Орынбор губернаторларының қазақ даласындағы саясатының ерекшеліктері және оның негізгі бағыттары (ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы)



Мазмұны

Қысқартулар мен белгілеулер…………….3
КІРІСПЕ………………….4

1 Орынбор губернаторларының қазақ даласындағы әкімшілік саясаты.
(XVIII ғ. II-жартысы)
1.1 Орынбор губернаторларының іс-әрекеттерінің бағыттары мен функциясы 24
1.2 XVIII ғасырдың II-жартысындағы алғашқы әкімшілік реформалар…………..36
1.3 Губернаторлардың ұлттық саясаттағы ұстанымдары………………………………..57
2 Орынбор губернаторларының қазақ даласындағыэкономикалық саясаты. (XVIII.ғ. II-жартысы)
2.1 Орынбор губернатоларының саясатындағы жер және жерді пайдалану мәселелері ………..70
2.2 Аймақтықтық әкімшіліктің сауда саясатының қалыптасуы ……………………..82
2.3 Жәрмеңкелердің Орынбор губернаторларының саясатына әсері. ……………98
3 Орынбор губернаторларының діни саясаты. (XVIII.ғ. II-жартысы)
3.1 Орынбор губернаторлары саясатындағы исламдық фактор……………………105
3.2 Орынбор губернаторларының саясатындағы татарлардың коммуникативтік рөлі ………….118

ҚОРЫТЫНДЫ……………124

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі……… 129

Қосымша…………………..141

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Орынбор губернаторларының қазақ даласындағы саясатының ерекшеліктері, оның сипаты, негізгі бағыттары, салдарлары қарастырылады.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. XVIII ғасырдағы тарихи құбылыстар мен процестерді байыптау қазіргі таңда айырықша өзектілікке ие, себебі әлеуметтік таным аймағындағы ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда, тарихтың алатын орны ерекше. Империялық Ресейдің көшпенді қазақ қауымына қатысты саяси мәселелерін зерттеу, жаңа мақсаттар мен сапа жағынан жаңарған жүйелі көзқарасты талап етеді. Ал империялық саясатты тарихи терең тану процессінің бағыттарының бірі, бұл XVIII ғасырдың 40-шы жылдарының ортасында, қазақ көшпелі қоғамын басқарудың бір формасы түрінде енгізген губернаторлар институтының мәселесін зерттеу болып табылады. Аталып отырған басқару формасы Қазақ даласында (губернаторлар, генерал-губернаторлар, наместниктер, әскери-губернаторлар болып) өзгерістерге ұшырағанмен, 170 жыл бойы өзінің өміршеңдігін танытты. Сондықтан да, губернаторлардың саясатарының бағыттарын, оны жүзеге асырудағы өкілеттік механизмдерін, зардаптарын жеке аймақтар тұрғысынан Қазақстанның жаңа тарихында көрсетудің маңызы зор. Ресей империясының мәдени, конфессиялық және этникалық алуандығы, оны аймақтық көлемде зерттеу талабына деген сұраныс туғызуда. Алғашқылардың бірі болып неміс тарихшысы А.Каппелер, аймақтық көлемдегі тарихи зерттеудің болашағы мол екендігіне баса назар аудара отырып, бұл әдіс «полиэтникалық империяның сипатын, әртүрлі кеңістікте зерттеуге мүмкіндік береді» деп атап өтті [1, с.21].
Осыдан келіп, ресей билігінің Қазақ даласына енудегі стратегиялық жобаларын жасаған, сондай-ақ империялық Ресейдің отарлық саясатының әдістерін қолданудағы Орынбор губернаторларының саясатын зерттеу өзіне деген қызығушылық туғызада. Сонымен қатар Орынбор өлкесі өзінің географиялық және табиғи-климаттық факторларының ерекшелігіне, халқының полиэтникалық құрамына және сыртқы саяси ортаның ықпалына байланысты, осы өлкені басқарған әр губернатор үшін, өзінің интелектуальдық мүмкіндігін, мінезінің жігерлілігі мен қайратын, адами сапасын, ақырында әр қайсысының стратегиялық мақсаттағы көрегендігін сынауда айырықша өлкеге айналды. Әрине орыс билігінің Орынбор өлкесінде бекінуі жергілікті халықтардың (негізінен башқұрттардың) Ресей құрамына орыс емес халықтарды қосуға, толық және терең саяси интеграциялауға ұмтылған стратегиялық мақсаттарына қарсы жүйелі түрдегі саяси наразылықтарына ұласып отырғанын білеміз.
Жергілікті халықтардың(орыстар, татарлар, башқұрттар, қазақтар, қалмақтар және т.б.) әлеуметтік наразылықтарының саяси тұрғыда жетілуі, әрдайым өсіп отырды және ол, 1773-1775 жж өлкенің барлық этностары қатысқан, Е.Пугачевтің басшылығымен болған шаруалар соғысында айқын көрініс берді. Осы оқиғадан кейін XVIII ғасырдың екінші жартысында полиэтникалық өлкені, соның ішінде Қазақ көшпелі қоғамын басқару үшін жаңа жобалар жасалып, енгізіле бастады. Бұл жобаларға бірінші кезекте Ресей билігінің ислам дініне қатысты саяси тактикасын өзгертуін және мұсылман дінбасыларымен қарым-қатынас орнатуға бағытталған механизмдерін дайындауды айтуға болады. Бұл саясат (1788ж) Ресей империясының едәуір бөлігіндегі діни процестерді бақылауында ұстаған жоғары мұсылман ұйымының-Орынбор Мұсылман Діни Жиыны мекемесінің ашылуынан көрініс береді. Әрине бұл жағдай Орынбор губернаторларының қазақ көшпелі қоғамына қатысты да тактикаларын өзгертуіне әсер етті, олар қазақ даласына татар және башқұрт молдаларын мешіт салуға, мектептер ашуға жібере бастады. Нәтижесінде бұл саясат көшпелі қазақ қоғамының әлеуметтік және мәдени өмірінің белгілі бір саласында интегративтік тенденцияларға себепші болды. [2. б.45-51.]
XVIII ғасырдың екінші жартысында Ресейдің шектес азия мемлекеттерімен сауда жасаудағы жаңа орталығы — Орынбор қалыптасты, ол ресей-шығыс саудасының негізгі орталығына айналды. Орынборда қонақ үй және айырбас сарайлары салынған болатын. Осыдан келіп ресейдің жаңа бодандары қазақтарға қатысты, оларға белгіленген жеңілдіктер беру, татарларды саудада делдалдыққа тарту, Орынбор, Троицск, Орск қалаларында жәрмеңкелер ашу сияқты сауда саясаты қалыптасты. Аймақтық сауда нарығына Кіші және Орта жүз қазақтарын тарту, қазақ көшпелі қоғамының әлеуметтік құрылымына өз әсерін тигізді. Аймақтық саясаттың басым бағыты бұл дәстүрлі құрылымды қиратып, оның орнына қазақ көшпелі қоғамының ішінен жаңа немесе өзгерген әлеуметтік топ қалыптастыруға ұмтылды.
Империялық Ресейдің Қазақстандағы саясатының өзгеруіне 1771 жылы Кіші жүздің территориясы арқылы қалмақтардың басым бөлігінің өздерінің тарихи отандарына оралуы сияқты маңызды оқиғалар да өз әсерін тигізді. Қалмақтардың белгілі бір бөлігінің көшіп кетуі, XVIII ғасырдың соңғы ширегінде ресей билігінің көшпенділерге (қалмақтар, башқұрттар және қазақтар) қатысты тұрақты басқару жүйесінің жоқтығын және Орынбор губернаторларының қарамағындағы территорияларды бақылаудың осал тұстарын ашып берді. Осы жағдайларды есепке ала отырып орыс билігі XVIII ғасырдың соңғы ширегінде аймақта әкімшілік реформаларды жүзеге асыруға тырысты, әрине бұл саясат Уфа және Симбир наместниктігінің генерал-губернаторы барон О.А.Игельстромның атымен тығыз байланысты. Ол бұл шараларды жүзеге асыруда башқұрттар мен қазақтарға қатысты бірдей саясат ұстанды, яғни бұл халықтардың дәстүрлі билік жүйесіне реформа жасауға ұмтылды.
Осы тұрғыдан алғанда, Орынбор генерал — губернаторларының қазақ даласында жүргізген саясаты, оның қазақ қоғамына тигізген зардаптарын қазіргі күннің талабына сай, ұлттық мүдде тұрғысынан жан – жақты зерттеу маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осы айтылғандардың бәрі диссертациялық жұмыстың өзектілігін айқындай түседі.
Зерттеу жұмысының нысаны XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Кіші және Орта жүз территорияларында болған әлеуметтік – саяси өзгерістер.
