Қазақ прозасындағы ауыл көріністері



Мазмұны

Кіріспе…….3

І. Қазақ прозасындағы ауыл көріністері……….9-23

ІІ. С.Мұратбеков шығармаларындағы ауыл бейнесі…..24-58

Қорытынды…………57-61

Пайдаланылған әдебиеттер………62

КІРІСПЕ
Әлемдік әдебиеттің көркемдік даму тенденциясы, оның озық үлгілері алдымен өз ұлт топырағында көксейтіні мәлім. Олай болса, бүгінгі күннің көкейкесті, ортақ проблемасын көбіне тақырып шешпейді. Әдебиеттанудың қандай да нақты мәселесі ендеше, сол бір күрделі процесс ауқымында шешілмек. Әдебиеттанудағы тұтас талдау тәсілі, синкретизм тенденциясы осындай творчество табиғаты ерекшелігінен туындап отыр.
Қаламгерлеріміздің дара ерекшелігін әдебиетіміздегі дәстүр мәселесімен өзектес қарастырудың мәні зор. Өйткені әдеби процестің бірден-бір катализаторлары — дәстүр. Мәселен, Сайын Мұратбеков творчествосында лиризм мәселесін сөз еткенде Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесімен туыстығын көрмеу мүмкін бе? Шын әдеби процестің дәстүрсіз көктемейтінінің бір ғана айғағы бұл. Сайын шығармаларының баяндау тәсілінде, образ табиғатында, тіпті тартыс шырғалаңында «Шұғаның белгісіндегі» кейіпкерлердің көркемдік сапа өлшемі, ішкі иірімдеріндегі үндестік, сарындастықтарды немен түсіндірмекпіз? Сөз жоқ, ол ұқсастықтың негізгі төркіні ұлттық болмыста жатыр. Дәстүрдің алтын арқауымен матасып жатыр.
60 жылдар қазақ әдебиеттануында ғалым 3. Қабдолов Б. Майлиннің біз сөз етіп отырған повесінің стилі жайлы:
«… Шұғаның белгісі тіліндегі әдемі айшықтарға қарамастан, негізінен баяндау тәсілімен жазылған. Ал баяндау ылғи суреттеу бола бермейді. Баяндауда образдылықтан гөрі шешендік басымырақ жатады… Дұрысында баяндаудан гөрі суреттеу артық екенін ескерген жөн». Теориялық бағалы тұжырым екенін айта отырып, бұл пікірдің стиль мәселесін сөз етуде догмаға айналып кетпеуін қадалаған жөн сияқты. Өйткені жанды әдеби процесс қашанда әдебиеттанудың да ілгерілеуіне мұрындық қой. Бір ғана мысал, 60 жылдардағы орыс прозасының даму тенденциясында айрықша бой көрсеткен лиризм тәсілі оның әдебиеттануы мен сынында да өз таңбасын салды: танымдық, эстетикалық жаңа қабаттар қаланды. Распутин, Быков, Абрамов, Астафьев, Беловтар деревня прозашылары деген атауға да ие болды. Алайда, бұлардың XIX ғасыр орыс классиктерімен тамыр соғысы бір. Уақыт озған сайын қырлана, құбыла түсетін шындықпен шынайылық астары бар. Араға уақыттар салып Сайын шығармалары қайта оқылғанда стиль сыңғыры көне қоңыраудай сыңғырлап қоя берері күмәнсіз. Стиль — жазушының бір болмысы талант кепілі. Жазушы тұлғалана алғанда ғана стиль түзелетіні мәлім. Олай болса, тіл, таным, эстетикалық өлшем, философия — бәрі де стиль арқылы жарыққа шығады. Мәселен, жазушының «Күзгі бұралаң жол» әңгімесінің эстетикалық мұраты жаңа көркемдік шешіммен астасатын ұлттық болмыспен өзектес жатқандай. Бибі бейнесі өзінің ұлттық характерімен ерекшеленеді. Мәселен, ол бейненің мінез-құлық, ұлттық болмысты сырттай сипаттау сарынынан арыла алуында. Сөйтіп оның характер деңгейіне көтерілу сыры да осы стильмен сабақтас. Өйткені бұл әңгімені де біз суреттеу тәсілімен жазылған шығарма қатарына қоса алмаймыз. Керісінше, жазушылық шебер қиюласқан лирикалық баяндауы арқылы образ сомдалады. Ең ғажабы — лирикалық «мен» оқшауланбайды. Жалпы шындық, жалпы адамзаттық гуманизм аясында ерекше бір үйлесімділікпен жарастық табады. Міне бұл — тікелей стиль жеңісі. Шұға мен Бибінің стильдік жағьнан да, образ табиғаты тұрғысынан да үндесетін жері осы бір иірімдерде. Автор шеберлігі, оның профессионализмін де осы образ төңірегінен іздестіруге болады. (Себебі шығарма тұтастығы — табиғилығы сонша, оның кез-келген кішкене бөлшектеріне дейін жанды дене мүшелеріндей жалпы организмге қызмет етеді).
