ғылыми еңбектің соңында зерттеу материалдары арнайы тізімде көрсетілді. Авторлардың “Елім, саған айтам, Ел басы, сен де тыңда!” атты хаттар жинағы зерттеу барысында “Хаттар” деп көрсетіліп отырды.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Публицистикалық стильде жазыла-тын шығармалардың басты белгілері — императивтік (үстемдік), көпшіліктің назарын аудару, айрықша батылдық, кемшілікке қарсы күрестегі өткірлік, саяси бағыттың айқындығы. Көркем публицистика авторлары өмірдің өзекті мәселелерін оқырманға әсерлі жеткізу үшін тілдік құралдарды сұрыптап, таңдап пайдаланады. Бұл тұрғыда халықтық тілдің (ауызекі сөйлеу тілінің) рөлі айрықша, өйткені әсерлі ой-сезімді халық жүрегіне өз тілімен жеткізгенде ғана ұғынықты болары сөзсіз. Авторларымыздың көркем публицистикасында халық тілінің көркем айшықтарының қолданылуы жайына тоқталу себебіміз де сондықтан.

Публицистикалық шығармаларда либералдық (либерализм-лат.liber-ерікті /10,259/ көзқарастың айқын көрініп тұратындығы – оның стильдік — функ-ционалдық ерекшелігі. Бұқаралық ақпарат — ұлттық дүниетанымның көрінісі, үлкен саяси мәні бар тәрбие құралы. Бұл талап публицист алдына шығарманың лексикалық сипатын қоюландырып, экспрессивті реңін әсерлендіре түсу міндетін қояды. Публицистикалық шығармалардың шынайы демократиялық, елсүйгіштік, ұлтжандылық сезімді тұрақтандырып тұрған азаматтық позицияның көрінісі екендігін нақтыладық.

Публицистика жанрында эпистолярлық стильде жазылған шығармалар бұрын да болған. Зерттеуші ғалымдарымыз бұл стильді “біреуге арналып жіберілген жазбалар (послания)” деп атап, олардың көбіне “әлеуметтік не өзге де мәні бар мазмұндағы корреспонденциялар болуға тиіс” деп көрсетеді. “Қазақша хаттарда қоғамдық ой-пікірдің ішінара” екендігі айтылады. Ш.Мұртаза мен К. Смайыловтың “Хаттарын” заман жайлы толғаныс, қоғамдық – саяси көзқарас, пікір, “өтпелі кезеңнің” тарихи шежіресі деп айта аламыз. Олардың (“Хаттардың”) екі автордың бір-біріне ғана емес, халыққа жіберілген ой-пікірі екендігіне де дау жоқ, өйткені басылым беттерінде “Хат-қоржын” деген айдармен оқырмандардың осы хаттарға орай жазылған ой-пікірлері жарияланған. Зерттеу жұмысында біз осы мәселеге де айрықша тоқталып, авторларымыздың публицистикалық шығармаларының тілдік-құрылымдық, көркемдік қана емес, қоғамдық-саяси тарихи маңыздылығын ашуға тырыстық.

Көркем шығарманы талдау әдебиеттік, тілдік тұрғыда жеке-дара жасалынатыны белгілі. Соңғы жылдары тіл мамандары (Р.Сыздық, Б.Шалабай, Х.Кәрімов т.б.) көркем шығармаға кең мәндегі филологиялық талдау жасалғанын жөн деп тануда. Олар “… әдеби туындының идеялық-көркемдік болмысын шынайы терең түсінуге оның “бірінші элементін” – тілін талдау арқылы ғана қол жететініне” көңіл болып отыр. Зерттеу жұмысында біз экспрессия мен эмоцияны авторлардың тілдік құралдар арқылы жеткізу жолдарын анықтай отырып, олардың жазушылық позициясын, шығарманың идеялық мазмұнын, мақсатын ашып отырдық. Осындай толыққанды лингвистикалық (жалпы филологиялық) талдау жасай отырып, өзіміздің басты мақсатымызға – стильдік талдауды философия, психология ілімдерімен ұштастыруға мүмкіндік жасалды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың көркем публицистикалық шығармаларындағы эмоция мен экспрессияны білдірудің тілдік құралдарын зерттеудегі басты мақсат — танымдық процесті білдіретін басты құрал сөз екенін және сөз экспрессивтілігі арқылы жазушылардың азаматтық бейнесін ашу, олардың шешендігі мен көсемдігін дәлелдеу.

Осы мақсатты орындау бағытында бірнеше міндеттер туындайды, олар:

философиялық, психологиялық зерттеулердің көмегімен эмоция, сезім, экспрессияның мәні мен маңызын, адамның өзін қоршаған ортамен әсерлі қатынасын жолдарын анықтау;

көркем публицистика тілін әлеуметтік және психологиялық лингвистика тұрғысынан талдау;

зерттеуді өзге публицистикалық және көркем прозалық шығармалардың тілдік фактілерімен салғастыра отырып жүргізу;

эмоцияны білдіруде халықтың ауызекі сөйлеу тілінің мүмкіндігінің молдығын дәлелдеу;

эмоция мен экспрессияны лексика-семантикалық жолмен және көркемдегіш құралдар, синтаксистік құрылымдар арқылы білдіру мүмкіндігіне тоқталу.

