Қазақ этносы



І- ТАРАУ. Қазақтардың этногенезін зерттеудің кезеңдері мен теориялық мәселелері

Кіріспе……………………….3-9
1.1 Қазақ этногенезін зерттеудің тарихи кезеңдері………….10-21
1.2 Қазақ этногенезін зерттеудің теориялық және ……22-34
методологиялық мәселелері
1.3 Қазақ шежіресі және этногенез…………35-52

II-тарау. Қазақ этносының қалыптасу тарихы және этникалық құрылымы

2.1 Қазақ этносының қалыптасуы………………….53-61
2.2. Қазақ этносының этникалық құрылымы………….62-67

Қорытынды……………………68-70

Пайдаланған әдебиет……………71-74

КІРІСПЕ

Диплом жұмысының өзектілігі қазіргі кезде тәуелсіздіктің арқасында ұлттық тарихымыздың бастау көзі болып табылатын этникалық тарихымыз, әдет-ғұрып, салт – дәстүрлерімізді жаңғырту негізінде мемлекеттелік тарихымызды қалпына келтіру болып отыр.
Дипломдық жұмысының мақсаты қазақ этногенезі мен этникалық тарихын соңғы кезде пайда болған тарихи деректермен,шежірелер зерттеу жұмыстары негізінде зерделеу болып табылады.
Кеңес дәуірінде Қазақ халқының тарихын Ресей империясының отарлық мүдделеріне сәйкестендіругетырысып оның автохондығын жоққа шығаруға, бергі кезеңде ғана құралғандығы, ежелгі сақ, ғұн, үйсін субстратымен байланысының жоқтығы, оның үстіне этникалық нышандары толық пісіп-жетілмегендігі жөніндегі идеяларды дәлелдеуге тырысты. Әрине халық таптар пайда болған кезде құралады деген қағида көшпелілер өркениетінің төлтума болмысын анықтауға шарасысыздық танытқаны баршаған мәлім еді.
Диплом жұмысын жазу барысында тарихи деректер ретінде П.И.Рычков, И.Г.Георги еңбектерін пайдаланылды/1,2/. П.И.Рычковтың Қазақстандағы топографикалық карта жасау кезiнде Қазақстанда мекендеген түркi тiлдес халықтар мен қазақтардың орналасуы мен ру-тайпалық құрлымы туралы мәлiметтер пайдаланды.
XVIII-XIX ғасырлардағы И.П.Фальк/3/, П.С.Паллас/4/, И.Г.Андреев/5/, Г.Спасский /6/, Е.К.Мейендорф/7/, Я.Гавердовский/8/, А.И.Левшин /9/ секілді озық ойлы мамандардың еңбектері жарық көріп, қазақ халқының шығу тегі, бұл үрдістердің заңдылықтары күн тәртібіне қойылды.
А.И.Левшиннiң (1797-1879) 1832 жылы жарияланған «Қырғыз-қазақ, яғни қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының суреттемесi» деген еңбегi қазақ халықының тарихы, этнографиясы жөнiндегi алғашқы iргелi монографиялық зерттеу болып табылады /9/ . Кiтаптардың бөлiмiнде ең ертедегi заманнан XVIII ғасырдың соңына дейiнгi қазақтар туралы мәлiметтер берiлген. Ерекше бағалы болып табылатын үшiншi бөлiмiнде қазақтардың рулық-тайпалық құрылысы туралы авторға тiкелей өз бақылауы мен өзiне таныс жергiлiктi халықтың көрнектi өкiлдерiнiң ақпараттары бойынша мәлiм болған деректер берiлдi. А.И.Левшин халықтың аталуы туралы өз пiкiрiн келтiрген, бұл – «ғылымда қазақ халқы этногенез проблемасының тұңғыш рет қойылуы» /9/. А.И.Левшиннiң еңбегi жазылуының мақсаты Ресей империясының отарлау саясатын жүзеге асырумен тығыз байланысты. А.И.Левшиннiң бұл еңбегi оның замандастарынан жоғары баға алып, кейiнгi зерттеушiлер соның еңбегiне жүгiндi. Алайда қазақтар тарихына келгенде шығыс деректемелерiн жеткiлiктi бiлмеуiнен ертеректегi кезеңдер дәл көрсетiлмеген.
Ресейде соңғы ортағасырлар кезiнде Қазақстан тарихын зерттеу Х1Х ғасырдың II жартысынан бастап, шығыс деректемелерi сияқты берiк негiзге ие болды. Бұл кезеңде ол В.В.Вельяминов-Зернов пен Ш.Ш.Уәлиханов есiмдерiмен байланысты/10,11/.