Зерттеу жұмысының пәні Орынбор губернаторларының саясаты және олардың қазақ көшпелі қоғамына жалпыимпериялық заңнаманың негізін енгізу.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты – ХVІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Орынбор губернаторларының қазақ Даласына қатысты саясатын толық және жүйелі көзқарас тұрғысынан зерттеу. Осы мақсаттарға байланысты төмендегідей міндеттер алға қойылады:
— империяның биліктік жүйесіндегі Орынбор губернаторларының функциялары мен құзыреттіліктерін ашып көрсету;
— Орынбор губернаторларының Петербург және қазақ ақсүйек өкілдерімен арақатынастарының механизмі мен сипатын карастыру;
— Орынбор губернаторларының Кіші жүзде жүргізген әкімшілік реформаларын зерттеу;
— көшпелі қазақ қоғамына қатысты аймақтық әкімшіліктің жерді пайдалану саясатының ерекшеліктерін анықтау;
— полиэтникалық және поликонфессионалдық аймақтардағы Орынбор губернаторларының «бөліп алда, билей бер» саясаттын қарастыру;
— Орынбор губернаторларының конфронтациядан әріптестікке бағытталған діни саясатын талдау;
— аймақты ғылыми тұрғыдан зерттеуде және қазақ халқының арасында ағартушылықты таратуда Орынбор губернаторларының қызметтерінің негізгі бағыттарын анықтау.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері ХVШ ғасырдың екінші жартысын қамтыды. Себебі, 1749 жылғы 13 сәуірде алғашқы рет ресми тұрғыда хандық билік тағайындалы, екіншіден, ХVШ ғасырдың 50-ж. даланы бірыңғай экономикалық кеңістікке біріктіру мақсатын көздеген ұмтылыстары мынадай көріністерге әкелді: экономикалық орталық құрылымдары (Верхнеуральск, Орск, Орынбордағы және т.б. жәрмеңкелер), империялық инфрақұрылымдарды ұйымдастыру (пошта, телеграф, байланыс жолдары), мәдени орнығу (мұсылман және зайырлы мектептері, медициналық және ветериналдық пунктер), ғылыми «жаулау» (академиялық экспедициялар, этнографиялық, статистикалық зерттеулер басылымы, картографиялар жасау), жергілікті басқару органдарын аралас құру (шекаралық сот, шекаралық расправалар және т.б.), үшіншіден, осы кезеңнен бастап шекаралық тактикадан, далаға тікелей ену бағытының негізі қаланды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. XVIII ғасырдың екінші жартысындағы орыс билігінің Қазақстандағы аймақтық саясатының ерекшелігі осы уақытқа дейін арнайы зерттеу обьектісі болмағанымен, қазақтардың көрші халықтармен қарым-қатынасы, тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, шаруашылық дамуы, тарихына қатысты зерттеулерде ғана ішінара қарастырылған. Мәселенің тарихнамасын үш топқа бөліп қарастыруға болады.
I. XVIII ғ — XX ғ басындағы Ресей империясының қазақ даласындағы саясаты туралы тарихи әдебиеттер. XVIII ғасырда Ресей үкіметіне империяның оңтүстік шығысында орналасқан орыс емес ұлттар әсіресе қазақтар туралы мәліметтерге іс жүзінде, яғни практикалық қажеттіліктер туындады. Бұл еңбектердің авторлары академиялық экспедицияның мүшелері, мемлекет қызметкерлері, маман-тарихшы шығыстанушылар, губерндік әкімшіліктің шенеунектері, генералдық штабтың офицерлері болды. Олардың барлық зерттеулерін бір ғана мақсат — Ресейдің Шығысты өркениеттендіру миссиясы тұрғысынан жаңа аймақты отарлау мақсатына негізделген ұстаным біріктірген еді. Бұл ұстанымның себебін неміс ғалымы А.Каппелер тамаша түсінік бере отырып былай: «аңшылар мен көшпенділерді дамудың ең төменгі сатысында тұрған мәдениетсіз жабайылар ретінде қарау басталды, оларды мәдениетпен таныстырып отырықшы шаруалар мен бейбіт азаматтарға айналдыру керек болды.» түсіндіреді [1, с. 61].
Әрине XVIII ғасырдағы Орынбор аймағының тарихында Орынбор губерндік кеңсесінің шенеунегі П.И Рычковтың зерттеуі өзінің негізділігімен ерекшеленеді. Ол өзінің еңбегінде көп ұлтты аймақтың территориясында өмір сүретін халықтарды жан-жақты суреттеген.
Сонымен қатар ол көшпенділерді мәдениетке тартуда, оларды отырықшылыққа «бірінші шөп шабуды, ал кейін егін егуге» үйрету арқылы қол жеткізуге болады деп ойлады » [3, с. 133-134].
Сондай-ақ ол өзінің еңбегін «мемлекет мүддесі үшін»және «осы аймақтың жоғарғы басшылары үшін», себебі «ұлан байтақ аймақтың ішкі және сыртқы жағдайымен үнемі танысып отыру әрқашан керек және қажет ..»деп білді [4, с. 225].
П.И Рычковтың 1774 жылы жазған «Нижайшее представление о состоянии киргиз-кайсайцких орд и о способах приведении их к спокойному пребыванию и исполнению подданических должностей» атты еңбегі Ресейдің аймақтағы басқа халықтарға қатысты империялық саясатқа көзқарасы жағынан алғанда ерекшеленеді. Бұл еңбекте автор жергілікті халыққа қатысты ресей үкіметінің іс әрекетіне тактикалық ұсыныстар жасаған, атап айтқанда башқұрттар мен қазақтар арасындағы жайылымдыққа қатысты алауыздықтарды немесе «бұрынғы жаулықты» пайдалану кей кезде «пайдасыз болмайды» билікті күшейту үшін қажет деп қолдау көрсетіп отырды.
Ресей үкіметі саясатының апологеті П.Рычков Орынбор аймағының алғашқы билеушілерін мадақтап, оларды қазақ даласындағы «өркениеттің» жүргізушілері деді.
П.И Рычковтың зерттеулері аймақтағы биліктің әкімшілік тәжірибесінде үлкен мәнге ие болды, П.И.Рычков өз еңбегін жергілікті басшыларға қажет деп жазуы тегін емес еді.
«Историчекий экстракт о киргиз-кайсацком народе..» деп аталатын П.Рычковтың Қазақ даласын зерттеуге арналған еңбегі де, өзіне көңіл аударады. Бұл еңбекте, Орынбор губернаторы Д.В. Волковтың императрица Екатерина II-мен хат алмасуы көрсетілген. Сондай-ақ Орынбор губернаторы Д.В.Волков жергілікті халықты империяның саяси-әлеуметтік кеңістігіне икемдеу туралы ойларында коммерцияны дамыту, егіншілікті енгізу, жат діндегі слободаларды құру амалдарын, сондай-ақ Орынбор губернаторының әскери билігін күшейтуді ұсыныс жасайды.
Екатерина II-ші Д.В.Волковтың ұсынысын мұқият қарастырып, Орынбор губернаторының Ресей билігі үшін маңызды «қызметтегі ынтасын» атап өтті. Бұл еңбекте губернаторлық қызметті екі жыл атқарған А.А. Путятиннің және Рейнсдорптың ойлары да келтірілген. Рычковтың губернатор Рейнсдорп туралы жазбаларында, оның ұсыныстарының «губернияның экономикасын дамытуда көптеген пайдасы бар» деп атап өтті [5, с. 213-264].
Қазақ даласын зерттеуде И.И. Лепехина, П.С. Паллас, И.Г. Георги басқарған XVIII ғасырдың 70-ші жылдарының ортасы мен 60-шы жылдарының соңындағы академиялық экспедиция да өз үлестерін қосты. Алғашқы рет бұл экспедиция Еділ және Оралдан, Байкалға дейінгі аралықтағы халықтар туралы этнографиялық мәліметтер жинады. Бұл экспедицияның іске асуына Екатерина II себепші болды, біздің назарымызды аударатыны империялық биліктің алдағы тактикалық және стратегиялық іс-әрекетін жүзеге асыруы үшін шет аймақ халықтарының экономикалық жағдайын, салт-дәстүрін жүйелі түрде жинақтауға деген сұраныстың болуы.
Бұл экспедицияның зерттеушілік бағдарламасы болды, ол Ғылым Академиясының басшылығымен жүзеге асырылды. Орынбор өлкесін зерттеген экспедицияға қатысушылар осы күнге дейін өзінің түп нұсқа ретінде құндылығын жоғалтпаған, қазақтар туралы бай тарихи-этнографиялық материал жинады [6].
