Р.Нұрғали зерттеуіндегі Алаш ардақтылары



ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті жанрлық тұрғыдан болсын, идеялық тақырыптық жағынан болсын сапалы, биік беңгейге көтерілген кез болып саналады. Осы кезеңде әдебиетке, өнерге жазушы, қаламгерлердің жаңа легі келді. Бұл халықты надандықтан жирентіп, өнер, білімге, кәсіпке үйретуді мақсат тұтқан, бірнеше тілді жетік меңгерген, жаңаша ойлайтын жаңа формациядағы толқын болды. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин және тағы да басқа көптеген оқыған, көзі ашық азаматтар қоғамдық жағдайға араласып, патша өкіметі тарапынан отаршылдық саясаттың жүргізіліп отырғанын ашық сынады. Қазақ халқына жасалып отырған қыспақты көріп, тұтастай жүйеге қарсы шықты. Осындай белсенділігі мен білімдарлығынан, халқына деген махаббатынан тоталитарлық жүйенің құрбаны болып, қуғын-сүргінге ұшырады, ешбір кінәсіз жалалы деп танылды, түрмелерге қамалды. Атылды. «Саяси қатесі бар», «теріс шығарма» деген сияқты жала жабылып, кітаптары жойылды. Бірақ, ұлт санасынан ардақты азаматтардың есімін өшіру мүмкін болмады, қанша қырағылық жасалғанымен ел ішінде бірлі жарым тыйым салынған кітаптар сақталып қалды.
Алаш қайраткерлері өздері қуғында жүрсе де алаш елі үшін азаттық жолындағы күресінен таймаған. Бүгіннің емес, болашақтың қамын ойлады. Ақыры саяси жағдай, саяси көзқарас өзгеріп, өткен ғасырдың сексенінші жылдары кешегі күні сібірге айдалып, түрмеге жабылған «халық жауларын» ақтау ісі басталғаны белгілі. «30-40 жылдар кезеңі мен 50-жылдар басында орын алған репрессиялармен байланысты материалдарды қосымша зерттеу туралы СОКП ОК Саяси бюросының комиссиясын құру туралы», «Заңсыз қуғын-сүргін, репрессиялар құрбандарына ескерткіш орнату туралы» сияқты бірқатар қаулы-қарарлар қабылданған. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ақтаңдақтар ақталып, олардың мұрасын жинау, кітаптарын басып шығару сияқты ауқымды жұмыстар қолға алынды.
Осындай ұлы істердің жүзеге асырылуына Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың қосқан үлесі зор. Әлі ресми түрде алаш азаматтары ақталмаған уақыттың өзінде М.Құлмұхамедпен үлкен жауапты іске барғанын айту абзал. «Қазақ ССР» қысқаша энциклопедиясының үшінші және төртінші томдарына Алаш ардақтылары туралы мағлұмат беруі аса батылдықты талап ететін қадам еді. Ә.Ермеков, Ақбаевтар жайлы жазылған мақалалар жай ғана кешегіні ұлықтау емес, қазақ ұлтының асыл азаматтарын қайта тірілту, рухани мұраны жандандыру және сол арқылы қазақ әдебиеті тарихы ғылымын жаңа тұжырымдармен байыту болды. Мұндай тарихи істің басталуына ұйытқы болған Р.Нұрғали алаш әдебиетіне қатысты мағлұматтарды өзі ізденіп жүріп, білген түйгенін аздап студенттер қауымына айтып жүрген. Ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген, уақытында қолданарсың деп берген Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» кітабын оқып, өзінің ой-тұжырымын баспасөзде жариялауы, мұның кейін біраз дау туғызғаны туралы автор өз еңбегінде атап көрсеткен. Негізінен бұл мақала алаш ақтаңдақтарын ақтау бағытындағы үлкен істің бастамасы болды.
