ҚАЗІРГІ МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ ЖАНРЛАРДЫҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ



МАЗМҰНЫ:

КІРІСПЕ ………3

1. Ақпараттық жанрдың баспасөздегі орны
1.1. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзі және жанрлардың өзгеруі…9
1.2. Қазақ баспасөзінде оқиғалық жаңалықтардың жазылуы………22

2. Ақпараттық жанрлардың даму бағыттары
2.1. Ресми деректер мен жалпы ақпараттардың жазылуы…….33
2.2. Қазіргі ақпараттық жанрлардың тілі мен стилі……..46

ҚОРЫТЫНДЫ……….58
Пайдаланылған әдебиеттер………65

КІРІСПЕ
«Қазіргі таңда дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі ірі өзгерістерден, белең алып келе жатқан жаһандану үдерістерінен ешбір елдің саяси өмірі мен бұқаралық ақпарат құралдары тыс тұра алмайтын күрделі кезеңмен бетпе-бет жүздесіп отырмыз. Академик Ғарифолла Есім айтқандай: «… біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп те жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» жасыру мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария естілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде» [1].
Ақпарат, яғни «информация» сөзі латын тіліндегі «informatio» – мәлімет, түсініктеме деген мағына береді.
Ақпарат деген ұғым жайында барлық ғылым саласында жылдар бойы пікірталастар толастамаса да бәрі біркелкі мойындаған, бір ізді етіп белгіленген тұжырымдама әзірше анықталған жоқ. Әркім айналысып жүрген саласы бойынша, қызмет түріне сәйкес «ақпаратты» өзінше ұғынып, өз қабылдауынша анықтама береді.
Ақпарат бүгінде демократияландыру үрдісінің басты өлшемдерінің біріне де айналды. Нейдер деген американ заңгерінің «Информация – основная валюта демократии» деген сөзін осы жерде еске алуға болады [2]. Сондай-ақ, ақпарат дегеніміз қоғамдық мәніне сай жаңа мағлұмат, білім. Қазіргі таңда әрбір елдің ең негізгі ұлттық құндылығы – білім екендігіне ешкім күмән келтірмесе керек. Осыдан келіп-ақ, белгілі бір елде зайырлы қоғамның орнауының, материалдық өндірісінің қуаты, рухани ойының потенциалы сондағы айналымға енгізіліп отырған ақпараттың мөлшері мен сапасы арқылы бағаланатын үрдіс әлемде қалыптасқанын байқаймыз. Сондықтан да, «ақпарат деген ұғымның мазмұны мен маңызы ерекше өсіп, материя, энергия секілді ғылымның іргелі ұғымдарымен тең дәрежеге жетті» деген филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Шамахайұлы мен орыс ғалымы, техника ғылымдарының докторы В.Плыкиннің: «Разум вселенной – первичен, информация – вторична, энергия третична, а материя и сознание – произведены от первых трех» (Ғаламның санасы, ақыл-ойы – алғашқы, ақпарат – екінші, энергия – үшінші кезекте пайда болса, ал материя мен таным осы үшеуінен бастау алады) деген тұжырымдарының бір-біріне жақындығына көз жеткіземіз.
Ақпарат – материя, энергия секілді ежелгі әрі іргелі ұғымдардың бірі дегенмен келісуге әбден болады. Сондықтан оған дәлме-дәл анықтама берудің өзі мүмкін емес. Дегенмен басты сипаттарын анықтауға болады:
а) Ақпарат – оны қабылдаудан бұрын мүлде беймәлім болған жаңа мағлұмат.
ә) Ақпарат өзі материалдық зат емес. Дегенмен әрбір арнайы белгілер, сигналдар секілді материалдық тасымалдаушылар арқылы көрініс табады.
б) Белгілер жеке дара және көптеген жиынтықтары арқылы да ақпаратты сақтай алады.
в) Қандай бір белгі және сигнал – тек оның мәнін ұғатын, түсінуге қабілеті жететін қабылдаушыға ғана ақпарат жеткізе алады.
Батыс философы Роберт А.Уилсонның «Новая инквизиция» еңбегіндегі: «информация: степень непредсказуемости сообщения; грубо говоря, информация – это то, что вы не ожидаете услышать. Информация в этом смысле может быть «истиной» или «ложной», но всегеда непредсказуемой» деген пікірі де жоғарыда айтылған ақпараттың сипаттамаларына сайып келеді.