Әсіресе бұл еңбектерде халықтардың саяси құрылымы, әлеуметтік жүйесінің ерекшеліктері туралы тарихи сипаттағы құнды мәліметтер бар. Орыс үкіметінің қолдауымен жүргізілген бұл ғылыми экспедицияның еңбектері, орыс емес халықтардың тарихы мен мәдениетін зертеуде, европалық көзқарас бойынша мәдениетті түсінудегі империялық биліктің стратегиялық саясатын қалыптастыруда, айтарлықтай өз үлесін қосты.
XIX ғасырдың бірінші жартысында ізденістік тақырыптар кеңейіп, зерттеудің жаңа әдістері пайда болды және Ресейдің орыс емес халықтарға қатысты саясатын зерттеу мәселесіндегі негізгі теориялар мен ұстанымдар қалыптаса бастады. Бұл зерттеулер аймақты игеру бағытын айқындауда, Даланың экономикалық қуатын анықтауға өз үлесін қосты. Осылай И.Жуковский мен И.Дебу Орынбор губерниясының аймақтық жеке бөліктеріне қатысты (география, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, бекіністерді салу т.б.) топографиялық суреттемелер мен статистикалық тізімдер жасалды [ 7, с.224 ].
Орынбор өлкесінің тарихына қатысты В.М. Черемшанский мол материал жинады, онда полиэтникалық өлкеге қатысты ағартушылық және экономикалық, тарихи және географиялық мәліметтер берілген. Автор, XVIII ғасырдың екінші жартысынан, XIX ғасырдың бірінші жартысына дейінгі аралықта, Орынбор губерниясынның бір территориялық-әкімшілік басқармасының құрамына кірген халықтардың әлеуметтік–экономикалық дамуын жан-жақты зерттеген [ 8, с.472 ].
Жоғарыда аталған еңбектер стратегиялық басқарудың мінез-құлқын қалыптастыруда өз үлестерін қосты. Қазан университетінің профессоры, тарихшы Н.Фирсов Орынбор губернаторы И.Неплюевтің қызметін зерттеген еңбегінде былай деп: ол «әлеуметтік және финанстық амалдар арқылы» Орынбор губерниясының башқұрттарымен қатынас орнатқан басқа ұлттардың байланысын үзе алды атап өтеді. Н.Фирсов өзінің замандастарына (П.И. Рычков, В.Витевский) қарағанда Еділ бойы мен Орал маңының орыс емес халықтарының Москва мемлекетінің құрамындағы саяси-құқықтық жағдайын және тарихын (хронологиялық және географиялық қалпы кеңейтілген) зерттеуде ірі масштабта қарастыруға ұмтылған [9, с.123].
XIX ғасырдың екінші жартысында, империя халықтарының саяси және әлеуметтік-экономикалық тарихын зерттеу, Ресей мемлекетінде жүйелілік сипат ала бастады. Мұндай жағдайдың қалыптасуына белгілі түрде Орыс географиялық қоғамы, Қазан университеті, Қазан университеті маңындағы тарих, археология және этнография қоғамы, сонымен қатар Ресейдің шығыстану мектебі де өз үлестерін қосты. Осы кезеңге тән жағдай, жариялымдардың әртүрлілігі, сапалылық және сандық ауқымының молдығымен ерекшеленді.
А.Левшиннің, Л.Мейердің, А.Добросмысловтың, А.Алекторовтың зерттеулерінде өлке халқының әлеуметтік-экономикалық, мәдени өміріне қатысты нақты деректік материалдар ауқымы жағынан мол қамтылған. А.Левшин XVIII ғасырдың екінші жартысындағы негізгі оқиғаларды: қалмақтардың қазақ даласы арқылы Жоңғарияға көшуі, Уфа наместнигі О.Игельстромның жүргізуге ұмтылған реформалары туралы жан-жақты қарастырған [10, с.656].
А.Левшин мен А.Добросмыслов О.Игельстромның жүргізген реформасының маңыздылығын, хандық биліктің тұрақсыздығын атап өтті. Генералдық штабтың офицері Л.Мейер империялық биліктің басқарудағы қателігі, үкімет қазақтардың хан сайлау еркіндігін, яғни «негізгі бастаманы» бұзды деп есептеді [11, с.288].
Ең маңыздысы олар жергілікті әкімшіліктің, атап айтқанда губернаторлар Рейнсдорп пен Игельстромның қателіктеріне назар аударып отырды. Олар шын мәніндегі қазақтарды бағындыру процесінің тежелуіне «тоғышар» және «жанаяр» шекаралық басшылардың қызметі кінәлі деп санады. Революцияға дейінгі тарихнамада тек алғашқы Орынбор губернаторы И.И.Неплюевтің қызметі өз бағасына ие болып қолдау тапты.
«Орынбор өлкесінің Ұлы Петрі» атты толық қанды еңбектің авторы В.Витевский, И.И. Неплюевтің кең байтақ өлкені отарлаудағы еңбегін ашып көрсетті. Оның еңбегінің бағалылығы сол әрбір томына қосымшалар (жарлықтардың көшірмесі, мақтау қағаздар, Орынбордың алғашқы жоспары, Орынбор губерниясының картасы, жазба және баспа түп-нұсқалардың библиографиясы) беріліп отырған. Оның жинаған нақты деректі материалдары, XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы Оңтүстік Оралды отарлау кезеңдерін, И.Неплюевтің қолданған «бөліп ал да, билей бер» саясатының тенденциясын бақылауға мүмкіндік береді [12, с.701].
Қазақтарды басқару мәселесі, Далаға әкімшілік реформалар жүргізу және оны жүзеге асырудың әдістері мен механизмдері Орынбор губернаторларының саясатын тереңірек зерттеуге итермеледі. Сондықтан да «әр бір өлкенің тарихы оның негізгі билеушілерінің атымен байланысты» деп есептеген Ф.Лобысевичтің еңбегі де, тарихи деректерге бай.
Оның зерттеулерінде алғаш рет Орынбор өлкесінің билеушілері статстық кеңесші -И.К.Кирилловтан бастап генерал адьютант — Н.А.Крыжановскиге дейінгілердің қызметінің негізгі бағыттары және биографиялары берілген. Ол бізді қызықтырып отырған кезеңге, яғни XVIII ғасырдың II–ші жартысындағы губернаторлардың қызметіне қысқаша ғана мінездеме беріп, олардың көп ұлттық өлкені басқарудағы ерекшеліктеріне қатысты деректерді аз қамтыған.
Алайда Ф.Лобосыевич өз еңбегінде И.А. Рейнсдорптың (1769-1781) қызметіне көңіл аударған, себебі оның басшылығы кезеңінде өлкеде айтарлықтай оқиғалар: қалмақтардың дала арқылы Жоңғарияға көшуі(1771) және Е.Пугачевтың басшылығымен болған шаруалар соғысы (1773-1775)болған еді. Әрине барлық губернаторлардың бейне галереясынының ішінен тек барон О.Игельстром ғана Далаға жалпы губерниялық кеңсе жүйесін енгізуге бағын сынап көрген болатын.
Алайда Ф.Лобосыевич, О.Игельстромның қызметіне айтарлықтай қызығушылық танытпады. Ф.Лобосыевичтің жұмысы өзінің бір жүйелігімен, губернаторлардың қызметіне талдаулардың жоқтығымен, олардың басқару әдістеріне сыртқы және ішкі факторлардың әсеріне көңіл бөлмеуімен және т.б. ерекшеленеді. Толық алғанда оның еңбегі деректердің қателігі және аяқсыздығымен көрініс береді [13,с.41-68]. Орынбор генерал-губернаторы Перовскийдің қол астында қызмет еткен әйгілі шығыстанушы В.В.Вельяминов-Зерновтың жазған еңбегі менің қарастырып отырған мәселеме тікелей қатысы бар [14, с.288].
А.Левшин өзінің зертеуінде И.Неплюевтің Орынбор өлкесін билеген соңғы он жылдағы саясатын ашып көрсете отырып оны «Орынбордың I-ші Петрі»деп атады. Ол Әбілқайыр хан династиясының, аймақтық билік өкілдерімен қарым-қатынасының даму жүйесін ұсынды. Әйгілі шығыстанушы, Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы В.Григорьевте, Орынбор билеушілерінің саясатына талдау жасауға талпынды [15].
Бұл еңбектерде қазақтарды басқаруды жетілдірудің әр түрлі оңтайлы жолдары ұсынылып және аймақтық биліктің саясатының қателіктерінің себептері көрсетілген. А.Добросмысловтың ойынша, Игельстромның реформаларының сәтсіздігіне оның даланы білмеуі және «шектен тыс асығыстығы» себеп болды деп есептеді [16,с.124].
А.Добросмыслов XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі жоғарғы биліктің саясатын зерттей отырып исламмен әріптестік орнатуда «татарлар мен мешітті», «қырғыздардың (қазақтардың С.К) орыстармен жақындасуы үшін, қосымша өтуге тиіс өткел» деп есептеді. Кейін бұл саясаттың жетістігін бағалай отырып, ол «татарлар» қазақ даласында «орыстар енгізе алмаған» нәрсені іске асырды деп атап өтті [17, с.170-173].