С.Қирабаевтың «Өмірдің өз сабағы бар», Ж.Бектұровтың «Айыбы не еді ағалардың?», Т.Кәкішевтың «Қағидаға айналған қателер түзелсе», Д.Кішібековтың «Өткенді білу-өнегелік белгісі» сияқты көптеген мақалалар баспасөз бетіне шықты. Олардың барлығында алаш идеясы ұлықталып, ақтаңдақтар еңбектерінің әдебиеттегі, тарихтағы орнына лайықты баға берілді.
Алаш әдебиетінің белді өкілдері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және Ә.Бөкейханов сынды қайраткерлердің өмірі мен қоғамдық қызметі, қуғын сүргінде жүріп жазған еңбектері, олар жайлы ғалымдардың ой-пікірлері көптеп басыла бастады. Архив құжаттары мен естеліктер монографиялар мен диссертацияларға арқау болды. Қазақ әдебиетіндегі «ақтаңдақтар» мәселесі қазір жан — жақты қаралып, тың деректермен толығып, бірқатар белгісіз болып келген жәйттердің басы ашылды. Бұл бағыттағы Рымғали Нұрғалидың «Әуезов және Алаш»(1997), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002), «Алашордынцы» (2005), «Алаш туы астында» (2005) деген іргелі еңбектері осы көп жылғы ізденістен туған. Әдебиет тарихында көрнекті орын алған алаштықтардың асыл қазынасын жан жақты саралап, ғылыми тұрғыдан оларға баға береді. Аталған кітаптарында ғалым ХХ ғасыр әдебиетінің көрнекті тұлғаларының әдеби мұраларын тұтас бір көркемдік құбылыс ретінде қарау керектігі туралы ұсынысын білдіреді.
«Ұлт ұстазы» А.Байтұрсыновтың еңбектерінің ішінде әдебиет теориясы, сыны, тарихы, жанрлары туралы ғылыми дәлдікпен жазылған «Әдебиет танытқыш» кітабының орыны ерекше. Бұл көркем сөз өнерінің сан саласын ажыратып, арналарын жіктеуде басшылыққа алар бірден бір теориялық еңбек. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің түрлері, оларды жіктеудің жолдары деген мәселелерге де тоқталып, эстетикалық-теориялық тұжырымдарын жасалған. Р.Нұрғали осы айтылғандардың барлығын қамти келе, қазақ тіл білімі мен әдебиетіне айтарлықтай жаңашылдық енгізген реформатор жайлы: «Әдебиет танытқышта» Ахмет Байтұрсынов әдебиеттануды әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан, әдеби тілге еніп кетті» /1/-жазды. А.Байтұрсыновтың «Әдебиеттанытқышта» көрсетіп берген негізгі терминдері мен категориялары, жанрлар жайлы ұғымдары ұлттық әдебиеттану ғылымында кейбірі сол қалпында, енді бірі сәл ғана тілдік өзгеріске түсіп қолданылып жүр. Автордың эстетикалық-философиялық танымын, сыншылығын танытанын осы еңбекті Р.Нұрғали аса жоғары бағалаған. Ал З.Қабдолов болса, аталған кітапты Аристотельдің «Поэтикасымен» салыстырады, бұның қазақ қоғамындағы сөз өнерін сараптап, саралаған алғашқы еңбек екенін айта келе, «Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиеттанытқышы» арқылы қазақтың таза ұлттық топырағына егін өсіріп, жалпы әдебиет дегеннің болмысы мен бітімін Ахаңша есіліп, Ахаңша көсіліп бір толғап берді. Бұл сөз өнерінің басы — «әліп-биі» /2,144/- деді.