Масс-медиа саласында да ақпарат деген ұғым әрдайым басты назарда. Мұнда негізінен екі түрлі бағыт ұстану бар. Бірінші бағыт бойынша, ақпарат дегеніміз – әр түрлі хабарламалардың жиынтығы деп анықталады.
1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңында «ақпаратқа» мынадай анықтама берілген:
«бұқаралық ақпарат – тұлғалардың шектеулі топтарына арналған баспа, дыбыс-бейне және өзге де хабарлары мен материалдары» [3].
Масс-медиадағы екінші бағыт – ақпаратты журналистиканың белгілі бір жанры деп біледі. Журналистика жанрларының ең негізгісі әрі атасы ақпараттық жанрлар. Ақпараттық жанрдағы материалдар субъективтік көзқарастан, жеке тұлғаның қорытындысынан ада болатындықтан әлем журналистикасын зерттеушілер оны жарияланымның жоғары формасы деп атап жүр. Өзге жанрлардан гөрі ақпараттық жанр түрлері артық шеберлікті, нақтылықты, жинақтылықты талап етеді. Ақпараттық хабарда әсіресе қызыл сөздермен тіл безеудің де, өте қара байыр тілмен тұрпайы жазудың да зияны бірдей болғандықтан, жалпы және кәсіби шектеулер ақпарат жазушының іс-әрекетін ретсіздіктен, жүйесіздіктен сақтап, нағыз іскер, әрі шығармашылық тұрғыдан тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды.
Сондықтан да ақпараттық жанр – ең өнімді жанр. Қоғамдық-саяси мазмұнына сай әркімге ең жақын әрі тартымды жанр болып табылатындықтан ақпарат құралдары, соның ішінде мерзімді басылымдардың онсыз күні қараң деуге болады. Газеттер мен электрондық ақпарат құралдарындағы барлық жарияланымдардың 40-қа жуық пайызын ақпараттық туындылар иеленіп жатқаны бұл сөзіміздің айғағы.
Шынымен де ақпараттық жанрлардың баспасөзде ерекше ойып алар орны бар. Олар – газет тішілерінің болған оқиғаның ізін суытпай, жеңіл де ыңғайлы жаза қоятын жанрлары. Ақпараттық жанрлар бүгінгі өмір тынысын, шетелдердегі тұрмыс шындығын жан-жақты көрсетеді. Егер хабар жанрларын баспасөзде орынды пайдалана білсе, оның мүмкіндігі шексіз. Сондықтан бүгінгі өскелең өміріміздің жаңалық хабаршысы – ақпараттық жанрдың мерзімді баспасөзден кең орын алуы қуанарлық та, құптарлық іс.
Тақырыптың өзектілігі: Адамдардың тіршілік етуі үшін ауа мен су қандай қажет болса, бұл күні ақпараттың да рөлі сондай артып отыр. Әр адам тіпті ертеңгі күннің райы қалай болатынынан, өзінің көшесіндегі, тұратын жеріндегі жаңалықтардан бастап, доллар бағамы қандай, ауыл тұрғындары үшін – ауылдағы ауыз су мен жол қатынасын жөндеу, қала халқы үшін – тұрғын үй мәселесі шешіле ме, зейнетақы мен жалақы мөлшері көтеріле ме деген әлеуметтік маңызы бар хабарлардан, мемлекеттік, әлемдік, глобальдық деңгейдегі ақпараттан хабардар болып отырғысы келеді. Сондықтан бұқара өмірде болып жатқан жайлардан хабардар болу мақсатымен газет оқиды, радиохабар тыңдайды, кино мен теледидар көреді. Бұл олардың қоғамдық өмірде дұрыс жол табуы, оң қадам жасауы үшін айналада не болып жатқанын біліп отыруды тұрмыстың өзі талап ететіндігінен, қалың бұқараның күнделікті өмір талабына сай, өмірде болып жатқан жайларды, оқиғаларды, құбылыстарды оқығысы, естігісі, көргісі келетін ынтызарлықтан туады. Ал ақпарат тарату журналистік жұмыстың негізі болып саналатындықтан, хабарға деген бұқараның ынтызарлығы журналистиканың ақпараттық жанрларын кең де өткір қолдануын талап етеді. Бұл талаптарды орындау үшін журналист қоғам дамуының обьективтік жағдайынан, сондай-ақ субьективтік факторларынан да хабарлар беріп тұруға міндетті. Бұл міндеттерді орындау жөнінде журналистиканың «барлаушылары» атанған ақпараттық жанрлар елеулі рөл атқарады.
