«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ЗАҢДАР ЖҮЙЕСІ



I бөлім. Мемлекет мүддесі
1-бап. Мемлекет тұтастығы мен бірлігіне іріткі салып, бүлік жасаған – өлім жазасына кесіледі.
ІІ бөлім. Ұлт тазалығы
2-бап. Жеті ата ішінде қан алмастыру өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады.
ІІІ бөлім. Дін тазалығы
3-бап. Жеті адам куә болып, Құдайға тіл тигізгені дәлелденсе, тас боран қылып өлтіріледі.
4-бап. Өзге дінге кіріп – кәпір болған адам мал-мүлкінен айрылады.
5-бап. Өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленеді.
ІV бөлім. Жанұяның біртұтастығы
6-бап. Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса, жазадан босатылады, бірақ қарғысқа ұшырайды).
7-бап. Егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді.
8-бап. Егер екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға – әр айына 1 түйе төлейді. (1 түйе 3 атқа немесе 10 қойға тең).
9-бап. Әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі.
Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата-анасына құн төлеуге тиіс, егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп үйленсе, жазадан босатылады. 10-бап. Әйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге хақылы. Бірақ қылмысты сол сәтінде жария етуге тиіс. Әйелінен сезіктенген еркектің сөзін төрт сенімді адам дәлелдеп беруі керек. Егер олар теріске шығарса, әйел күнәсіз деп табылып, жазадан босатылады. 11-бап. Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам өлімге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді. Егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз кыз беруге тиіс.
12-бап. Ата-анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байлаған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады. Ал қыз болса қол-аяғы байланып, анасының билігіне беріледі.
13-бап. Ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйелі мен баласы жазаға тар-тылмайды, өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады.
V бөлім. Қылмыс пен жаза
14-бап. Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құны төленеді.(Ер адамға – 1000 қой, әйелге – 500 кой).
15-бап.Ұрлық, қарақшылық және зорлық-зомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. Жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады.
16-бап. Денеге закым келтірілсе, соған сәйкес құн толенеді (бас бармақ – 100 қой, шынашақ – 20 қой).
17-бап. Ата-анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды. Ал анасы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі.
18-бап. Ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс.
19-бап.Ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады.
20-бап. Барымтадан қайтқан мал төлімен қайтарылуға тиіс.
21-бап. Жауынгер атты ұрлаған өлім жазасына кесіледі.
22-бап. Өлтірілген аңшы иті немесе бүркіті үшін иесінің құл немесе күң беруді талап етуге хақысы бар.
VІ бөлім. Адам құқығы және мүлік меншігі
23-бап. Егер әкесінен енші алған ұл баласыз болып өлген болса, онда оның қожалығы өзінің әкесіне беріледі. Жасы кіші балалар жақын туыстарының қамқорлығына беріледі, ал олар болмаған болса, бөтен, бірақ сенімді адамдарға беріледі. 24-бап. Әйелді ренжіткен адам, одан кешірім сұрауға тиіс. Кешірім сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады.
25-бап. Кімде-кім азғындыққа жетелеген немесе зорлықпен бұзықтық жолға салған әйелдің ар-намысы үшін сол адам өлтіріледі немесе азғындығы үшін одан 200 жылқы өндіріліп алынады. 26-бап.Төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді. (Төре мен қожалар сауатты болғандықтан, мемлекеттің ерекше қамқорлығында болған). 27-бап. Құл өмірі құнсыз. Ол қожайынның билігінде (қазақ құлдарды жалшы, малшы ретінде ұстап, кейін бөлек шығарып отырған).
VП бөлім. Билік тәртібі
28-бап. Үлкен дау-дамайды шешуді және күнәһарға үкім шығаруды хан ше-шеді. Егер ханның өзі болмаса, онда талапкер мен жауапкер тұратын ауылдың билері мен ақсақалдары талдауға, оларға қоса екі жақ сайлаған екі сарапшыны шақыра отырып шешуге тиіс.
29-бап. Егер жауапкердің билерге күмәні болса, онда ол оларды өзгерте алады.
30-бап. Кіші дауларды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі.
31-бап. Куәлікке кемінде екі немесе үш адам жүреді.
32-бап. Өсиет – ағайындар мен молданың қатысуы арқылы жасалады.

*** “Жеті жарғы” өзінің баптарында–”қылмыс” – деген ұғымды ешқандай мазмұнда түсіндіріп, мәнін ашып көрсетпейді.
Қылмыстық жауапқа адамдар 13 жастан бастап тартылған.
Мақау, есі дұрыс емес адамды жауапқа тартпаған.
Құлдары жасаған қылмысқа – қожайыны жауап берген.
Қылмыскерді “күнәһар” деп атап, жын-пері соққан, құдай атқан деп бағалаған.
“Жеті жарғыда” талион принципі (қанға қан, жанға жан) басым болғанымен, қазақтардың күнделікті тұрмысында жазаны мал-мүлікпен өтеу басым болған.***


Бөлім: Жалпы тарих

Добавить комментарий