В.В.Вельяминов-Зернов (1830-1904) өзiнiң «Қасым хандары мен ханзадалары туралы зерттеу» деген төрт томдық тарихи еңбегiнде алғаш рет XV-XVI ғасырлардағы Қазақстан тарихына назар аударды /10/. Автор қазақтардың жүздерге бөлiну фактiсiне өз түсiнiгiн ұсынып, оны XVII ғасырда болған және халықтың қоныстануының ерекшеліктерін түсіндіреді. Еңбегінің екінші бөлімінде ол қазақ хандығының тарихын рет-ретімен баяндап, бұл мемлекеттің құрылуы туралы пікір айтқан В.В.Вельяминов-Зернов қазақ халқы мен мемлекетінің тарихы жөніндегі өз еңбегіне шығыстың түпнұсқа деректемелелер алынған үлкен үзінділер жариялады. Төлтума деректер арасынан М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашидиін»/12/, Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ-ат-тауарих» /13/, сияқты еңбектерді ерекше атап кетуге лайық. Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеуде Н.А. Аристовтың түрік тайпалары мен халықтары туралы еңбектері ерекше орын алады /14/. Оның ғылыми еңбектерінің лайықты жағы мынада: олар зерттеліп отырған тақырып бойынша кең көлемді деректемелер негізінде жазылған. Соның нәтижесінде ол түрік тайпалары мен халықтарының этникалық құралы туралы материалдардың толық жинағын жасады. Қазақтың үш жүзінің этникалық құрамын анықтаған ол ежелгі түрік тайпаларының атауларын өз заманындағы рулар мен тайпалардың атауларымен салыстырады; қазақтардың құрылуына қаңлылыр мен кыпшақтар барынша көп қатысқан деп көрсетеді.
Қазақтың тұңғыш тарихшы-ғалымы, этнографы Ш.Ш. Уәлиханов (1835-1865) қазақ ұлтының төл деректері ғылыми негізделген ой айтқан қазақ ғалымдарының алғашқысы болды. Ол Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Түркістан тарихының мәселелерін, түркі халықтарының тарихын қазақтардың этногенезінің, жүздер құрылуының, қазақтардың рулық-тайпалық құрамының, орналуының мәселелерін зерттеді. Ол қазақтар мен ноғайлардың этникалық жақындығы туралы пікір айтты. «Жоңғария очерктерінде», «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыз-әңгімелері» деп аталатын еңбектерінде Ұлы Жүз қазақтарына тарихи-этнографиялық сипаттама берілген, ол қазақ хандарының генеологиясы, Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасының тарихын жазды/11/.
Ш.Уәлиханов қазақтарға байланысты этногенетикалық мәселелерге байланысты таптырмайтын дерек ретінде этнография мен фольклор мәліметтерін, қазақ аңыз-әңгімелерін жоғары бағалайды.
Х1Х ғасырдың орта шенінде Н.Я.Бичуриннің қытай жазба ескерткіштерінің ертедегі Орта Азия халықтары туралы мәліметтері жинағын бастырып шығаруы қазақ халқының этникалық тарихы үшін аса көрнекті жаңалық болды. Үш томдық еңбекте қытай деректемелерінің Қазақстанды ертеде және ортағасырларда мекендеушілердің: хуннулардың, усундердің, кангюйлердің, түрік тайпаларының тарихы жөніндегі негізгі ақпарат жинақталған/15/.
Ш.Ш.Уәлихановтың замандасы, Орыс Географиялық қоғамының мүшесі Т.Н.Потанин қазақ халқының этнографиясын зерттеуде, соның ішінде қазақ жүздерінің қашан қандай жағадйда байланысты шығуы туралы мәселерді өзінің «Очерки Северо-Западной Монголии» еңбегінде шолу жасайды/16/. Ол қазақтың арғы тегін, Ұлы, Орта, Кіші жүздердің арғы тектерін анықтауда қазақтың аңыз-әңгімелерін пайдаланады.