Яғни, автордың идеялық-эстетикалық позициясына дейін образ болмысына табиғи түрде тұтаса кірігеді. Алайда, шебер жасалған образ деуіміздің енді бір қыры қас-қағымына дейін жадында қалатын Бибі бейнесін құдіретті реализм жемісі демеуге бола ма? Яғни, көркемдік шешім қалыпты компонештерді жетілдіруде емес, тікелей жазушының өмірмен тыныстайтын әрекетінен, қарым-қатынасынан өрбігенде ғана өміршең екен. Иә, автордың лирикалық баяндауынан туған, шұғылалы бір сезімдерінен өрілген Бибі бейнесі — реализмнің барлық заңдылығын бұлжытпай орындаған реалистік бейне. Өмір талқысына түскенімен «асыл тас» қалпында қалуы, тозбайтын төзім, мұқалмайтын ақыл-парасат иесі — Бибі автордың идеалы бола тұра астарында қатпар-қатпар өмір шырғалаң жатыр. Қайшылыққа толы өмір драмасы тұр. Сандаған суретке жан бітіретін тіл иірімдері ше? Осының бәрі шағын әңгімеден табыла тұра оның стилін ауырлатпайды. Сонда күрделі өмірлік сауалдар көркемдік күрмеуі қиындап, жасанды пафосқа ұрынбайды. Керісінше, жеңіл оқылады. Өмір шырғалаңы шуақты жаздай бір жылылық фонында ашылады. Міне, бұл — жазушы табиғаты, стиль ерекшелігі. «Шұғаның белгісіндегі» ауыр трагедия да осы тәсілмен ашылмаушы ма еді? Зіл батпан трагизм, жанрлық трагедия тілімен емес, өнер, поэзия құдіретімен астаса отырьш өзгеше бір үн шығара жетеді құлаққа.
Иә, бұл бағытта Сайынның өз әуенін, өз ырғағын тапқан әңгіме-повестері баршылық. Идея болғанмен көркемдік кілті болмаса эстетикалық мұрат жүзеге аспайтыны мәлім. Олай болса, Сайынның көптеген шығармалары көркемөнердің ортақ кілтімен ашқан суреткерлік өнер сығындысы. Мәселе санда емес, сапада десек, саф алтындай талғам тазалығына қызығамыз. Бұл орайда «Жабайы алма» повесінің орыны бөлек. Одақ деңгейінде әңгіме болуға лайық бұл шығарма өз топырағында әлі толық бағасын алған жоқ. «Жабайы алмаға» дейін де жазушы ол өрелес шығарма берген. «Күсен-Күсеке», «Басында Үшқараның», «Жусан иісі», «Күзгі бұралаң жол» т.б. әңгімелерінде-ақ өзіндік қолтаңба танытқан еді. Бұлардың қай-қайсысы болсын негізгі кілті — лиризм. Лиризм тәсілін жазушының меңгергені сонша, оны тек авторлық баяндауда ғана емес, тартыс табиғатын танытуда да, көптеген басқадай көркемдік шешіміне нәзік пайдаланды. Мәселен, не бір қатқыл өмірлік драматизм көбінесе юмормен, мысқыл-әжуамен астарланып отырады. Бұл да негізінен халықтар характерді танытатын, туған әдебиетімізде Б. Майлин, Ғ. Мүсіреповтер көп қолданған тәсіл екені мәлім. Сол сияқты кейбір психологиялық ситуацияның тым қалыңдайтын, монологтың ширыға түсетін тұстардың өзін Сайын лиризмге жендіреді. «Күзгі бұралаң жол» әңгімесінің финалын еске түсіріңіз. Оқиға дамуының кульминациясы Бибінің Шынтемірмен мәңгі қоштасатын жерін автор шығарма финалы еткен. Терең психологиялық тебіреніске де, монологтың не бір үлгілерін тудыруға, тіпті лирикалық шегіністер жасауға мол мүмкіндік беретін бүл нүктені жазушы мүлде басқа көркемдік мүддеге пайдаланады. Сол арқылы белгілі схемадан шығады, өзіндік көркемдік шешім ұсынады. Міне осы жерде Бибі жан дүниесінің