Сонымен қатар ғалым өз зерттеулерінде «Маса», «Қырық мысал» сияқты жинақтарға енген мысал, өлеңдерді талдап, автордың аудармашылық қырын жан-жақты ашып көрсеткен. Қызықты формамен қазаққа етенеден таныс, тіршілігін жақсы білетін жан –жануарлар арқылы айтпақ ойын кейде нақты, кейде ишарамен беру үлгісін ұстанғаны және түпнұсқадағы негізгі идеяны ғана сақтап, өз жанынан қосымша суреттер қосу әдісін қолданғанын байқайсыз. Абай аудармалары көбіне түпнұсқамен бірдей болса, Ахметтің аударуында еркіндік басым. Зертеушінің көрсетуінше, бір ғана «Өгіз бен бақа» мысалының орысшасы 17 жолдан тұрса, қазақшасында 36 жол болып келеді. Яғни, «Ол И. Крылов мысалдарының әңгімесі мен сатиралық-әжуалық ең қымбатты ішкі мәнін алады да, өзінше жазады. Сыртқы түр өзгешелігін көп құнттай бермейді. Өйткені, Ахмет елді ағартушылыққа шақырып, қазақ оқырмандарына ой салу мақсатын көздей отыра, мысалдарға неғұрлым саяси-әлеуметтік мән-мазмұн беруге тырысады» /3,36/
Жалпы, Ахметтің қоғамдық, әлеуметтік қызметінің маңызы С.Сейфуллиннің «Ахмет Байтұрсынұлы елуге болды» деген мақаласында дәл көрсетілген.«А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі, оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз — ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттығы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып, ұлықтық істеп жүргенде Ахмет қазақ халқына жанын аямай қызметтерін қылды». /4,180/ Рымғали Нұрғали да Ахметтің халқы үшін жасаған қызметі мен көрген қиындықтары жайлы осы сарындас пікір білдірген. Сондай-ақ, А.Байтұрсыновтың әдеби мұрасы мен жалпы шығармашылығына байланысты зерттеулерді Ш.Сәтбаева, С.Қирабаев, Ж.Бектұров, Р.Сыздықова сияқты ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады. «Алаш арыстарының әдеби мұрасын, шығармашылығын қарастырған мақалалар олардың азаматтық және қаламгерлік мақсаты қашанда ұлттық мұратпен тамырласып жатқанын таризы шындық тұрғысынан ғылыми негізді бағалауымен құнды. Ол ХХ ғасыр басындағы Алаш ұранды ұлт әдебиетінің даму белестерін тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастыруға, көркемдік ұласуыдың дәстүрлік негіздерін айқындауға мүмкіндік берді». /5,439/
Алаш әдебиетінің тағы бір белді өкілі- Ә.Бөкейханов. Оның еңбектерін қарастырғанда ғалым нақты деректерге, статистикалық мәліметтерге толы бірқатар мақалаларын екшеп алып, автордың алаш елінің намысын жыртқан азаматтығына, адамгершілігіне тоқталады. Бөкейхановтың мақалаларының бір саласы жер мәселесін көтерген. Патша өкіметінің қоныстандыру саясаты қалай жүргізілгені, ең шұрайлы, нулы, сулы жерлерді орыс мұжықтарына тартып әперуі, қазақтарға өз жерлері үшін өздеріне салық төлеткені,жер аударып келгендерге жақсы жағдай жасалуы сияқты әлеуметтік қайшылықтарды ашып көрсеткен мақалалары сол қоғам үшін өң өзекті мәселе болғаны анық. Көзі қарақты қайраткер қазақтардың 2 пайызы ғана сауатты деген шындыққа жанаспайтын мәліметті нақты қай уезде қанша адам хат таныған, оның ішінде орыс тілін білетіндердің үлесі қанша екенін көрсеткен мақала жазып, қолдан жасалған деректі жоққа шығарады. Рымғали Нұрғали Ә.Бөкейханның «Ақмола облысындағы қоныс аударып келгендердің жерлері» («Переселенческие наделы в Акмолинской области»), «Қазақтар Дала генерал-губернаторының мәжілісінде» («Киргизы на совещании степного генерал-губернатора»), «Дума һәм қазақ», «Дума циклі», «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» сияқты көптеген құнды мақалаларын алып, автордың экономика, статистика, тарих, этнография сияқты ғылымның сан алуан саласына жетік болғанына тоқталады. Оның «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларын алып, түрлі салалармен тығыз байланыста қарастырады, Ә.Бөкейханның өзіндік стилі мен айтар ойын нақты сандармен, деректермен дәлелдеп отыратынын көрсетеді.