Жоғарыда атап өткен еңбектердің авторлары, империялық әкімшілік аппаратының өкілдері қатарында болды, олардың жазған еңбектерін тәжірибелік мақсаттар айқындап отырды. Жергілікті және Орталық (нақтырақ Азия департаменті) биліктің шенеунектері Ресей империясының саясатын дәйектемелеумен айналысты, олар өздерінің зерттеулерімен оңтайлы әкімшілік-басқару стратегиясын жасауға көмектесті.
Сонымен қатар бұл жұмыстардың біз үшін құндылығы сол, оларда XVIII ғасырдың екінші жартысындағы аймақтық биліктің саясатын талдау үшін деректі материалдардың түп нұсқалық мәнге иелігі, және де авторлардың көбі бұл процеске қатысып қана қойған жоқ, Даланы жаңғырту жобасының да авторлары болды.
II. Аймақтық билік іс-әрекеттерінің кеңестік дәуір әдебиеттерінде зерттелуі.
Кеңестік тарихнамада Орынбор өлкесінің басшыларының қызметтеріне арналған арнайы зерттеулер болған жоқ. Кеңестік тарих ғылымы орыс-қазақ қатынастарына, Даланы шаруалардың отарлау мәселесіне, қазақ жұртына қатысты патша самодержавиясының саясатының әр алуан аспектісіне және империя құрамына даланы интеграциялау процессі кезіндегі қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына көңіл бөлді.
Кеңес тарихнамасының алдына қойған кең ауқымды мәселелер спектірін ескере отырып, келесі бағыттарды бөліп қарастыруға болады:
XVIII ғасырдағы Ресей империясының оңтүстік-шығыс шегін шаруалардың отарлау мәселесі, олардың жергілікті халықтың тарихи тағдырына әсері М.Любавский және Ю.Тарасовтың еңбектерінде қарастырылған [18, с.688].
М.Любавский — империя кеңістігінің кеңею процессі кезіндегі Ресей халықтарының полиэтникалық қалыптасуының жалпы көрінісін берсе, Ю.Тарасовтың зерттеу обьектісі — Оңтүстік Оралды орыс мұжықтарымен қоныстандыру және олардың өлкенің жергілікті халықтарына материалдық және рухани мәдениетіне ықпалы ету мәселесі болды.
XVIII – XIX ғғ Ресей империясы халқының этникалық құрамы мен орналасуын, санын зерттеуде белгілі демограф В.М.Кабузан мол еңбек сіңірді [19, с.254].
М.Вяткиннің (1783-1794жж) С.Датұлының басшылығымен болған қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісіне арналған ғылыми еңбегі, тарих ғылымында белгілі бір мәнге ие. Оның еңбегінің бағалылығы сол, ол өз зерттеуінде алдына қойған мақсатының шегінен шығып XVIII ғасырдың II жартысындағы Орынбор әкімшілігінің қызметіне сипатама берді.
М.Вяткин нақты түпнұсқалық негізге сүйене отырып, Орынбор губернаторларының қызметін екі түрге бөледі. Біріншісі-әскери жолмен бекіністер, шептер салу арқылы, қарулы топтарды шекара шегінде ұйымдастырып ойлаған нәтижеге жетуге болады деп ойлайтын губернаторлар, ал екінші түрі — қазақ даласын «бейбіт жолмен жаулау», яғни қазақтардың атқамінерлерімен одақтасу саясатын жетілдіру ұстанымындағы губернаторлар.
М.Вяткиннің еңбектерінің басым бөлігінде О.Игельстромның реформаларына талдау жасай отырып, оған қазақтарды әкімшілік басқаруды «1755ж Мекеме» түріне жақындатуға деген ұмтылыс деп баға берді.
М.Вяткиннің зерттеулерінің маңыздылығы сол, ол Орынбор әкімшілігі хандық биліктің дағдарысын дала старшиналарын қолдау арқылы империялық мүддеге пайдалана отырып, биліктің басқыншылық саясатынының XIX ғасырдың басында ілгерілеуіне жағдай жасағанын ашып көрсете білді [20, с.392].
Профессор М.П.Вяткин Кіші Жүздегі жаңа саяси құрылымның мәселесін түсіндіре отырып, қазақ феодалдарын патшалық Ресейге рухани тұрғыдан «тәуелді» ұстауға және «басқару шебін даланың ішкі жағына жылжытуға» т.б. ұмтылған патша үкіметінің жоспарларымен, шынайы пиғылдарын ашып көрсетті. Бірақ та, билікке, басқару және саяси реформалар мәселесіне көп көңіл бөле отырып, автор олардың дәстүрлі қазақ қоғамына тікелей ықпал ету мәселелерін жеткілікті дәрежеде қарастырмаған. Сонымен қатар қазақтардың кедейленуі және қайыршылыққа ұшырауының себептерін атай отырып, автор қазақ жұртының үнемі апаттық жағдайға ұшырауына мал шаруашылығымен айналысу кезіндегі тұрақсыз шаруа жағдайы мен XVIII ғасырдағы тонаушылық соғыстар себеп болған жоқ, керісінше Кіші жүз Қазақ тайпаларының Ресей империясының құрамына енуі нәтижесіндегі отаршыл саясаттың себептері деп түсіндіреді. М.П.Вяткиннің еңбектерінде өзінің нақтылығы және тереңдігімен ерекшеленген бірқатар ойлар кездеседі, сонымен қатар айтып отырған кезеңдегі тарихи саяси мәселелерде ұйқассыздықтар орын алған, мысалы көне әкімшілік құрылымның округтарды құру кезіндегі рөлін көтермелеу кездеседі. XVIII ғасырда орталық билік саясатын зерттеуде белгілі дәрежеде зерттеуші Н.Г. Апполова да өз үлесін қосты [21, с.254].
Е.Б. Бекмахановтың монографиялық еңбегінде Қазақстанның империя құрамына қосылу мәселесі жан-жақты қарастырылған [22, с.342].
Патша үкіметінің ХУШ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанға қатысты саясатын Г.Семенюктің еңбегінен де көреміз.
Ол, кең байтақ Орынбор өлкесіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын іске асырудағы амалдарын және шекаралық шеп бойындағы қазақ жұртының жерлерін тартып алу саясатын ашып көрсетті. Сонымен бірге аймақтық биліктің қазақ атқамінерлерімен қарым-қатынас механизмін әшкереледі [23, с.414-447].
ХVIII ғасырдың соңы — ХIХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның саяси құрылымын зертеуге белгілі ғалым С.З. Зимановтың еңбегі арналды. Ол қазақ қоғамының саяси құрылымдарындағы өзгерістерді сыртқы және ішкі факторлар тұрғысынан қарастырды. Әрине сыртқы ықпалды факторлардың бірі, орыс билігінің даланы басқару структурасына араласу саясаты еді, оның алғашқы көрінісін, қазақ жүздерін басқару жүйесіндегі Игельстромның реформасы арқылы С.З. Зиманов ұсынған болатын [24, с.296].
ХVШ ғ орыс-қазақ қатынастарының мәселесін зерттеуде маңызды қадам жасаған В.Басиннің монографиясында, Ресейдің сыртқы саяси жүйесіндегі басымдылық бағытқа ие болған Қазақстанның рөлін кең деректік база негізінде ашып көрсеткен, сонымен бірге аймақтық биліктің іс-әрекеттерінің әдістері мен амалдары айқындалған [25, с.276].
Біздің қарастырып отырған мәселемізді зерттеуде, Н.Е.Бекмаханованың Е.Пугачевтың басшылығымен болған шаруалар соғысына, қазақтардың қатысуын зерттеген еңбегі де белгілі бір мәнге ие болды [26, с.325].
Кеңес кезеңіндегі тарихи-ғылыми зерттеулер, негізінен экспанссионизм мәселесі: отарлау және жаулау төңірегінде қарастырылған болатын. Осы тарихнамалық жағдайды ескере отырып, бұл зерттеу жұмысында Ресей империясының құрамына шығыс өлке халықтарын қосып алу процессі кезіндегі олардың орыстармен өзара қарым-қатынасын, және осы акт кезіндегі халықтардың тағдырындағы прогрессивтік салдарын айқындауға баса назар аударылды. Кеңес тарихшыларының негізгі зерттеу обьектісінде, шеткі ұлттық аймақ халықтарының Ресеймен сауда-экономикалық, саяси қатынастары мәселесін жан-жақты қарастырды. Бұл бағыт Н.Аполлованың, М.Рожкованың, Г.Михалевтың, Б.Сулейменовтің, П.Галузоның, Ж.Касымбаевтың еңбектерінде көрініс береді [27, с.411].