Алайда ол қазақ жүздерінің, арғы тегінің шығуы туралы кейбір халық арасына кеңінен тараған аңыз-әңгімелерді келтірумен ғана шектелген.
Қазақ этногенезі мен этникалық тарихына көңіл бөлгендердің бірі А.Н. Харузин Аристовтың бағытын ұстанушылардың бірі. Ол қазақтардың этникалық құрамын терең зерттеуге тырысады. Ол көптеген қазақ тайпаларын «туыстардың одағы емес, қоғамдық-саяси одақ ретінде» қарастыруды ұсынады. Екі автор да өздерінің зерттеулерінде қазақтардың этникалық құрамын зерттеуге көп көңіл бөледі және мұның өзі қазақ тайпаларының ежелгі тарихын талдаудағы алға қозғайтын қадам болды /17/.
ХХ ғасырдың 20 – жылдары қазақ этногенезіне қатысты алғашқы ғылыми зерттеулер дүниеге келе бастады. Олар: М.Тынышпаев, С.Аспендияров және т.б /18,19/. Авторлардың зерттеу нысанасы төмендегідей мәселелерді қамтиды: қазақтың тегі және қашаннан бері жұрт, яғни қалыптаса бастағандығы мәселесі; қазақ жеріндегі ежелгі түркілік, тайпалық одақтардың және мемлекеттердің қазақ ұлтын қалыптастырудағы ролі. 1925 жылы М.Тынышпаевтың “Қырғыз-қайсақ халқының тарихы жөніндегі материалдар” деген еңбегі жарық көрді. “Материалдарда” қазақ жүздерінің этникалық құрамы, қазақтардың шыққан тегі туралы аңыз-әңгімелер, қазақ руларының таңбалары мен ұрандары берілген, әрбір тайпаның тарихын сипаттау үшін тарихи материал іріктеліп алынған. Алайда ол ғылыми емес әдістерді қолданып, қателіктер жіберді: географиялық атаулардың, тарихи есімдердің лингвистикалық үндестігін қазақ халқы тайпаларының ежелден келе жатқанының айғағы деп қабылдайды/18/.
1935 жылы өзінің “Қазақстан тарихын (көне заманнан бергі)” бастырып шығарған С.Ж.Асфендияров,М. Тынышпаевтың қазақ тайпаларын ежелгі етіп көрсеткен және олардың аумаған шексіз кеңейткен қателіктерін көрсетті /19/.
Қазақ халқының шығу тегі және қазақ мемлекетінің пайда болу проблемларын С.Ж. Асфендияров басқа да түрік халықтар дамуындағы нақ сондай проблемалармен байланыстыра қарады. Үш жүздің құрылуын ол саяси бірігуге кедергі жасаған, табиғи географиялық үш өлкеде дамыған көшпелі шарушалықтың тарихи жағдайларымен түсіндірді.
1911 жылы жарық көрген Ш. Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм шежіресі» деп аталатын еңбегіне арнаған рецензиясында: «Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғышы» — деп, бұл еңбектің қазақтың төл дерегінің бірі – шежірені жариялаудағы орнын, автордың объективті қиыншылықтарға қарамай тындырған еңбегін жоғары бағалайды /20/.
Соғыстан кейін жылдарда бірқатар ғылыми зерттеулер жүргізіп, қазақ халқының тегін анықтауға Ә.Х. Марғұлан көп еңбек сіңірді. Оның көп жылдық еңбегінің қорытындысы – «Орталық Қазақстанның ертедегі мәдениеті» деген монографиясы Орталық Қазақстанның ертедегі заманын зерттеудегі және тайпалардың орналасу мәселерін анықтаудағы маңызды кезең болып табылады /21/.
ХХ ғасырдың 50-70 жылдарында белігілі қазақ этнографтарының қазақ шежіресіне қатысты біршама еңбектері дүниеге келді. Бұл тақырыпқа қалам тартқан В.Востров пен М.Мұқанов, Х.Арғынбаев этникалық аумақтар мен ру-тайпалық құрылымдарды зерттеді /22/. Мәселен, қазақ тайпалары мен руларының шығу тегінің мәселері жөніндегі әртүрлі деректемелер арқылы қазақ халқының генетикасы қарастырылады.