Р.Нұрғалидың алаш қайраткерлерінің мұрасын зерттеп, жинастырудағы еңбегі орасан. Бір ғана «Қазақ» және «Айқап» энциклопедияларының жарық көруіне тікелей басшылық жасағаны, Ә.Бөкейхановтың таңдамалы шығармаларын жарыққа шығаруының өзі оны алашшылдығының айқын көрінісі. Р.Нұрғали алаштықтардың эстетикалық-философиялық идеясын, көзқарасын, азаматтық принципін, сыншылдығын өзінің нақты пайымдарымен көрсетіп берді. Алыптар шығармашылығының деңгейі еуропалық алдыңғы қатарды әдебиет өкілдерімен тең, тіпті олармен үндес екенін айтады. Ғалымның бұл пайымы кейін зерттеушілер тарапынан одан әрі тереңдетіліп қарастырылып, жаңа тұжырымдармен толықты.
Зұлмат жылдары қуғын сүргінге ұшыраған алаштықтардың ішінде жаны нәзік сыршыл ақын М.Жұмабаев та бар. Ақынның «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» өлеңдерінен мұң мен нәзіктікке, махаббат пен әсемдікке құмарлығын көресіз. «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» деп жырлаған Мағжан поэзиясының ерекшелігі — бірде табиғатпен, қоршаған ортадағы жанды, жансызға тіл бітіріп, сырласса, енді бірде көз алдыңа түсі қанық көркем пейзаж үлгісін әкелетін ғажап суреткерлігінде. Сәуле мен көлеңке, уақыт пен кеңістік сияқты қарама қайшылықты сәтті қолдану нәтижесінде әдемі, айшықты өлеңдер туғызған ақын. Зерттеуші лирик ақынның поэзиясын сөз еткенде пейзаждардың шебер, көркем жасалғанын, түрлі сезімдер арпалысын үлкен суреткерлікпен бейнелегеніне мән берген. «Ақын шыққан аса бір эстетикалық тұғырдың бірі- пейзаж лирикасы. Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі, жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді терең дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірбиелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады» /6,98/ деп жазды.
Ақынның сөздерді, сөз тіркестерін ойнатып, құлпыртып қолдануы, соның нәтижесінде өлеңдерімен «сұлу сарай соққанын» Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстанның ақындары да мойындап, әділ бағасын берген. Ж.Аймауытов пен А.Байтұрсынов еңбектерінде де Мағжан поэзиясының көркемдік қырлары мен ақындық шеберлікке қатысты құнды пікірлер айтылған.
Ал С.Мұқанов, Ғ.Тоғжанов сынды әдебиетші, сыншылар «махаббатқа тым берілген», «қызқұмар», өлеңдерінің атауы анық емес деген сияқты пікірлер айтып, сынаған. Бұл пікірмен Р.Нұрғали келіспейді, аталған әдебиетшілердің еңбектерінде «Деректі социологиялық өлшемдермен кетіп қалып, кей тұстарда дәлелсіз саяси уақыт орын алып келгенін жасыруға болмайды» деп көрсетті. /6,96/ Мағжан шығармашылығын зерттеген Ш. Елеукеновтың де пікірі осы сарындас. «Сен сұлу» дүние жүзі поэзиясынан оқшау тұрған жоқ. «Сен сұлу» өлеңінен сонау Пушкин, Абайлардан тарайтын, биік адамгершілігімен баурайтын қымбат, асыл сезімді жолдардың жалғасын танимыз…Мағжан махаббат лирикасында ұстазынан алшақ кетпегені былай тұрсын, қайта Абай салған құнарлы арнаны кеңіте түсті»./7,214/
Мағжанның өлеңдерінде басқа ақындар шығармашылығында кездеспейтін салыстырулар, әдемі тіркестер мол. Махаббатты, сүйіспеншілікті жырлауда ақын бағындырған биік тым асқақ. «Тұтасымен алғанда, Мағжан өлеңдері қазақтың сөз өнері үшін жаңа, соны дүние. Мұндай абстракциялық ой-толғамдарды Мағжаннан бұрынғы поэзиядан көру қиын. Ақын өлеңдерін оқи отырып, оның түйсіну, қабылдау қабілетінің айрықша мол, әрқилы екенін аңғарасың, сонан да терең эстетикалық ләззат табасың» /8,27/.М.Базарбаевтың айтуынша ақынның «Жел», «Толқын» өлеңдері К.Бальмонның «я вольный ветер, я вечно вею», А.Блогтың «ветер налетит, завоет снег» өлеңдерімен үндес.