Ақпараттың тасқыны өрлеп тұрған қазіргі таңда қазақ газеттерінің біртіндеп ақпараттық сипатқа ауысып бара жатқаны анық байқалады. Бірақ оқырмандарға осы күні өздерінің қалалары, аймақтары тіпті елдеріндегі жаңалықтарды білу аздық етеді. Сондықтан мерзімді баспасөз тілшілері әрбір рухани қазынаны тұтынушыны, яғни ақпарат қабылдаушы аймақтық, ұлттық және жаһандық деңгейдегі қажетті ақпараттармен қамтамасыз етуі тиіс. Осы орайда, журналистика жанрларының көшбасшысы саналатын ақпараттық жанрлардың жалпы даму жолдарын, қыр-сырларын, заңдылығын, сонымен қатар ерекшеліктері мен ішкі сипаттарын зерттеу – қазіргі кезең қойып отырған келелі міндеттердің бірі.
Мақсат-міндеттері: Қазақстанның саяси өміріндегі түбегейлі өзгерістер, халықаралық саясаттағы күнделікті ақпараттар ағыны журналистерге қоғамдағы тың әрі елеулі құбылыстарға әр қырынан ой жүгіртіп, баға беруге өзекті проблемаларды халыққа жедел жеткізумен бірге оның шешім табу жолдарын іздестіруге талпыну секілді жоғары талап қойып отыр. Сондықтан болашақ газет тілшілері баспасөздегі ақпарттық жанрлардың басты принциптерін, әріден бүгінге дейінгі эволюциясын, тілі мен стилін, алдымен теория арқылы білуі тиіс. Диплом жұмысында еліміздің ғалымдарының, зерттеушілердің оқиғалық жанрлар жөніндегі көзқарастары мен тұжырымдары ескеріле отырып осыған өзінше үлес қосу көзделеді.
Ақпараттық жанрлардың қазіргі мерзімді баспасөздегі және қоғамдағы орнын, даму бағыттарын нақты көрсету үшін елімізде жарық көріп жатқан барлық басылымдарды қамту мүмкін емес, әрі оларды қоғамдық-саяси бағыт-бағдарларына сәйкес жекелеген типологиясы бойынша қарастырған тиімдірек деп санағандықтан, диплом жұмысына негізгі республикалық деңгейдегі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Айқын» газеттері алынды.
Біздегі БАҚ типологиясы негізінен үш топқа бөлінеді:
1) мемлекет пен үкіметтің саясатын, ресми істерін, қызметтерін толық жақтайтын, оны тұрақты түрде насихаттайтын БАҚ-тар; Мемлекеттік мүддені алға қоятын «Егемен Қазақстан» газеті осы топқа кіреді.
2) мемлекет пен үкіметтің саясатына либеральдық тұрғыдан қарайтын, бейтарап позиция ұстануға тырысатын ақпарат құралдары мен газеттер. Олардың қатарына әр түрлі меншік иелігіндегі акционерлік қоғамдар мен ЖШС, медиахолдингтер тарапынан қаржыландырылатын БАҚ жатқызылады; Қазақстандық ақпарат нарығына шыққанына көп бола қоймаса да, өз оқырмандарын тауып үлгерген «Литер Media» ЖШС иелігіндегі «Айқын» газеті осы топ қатарында.
3) қазіргі саяси режимнің, биліктің жүргізіп отырған саясатына түбегейлі қарсы, радикалдық оппозиция ретінде өз позицияларын ұстанатын жекеменшік нысандағы басылымдар. Ал «Жас Алаш» – бірінші топта туып, тамыр алған, кейін екіншіге өткен, қысқа мерзім ішінде радикалдық басылымға айналған, үшінші топтың белді басылымы [4].
Сонымен бірге, диплом жұмысында аталмыш басылымдардағы 2007 жылғы хабар жанрында жарияланған мақалаларды салыстыра талдаумен қатар баспасөз теориясы мен практикасын, газет жанрлары мен газет лексикасын зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектері қарастырылды.
Жұмыстың басты тұжырымдары ретінде мыналар ұсынылып отыр:
– Қазақ баспасөзінде ақпараттық жанрлар формалары жетілу, дербестену кезеңін бастан кешуде. Заман талабына сай көлемі жағынан ықшамдалуы, бір-біріне сіңісіп, өзара айырмашылықтары азаюы, бір өзі бірнеше жанрлардың сипатын қатар көрсете алатын туындылар жазылуы секілді өзгерістер байқалады;
– Аудиториямен байланыс орнату әлі де дұрыс жолға қойылмай отыр. Оқырман хаты – газеттің жұмыс істеу бағытын айқындайтын компас екенін басылымдар басшылыққа алмауда;
– Қоғамдық пікір қалыптастыру міндетін асыра пайдаланып, кейбір тілшілер ақпарат берудің басты шарты – объективтіліктен гөрі оқырманға өз пікірін, саяси топтардың мүддесін таңудан жаңылмауда;
– Газет тілінде тілдік, стильдік қателер көптеп кездеседі.
Диплом жұмысының құрылымы: диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен (І – ІІ тарау), кесте және қорытынды мен әдебиет тізімдерінен тұрады.


Бөлім: Журналистика

Добавить комментарий