Сонымен қатар кеңес тарихнамысында Ресей империясы мен Қазақстан халықтарының өзара мәдени қатынастарының дамуы мен ағартушылықтың таралуына, Далада орыс білім беру мекемелерінің ашылуы туралы мәселелеріне баса көңіл бөлінген болатын [28].
Алайда, Ресей империясының шеткі аймақтарындағы үкіметтің мектептік саясатының нәтижесі мен мақсаты, аймақтық және орталық тенденциялардың ара қатынастары толық зерттелмеген, сондықтан әрі қарай зерттеуді қажет етеді. Губернатор О.Игельстромның кезінде қазақ балаларына арнап мектептер ашу процессі басталса да, мектептер мен медреселердің дамуы мәселесіне арналған еңбектер аз. Бұл мәселені зерттеуде кеңес кезеңіндегі Н.Сабитовтың еңбегін алуға болады [29, с.44].
Сол себептен кеңестік тарих ғылымы өлкелік және орталық биліктің саясатын, Қазақстанның Ресейге қосылуы мен қазақ-орыс қарым-қатынасының дамуы мәселесінің ауқымында сыный көзқараспен қарастырды. Орынбор губернаторларының саясаты фрагментті түрде көрсетілді, аймақтық биліктің іс-әрекет амалдарының қарама-қайшылығы және күрделілігі бүркемеленіп отырды. Осы кезеңнің барлық еңбектеріне тән қасиет идеология аясында ұсынылуы болып отыр, ХVIII–ХIХғғ Қазақстанға қатысты мәселелерді зерттеуде маркстік-лениндік әдістемемен және таптық тұрғыда қарастырылды.
Сонымен бірге кеңес дәуіріндегі зерттеушілер өздерінің еңбектерінде көлемі алуан түрлі кешенді деректерді пайдалана отырып зерттеу мәселесінің ауқымын кеңейтті.
Қазіргі тарихнама. XXI ғасырдың басы әдістемелік негіздерді қайта қарау, Ресейдің шет аймақтағы ұлт саясатын, көпұлтты Ресей империясының құрылуын, кең мағынада немесе түп нұсқада қарастыруға ауысу тән. Осындай мәндегі жұмыстардың пайда болуы әр түрлі себептерге байланысты болды, атап айтқанда ҚСРО-ның және «кеңестік ынтымақтастықтың» ыдырауы, сонымен бірге ұлттық мемлекет және ұлтшылдыққа деген көзқарастардың өзгеруі де себеп болды. Алғашқылардың бірі болып Ресей тарихын жалпы суреттеуде көпұлтты империя ретінде қарастырған неміс зерттеушісі, тарихшы А.Каппелер болды [30, с.344].
Бұл еңбек жаңа концепцияның қалыптасуына түрткі болды, атап айтсақ көпұлтты империя түріндегі Ресей моделі, осыдан келіп Орталық және аймақтық биліктің саясатын зерттеуде жаңаша түсініктер енді. Империялық тұрғыдан қарастыру жаңаша бетбұрыс болды, сондықтан да Ресейдің орыс емес бодандарына қатысты империялық бейнесін зерттеудің жемістілігін заманымыздың тарихшылары да мойындады. Империяның көпұлтты және алуан түрлі мәдениетінің «бейнесінің» ашылуы, Ресейдің тарихының империялық шындығының, әр алуан қырына арналған бірқатар жалпы және жеке зерттеулер пайда болды.
Алғаш рет Ресейді поликонфессиялы және полиэтникалық империя тұрғысынан қарастыруға арналған зерттеулер, бір жағынан империялық болашақтың мәнділігін көрсетсе, екінші жағынан мәселенің Ресей империясының бет-бейнесіне қатысты зерттелмегенін ашып берді [31].
Осыдан келіп қазіргі заман тарихнаманысын негізгі магистралдық бағыттарға бөліп қарауға болады:
1. Империяны Ресей мемлекетіндегі жаңа саяси ұйым түрінде зерттеуде шет ел ғалымдары С.Каспэ, Р.Суни, Дж.Хоскинг елеулі үлес қосты [32].
Ресейдің империялық табиғатындағы ұзақ уақыт бойы, жоғары дәрежеде шиленіскен және әрдайым екі жақтылықта болған православие мен исламның өз ара қарым-қатынасын сынай зерттеуге ұмтылыстар жасалды [33]. Осы бағытта Еділ бойының ислам және христиандарына, аймақтық ислам тарихына және оның әр түрдегі қарсылықтары мен жергілікті халықты шоқындырудың амалдарына көңіл аударған Қазан тарихшыларының еңбектерін атауға болады.
Орынбор Мұсылман Діни Жиынының XVIII ғасырдың II-ші жартысындағы империя билігінің басқыншылық стратегиясын Д.Д.Азаматов зерттеді [34, с.24].
Татар молдаларының, аудармашыларының, хатшыларының коммуникативтік рөлін А.Франк, А.В.Ремнев, Г.С.Сұлтанғалиевалар өз зерттеулерінде қарастырды. [35]. Осы жағдайға байланысты, татарлардың этнографиялық топтарының(орынборлық, троицкілік, оралдық, т.б.) қоныстануы мен өзара айырмашылықтары қызығушылық туғызады. Бұл мәселені зерттеуде Қазандық тарихшы Д.Исхаков өз үлесін қосты [36, с.173].
Сонымен қатар, Қазақстанның тарихнамасында татар жұртының қалыптасуына арналған еңбектер пайда болды [37, с.78]. Татарлардың Қазақстанның солтүстігіндегі, көпқырлы іс әрекеттерінің тарихын топтастыруға ұмтылған, алғашқы «Татары на севере Казахстана» деген мақалалар топтамасы шықты [38, с.204].
Империялық биліктің Далаға экспансиясына: башқұрт – мещеряк әскерінің қатысуын, татар көпестерінің ара-ағайындылығын зерттеуде, үлкен үлес қосқан зерттеуші Сұлтанғалиева Г.С еңбегін алуға болады [39, с.262].
Сонымен бірге, Орынбор өлкесінің моноэтникалық бейнесінінің қалыптасуына арналған зерттеулер қызығушылық туғызады. Орынбор тарихшылары қазақ, татар, башқұрт, украин, удмурд және т.б. Оңтүстік Орал халықтарының, тарихи ретроспективалық және жаңа кезеңдегі мәдени-әлеуметтік өміріне арналған еңбектер циклін дайындады [40].
Империяның орыс емес халықтарының құқықтық жағдайын зерттеуде белгілі бір үлесін Н.Е.Бекмаханова да қосты [41, с.21-82].
«Царизмнің отарлау саясатының масштабы мен жетістігін», қазақ қоғамының рухани өміріндегі рөлін зерттеуде жаңаша қарастырған З.Т.Садвокасова болды [42, с.277].
Сонымен бірге империялық биліктің аймақтағы ағартушылық саясатының кейбір аспектілерін зерттеуге арналған диссертациялық жұмыстар, айта кетсек Купенова Г.И, Байболсынов.А. Гатагова Л.С. еңбектері жарық көрді [43].
Ресей империясының аймақтық басқару модельдерін жасаудағы, орталық пен аймақтық саяси-әкімшіліктің өзара байланысының тәжірибесін зерттеу жаңа тарихта өзіне көңіл аударуда. Осы жағдайға байланысты «Национальные окраины Российской империи» (М.,1997) атты еңбек өзіне қызығушылық тудырады, онда империялық кеңістікті кеңейтуге ықпал еткен (халықтарды біріктіруге мүмкіндік жасаған басқару механизмдері) әртүрлі экономикалық және саяси дамудағы, әлеуметтік мәдениеті мен этноконфессиялық даму сатылары әр қарай халықтарды бір геосаяси кеңістікке біріктірген империялық билік механизмдерінің факторлары ерекшелеген. Ұлттық аймақтарда губернаторлық институттар арқылы басқару мәселесі Л.М.Лысенконың зерттеулерінде көрініс тапты [44].
Ол империя құрамына ұлттық аймақтарды тарту процессі кезіндегі губернаторлардың Ресей үкіметінің билік институтындағы рөлін көрсетті. Тарихшылар А.В. Ремнев, Н.П. Матханова, Н.Л Семенов Сібір, Қиыр Шығыс және Оңтүстік Орал материалдары арқылы өлкелік әкімшілік саясаттың моделін жасауда белгілі бір үлес қосты [45].
Ресей империясының ұлттық аймақтарын шаруашылық және әскери игеру процесіндегі жергілікті биліктің жүргізген аймақтық саясатын, Орынбор өлкесінің генерал-губернаторларының көпқырлы қызметін саралай отырып Орынбор тарихшылары да зерттеуге ұмтылды [46, с.400].