Мағжан шығармашылығын сөз еткенде оның «Батыр Баян» поэмасына соқпай кету мүмкін емес. Тарихта болған оқиға, тарихи жер-су аттары мен белгілі тұлғалар есімдері аталатын поэманың сюжет желісі Абылай хан айналасына қол жинап, қалмақ шапқыншылығына қарсы көтерілуінен басталады. Одан әрі күрес, шайқас үстіндегі Батыр Баянның ерлік қимылы, қалмақ қызы Бөбекті тұтқындыққа алуы, сосын бұл қызға ғашықтық сезімнің оянуы, бірақ ол батырдың інісі Ноянмен көңіл қосуы. Оқиғаның ширыққан тұсы туған бауырының тұтқын қыздың соңынан кетуі. Поэмада осыншама қым-қуыт жағдайлар, сезімдер арпалысы психологиялық дәлдікпен суреттелген. Ақын батырды қайнаған тіршілік ортасында сомдайды, бірде ол жауға қарсы шапқан ержүрек болса, енді бірде махаббат сезіміне берілген нәзік жан. Рымғали Нұрғали ақынның шеберлігі мен тілінің шұрайлылығын осы поэманы талдағанда жақсы байқалады.
Р.Нұрғали басқа ақындардан бөле-жара алып, ішінде ерекше бір қызығушылықпен зерттегені осы Мағжан Жұмабаев. Оның зерттеулері арқылы мағжантанудың жаңа бір кезеңі басталды десек артық айтқандық емес. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын зерттеудегі негізгі мәселелер, жасалар жұмыстың бағыт-бағдары Р.Нұрғали еңбектерінде анықталып берілді. Алаш қайраткерлерін ақтаудан бастап олардың шығармашылығына ғылыми теориялық талдау жасалуы, еңбектерін қалың көпшілікке табыстау жұмыстары филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Нұрғали есімімен тығыз байланысты. Ғалымның өзі әзірлеп, енгізген «Алаш ұранды әдебиет» атты арнауы курсының өзі жылдар бойғы үздіксіз ізденіс пен терең білімнің жемісі. Сондықтан ақтаңдақтардың саяси-әлеуметтік көзқарасы, ұстанған принцптері мен идеясы туралы айтқанда алдымен ғалымның еңбектеріне сүйенетініміз анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Р.Нұрғали. Ұлт ұстазы// Егемен Қазақстан. 2007, 26 қыркүйек.
2.З.Қабдолов. Қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері (ғылыми мақалалар жинағы). Алматы, 1993.- 144.
3.Ә.Әбдиманұлы. Әдебиетімізге мысал жанрын әкелген//Абай журналы,2001. №3. 31-36.
4.С.Сейфуллин. Бес арыс:естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар.Алматы, 1992.-544
5.С.Жұмағұлов. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымы(1956-1991ж.ж). Қарағанды, 2008.-552
6.Р.Нұрғали. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры.Зерттеу. Астана.2002.-528.
7.Ш.Елеукенов. Мағжан:өмірі мен шығармагерлігі.Оқу құралы. Астана.2008-392.
8.М.Базарбаев. Таңдамалы шығармалар. Көрікті ойдан-көркем сөз. Астана. 2009.-352.


Бөлім: Жалпы тарих

Добавить комментарий