Қазақ радиосындағы «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасы



МАЗМҰНЫ

Кіріспе……4

1 тарау. «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасының жасалу табиғаты

1.1 Бағдарламаның атқаратын функциясы және олардың тыңдарманға ықпалы…….. 7
1.2 Бағдарламаның жанрлық, пішіндік ерекшеліктері……..21
2 тарау. «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасының тақырыптық сипаты

2.1 Туған жер, ұлттық мүдде мен патриоттық тәрбие – радиобағдарламаның өзекті тақырыбы………35
2.2 Тіл мен дін – руханият тірегі……….52

Қорытынды…………..76

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі……80

Кіріспе

Қазіргі таңдағы алмағайып заманда адам баласы күн санап, тіпті, минут пен секунд санап, жаңашылыққа бой ұрып, білмейтінді білуге талпынып, дүниенің қыр-сырына терең үңілуге бел буған. Дей тұра, болашаққа қадам басып, жол бастағанша дейін, алдымен өз еліннің, туған жеріннің тарихын жете игеріп, ұлт мұрасын, мақтанышын қолына шырақ етіп ұстап, терең біліммен қаруланып, аттанған жөн болар. Осы ретте адамзатқа жолсерік бағыт-бағдар көрсетуші бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам дамуындағы рөлі анықтала түседі. Ерекше мәдени көрініс ретінде БАҚ рухани және материалдық құндылықтардың дамуына оң ықпал етіп, адамзат өркениетіне баға жетпес үлес қосып келеді. Оның ішінде, радионың атқарар рөлі орасан зор екені даусыз.
Адамзат тарихында том-том болып жазылатын айтулы, аты шулы оқиғалар өтті. Міне, сол қым-қуыт құбылыстардың бәріне радио тікелей араласып, дүбірлі дүниеге елеңдей құлақ түрген көпшілікке қажетті ақпарат таратып, жаңалық жеткізумен келеді. Мұның аса абыройлы да, жауапты іс екені бәрімізге де түсінікті. Себебі, адамзат қоғамында хабар-ошардың айрықша орын алатыны аян. Оның үстіне жұртшылық көбінесе дәл осынау бұқаралық ақпарат құралын ерекше қадірлейді. Бір қарағанда аса қарапайым көрінетін радио хабарлары мерзімді басылымдар мен телевизияға қарағанда қолды-аяқтай өте жылдам тарайды.
Міне, ендігі кезекте осы радионың, оның ішінде Ел радиосына айналған Қазақ радиосының бағдарламалары зерттеу нысаны болмақ.
Тақырыптың өзектілігі. Дәлірек айтсақ, біздің зерттеуіміздің негізгі нысаны бір ғасырға жуық дәуір шежіресін бастан өткеріп, ұлттың рухани кемелденуі жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Қазақ радиосынан біраз уақыттан бері беріліп келе жатқан «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасы.
Диплом жұмысы тақырыбының өзектілігіне келер болсақ, алдымен төмендегі мәселелерді ескерген жөн болар. «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасы қоғам дамуына қаншалықты әсер етеді? Бұл бағдарлама не мақсатпен эфирге дайындалып шығарылды? Оның атқарып отырған функциялары қандай? Бағдарлама нендей тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітеді? Бүгінгі күнде бағдарлама тыңдарман аудиториясының сұранысын қаншалықты деңгейде қанағаттандырып отыр? Тыңдарман арасында қандай беделге ие? Бұл бағдарламаның жаңалығы неде? Таңдалып алынған тақырып өзектілігін анықтамас бұрын, алдымен осы аталған сұрақтарға жауап берген ләзім. Диплом жазу барысында жоғарыдағы аталған сұрақтарға жауап ізделіп, нысанаға алынып отырған объектінің мазмұны мен мәні, бағдарлама жасалуының ішкі сыры, шығармашылық ізденісінің жаңалығы талданады. Осылайша, диплом жұмысы тақырыбының өзектілігі барынша ашыла түседі.
Дипломдық жұмыстың мақсаты. «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасы Қазақ радиосының эфиріне аптасына бес рет шығады. Бес күн барысында бес тақырып аясында өрбитін, қызықты да өзекті мәселелерді көтеретін бес бағдарлама әзірленеді. Бағдарламаның бір күнгі саны Қазақ радиосының 24 сағаттық эфирлік уақытының бір сағатын алады. Бір сағат барысында тыңдарман түрлі ақпаратпен сусындап, рухани жан-дүниесін байытады, көтерілген мәселеге өзіндік ой мен үн қосады. Аталмыш бағдарлама екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімі ақпараттық-танымдық бағытта жасалса, екінші бөлімі ойын-сауықтық болып келеді. Яғни, екінші бөлімде ойын арқылы бірінші бөлімде айтылған ақпаратты тыңдарман санасында қорыту, ойната отырып ойланту басты мақсат етіп алынған.
Бағдарламаның аты затына сай болып келеді. Бағдарламада ұлтымызға қатысты, иісі қазаққа тән келелі мәселелер көтеріледі. Тәуелсіз еліміздің алтын діңгегі – діні, биік тұғыры – тілі, кеңге жайылған туған жер-топырағы, жарқын болашақ кепілі – өскелең ұрпағы, ұлт мүддесі, Отанға деген махаббат, сүйіспеншілік, патриоттық тәрбие – бағдарламалар санының негізгі өзегіне айналған тақырыптар саналады.
Біздің мақсатымыз, осындай салмақ-жүгі ауыр тақырыптарды қозғап, халқының жоғын жоқтап, барын бар етіп көрсететін үлкен жобаның – «Мен қазақпын» бағдарламасының атқарар функциясын, жанрларын анықтап, бағдарламалар мазмұнын талдап, таразыға салу болып табылады. Осылайша, бағдарламаның қазақ радиожурналистикасындағы алар орны мен маңызы анықталатыны сөзсіз.
Диплом жазу барысында профессор Намазалы Омашевтың екі томдық «Ақпарат әлемі», «Радиожурналистика», Жидегүл Әбдіжәділқызының «Тікелей эфир табиғаты», Клара Қабылғазинаның «Аудиотехника және радиохабарларының технологиясы», Рахима Шәріпқызының «Радиожурналистика», «Қазіргі шетел журналистикасы», Қуандық Шамахайұлының «Демократиялық қоғамдағы баспасөз және ақпарат құралдары», «ХХ ғасырдағы әлем журналистикасы» кітаптарының ғылыми деректеріне сүйендік. Сонымен қатар, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасынан шыққан кітаптарды пайдаландық.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Диплом кіріспе, екі тарау мен қорытындыдан құралған.
Диплом жұмысының бірінші тарауында «Мен қазақпын» ақпараттық-танымдық, ойын-сауықтық бағдарламасының жасалу табиғаты, яғни функция, жанр мен пішіндері қарастырылады. Әрбір журналистік туындының атқаратын өз функциялары мен жанрлары, пішіндері болатыны хақ. Біз ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, бағдарламаның аталмыш қырларын анықтайтын боламыз.
Екінші тарауда бағдарламаның тақырыптық сипаты қарастырылады. Аптаның бес күні барысында бағдарлама бес түрлі тақырып қозғап, тыңдарманға ұсынады. Осы тақырыптардың мазмұны, ішкі сыры, ашылу деңгейі – дипломдық жұмыстың негізгі бөлімінде қарастырылатын басты мәселе.


Бөлім: Журналистика

Добавить комментарий