М.С.Мұқановтың тағы бір елеулі еңбегі Орта Жүз қазақтарының этникалық тарихы мен орналасуына арналған. Шығыстың жазбаша деректемелері, сондай-ақ архив материалдары негізінде ХVІІІ ғасырдың басындағы қазақ тайпаларының этникалық тарихы мен орналасуы зерттеледі /23/.
Соғыстан кейінгі жылдары тарихи – этнографиялық ғылым нақты проблемеларды зерттеу жұмысының нәтижесінде осы бағытта көптеген еңбектер жарық көрді. Көрнекті этноргаф, Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих ғылымының докторы, профессор Халел Арғынбаев қазақ шежіресіне қосқан үлесі зор. Оның М.Мұқановпен жазған “Қазақ шежіресі” хақында атты монографиясы ғылыми методология негізінде жазылды, алайда мұндағы шежірелер толық емес, кейбірінде қожалар шежіресінің ықпалы бар /22/.
Түркі халықтарына арнаған еңбектердің авторы Л.Н.Гумилевтің еңбектерінің құндылығы зор болып табылады. Оларда хунну державасы мен ежелгі түріктердің тарихына, географиялық орналасуына тоқталады /24/. ІХ – ХІ ғасырлардығы кимектер тарихы жөніндегі монографиялық зерттеуін қазақ этногенезінің сюжеттерінің біріне арналған Б.Е.Көмеков – шығыстанушылардың Петербург мектебінің көрнекті өкілінің бірі. Мұсылман топтарын егжей – тегжейлі зерттеу негізінде ол қазақ халқының тегі деп санауға болатын кимектер мемлекетінің өмір сүруі мен мәдениетінің проблемасын тұжырымдап шешті /25/. 1980 жылдарда тарихшылардың назары қазақ халқының тарихы георгафиясына, этногенезі мен этникалық тарихына байланысты пікірлер шоғырланды. Солардың бірі — С.М.Ақынжанов Қазақстанның ортағасырлық қыпшақтарына арналған монографиялық зерттеулерінде едәуір толық талдап шешкен мәселелері: қыпшақтардың шығу тегі, шаруашылығы, этнография мәселелерін қарастырды. Сонымен бірге қыпшақ және кимек этнонимдердерінің арақатынасы туралы мәселеге назар аударды /26/.
С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтановтың жазбаша деректемелер мен археологиялық бай деректердің материалдарына сүйеніп жазған “Қазақстан. Үш мыңжылдық жылнамасы” деген кітабы қазақ халқының этногенезі үрдістерін көрсетеді. Авторлар қазақ халқы этногенезінің жалпы үрдісін 2-3 мың жыл бойы халықтың екі тобының: үнді еурапалық және ортаазиялық топтарының өзара әсері мен қосылуы деп сипаттайды. Нақ солардың арасынан б.з. дейін ІІ м.ж. қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарымен түрік халықтары қалыптасқан /27/.
Дипломдық жұмыс жоспары кіріспеден, екі тарудан тұрады, олар бірнеше бөлімдерден бөлінеді.
І тарауда қазақ этногенезінің тарихы мен оны теориялық – методологиялық тұрғыдағы зерттелуі талданылады. Осыған байланысты әр кезеңде қазақ этногенезін зерттеген тарихшы ғалымдардың еңбектері қарастырылады.
ІІ тарауда қазақ этносының қалыптасу тарихы мен этникалық құрылымызерделенеді. Бұл бөлімде этногенез мәселелері ежелгі тайпалардан бастап, қазақ хандығының құрылу процесінің аяқталуына дейінгі кезеңдерді қамтиды.Осы тақырыптағы қамтылған мәселелерді түйіндеу үшін қорытынды жасалады. Дипломдық жұмыс тақырыбына байланысты белгілі ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.


Бөлім: Жалпы тарих

Добавить комментарий