сан қырлы шуақты сәулесі жарқырай ашылады. Сол арқылы трагедиялық та, драмалық та емес, алдыңғы қатарға лирикалық бейне шығады. Соған орай стильде де психологизмнен гөрі лиризм өз болмысымен көрінеді. Шығармадағы тартыс та осы стильге тәуелділік танытады. Алайда, сонша лирикалық стильдегі туынды лирикалық мәннің көлемін көрсетпейді. Керісінше, обьективті шындықты обьективті бағалайды. Бұл жазушы профессионализмінің көрінісі. Өйткені, Шынтемірдің күдерін Бибі езі еркімен үзген жоқ. Өзін адамшылықтың, адалдықтың құрбаны ете отырып өз-өзіне үкім айтады. Осы бір сәттегі оның көңіл-күйін автор өте ұтқыр бейнелейді. Сыры кетсе де сыны кетпеген әйел жанының тылсым құдіреті сізді де өзіне тұтқындайды. Оның жанына тұнған мұнарлы мұңы да көгілдір таулардай сағымдана қол бұлғап, көңіл құсын сан тарапқа ұшырады. Ой, сезім көкжиегін кеңейту үшін керкемөнердің мұндай сәтті компонентгері ауадай қажет екені айтпаса да мәлім ғой. Асылы Сайын сана сарқа түзген «жаһұтын» алдыңызға жая салмайды. Күн көзінен, жел өтінен тасалап ұстайды. Күміс көлдің түбінен ғана көрсетеді. Мөлдір су астындағы маржан мұқалмайтыны мәлім. Ендеше уақыт озған сайын оның шығармаларының қасиеті алмастай суарыла түсері хақ. Бұл орайда шағын жанрда осы тәсілдің әлемдік үлгісіне айналып отырған А.П. Чехов еске түседі. Чехов мектебінің де негізгі көркемдік тенденциясы — су беті емес, су асты ағын қабаттарында еді ғой. Сайын да Чехов секілді әрбір көркемдік бөлшектері кез ұрмайтын тұтас суреткер десек, ол еліктеуден, үйренумен келе қоймайтыны белгілі. Мәселен, Сайынның кісінің көңіл-күй әуеніне арналған лирикалық әңгімелерінің бірі «Ескек жел» әңгімесінің арқауы — ерлі-зайыпты Рысжан мен Төлештің ұғыса алмаған қайшылықты қарым-қатынасы бола тұра жазушының айтары мүлде басқада. Көркем шығарманың көп жоспарлы, поэтикалық бүктесіні мол, сөйтіп өмір күрделілігіне шығатын айналымдарын біз Лев Толстой дүниелерінен де жақсы білеміз. Ұлы жазушының «Крейцер сонатасында» ап-айқынақ кезге көрсетіп отырған кикілжің, кісі өлімнің астарында Л.Толстой философиясының түпсіз терендігі өзгеше кеңістік ашпай ма? Ал «Ескек желде» Сайын философиялық кеңістік емес, адам жан әлемінің жасампаз, өмір құрағыш қабілет-қасиетін дәріптейді. Мәселе шығарма идеясының көзге ұрмауында. Көркемдік тәсілдің кемелдігінде болып отыр. Әңгіме сюжеті бойынша болмашы қақтығысқа бола Төлеш пен Рысжан ажырасады. Бірақ екеуі де бір-бірінсіз өмір сүре алмайтынына көз жеткізгендей болады. Рысжан түнде бой тасалап келіп бөгде әйелдің үйінде тұрып жатқан Төлештің басқа бөлмеде бүк түсіп жатқан халін көріп қайта қапаланды. Үйіне қайтып келе жатып, көк аспанға көзі түсіп, сансыз жұлдыздармен тілдескендей болады. Көңіл-күйдің құбылуына себеп — Төлештің де өзіндей күй кешуі. Әрі қарай Рысжанның асқақ жаны шабыт үстіне шабыт қосады. Сөйтіп, қарапайым күйкі тірліктен адам ретінде биіктей түседі. Сөз жоқ, өмірлік мәні бар мәселе публицистикалы емес көркем тілмен жетеді. Сөйтіп, ырғағын тапқан лирикалық баяндау характер табиғатын ашуға қызмет етеді. Субьектіге тәуелсіз қалып танытады. «… Рысжан түнгі аспанға қарады, жұлдыздардың көптігіне таң қалды. Есіне осыдан біраз күн бұрын естіген бір әннің сөздері оралды: осынша көп жұлдыз, осынша көп жарқыл, осынша кең аспан бәрі-бәрі бір менің үлесім болғанын мәлімдейді. Сол ән Рысжанға қатты ұнаған еді.» Міне, жазушы кейіпкер табиғатына қылдай қиянат етпей, өз идеясы мен идеалын тықпаламай қарапайым адамның қарапайым түсінігін қарапайым тілмен баяндай отырып-ақ суреткерлік мұрат көзделеді.