Олар 1734 жылдан 1917 жылдар аралығындағы Орынбор өлкесі билеушілерінің өмірлік жолының өзіндік энциклопедиясын ұсынды, онда әр қайсысының іс-әрекетінің негізгі бағыттары айқын көрсетілген. Алайда бұл еңбек негізінен суреттеу мәнін ұстанған, сондықтанда Орынбор өлкесінің генерал-губернаторларының алдында тұрған қиындықтар мәселен; өлкенің орталықтан қашықтығы, байланыс құралдары мен жолдарының жетілмегендігі, территорияның кеңдігі, халықтың полиэтникалық құрамы, губерниялардың трансшекаралық жағдайы және де міндеттердің қиындығы сияқты мәселелер Ресей империялық саясатындағы аймақтық компонеттерді әр қарай зерттеу мақсаттарын алға тартуға болады. Маңыздысы наместниктердің, генерал-губернаторлардың, губернаторлардың статусындағы айырмашылықтарға көңіл аударған қазіргі әдебиетте, жаңа еңбектердің пайда болуы. Бұл тақырыпта ұжымдық жұмыс «Ресей империясының генерал-губернаторлық және наместниктік институты» атты еңбекті алуға болады(Спб.,2001), онда наместниктің губернатордан артықшылығына баса көңіл бөлінген. Осыған байланысты генерал-губернаторлардың функциясын аймақтық басқару институты ретінде қарастырып қана қоймай, губернаторлар бейнесіндегі персональдық, оперативтік және харизматикалық билікті айқындауға тырысқан жапон зертеушісі К.Мацузатоныңда еңбегін де атап өткен жөн [47, с.427-458] .
Жалпы және ерекше, империялық және региональдық, экономикалық, социомәдени және саяси-әкімшілік қатынастардағы аймақтардың салыстырмалы еркіндігі мәселелерінің, жеткілікті түрдегі зерттелмегенін «Аймақтық өлшемдегі империялық құрылыс»(М.,1997) атты еңбек айқындап берді. Аталған мақалалар топтамасында империяның тұтастығын білдіретін процесстер мен құбылыстарды зерттеуде жаңаша қарастырған.
Авторлар империяның мазмұнын аша түскен, атап айтқанда геосаяси (империяның кеңістігі оның мемлекеттік территориясы, экономикалық (аграрлық құрылымы, оның финанстық-өндірістік инфраструктурасы, нарық) және социомәдениеті (тарихи-мәдени типтері, өзіндік идентификациялануы, жалпы империялық құрылымға икемделуі) үш факторлық топқа бөлген. Мәнділігі сол авторлар болашақ зерттеушілердің көңілін Ресей империясының тарихына, жеке аймақтардың тарихына, бүтін және полиэтникалық халықтардың бөліктерінің қарым-қатынастарын жеткілікті ауқымда есепке ала отырып, түсінбей зерттеу мүмкін еместігіне көңіл аударды.
ХVIII ғасырдағы Оңтүстік Оралдың территориясын, орыстардың отарлау мәселесі Сорбонның професссоры француз Р.Портальдың «ХVII-ХVШғғ Ресей және Башқұртстан (1662-1798)» (Russes et bachkirs aux XVШ et ХVII siecles.1949). атты еңбегінде жарияланған. Оның еңбегінде зерделеп отырған мәселеге жан-жақты келуі ерекшелендіреді, сондықтан да оған зерттеп отырған аймақтың тарихи дамуына қатысты кешендік мәселелерді, тұтас біріктіріп топтауға мүмкін болды. Автордың көңілінен мынадай мәселелер: аймақтағы халықтың этникалық құрамның алуандығы, көшпелі қоғамның динамикасы, башқұрттардың-қазақтармен, татарлармен, мещеряктармен әрекеттестігі, шаруашылық түрлері және олардың дамуы, аймақтың дамуына тау-кен зауыт индустриясының әсері, және сәйкесінше аймақтық биліктің саясаты тыс қалмады [48, с.221] .
XVIII ғасырдағы қазақ-башқұрт халықтарының өзара қарым-қатынасына қалам тартқан келесі еңбек, американ тарихшысы Э.Донеллидің “Покорение Башкирии Россией” (The Russianconqwest of Bashkiria.1968) деген еңбегі. Э.Донеллидің еңбегі Ресей империясының 1552-1740 жылдар аралығындағы сыртқы шекараларының қалыптасуы кезеңіндегі, башқұрт халқының саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, оны Ресей мемлекетінің ішкі ауданына айналдыру тұрғысынан қарастырған. Орынбор экспедициясының өз жоспарын кезең-кезеңмен жүзеге асыру жолдарына анализ жасай отырып, автор оның өзара байланысты негізгі үш бағытын анықтады: Башқұрттарды бағындыру, Қазақстанды қосып алу және біртіндеп Орта Азия териториясына ену. Сонымен бірге, автор ХVI-ХVIII ғасырлардағы башқұрт халқының көтерілісін аймақтағы саяси жағдайымен тығыз байланыста, яғни қазақ-орыс қатынасы, атап айтқанда Кіші жүздің Ресей империясына қосылу туралы актісін жасау тұрғысынан қарастырған. Осы концепцияны ұстана отырып, әр тарауда патшалық биліктің, қазақтармен қарым-қатынасын айқындайтын тармақтар берілген [49, с.285].
Кіші жүздегі С.Датұлының басшылығымен болған ұлт-азаттық қозғалысы кезеңіндегі империялық биліктің саясатына арналған зерттеуші Ә. Мұқтардың еңбегін алуға болады [50, с.253]. Орынбор губернаторларының жүргізген саясатында маңызды орынды Орынбор казактары алды, себебі қазақ даласын отарлауда казак әскерлері патша өкіметінің шоқпарлары ретінде пайдаланды. Сондықтан қазақ жерін жаулап алудағы казактардың тарихын зерттеумен айналысқан ғалымдардың еңбектері де біздің зерттеу тақырыбыз үшін маңызды болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда М.Ж. Әбдіровтің “ История казачества Казахстана.”, «Завоевание Казахстана царской Россией и борьба казахского народа за независимость» еңбектерінің қарастырып отырған тақырыбымызда алатын орны зор[51].
Ресей үкіметінің Қазақстанға қатысты саясатын зерттеуде, Қазақстан тарихшыларының бұл бағытта алға қарай қарқынды жылжуына, жаңа заман тарихнамасында Ресей империясының тарихын зерттеуші шет ел ғалымдардың еңбектерін жариялау үлкен ықпал етті. Бұл жағдай Ресей империясының отаршыл тарихын, ұлтшылдықты, мәдениетті зертеудің жаңа әдістемесін жасауға себеп болды. Сонымен бірге жетекші шет ел ғалымдарының империялық саясат бағытында жазылған еңбектеріне аударма жасау, тарихшылардың алдындағы тілге қатысты шектеулерді алып тастады. Самара университеті мен Мэриленд университетінің бірігуімен «Американ орыстануының» үш томы шығарылды, оның біреуі тікелей Ресей империясының тарихына арналған. Осындай ірі аудармашылық жобаларды жүзеге асырудағы Самаралық әріптестердің тәжірибелерін, қазір көптеген ғылыми орталықтар пайдалануда. Шет ел ғалымдарының маңызды мақалаларының аудармасын «Ab Imperio» журналы жүйелі түрде жариялап тұрады. Ал кеңес тұсындағы тарихшылар үшін маңызды болған типология және империяның тұрғысынан зерттеген бірнеше бағдарламалар болды. Империяны зерттеген көптеген теориялық мәселелер Ab Imperio журналының беттерінде талқыланады.
Сонымен бірге, шет ел зерттеушілерінің империялық биліктің қол астындағы халықтарға қатынасын, орталық және аймақтық биліктің саясатының бағыттарын қалыптастыруына және т.б. арналған мақалаларының топтамасы жарияланып отырады. Империялық Ресей мемлекетін жаңа саяси ұйым түрінде қарастыруда шет ел ғалымдары С.Каспэ, Р.Суни, Дж.Хоскинг айтарлықтай үлес қосты [32].
Толығымен алғанда қазіргі заман тарихшылары әзірге жекелеген аймақтарды зертеумен ғана шектеліп отыр, жеке губернаторлардың іс әрекетін зерттеу жоқ, әрине кезінде әр түрлі аймақ кадрларының басқару тәжірибесін пайдалану құбылысы болғаны рас.
Қазіргі зертеулерде, империялық идеология және империяның саяси мәдениетін қалыптастыруға арналған жұмыстар маңызды орын алуда. Осы империяның белгілі жүйесіне — сарай маңы және бұқаралық рәсімдер, салттар жатады. Алғаш рет империялық билік рәміздеріне көңіл аударған американ тарихшысы Ричард Уортман болды. Ол рәсімдердің процессін және оның дамуын империялық биліктің өркендеуі аясында қарастырды [52, с.24-39] .