Зерттеудің нысаны. Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың көркем публицистикалық шығармаларындағы экспрессия мен эмоцияны білдіру мақсатында қолданылған тілдік құралдар.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы – қазіргі қазақ публицистикасындағы экспрессия мен эмоцияны білдірудің тілдік құралдарын зерттеу барысында бұл еңбектің алғашқы ғылыми зерттеу жұмысы болып отырғаны, адамгершілік, елсүйгіштік сезімді бейнелеуде тілдің шеберлік мүмкіндігін білдіретін тәсілдердің жан-жақты қарастырылғаны. Шығармалардың идеялық және көркемдік мән-мағынасы, замана шындығын нақтылаудағы құдіреттілігі мен сонылығы ғылыми сараптама арқылы зерделенді. Атап айтқанда, зерттеудің ғылыми жаңалықтары төмендегі тұжырымдармен нақтыланды:

аталмыш шығармалардың үгіт-насихаттық, ұйымдастырушылық және күрескерлік сипатының халық тілімен әсерлі жеткізілуі, яғни:

халықтың тұрмыс — тіршілігін бейнелеуде қарапайым әрі айқын, образды нанымды көне сөздердің молдығы, олардың экспрессивті қызметі, авторлық даралық принцип;

авторлардың монолог сипатындағы ойтолғамдарының, окказионал сөздер мен потенциалды тұлғалардың мағыналық аясының кеңдігі, көп қырлылығы;

тілдік қорымыздағы тұрақты тіркестер мен қанатты сөздер қатарының, синонимдер қолданысының, синтаксистік құрылымдардың экспрессивті мәнділігі;

ықшамдық, дәлдік, әсерлілік принциптерінің басшылыққа алынуы, замана келбетіне лайықты орыс сөздерін ойдың эмоционалдығын айқындап ашу барысында орынды қолдану.

Ғылыми зерттеу жұмысында, сондай-ақ, қазір қолданыста (әдеби шығармаларда) бола бермейтін алғыс, қарғыс сөздерінің де кейіпкердің (немесе автордың өзінің) характерін сомдау үшін суреткерлік шеберлікпен пайдаланылуына жан-жақты талдау жасалынды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысындағы көркем публицистикалық шығармалардың коннотациялық қасиеттерінің ашылуы ұлттық тіл біліміне елеулі үлес қоса алады. Атап айтқанда:

өмірдегі түрлі жәйттерді қанық бояумен әрлендіре суреттеудегі тілдік амалдардың рөлі жайлы ғылыми тұжырымдар көркем публицистикаға лингвистикалық талдау жасаудың дерек көздері бола алады;

халықтың ауызекі сөйлеу тілінің әсерлі айшықтарының адами сезімдерді бейнелеу құралы бола алатындығын ұғынуға мүмкіндік береді;

көркем публицистиканы тілдік тұрғыдан зерттеу авторлық даралықты айқындауға бағыт-бағдар береді.

Ғылыми зерттеудің практикалық мәні адам бойындағы танымдық процестердің көркем шығармаларда (проза, поэзия, публицистика) тілдік элементтер (бірліктер) арқылы көрініс алатындығының дәлелденуінде. Бұл еңбек кез келген жанрдағы шығармаларға лингвистикалық талдау жасау үшін құнды материал бола алады. Еңбекті мектеп бағдарламасында “Көркем шығармаға стильдік талдау жасаудың жолдары”, жоғарғы оқу орындарында “Сөйлеу тілінің эмоция мен экспрессияны білдірудегі орны”, “Көркем шығармаға филологиялық талдау жасау”, “Көркем публицистика тілі”, “Көркемсөздің физиологиялық-психологиялық мәндері” атты арнайы курстар мен пәндер енгізу үшін қосымша әдебиет етіп пайдалануға болады.

Зерттеудің әдістері. Жұмыс өз мақсатына жету үшін зерттеу, анықтау, айқындау, салыстырып сараптау, сипаттау, аналитикалық синтездеу әдістері қолданылды.

Жұмыстың мақұлдануы. Зерттеу жұмысы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде орындалды. Жұмыстың кейбір мәселелері Еуразия Ұлттық универитетінің “Хабаршысында”, “Ғалым ізімен” атты ғылыми мақалалар жинағында, ”Ізденіс” журналында жарияланып, 4 рет республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланды.

Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, 2 тараудан және қорытындыдан тұрады. Еңбектің соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген. Диссертация _115_ беттен тұрады.


Бөлім: Журналистика

Добавить комментарий