Сайынды ешбір қаламгермен ауыстыру мүмкін еместігінің бірден-бір кепілі — оның стилі. Яғни, ол емір сүрген тарихи кезең қалыптастырған характер болмысы жазушы талантында мәйектей ұйыды. Тарам-тарам тағдыр иелері аялы алақан, ыстық жүрек табында өзгеше рең алады. Тарих кернеуімен ұзақ ғұмырға аттанады. Әрине, сол стильдің тасасында тұрған туған жерге, адамға деген, үлкен махаббат та шығарманы мұқалтпайтын құпиялы құдірет қой. Обьективтік шындықты бейнелеуге қолы жеткен Сайын Мұратбековтың барлық шығармасында дерлік салқын қанды суреткерліктен гөрі махаббат отын жағатын сезім-сезімталдық қызыл жіп боп тартылады, арқауын бір босатпайды. «Жусан иісі», «Басында Үшқараның», «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма» әңгіме-повестерінде жазушы көркемдік көгіне қол созған сайын отаншылдық сезім құштарлыққа айналып, шоқтай қоздап қызуы арта түседі. Ең бастысы сезім жалаң пафостан, публицистік стильден іргесін мүлде аулаққа салады. Көркем өнер тілінде бедерленеді Лирикалық көңіл-күй шығармада жазушы интеллектісінен қауызын жарған қызғалдақтай ашылып, өз кейіпкеріне өзгеше ілтипат, іждаһат туындатады. Осы тұрғыдан бағаласақг «Жусан иісі» атты шағын әңгіме дала балладасы секілді. Дала жайлы түсінік түйсіктен басталып оған деген іңкәр махаббат жырына ұласатындай. Бұл әңгімеде лиризм психологизммен сәтті ұштасады. Сол бір ертекші баланың жан қоймасы, сезім қалтарыстары психологиялық дәлдікпен өрнектеледі. Алайда, тым әсерлі жетеді жүрекке. Лирикалық баяндау өз миссиясын атқара отырып, оның трагедиялық нүктесін тап басуда сипатгау сарынында емес, сурет бояуын қалындата түсетіндей. Ал жайсаң жаны мен сезімі Сайынға тән лиризм шуағында мөлдірейді-ақ. Сөйтіп, дала мен бала жаны суреткердің эстетикалық концепциясында өзгеше бір үйлесім тауып, тұтасады. Бұл тұрғыда проза ақындық шабытқа толы. Асылы, адам жанын, болмысьн айрықша дәлдікпен көрсетуде, әсерлі бейнелеуде, көңіл-күй әуенін түзуде лирикалық проза өнермен текгес. Мәселен, Паустовский әңгіме-повестеріндегі сол жаңбырлы түнде жол кешкен жолаушының жан әлемі мөлдір муза, тұнып тұрған музыка ғой. Тек оның бәрі бізге дыбыс арқылы емес, заттық бөлшектер, нақты ұғым арқылы өзгеше поэтикалық әлем ашады. Паустовский қаһармандарының көбі, әрине, интеллектуалдар. Алайда олар өмірдегі ең қарапайым, байырғы — халықтық этика-эстетикадан сусындайды, ләззат алады, болмысын құрайды. Мысалы: жас жігітгің ата-анасы тұрған балалық шағы өткен ескі мекен-жайына сағынышпен оралуы, аула ішіндегі өзі жүрген таныс жолдармен жүріп ақыры қиюы қашқан қақпа сықырына дейін құлақпен емес, жүрекпен тыңдауы сөзсіз тым-тым сезімдік дүниелер. Сонымен бірге нақты суреттер. Орыс прозасында Паустовский, Солухиндер арқылы айқын көрініс тапқан лирикалық проза қазақ, әдебиетінде өз топырағынан туып, занды эволюциясымен келген Сайын Мұратбеков творчествосымен айқындала түсті десек қателесе қоймаспыз. Бүгінгі әдебиеттану мен сын бұл мәселелерге көңіл аударатын дәрежеге жетті ғой деп ойлаймыз. Өйткені, жоғарыда аттары аталған әңгіме-повестері Сайынның ғана емес, белгілі кезеңдегі казақ әдебиетінің көркемдік ізденіс, даму тенденциясын айқындайтын дүниелер.


Бөлім: Журналистика

Добавить комментарий