Оның ұстанған тәсілі осы бағыттағы жаңа зерттеулерді ынталандырып отырды. Империяның басқару жүйесіндегі мемлекеттік рәсімдердің рөлін зерттеген авторлардың бірі О.Ю.Захаров болды [53, с.398]. ХVШ ғасырдағы империялық саясатты зерттеуде Ж.Б.Құндақбаева маңызды үлес қосты. Алғаш рет ол империяны теориялық тұрғыдан ұғынуды, Солтүстік Каспий маңындағы территориялардағы тарихи процестерді және ХVШ ғасырдағы басқарушылықты ұйымдастыру рөлін ұсынды [54, с.304].
ХVШ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-башқұрт қатынастарына сипаттама, И.В. Ерофееваның және Г.Б. Ізбасаровнаның еңбектерінде Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың саяси қызметі тұрғысынан қарастырылған [55].
Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың қызметін зерттеу аясында И.В. Ерофееваның келесі «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик.» атты еңбегінде алғашқы Орынбор губернаторы И.И. Неплюевтің саясатына маңызды мән беріліп қарастырылған [56, с.336] .
ХVШ ғасырдағы Кіші жүз қазақтары мен башқұрттарға қатысты империялық билік саясатының синхрондығын зерттеуде Г.С.Сұлтанғалиева да өз үлесін қосты [57, с.61-78].
Башқұрт бас көтерулерінің барысындағы орталық және аймақтық биліктің қолданған саясатын зерттеуге башқұрт ғалымдары А.Н. Усмановтың, Р.Г. Кузеевтің еңбектері арналған [58].
Империялық қалыптасу, оның көпұлттылық бейнесін, орталық және аймақтық биліктердің әрекеттестік механизмдерін, ұлттық аймақтарды басқару жүйесіндегі губернаторлар мен генерал-губернаторлар институтын, сондай-ақ жергілікті халықтарды империяның құрамында ұстауға ұмтылған, аймақтық әкімшілік саясатының қолданған тәсілдерінің мәселесін зерттеуде, кеңестік кеңістіктегі және шет ел ғалымдарының қазіргі замандағы күш біріктіруінің куәсі болып отырмыз. Сонымен бірге аймақтың басқару мен әкімшілік саясатының мәселелерінің нашар зертелуін, тарихи әдебиеттегі Орынбор губернаторларының іс әрекетінің, олардың полиэтникалық аймақтағы империялық саясатты енгізгендегі іс-әрекеттерінің жүйесіздігін атап айтқан жөн. Алайда ХVШ ғасырдың екінші жартысындағы Кіші және Орта жүз қазақтарына қатысты Орынбор губернаторларының саясатын талқылау арнайы зерттеу обьектісіне айналмады.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмысты жазу барысында Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясы Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатының құжаттары, осы уақытқа дейін ғылыми айналымға тартылмай келген баспасөз материалдары және ресми іс-қағаз материалдары, қолжазбалар мен естеліктер, сонымен бірге ресми статистикалық мәліметтер, Ресейде, Қазақстанда жарияланған құжаттар жинақтарының мәліметтері дерек ретінде сұрыпталып пайдаланылды.
Аталмыш мұрағат қорларында XVIII ғасырдың II жартысындағы Ресей үкіметінің саясатының отаршылдық мәнін ашатын құбылыстарды, оқиғаларды айқындайтын, кең ауқымдағы ақпараттар мен алуан түрлі деректер бар.
Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатынан: 2 — қор (Орынбор комиссиясының кеңсесі), 3 — қор (Орынбор шекаралық істер экспедициясы), 6-қор (Орынбор генерал-губернаторларының кеңсесі) материалдары пайдаланылды, қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайын көрсететін, олардың жергілікті және орталық билікпен қарым-қатынасы туралы ақпараттар беретін біршама ауқымды құжаттар бар. 3 — қорда Орынбор губернаторы И.А. Рейнсдорптың Сыртқы істер алқасымен, Нұралы ханмен, 1771 жылы өздерінің тарихи отанына қарай көшкен, қалмақтарды тоқтату амалдары туралы қазақ сұлтандарымен қатынас хаттары сақталған. Бұл қатынас хаттар Орынбор әкімшілігінің көшпенділер арасындағы қарама-қайшылықты бір-біріне қарсы пайдаланып отырғанын айқындай түседі [24].
Іс жүргізу құжаттары (есептер, бұйрықтар, рапорттар, өтініштер, жазбалар, ерекше ойлар, комитеттер мен комиссиялардың, биліктің заңгерлік орындарының материалдары. т.б.) деректік материалдың неғұрлым көп және ауқымды түрі болып табылады. Атап айтқанда заңнамалық қатынастарды іске асыру жөнінде (генерал — губернаторлардың, шекаралық басшылардың есебі, ревизия материалдары, аймақтық приказдардың рапорттары және т.б..) үкіметтік бастамаларға жергілікті әкімшіліктің қатынасы, Орынбор басшыларының және жеке шенеунектердің өлкені реформалау жолдары (әсіресе XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі қайта құруларға қатысты) және т.б. ұсыныстар туралы ақпараттар береді. Сонымен бірге орталық және жергілікті билік органдарының өкілеттіліктерінің бөлінісіне байланысты, іс жүргізу құжаттары аса маңызды мәлімет көзі болып табылады. Бұл құжаттар көбіне қарама — қайшы келіп және жергілікті тұрғындардың барлық бөліктерінің мүдделерін айқындауда біржақтылығымен көрінеді. Жергілікті биліктің қазақтарға қатынасындағы мына салаларда: дін, білім, жер мәселелерін шешу және этникалық қақтығыстар туралы губернаторлардың есеп беру жазбаларынан және кейбір мәселелер жөніндегі ерекше ойларынан, рапорттармен, қазақ хандары, сұлтандары және старшиналарының құпия хабарлары туралы қызықты деректер береді. 6 — қорда қазақ даласына табыну үйлері мен мешіттер салу, молдалар бөлу, қазақтардың діни ісін Мұсылман Діни жиынына беру туралы арыздар сақталған.
Революцияға дейінгі кезеңде жарияланған деректердің ішінде маңызды орынды Ресей империясының заңдарының толық жинағы, патша үкіметінің заңдық актілері, «Қырғыз (қазақ) дала обласы туралы заңнамалар жинағы», «Европалық Ресейдің жатжұрттықтарының тарихы үшін материалдардың хронологиялық нұсқаулары» алады. Пайдаланылған құжаттар топтамасын екі топқа бөлуге болады: 1-сі патша үкіметінің саясатының дамуын ашады және Ресей ипериясының құрамына толық икемдеу процесі кезіндегі аймақтың түркі тілдес халықтарының саяси — құқықтық жағдайын айқындайды. 2 — ші бөлімде бұқараның барлық бөлігіне қатынасы бар Ресей империясының жалпы заңдары бар. А. Добросмысловтың жинаған «Ресей тарихы туралы материалдары» бағалы деректер болып табылады, онда 1734-1746 жж аралығындағы Орынбор өлкесін басқару және алғашқы құрылымы туралы заң актілері жан-жақты берілген. 1940 жылы әйгілі тарихшы М.П. Вяткиннің басшылығымен «Қазақ ССР тарихына қатысты материалдар» туралы құжаттардың IV томдық жинағы дайындалып, оған (1785-1828жж) аралығындағы құжаттар кірді. Бұл материалдарда XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі Ресей самодержавиесінің қазақ жүздеріне мемлекеттік саяси протекторатының бірте-бірте бекіну процесі кезіндегі аймақтық биліктің саясаты жақсы байқалады. Ең бастысы Симбир және Уфа наместниктігінің губернаторы О. Игельстромның басқару ерекшеліктерін, оның қазақ сұлтандарымен, старшиналарымен өзара қатынасын, С. Датовтың басшылығымен болған ұлт — азаттық қозғалысқа көзқарасы, қазақ көшпелі қоғамындағы оқиғалар туралы ақпараттар жинау амалдарын атап өтуге болады. Ресей Федерациясының орталық мұрағат қоймасынан мол құжаттар топтамасы «Қазақ — орыс қатынастары» жинағында жарияланды. Бірінші томға 1594 — тен, 1770 жылға дейінгі құжаттар кіріп және императрица Екатерина II және Сыртқы істер алқасына жазған Орынбор губернаторларының баяндамалары қосылған. Мысалы Орынбор губернаторы Волковтың көшпенділерді отырықшылыққа үйретудің маңызы туралы баяндамалары, сонымен бірге губернатордың бастамаларын қолдаған Екатерина II анық жауаптарын алуға болады. Екінші томда (1771 — ден 1867 жж — ғы құжаттар) XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі империялық биліктің саясаты тамаша көрініс тапқан, әсіресе Е. Пугачев басқарған шаруалар соғысына қазақтардың қатысуына көңіл аударуға болады. Осы құжаттарда губернатор И.А. Рейнсдорптың ұстанымы жаңа бір қырынан көрінеді.
Деректердің маңызды бөлігін мемуарлық әдебиеттер, Орынбор өлкесінің көрнекті әкімдерінің жазбалары және ағымдағы баспасөздер құрайды. Бұл деректердің бағалылығы авторлардың әр түрлі оқиғаларға тікелей қатысуында болып отыр. И.И. Неплюев, Д.В. Волков, И.А. Рейнсдорп сияқты губернаторлардың «Жазбалары» сақталған. Бұлардың барлығы XVIII ғасырдың әр жылдарында қызмет істеп және XVIII ғасырдың 40-70 жылдары Даладағы аймақтық билік саясатының қалыптасуындағы шынайы дерек көзі болып табылады [25]. Оларда Орынбор өлкесінің полиэтникалық халқының өзара қатынасы туралы, қазақ билеушілерінің өкілдері туралы ақпараттар кездеседі.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. XVIII ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқына қатысты аймақтық процестерді, Ресей империялық саясаты контекст ауқымында ой елегінен өткізу, алдымызға аймақтың жалпы көрінісін суреттеп, аймақтық биліктің даладағы тактикасын айқындауға мүмкіндік беретін кешендік әдістерді пайдалануды талап етеді.
Типологиялық жалпылау әдісі ғылыми талдауда тиімді құрал бола отырып, ол айырықша белгілердің жүйелеріне арқа сүйей отырып доминаттық және жетекші белгілерді табуға мүмкіндік береді. Тарихи ареалдық әдіс, ол аймақ ішілік және аймақ аралық құбылыстарды ескеруге мүмкіндік бере отырып, олардың интенсивтік дәрежесін, негізгі бағыттары мен кеңістік таралымын белгілейді. Биліктің қазақ көшпелі қоғамының шаруашылығы мен мәдени өмірін терең білуі олардың саясаттарындағы динамикасы мен процестерін айқындайды. Тарихи процестермен нақты оқиғаларды зерттеуде ғылыми ұстанымдар қолданылған. Бұл тарихи ұстаным, тарихи процестің аймақтық билік саясатының әдістерімен өзара себеп-салдарлық байланысын белгілеуге мүмкіндік берді. Обьективтік және ғылыми ұстанымдар, зерттеу обьектісінің сапалық және сандық мәнін, оның қарама-қайшылығы мен күрделілігін ашуға мүмкіндік жасады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Орынбор губернаторларының қазақ даласында жүргізген саясаты нақты тарихи деректер негізінде жан – жақты ашылып көрсетіліп, төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
— Отандық тарихнамада алғаш рет XVIII ғ. екінші жартысындағы Орынбор губернаторларының қазақ даласындағы қызметі ғылыми тұрғыдан талданды;
— полиэтникалық аймақта аймақтық әкімшіліктің атқарған қызметтерінің ерекшеліктері мен механизмдері қарастырылды;
— XVIII ғ. қазақ даласының әлеуметтік – мәдени өміріне әсер еткен орынбор губернаторлары саясатының негізгі бағыттары анықталды;
— генерал губернаторлардың әр түрлі әдіспен жүргізілген зорлық, зомбылық, күш көрсету шаралары кеңінен қолданғандығы анықталды;
— Орынбор генерал – губернаторлары билік жүйесінің әлеуметтік мәселелерді құқықтық тұрғыдан шешуді қамтамасыз ете алмай, саяси және әлеуметтік қайшылықтардың қайнар көзі болғандығы көрсетілді;
— Орынбор генерал – губернаторларының отаршылдық саясатын іске асырудағы басқыншылық стратегиясы ашылды;
— жарты ғасыр бойғы даланың шаруашылық мәдениетіндегі, оның ішіндегі этнополисаясатындағы өзгерістер талданды;
— XVIIIғ. соңғы ширегіндегі орталық және жергілікті биліктің саясатындағы исламдық фактордың рөлі анықталды.
— Орынбор генерал – губернаторларының қазақ даласын басқарудағы қорытындылары, нәтижелері мен салдары жаңа көзқарас тұрғысынан қарастырылды
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.
• 50 жыл бойы (XVIII ғасырдың екінші жартысы) Орынбор өлкесінің билеуші қызметін 12 адам атқарды. Осының ішінде екеуі (Д.В. Волков, И.В. Якоби) бұл қызметте бір жылдан отырды, үшеуі (А.И. Апухтин, А.А. фон Пеутлинг, С.Г. Вязмитинов) екі жыл губернатор болса, А.Р. Давыдов, А.А. Путятин кең байтақ өлкені 4 жыл шамасында биледі. Губернаторлардың жиі алмасуы субьективтік жағдайлармен түсіндірілді. О. Игельстром Орынбор өлкесін 14 жылдан астам биледі. Орынбор өлкесінің билеушілік статусы сыртқы және ішкі саясаттағы мақсаттар мәніне байланысты болды.
• Губернатордың адами тұлғасы, оның өмір бойғы басшылығындағы өлкені басқару жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін анықтады және оған ықпал етті. Аймақтық мәселелерді өз бетінше шешуге ұмтылған жергілікті әкімшіліктің саясаты белгілі дәрежеде орталықтың ниетімен тоғыспайтын кездері болды.
• XVIII ғасырдың екінші жартысындағы аймақтық биліктің (губернаторлар, генерал-губернаторлар) жүргізген саясаты Оңтүстік Оралды шекаралық аймақтан, Ресейдің ішкі провинциясына айналдыруға бағытталды (бекіністік шептер салу, башқұрттарды басқарудың дәстүрлі жүйесін жою, оларды күзеттік қызметке тарту т.с.с.). Сонымен бірге Кіші жүздің қазақтарына қатысты өзіндік функциональдық саясат (дәстүрлі тұрмысы мен өміріне араласпау, қазақ атқамінерлерімен байланыстар орнату, т.с) ұстанды. Ресей билігі әлеуметтік базаны кеңейтуге, өз жағына қазақтардың беделді старшиналары мен рубасшыларын тартуға және оларды өз ара қарсы қоюға күш қуаттарын салып, ұмтылыстар жасап отырды.
• XVIII ғасырдың сонғы ширегінде Ресей үкіметінің саясатында саяси-стратегиялық ұстанымдар, экономикалық мүддеге қарағанда басымдылыққа ие болды. Үкімет көшпенділерге қатысты «ағартушылық» және этноконфессиялық, толеранттық (Екатерина II жарлықтары) позицияны ұстанды. Сонымен қатар аталып отырған кезеңде белгілі бір көзқарастар жүйесі қалыптасты. Осы кезеңдегі Ресей билігінің саясатындағы ерекшеліктердің бірі қазақ даласындағы ықпалды нығайту ісіне ара ағайын ретінде татарлар мен башқұрттарды тартуы болды. Осыдан бастап татарлар мен башқұрттардың Қазақ даласына енуі және олардың жаңа тауар өткізу нарығы мен мәдени бос кеңістікті жаулауы басталды.
• Ресей мемлекетінің жаңа бодандары қазақтарға қатысты сауда саясаты (жеңілдіктер, белгілеу, татарларды сауда делдалдары ретінде тарту, Орынборда, Тройскіде, Орскіде айырбас сарайларын ашу) XVIII ғасырдың II — ші жартысында қалыптасты және Орта Азия аймағына жылжудың стратегиясын айқындап берді.
Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Диссертация XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихының өңірлік мәселелерінің қазіргі заман талабына сай, жаңаша көзқараспен зерттелген еңбектердің қатарын толықтыра түседі. Зерттеу жұмысындағы деректер мен қорытындыларды Қазақстанның жаңа заман тарихына қатысты ғылыми еңбектерде пайдалануға болады. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдарын жоғары оқу орындарында жүргізілетін өлкетану, Қазақстан тарихы пәндері бойынша дәріс пен семинар сабақтарында, оқытылатын элективті курстарда, оқу құралдарын дайындауға септігін тигізеді.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі.
Жұмыстың негізгі жағдайлары мен қорытындылары ғылыми мақалаларда, оның үшеуі комитет ұсынған журналдарда, ал қалғаны халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар материалдарында жарияланды. XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Орынбор губернаторларыны діни саясаты.//Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. ҚАЗҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы-Алматы, 2008,№1(48) . 75-78 беттер.
— XVIII-XIXғғ Орынбор губернаторларының қазақ даласындағы сауда саясаты.// Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. ҚАЗҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы-Алматы 2007, №2(45).63-64 беттер.
— XVIII-XIXғғ басындағы Орынбор губернаторларының Батыс аймақ қазақтарына қатысты саясатының ерекшеліктері. // М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті. БҚМУ Хабаршысы.-2007,№2(26) 80-86 беттер.


Бөлім: Жалпы тарих

Добавить комментарий